• Басты
  • ҚМ: Жалпы ішкі өнім 2,6%-ға төмендеді

ҚМ: Жалпы ішкі өнім 2,6%-ға төмендеді

9 Маусым, 2021 11:10

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында 2020 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баян етті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Министрдің мәліметінше, жалпы ішкі өнім нақты 2,6%-ға төмендеген. Бұл негізінен карантин шараларының енгізілуіне байланысты қызметтер көрсетудің 5,4%-ға төмендеуіне қатысты болған. Дегенмен, оның айтуынша, экономиканың нақты секторы 2%-ға артқан.

"Атап айтқанда, құрылыс – 11,2%-ға, ақпарат және байланыс – 8,7%-ға, ауыл шаруашылығы – 5,6%-ға, өңдеу өнеркәсібі – 3,9%-ға өсті», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Ал, негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемі 3,4%-ға төмендеген. 

Сонымен қатар, министр бюджеттің басым бағыттары төтенше жағдай кезінде азаматтарды және нақты секторды қолдауға арналған шараларға жұмсалғанын атап өтті. Аталған шаралар қатарында әлеуметтік төлемдерді индекстеу, шағын және орта бизнес субъектілеріне салық ауыртпалығын төмендету, «Жұмыспен қамту жол картасы», «Бизнес жол картасы», «Еңбек» және басқа да бағдарламалары бар.

Осы орайда, экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша Кешенді жоспар қабылданған. Зардап шеккен салалардан шамамен 700 мың кәсіпкер салықтық ынталандыру және жеңілдік шараларымен қамтылған.

«Шағын және орта бизнес кредиттері жеңілдетілген шарттармен қайта қаржыландырылды. 40 мыңға жуық жоба арзандатылған мөлшерлемемен қаржыландырылды. Зардап шеккен салаларда қарыз алушылардың 80%-ы кредиттер бойынша төлемдерін кейінге қалдыру мүмкіндігін алды. Осы шаралар жұмыспен қамту мен іскерлік белсенділікті сақтауға ықпал етті», - деді ведомство басшысы.

Оның дерегінше, жұмыссыздық 4,9% деңгейінде сақталып қалды. Сонымен қоса, бюджет процесінің икемділігі қамтамасыз етіліп, мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі енгізілген.

«Бюджет түсімдері 100,3%-ға орындалып, 12 трлн 49 млрд теңгені құрады. Шығыстар 98,3%-ға игерілді және 14 трлн. 234 млрд теңгені құрады. Әлеуметтік шығыстар 2019 жылмен салыстырғанда 1,4 трлн теңгеге ұлғайып, 6,6 трлн теңгені құрады. Бұл республикалық бюджеттің жалпы көлемінің
47%-ы. Бюджет тапшылығы 2 трлн. 185 млрд. теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 3,1%-і болды», - деді министр.

Кірістер бойынша

Ерұлан Жамаубаевтың мәліметінше, трансферттерді есепке алмағанда кірістер бойынша жоспар 22 млрд теңгеге артығымен орындалған. Бюджетке 6,6 трлн теңге түскен. Салық түсімдері 5 трлн 576 млрд. теңгені құрап, жоспар 100,3%-ға орындалған.

«Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомасы корпоративтік табыс салығы, пайдалы қазбаларды өндіру салығы және шикі мұнайға салынатын экспорттық кедендік бажға тиесілі», - деді министр.

Сонымен қатар, ол жоспар қосылған құн салығы бойынша 256 млрд. теңгеге атқарылмаған, бұл қосылған құн салығын қайтарудың өсуіне, өткізу бойынша айналымының азаюына және елдің сыртқы саудасының төмендеуіне байланысты болғанын еске салып өтті.

Коронавирус дағдарысы жағдайында Ұлттық қордан трансферттер тарту өскен, оның көлемі бюджет кірістерінің 45%-ын құраған. Бұл ретте қосымша соманы есепке алмағанда бюджет кірістерінің құрамындағы трансферттердің үлесі өткен жылдар деңгейінде сақталған.

Әрине, шикізаттық емес кірістердің жаңа көздерін іздеу мен фискалдық әкімшілендіруді жақсартудың маңыздылығын түсінеміз. Осыған орай көлеңкелі экономиканы қысқарту мен салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Камералдық бақылау тиімділігінің 1,5 есе өсуі қамтамасыз етілді, осыған байланысты субъектілер 490 млрд. теңгені тексеруге шықпай бюджетке өздері төледі», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Бұл ретте, оның сөзінше, дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде шағын және орта бизнеске қатысты салықтық бақылау шаралары 6 айға тоқтатылды. Осыған қарамастан, әкімшілендіруді жақсарту есебінен цифрландырудың арқасында 700 млрд. теңгеден аса бюджетке қосымша ұаржы түскен.

Сонымен бірге, Қытай Халық Республикасының кедендік статистикасымен арадағы алшақтықтар жөнінде атап өтті. Әлемдік тәжірибеде сыртқы сауда статистикасындағы осындай алшақтықтар көптеген елдерге тән.

«Мысалы, 2019 жылы Қытай Халық Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы сыртқы сауда деректерінің сәйкессіздігі 50 млрд. доллардан астам болса, Германиямен 45 млрд. долларды құрады. Барлық Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде де Қытай Халық Республикасымен осындай проблемалар бар», - деді министр.

Оның айтуынша, статистикадағы алшақтықтың айтарлықтай бөлігі Қытай тарапының Қазақстан арқылы тауарлар транзитінің үлкен бөлігін өздерінде Қазақстанға экспорт ретінде есепке алуымен байланысты. Дегенмен қабылданған шаралар үш жылдың ішінде алшақтық мөлшерін 60%-дан 45%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік берген. 

Шығыстар бойынша

Министрдің мәліметінше, 2020 жылы бюджет шығыстары 351 бюджеттік бағдарлама шеңберінде 63 стратегиялық бағыт бойынша жұмсалған. Стратегиялық жоспарлардың 261 индикаторына қол жеткізілді. Қаражаттың едәуір бөлігі 13 мемлекеттік бағдарламаны қаржыландыруға бағытталған.

«Атап айтқанда, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы есебінен транзиттік жүк көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 20%-дан астам өсіп, 23,5 млн. тоннаға жетті. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 15,3 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша 105 мыңға жуық жұмыс орындары сақталды және ашылды. Агроөнеркәсіптік кешен мемлекеттік бағдарламасы бойынша 29 мыңнан астам жобалар инвестициялық субсидиялаумен қамтылды», - деді министр.

Оның айтуынша, банктерде және микроқаржы ұйымдарында тұтынушылық қарыздар бойынша халықтың әлеуметтік осал санаттарының борыштық жүктемесін төмендету бойынша шаралар қабылданған. 30 мыңнан астам қарыз өтелген.

Сонымен бірге, министр Есеп комитеті мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі, бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі жөнінде бірқатар мәселені атап өтті. Олар жұмыс топтарында да талқыланды.

Сондай-ақ, ол мемлекеттік жоспарлау жүйесін одан әрі жетілдіру ағымдағы жылы қабылданған Мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасына сәйкес кезең-ғазеңімен жүзеге асырылатынын еске салды. Бюджеттік жоспарлау процестерін автоматтандыру аяқталатын болады. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларында көрсеткіштер қаржы шығыстарымен өзара байланысты макроиндикаторлар мен индикаторларға бөлінеді.

«Өткен жылы өңірлерде басталған, бірақ аяқталмаған объектілерге түгендеу жүргізілді. Ағымдағы жылы 454 млрд. теңге нысаналы даму трансферттері ретінде бұрын басталған жобаларды қаржыландыруға бағытталды. Есеп комитеті қолданыстағы шығыстарды оларды іске асырудан алынатын әсер тұрғысынан қайта қарауды ұсынған болатын», - деді ол.

Бұған қатысты 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру кезінде мемлекеттік органдар алғаш рет бюджеттік субсидиялар мен инвестициялық жобаларға мәлімделген шығыстардан экономикалық қайтарымы туралы есептерді ұсынатынын атап өтті. Бизнеске қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары олардың қарсы міндеттемелеріне байланысты көрсетілмек.

Мемлекеттiк активтердi басқару бойынша

Министр мемлекеттiк ативтердi басқару бойынша есептi талқылау кезiнде квазимемлекеттiк сектор субъектiлерiнiң қызметi бойынша ескертулер мен ұсынымдар айтылғанын атап өттi. Бұл - компаниялардың шығындылығы, олардың шоттарындағы бюджет қаражатының айтарлықтай қалдықтары және басқалар.

«Мемлекеттiк басқаруды дамыту тұжырымдамасында квазимемлекеттiк сектор субъектiлерiн коммерциялық немесе коммерциялық емес деп жiктеу жүйесiн оңтайландыруы көзделгенiн атап өткен жөн. Шығынды компаниялар бойынша сауықтырудың арнайы жоспары қабылданатын болады», - дедi министр.

Оның сөзiнше, егер осы шара ұйымның нәтижелерiн жақсартпаса, онда ол жекешелендiрудiң, қайта құрылымдаудың немесе таратудың тиiстi жоспарына енгiзiлетiн болады. Мемлекеттiк мүлiктi басқару тиiмдiлiгiн бағалау олардың бәсекеге қабiлеттiлiгi, рентабельдiлiгi, кiрiстiлiгi және қаржылық тұрақтылығы тұрғысынан жүзеге асырылатын болады.

Сонымен қатар, ол есептi талқылау кезiнде Ұлттық қордың жинақтау функцияларын күшейту мәселесi де көтерiлгенiн атап өттi. Осыған байланысты өткен жылы Ұлттық қордың активтерi 742 млрд. теңгеге өскенiн еске салды. Қорды басқарудан түскен инвестициялық кiрiс 4,1 трлн. теңгенi құрады.

«Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Бюджет кодексiне енгiзiлген түзетулерге сәйкес 2024 жылдан бастап кепiлдендiрiлген трансферт бойынша жаңа контрциклдық қағиданы қолдану жоспарланып отыр. Кепiлдiк берiлген трансферт мұнайдың консервативтiк бағасы (кесiмдi баға) кезiнде мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетiн түсiмдер мөлшерiнен аспайтын мөлшерде айқындалатын болады», - дедi ведомство басшысы.

Бұл, оның сөзiнше, мұнайға тәуелсiз тапшылықты төмендетуге және Ұлттық қордың өсуiне ықпал ететiн болады.

Барлық жаңалықтар