• Басты
  • Мәжіліс отырысы: «Байқоңырдан» ұшатын зымырандар, мектептегі қауіпсіздік, мектеп емтихандарын болдырмау

Мәжіліс отырысы: «Байқоңырдан» ұшатын зымырандар, мектептегі қауіпсіздік, мектеп емтихандарын болдырмау

12 Мамыр, 2021 13:21

Бүгін ҚР Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бірнеше Заң жобасы қаралды, талқыланды, мақұлданды. Депутаттық сауалдар қойылып, өзекті мәселелер көтерілді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.



«Байқоңыр» кешенінің жалға беру мерзімі ұзартылды

Отырыста «ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы поляр маңындағы орбиталарға солтүстік бағытта ғарыш аппараттарын ұшыру үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Бұл келісім 2019 жылдың маусым айында жасалған болатын. Жаңа Заң жобасын ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин таныстырды. Оның хабарлауынша, бұл келісім бүкіл әлемді кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған OneWeb халықаралық жобасын жүзеге асыру үшін «Байқоңыр» айлағынан ғарыш аппараттарын ұшыру кезінде Қостанай облысының аумағында «Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымырандардың бөлінетін бөліктерінің құлау ауданын Ресей тарапымен пайдалану тәртібін реттейді.

«Байқоңыр» кешенін жалға беру туралы шешім 1994 жылы шыққан еді. 20 жылдан аса уақыт болды, «Байқоңырды» ресейліктер жалға алып, пайдаланып отыр. 1990 жылдардың басында Қазақстан экономикасы әлсіреген тұста ғарыш айлағын ұстау әрі пайдалану ауырға соқты. «Байқоңыр» ғарыш айлағының басқа да техникалық, қауіпсіздік мәселелерін реттейтін 70-ке жуық халықаралық шарттарға қол қойылды. Жалға алу шарты бұдан бөлек жасалды», - деді ол.

Ғарышқа ұшу уақытынан бөлек уақытта құлау ауданында жүруге және оны жайылым ретінде пайдалануға шектеу қойылмайды. Мусиннің айтуынша, келісімді ратификациялау «Байқоңыр» кешені бойынша қазақстандық-ресейлік ынтымақтастықты кеңейтуге, «Байқоңыр» кешенінің барлық тұрмыс-тіршілігіне оң әсерін тигізіп, ғарыш айлағы жүктемесін ұлғайтуға мүмкіндік береді. «Союз-2» тасымалдағыш-зымыраны экологиялық қауіпсіз керосин-оттегі отынымен ұшырылады.

«Келісім шарттарына сәйкес тасымалдағыш-зымырандардың бөлінетін бөліктерін қабылдау аудандарындағы экологиялық жағдайға мониторинг жүргізуге қазақстандық мамандар мен ұйымдар қатысады және бақылайды», - деді министр.

Мусиннің айтуынша, Байқоңыр Республикалық бюджетке жыл сайын 115 млн АҚШ доллары сомасында қаржы құяды. Ал 27 жыл ішінде мемлекет қазынасына «Байқоңыр» шамамен 3,1 млрд АҚШ доллар түсім әкелген.

2004 жылы «Байқоңыр» кешенін жалға алу мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылды. 2020 жылдан бері қаңтарда қол қойылған «Байқоңыр қаласын дамытудың ұзақ мерзімді» бағдарламасы әзірленген болатын. Қазір бұл бағдарлама бойынша жұмыстар атқарылуда.

«Бағдарлама кәсіпкерлікті, туризмді дамытуды, инженерлік инфрақұрылымды және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту жөніндегі жұмыстарды көздейді», - деді аэроғарыш министрі.

1200 ауылда интернет жоқ

Сонымен қатар Мусин 2019-2020 оқу жылында қазақстандық ортақ мектеп базасында екі 1-сынып, қазақстандық білім беру стандарттары бойынша екі жеке балабақша ашылатынын мәлімдеді. 2019 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 50 пәтерлі 5 тұрғын-үй салынып, азаматтарға бөлінген.

Ведомство басшысы интернет жетпей жатқан ауылдар туралы айтты. Ол оқыған баяндамаға сәйкес, Қазақстанның 1 200 ауылында мүлдем интернет жоқ. Ал 500 ауылда интернеттің сапасы өте төмен.


«2021 жылдың соңына дейін 500 ауылды толыққанды сапалы интернетпен қамтамасыз етуді көздеп отырмыз. Ал 1 200 ауылдың бәріне интернет ортану 1Web сияқты технологиялармен 2020 жылдың соңына дейін жүргізіледі. Бірақ тұрғындарының саны 50 адамнан аз елді мекендерге интернет беру мәселесі әлі талқыланып жатыр, - деді ол.

Тарихи мұра объектілері қалай қорғалып жүр?

Заң жобалары мақұлданып болған соң депутаттық сауалдар жолданды.

ҚХП атынан сайланған Мәжіліс депутаты Ғазиз Құлахметовтың Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, қазіргі Рухани тоқырау деп жүргеніміз әдебиет пен өнердің, тарих пен мәдениеттің ұлттық іргетасын бұзудан басталған. Ал тарихи мұраларды сақтау, қалпына келтіру бұл да өзекті шаруа.

«Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» 2019 жылғы 26 желтоқсандағы заңында да ескерткіштерге қатысты тек құрылыс салуды реттеу жағы ғана қарастырылған. Құрылыс салатын компаниялар немесе жер қойнауын пайдаланушылар өздері жалға алған жерлерін пайдаланар алдында тарихи-мәдени сараптама жасатуға міндеттеледі. Өйткені, олардың жобалары мемлекеттік сараптамадан өтеді. Ал ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану кезінде тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау туралы бірде бір сөз жоқ.          ҚР әкімшілік құқық бұзушылық жайындағы 2014 жылғы 5 шілдедегі 235-V Кодексінің 447-ші бабына сәйкес, тарихи-мәдени мұраны бүлдірген жеке тұлғаларға 5 АЕК, заңды тұлғаларға 10 АЕК айыппұл салынады. Баға жетпес құндылықтарымызды бүлдіргендерге салынатын айыппұлдың бүгінгі сиқы осы, – деді Мәжілістің жалпы отырысында депутаттық сауал жолдаған Ғ.Құлахметов.

Иә, Қазақстанның ежелгі тарихы әлі де жерде жатыр. Оның мұрағаты - археологиялық ескерткіштер.

Мәселен, «Елеке сазы» жазығы-қорымы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданынында, Ақсуат ауылынан оңтүстікке қарай 80 шақырым жерде орналасқан. 2010-2016 жылдары мұнда барлығы 300-ден астам қорғаннан тұратын 7 қорым анықталды. Өкінішке қарай, 7 қорған ай мен күннің аманында тоңалып кеткен.

Аспан астында сайрап жатқан тарихи қазынаның тоналып, қолды болмауын қамтамасыз етпек керек. Бұған заңды түрде тосқауыл қойылуы керек.                                                                                          

"Археологтар бұл жерден 20 шақты қорғанды ғана қазды. Ал қалған қорғандар сол қалпында тұр. Сондықтан бұл жердегі мұраларымыз жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізімінен Республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне алынуы керек. Елеке сазы ескерткіштері өзінің мәртебесі бойынша ЮНЕСКО-ның қор тізімдеріне енуге лайық", – деді депутат.

Сондай-ақ ол тарихи-мәдени мұраны бүлдірген жеке тұлғаларға қатысты жауапкершілікті қатаңдатуды сұрады.

9-11 сынып емтихандары мектепте өтпеуі тиіс

Депутат Жұлдыз Сүлейменова да Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады. Ол оқу жылының соңында өтетін емтихандар жабық мектеп ғимараттарында өтпеуі тиіс деп есептейді.

Өйткені мұғалімдер мен техникалық персоналдың коронавирус жұқтыру ықтималдығы жоғары.

«Емтихандар 2 сағаттан 5 сағатқа дейін созылады. 400 мыңнан астам жоғары сынып оқушыларына да вирус жұқтыру қаупінің бар екендігіне назар аудару керек. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми деректеріне сәйкес, елімізде 2021 жылдың 10 мамырында 604 623 адам толыққанды вакцина алды. Бұл жалпы халықтың 3,2 пайызын құрайды», - деді ол.

Nur Otan партиясы фракциясының депутаттары осы мәселе турасында ұсыныстар айтты.

Біріншіншіден, депутаттар ҚР Білім және ғылым министрлігіне 9, 11-сынып оқушылары үшін мемлекеттік қорытынды аттестаттау емтихандарын өткізбеуді ұсынды. Бұл індеттің алдын алуға септігін тигізеді.

Екіншіден, 9-11-сыныптарда қорытынды аттестатау өткізу пандемия және қашықтан оқыту жағдайына икемді етуге қатысты тиісті заңнамалық нормативтік актілерге өзгерістер енгізуді ұсынды.

Үшіншіден, ҰБТ тапсыру пунктерінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына қатысты мониторингтік топтар жұмысының тиімділігін арттыруды өз жауапкершіліктеріне алу ұсынылды.

Қазақстан мектептеріндегі қауіпсіздік деңгейі қандай?

«Ақ жол» фракциясының депутаттары Қазан қаласында мектепте орын алған террорлық жағдайға байланысты Қазақстан мектептеріндегі қауіпсіздік мәселесін көтерді.

Ол елдегі мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің терроризмге қарсы қауіпсіздігі туралы заңнамадағы талаптарға тағы бір рет назар аудару қажеттігін айтты. Андрей Линниктің айтуынша, мектептерде зейнет жасындағы вахтерлер күзетпен айналысады. Оларға сенімді сөйлесе болды, ғимаратқа кіру қиын емес.

«Ересек адамдар отыратын мемлекеттік ғимараттар қарулы күзет пен кез келген агрессивті адамдардың шабуылына төтеп бере алатын бес метрлік қоршаулары бар, Ал балалар баратын мектептер мен бала-бақшаларда қорғау мен қоршаулары жоқ?», - деді ол.

Депутат ұсынысында елдегі мектептерде терроризмге қарсы жаттығулар өткізіліп тұру керектігін айтты.

1. Оқушылардың санына қарамастан барлық мектепте дабыл беру жүйелері, бейнебақылау және дабыл жүйелері, жеке күзет компаниясының арнайы оқытылған қызметкерлерінің күзет бекеттері, бақылау-өткізу пункттері және металл іздегіштер болу керек.

2. Қоғамдық орындарды күзететін күетшілердің қару ұстауына рұқсат етілу керек.

3. Мектеп психологтары мен учаскелік инспекторлардың жұмысы күшейтілу керек.

4. Қару-жарақты ұстау мен алып жүру лицензия беру жасы 24 жастан басталу керек. Лицензия беру кезінде психикалық денсаулық, есірткі, ішімлікке тәуелділік тексерілу керек.



Барлық жаңалықтар