• Басты
  • Мәжіліс отырысы: әлеуметтік кәсіпкерлік, «Ashyq» қосымшасының кемшіліктері, қандастардың ҰБТ тапсыруы

Мәжіліс отырысы: әлеуметтік кәсіпкерлік, «Ashyq» қосымшасының кемшіліктері, қандастардың ҰБТ тапсыруы

28 Сәуір, 2021 12:35

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің кезекті отырысы өтті. Бүгінгі отырыста "Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту туралы" заң жобасы, «Ashyq» қосымшасының кем тұстары, инвестиция тартуға бағытталған құрылымдар туралы айтылды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


«Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту» туралы Заң жобасы

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин әлеуметтік кәсіпкерлік мәселесін көтерді. Оның пайымынша, бұл мәседе заң жүзінде реттелуі тиіс және мәртебесі анықталу керек. Депутаттардың бастамасымен әзірленген әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту туралы заң жобасы I оқылымда бүгінгі отырыста мақұлданды. Бұл заң жобасында әлеуметтік кәсіпкерліктің ұғымдары мен негізгі міндеттерін бекіту, қандай да бір ұйымды әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне және әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің қызметі бағытталған халық санаттарына жатқызу өлшемшарттарын айқындау көзделеді.
Құжат бойынша субъектіні әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне кіргізуді аймақтық комиссия шешеді. Комиссия құрамы мен мен олардың ашықтығы әрі объективтілігі туралы депутаттар өзара талқыға салды.  Нұрлан Нығматулин айтқандай, жергілікті халыққа назар аудару керек.

 «Қандай комиссия, қандай кәсіпкер болса да  ол жергілікті халықтан артық білмейді. Сондықтан, бұл комиссияға қоғамдық өкілдердің кіргені дұрыс. Бақылау тек сонда ған ашық болады. Бұл маңызды әрі қажетті норма» – деді ол.

Төрағаның айтуынша, заң жобасы «әлеуметтік кәсіпкерлік» ұғымын, бизнес субъектілерін кәсіпкерліктің осы түріне жатқызу санаттарын анықтап, әлеуметтік кәсіпкер көмектесетін немесе оның кәсіпорнының штатында болуы тиіс халықтың әлеуметтік осал топтарының тізбесін нақтылайды.

«Мұның бәрі бизнестің әлеуметтік маңызды бағытын дамытуға мақсатты мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Өңірлік комиссия тізілімге енгізу үшін әлеуметтік кәсіпкерлердің өтінімдерін жинайды. Сосын осы тізілімде тұрған кәсіпкерлердің қосымша екі түрі бойынша салық жеңілдіктері беріледі. Мәселен, мүлік салығын төмендету, сондай-ақ салық салынатын кірісті азайту», - деп қосты Н.Нығматуллин.

Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы көші-қон ынтымақтастығы туралы келісім

Бүгінгі отырыста Әзербайжанмен көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісім ратификацияланды. Келісім бойынша тараптар көші-қон, бір тарап мемлекетінің екінші тарап мемлекетінің аумағындағы азаматтарының құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты, оның ішінде өз мемлекеттерінің заңнамасына және халықаралық міндеттемелеріне сәйкес ақпараттық өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асырады. Келісім мемлекеттердің көші-қон заңнамасы туралы ақпарат алмасу, соның ішінде көші-қон процестерін реттеу, қос азаматтық фактілерін тоқтату және заңсыз көші-қонға қарсы күресті ұйымдастыру үшін қолайлы жағдайлар жасауды көздейді.

«Ashyq» қосымшасы – қауіпті қосымша

Бүгінгі отырыста ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева «Ashyq» қосымшасын сынға алды. Оның айтуынша, қосымшаның жеке тұлғалардың ЖСН номерін, телефон номері туралы ақпаратты енгізуді талап еткені ақпараттық қауіпсіздікке жат. Депутат цифрлық даму министрі Бағдат Мусинге сауал жолдады.

«Қосымшаны 293 мың пайдаланушы жүктеген. Оған 693 объект қосылған. Алайда, екі ай ішінде қолданушылар мен министрліктің қосымша туралы пікірлері әр түрлі. Қолданушылардың қосымша сапасына көңілдері толмайды», - деді ол.

Оның айтуынша қосымшаны пайдаланғандар үш мыңнан аса пікір қалдырған. Олар цифрлық өнімді жасаушылардың ЖСН номер мен телефон номерін сұрауын қате деп есептейді. Себебі, әрі қарай бұл жеке ақпарат қандай мақсатта пайдаланатыны белгісіз.

Имашеваның айтуынша, қосымшаның қауіпсіздігінде күмән бар.

«Цифрлық даму министрі берген ақпарат бойынша бұл қосымша әлі ақпараттық қауіпсіздік тестінен өтпеген. Мұнда пайдалы ақпарат жоқ. Тек «тіркелу» мен «тіркелуден шығу» сілтемелері ғана бар. Қауіпсіздік қызметімен байланысу батырмасы жоқ. Арнайы орындарға бару туралы мәлімет те көрінбейді. Ең бастысы, қосымша қолданушының нақты статусын көрсете алмайды», - деді депутат Снежанна Имашева.

Инвестиция тартудың мемлекеттік жүйесі қайта қаралу керек

Қазақстан Халық партиясының жетекшісі Айқын Қоңыров мемлекет тарапынан жасалған әрекеттерге қарамастан, шетелдік инвесторлар ақшаны тек өндіруші секторға салғысы келетінін айтып, Үкіметтен бұл жағдайды егжей-тегжейлі түсіндіруді сұрайды. Сонымен қатар «Инвестиция тартуға бағытталған отандық құрылымдар немен айналысады?» деген депутаттық сауалын Премьер-Министрдің орынбасары Мұхтар Тілеубердіге  жолдады.

Оның айтуынша, елімізде екі жыл бұрын СІМ қарамағына берілген Инвестициялар жөніндегі комитет жұмыс істейді. Бір жыл бұрын «Қазақинвест» компаниясы құрылды. Оның бір ғана міндеті бар – экономиканың басым секторларына инвестиция тартуға жәрдемдесу. Инвестиция тартуға әкімдіктер, АХҚО, мемхолдингтер де жұмыс істейді. Ақпараттық хабтар құрылды, республикалық бюджеттен қомақты сомалар бөлінеді. Бірақ нәтиже жоқ.

«Өткен жылы шетелдік тікелей инвестициялар ағыны 17 миллиард долларды құрады. Бірақ оның жартысына жуығы – 8,2 миллиард доллары тау-кен секторына, негізінен мұнай, газ және металл кендерін өндіруге жұмсалды», – деді Айқын Қоңыров.

Қоңыровтың дерегінше, өңдеу өнеркәсібіне 3,2 миллиард доллар салынды, бірақ оның басым бөлігі – 2,5 миллиарды металлургияға бағытталды. Басқа салаларға салынған инвестиция көлемі 700 миллион доллардан аз. Қазақстанның ауыл шаруашылығына 12 миллион доллар ғана тартылған.

«Шетелдік капитал экономикамызды шикізат өндіруге, оны шығарудағы инфрақұрылымға және дайын өнімді сату бойынша сауда объектілерін құруға салған тиімді орын ретінде қарастырады. Бірақ инвестициялық имиджді өзгертуге жауапты біздің қаптаған ведомстволарымыз қайда? Олар тартылған инвестициялардың жалпы сомасы туралы есеп береді. Алайда мұнай-газ секторы мен металлургияға капитал салу мемлекеттің қатысуынсыз-ақ табысты жүріп жатыр ғой», – деді депутат.

Айқын Қоңыровтың пікірінше,  шикізаттық емес салаларға тікелей шетелдік инвестицияларды тарту жұмысы сәтсіз аяқталған.

«Өз-өзімізді алдауды тоқтататын кез келді. Инвестиция тартудың мемлекеттік жүйесінің тиімділігіне аудит жүргізу қажет, – деді ол.

Қандастарға ҰБТ кедергі

Депутат Қазыбек Иса ҚР Білім және ғылым министріне депутаттық сауал жолдады. Ол ҰБТ талаптарын қандастарға жеңілдету керек деп есептейді.

«Өзге елдегі мыңдаған қазақ баласы оқуын жалғастыруға атамекенге қол созып тұр. Ал қол ұшын беруі тиіс біздің Білім министрлігі не істеуде? Пандемия уақытында, шекаралар шегендеулі кезде Қазақстанға келіп, ҰБТ тапсыруларың керек деп тепсініп отыр. 15 сәуір күні Ұлттық тестілеу орталығының ресми парақшаларында жарияланған қандастарға арналған постына назар аударсақ, биылғы жылғы ҰБТ-ны офлайн форматта Қазақстанға келіп тапсырады делінген. Әлемнің көп елінде шекараның жабық екендігін ескерсек, пандемияның келесі толқындарының күштілігін байқасақ шекараның маусым айына дейін ашылмайтындығы белгілі. Яғни біз атамекенде білім алам деген қандастарымызды оқуға қабылдай алмай қалуымыз мүмкін»,- деді Қазыбек Иса.

Ол соңғы құрылтайдағы Елбасының шетелдегі қазақ балаларының Қазақстанда білім алуына жағдай жасауда қандастарға бөлінетін квотаны 2 есе көбейту (2%-дан 4%-ға дейін) туралы тапсырмасын еске салды.

«Бірақ бұл гранттар ылғи толық игерілмейді. Басты себептің бірі – қандас талапкерлердің Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыра алмауы. Жоғары оқу орындарының «дайындық бөлімдеріндегі» 9 ай дайындалуы, олардың 11 жылдық қазақстандық мектеп бағдарламасын игеруге жеткіліксіз,- дейді депутат.

Ол қандас талапкерлердің ҰБТ тапсыру шарттарын өзгертуді сұрады:

1.ҰБТ талаптарын қандастарға жеңілдету

2.Қандастар тұрып жатқан мемлекеттерге барып қабылдау;

3.Елшіліктердің ғимаратарында ұйымдастыру;

4.Оларға ҰБТ-ны  2020 жылғы тәжірибені іске асырып, онлайн қабылдау.

«2020 жылы мыңға жуық қандас дайындық курстарына түсіп, онлайн түрде оқыған. «Оқуға мемлекеттік қаржы бөлінді. Ал енді сол балалар ҰБТ тапсырып ЖОО түсу керек. Олардың 90% шет мемлекеттерде, Моңғолия, Өзбекстан, Қытай, Түркменстан т.б. тұрады. Енді олар пандемия тосқауылында қалай Қазақстанға келіп ҰБТ тапсырады? Сонда мемлекет қаржы бөліп, оқытып жарты жолда тастап кете ме? Көрші ел Қытайдан 2019 жылы оқуға 50-ге жуық бала келе алды. Қазір 300-ге жуық бала келуі ықтимал. Ал енді балалар шекара асып жеткенде, біздің Үкімет құшақ жайып қарсы ала қоя ма? Осы мәселелерді ескере отыра, шекара ашылмаған жағдайда, ҰБТ тапсырудың басқа да жолдарын қарастыруды сұраймыз»,- деді Қазыбек Иса.

Барлық жаңалықтар