• Басты
  • Мәжіліс отырысы: әншілердің фонограмма қолдануына шектеу қоятын Заң жобасы мақұлданды
16 Қыркүйек, 2020 15:08

Мәжіліс отырысы: әншілердің фонограмма қолдануына шектеу қоятын Заң жобасы мақұлданды

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысында заң жобалары мақұлданды. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды. Енді фонограммамен ән айтқан өнер иелері жауапқа тартылады, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

 


Мәжіліс отырысы: әншілердің фонограмма қолдануына шектеу қоятын Заң жобасы мақұлданды

Сахна әдебін бұзған, фонограмма пайдаланған әншілер жауапқа тартылады

 Бүгінгі отырыста қабылданған жаңа Заң жобасы бойынша концерт ұйымдастырушылар егер концертте фонограмма қолданатын болса, алдын ала билет алған көрерменге ескертеді. Нұрлан Нығматуллин халықаралық тәжірибені мысал етіп айтты.

«Қисық арба жол бұзады», - деп қазақ халқы айтқандай, өнер таза болу керек. Әнді тек жанды дауыста айту керек. Ал, фонограмма болса, оны алдын-ала ескерту қажет. Және билеттің бағасы да соған сәйкес болу керек. Одан кейін, халық өзі шешеді, ол концертке бара ма, бармай ма? Әрине, концерт жанды дауыста болса әншіге халықтың бағасы да, ықыласы де жоғары болады. Меніңше, нағыз өнер ол – айтыс. Айтысқа фонограммамен шығып көріңізші. Онда ешқашан, ешқандай фонограмма болмайды. Сол үшін шығар, халқымыз айтысты жақсы көреді, - деді Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс отырысына қатысқан Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова концерттер мен мәдени іс-шаралар өткізгенде туындайтын кейбір проблемаларды ашық айтты. Оның айтуынша, кейбір өнерпаздар сахнаға мас күйінде шығады.

Орындаушылар тарапынан концерт кезінде мас күйінде саханаға шығып, әдепсіздік таныту, күні белгіленген концертті бұзу, бейәдеп сөздері бар ән айту, фонограммамен халықты алдап ән салу сияқты фактілер жиі кездеседі. Соған байланысты, Заң жобасы аясында орындаушылардың осындай мінез-құлық көрсетуіне жол бермеу үшін арнайы міндеттемелерді енгіздік. Бұл міндеттемелер осы проблеманы реттейді деп сенеміз. Маңызды нормалардың бірі – әншілер фонограммаларды қолданатын болса, көрерменді хабарлау. Фонограммаларды пайдалану тәртібін заңға тәуелді актіде айқындалатын болады. Жарнама мен кассалар жанында, билеттерде міндетті түрде фонограмманы пайдалану бойынша хабарлама беріледі. Бұл көрерменге фонограмманы пайдаланумен өтетін концертке билет сатып алу немесе одан бас тарту таңдауына мүмкіндік береді және билеттің құнына да әсер етеді, – деді Райымқұлова.

Мәжіліс Төрағасы бұл норманы қолдады. Енді концерт кезінде әншілер тарапынан әдепсіз мінез-құлық таныту, сахнаға ұқыпсыз күйде шығу, жоспарланған концерттік бағдарламаны орындамау және әдепсіз сөздерді ашық айтып, ән салған өнерпаздарға Заң жүзінде белгіленген міндеттеме бар. Бұның барлығы алдымен концерт ұйымдастырушы мен орындаушы арасында жасалатын келісімшартта жазылады. Ал осы нормалар бұзылса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

 Кітапханалар желісі цифрлық форматта біріктіріледі

Осы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заң жобасының мақсаты қолданыстағы заңнама көбінесе мәдениет саласын қамтыды. Мәдениет саласын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау мәселелері көтерілді.

Кітапхана және баспа ісі, мәдени-көпшілік іс-шараларды реттеу мәселелері және шығармашылық одақтарды қолдауға қатысты түзетулер енгізілді.

Жоба «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы», «Мәдениет туралы» және «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына түзетулер енгізуді көздейді және түзетулердің негізгі блогы мәдениет саласына қатысты», - деді заң жобасын таныстырған министр Райымқұлова.

Заң жобасында Қазақстанның бүкіл кітапхана желісін цифрлық форматта біріктіруге мүмкіндік беру де қарастырылды. Енді бірыңғай ұйымдасқан және технологиялық жүйе ретінде Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасын қалыптастыру тәртібін айқындау көзделеді.

 Несие рақымшылығын жасау туралы ұсыныс тасталды

Мәжілістің жалпы отырысында «Халық коммунистері» фракциясының депутаттары атынан елде пандемияға байланысты шектеу шаралары енгізілгенге дейін тұрақты түрде салық төлегенімен, қазір коронавирустық індеттің салдарынан несие төлеу бойынша күрделі жағдайға тап болған жеке және заңды тұлғалар үшін кең ауқымды несие рақымшылығын жүргізу қажет.

«Пандемияға байланысты енгізілген төтенше жағдай, карантин және локдаун шаралары аурудың таралуын бәсеңдетті. Алайда «Халық коммунистері» фракциясы бұл шаралар жалдамалы жұмысшылар мен кәсіпкерлердің кірісінің төмендеуіне немесе жоғалуына әкелгеніне назар аударып отыр. Әрине, мұндай жағдайдың орын алуына әлемді жайлаған вирус себеп болып отыр. Бірақ eшкiм халық пeн бизнeстiң банк aлдындaғы мiндеттемелерiнiң күшiн жойған жоқ. Карантин кезінде шағын және орта бизнес саласында өндiрic көлемi күрт төмендедi: қоғамдық тамақтану – 53%, бөлшек сауда – 45%, көлік – 37 %-ға дейін төмендеп кетті. Бұл кәсіпкерлердің де, олардың қызметкерлерiнiң де кәсiпорындарды жабу, банкроттық жариялау, банктермен сот ісін жүргізу секілді тәуекелін арттырады. Ресми мәлімет бойынша, карантин кезінде жұмыспен қамту аймағынан 4 миллион 200 мың адам шығып қалды. Шын мәнінде, жұмыссыздық 46 % болды. Бұл ел тарихында бұрын-соңды болмаған деңгей. Қазіргі дағдарыс тек санитарлық-эпидемиологиялық қана емес, сонымен бірге еңбек нарығындағы төтенше жағдай сипатына ие. Бұған арнайы шара қолдануымыз керек, - деді Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров.

Оның айтуынша, Президенттің Қазақстан Республикасы азаматтарының қарыздық жүктемесін азайту жөніндегі тапсырмасын орындау, яғни «кредиттік рақымшылық» 2019 жылы қоғам мен қаржы институттарына оң әсерін тигізді. Бірақ 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында микрокредит көлемі айтарлықтай өсті. 

ШОБ-қа берілген микрокредит көлемі 850 пайызға артты. Бұл ретте негізгі борыш немесе есептелген сыйақы бойынша мерзімі өткен берешек 283 пайызға жетті. Жеке тұлғалар шағын несиелерді 145 пайызға ұлғайтты. Мерзімі өткен берешек 332 пайызға өсті. «Бұрын азаматтар тұрмыстық техника, қымбат киім сатып алу, түрлі отбасылық іс-шараларды өткізу үшін несие алса, шектеу шаралары жағдайында және одан кейінгі кезеңде уақыты өтіп кеткен несиені өтеуге, оқуға, емделуге, киім мен азық-түлікке қарыз алатын болды. Қаржы институттары қарыз алушыларға төлемді кейінге қалдырып төлеуді ұсынды. Бірақ Президент жариялаған мораторий мерзімі қыркүйек айында аяқталады. Коммунистер оған дейін қарыз алушылар төлем қабілеттілігін қалпына келтіреді дегенге күмәнмен қарайды. Мамандардың болжамынша, 3 миллионға жуық қазақстандық шағын және орта бизнеске шоғырланған. Егер жаңа шектеу шаралары енгізілмесе, шағын және орта бизнеске шамамен бір жыл бойы қалпына келу қажет болады. Түрлі бағалауларға сәйкес, ШОБ субъектілерінің 30-50 пайызы жабылады деп күтілуде», деді ол. Депутаттың пайымынша, ШОБ пен қызметкерлердің жоғарыда аталған барлық проблемасы қарыз бойынша дефолт тәуекелін арттырады. «Экономиканың құлдырауы жағдайында көптеген елдер тұтынушылық сұранысты, салықтық, несиелік амнистиялар мен демалыстарды ынталандыру бағдарламалары негізінде халық пен бизнесті қолдаудың түрлі шараларын қолданып жатыр. Нақты немесе минималды базалық кіріс енгізілуде. Қазақстанда дағдарысқа қарсы жоспар аясында жұмыспен қамтуды және экономикалық белсенділікті қолдауды ынталандыратын шараларға да айтарлықтай қаражат бөлінеді. Олар тағы да коммерциялық банктер мен квазимемлекеттік институттар арқылы жіберіледі. Демек оларға тағы да қолдау көрсетіледі. Алдыңғы кезеңдердегі дағдарысқа қарсы шаралардың тәжірибесін ескере отырып, «Халық коммунистері» фракциясы басымдықты қайта қарауды және жеке тұлғалар мен ШОБ-ты қолдауға ерекше назар аударуды ұсынады. Елде шектеу шаралары енгізілгенге дейін тұрақты түрде салық төлеген, жұмыс орындарын құрған, қазір объективті себепке байланысты несиелерге қызмет көрсету бойынша күрделі жағдайға тап болған жеке және заңды тұлғалар үшін кең ауқымды несие рақымшылығын жүргізу қажет. Олар өмір сүруге қаражат таппай, қаржы институттарының қысымына ұшырауы мүмкін», - деді Айқын Қоңыров. Коммунистер несие рақымшылығын әзірлеу аясында барлық мүдделі тараптардың өкілдерін тарта отырып, мемлекеттік комиссия құруды, несие аудитін жүргізуді, қаржыландыру көздері мен рақымшылыққа қатысушылар үшін критерийлерді анықтауды ұсынады. «Коммунистер қаржыландыру көзі әкімшілік-шаруашылық қызметке және салықтық маневрге мемлекеттік шығыстарды оңтайландырудан босаған қаражатты бағыттауға болады деп болжайды. Атап айтқанда, азаматтардың мұрасына және үстеме кірістеріне салық салуды ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне дейін, яғни 30 пайызға арттыруды, жеке тұлғалардың ақша аударымдарына салық салуды енгізуді, кампаниялардың таза кірісін шетелге сараланған салықпен 10 пайызға дейін шығаруды, тұруға арналған жылжымайтын мүлік объектілерінің саны үшеу және одан да көп, азаматтардың екі және одан да көп нысандарына коммерциялық жылжымайтын мүліктің әрбір объектісі үшін 2 еселенген коэффициентпен ірі шетелдік технологиялық компаниялардың жергілікті түсімінен 3 пайыздық цифрлы салық енгізуді ұсынады, - деді ол.

 Асылбек Смағұлов Орталық сайлау комиссиясының мүшесі болды

Бүгін Мәжіліс жалпы отырыста Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты А. Смағұловты Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметіне тағайындады. Төраға Нұрлан Нығматулин Асылбек Смағұловтың кандидатурасын еліміздің Орталық сайлау комиссиясы мүшесі ретінде тағайындау туралы ұсыныс енгізген болатын. Депутаттар ұсынысты бірауыздан қолдады.

Смағұлов Асылбек Айжарықұлы 1970 жылы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында дүниеге келген. Заң ғылымдарының докторы, профессор. ҚР ІІМ Қарағанды жоғары мектебін бітірген. 2000-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы полициясының академиясында қылмыстық құқық және криминология кафедрасының доценті, бастығы, академия бастығының ғылыми-зерттеу жұмысы жөніндегі орынбасары, академия бастығының оқу-әдістемелік жұмысын ұйымдастыру жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. 2012 - 2016 жылдары «Қазақстан Республикасының Заңнама институты» ММ директоры қызметінде болған. 2016 жылғы 24 наурыз айынан бастап «Нұр Отан» партиясынан VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі болды. Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) және Әділет министрлігінің құрмет грамоталарымен, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшiн», «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін», «Әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін», «МПА СНГ. 25 лет», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдарымен марапатталған. Өзге де наградалары бар. Бірқатар басылымдарда жарияланған 100-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 2 оқулықтың (бірлескен авторлықтағы), 10-нан астам оқу құралдары мен монографиялардың авторы.

Сонымен қатар, отырыс барысында Палата Қазақстан мен Украина арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасын да мақұлдады. Шартты ратификациялау Қазақстан мен Украинаның қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастығының тиімділігін арттырады. Сондай-ақ, бүгінгі отырыста Мәжілістің бейінді комитеті «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне жер қойнауын геологиялық зерттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын жұмысқа алды.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: М.Қазбекова, Ш.Хахазов, А. Қоңыров, З. Бәлиева, Ж.Омарбекова.

Фото: ашық дереккөз

Барлық жаңалықтар