• Басты
  • М.Әшімбаев: Парламент өткен сессияда 98 заң қабылдады
30 Маусым, 2020 15:14

М.Әшімбаев: Парламент өткен сессияда 98 заң қабылдады

Бүгін парламенттің алтыншы шақырылымының бесінші сессиясы аяқталды. Осыған орай сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев facebook-тегі парақшасына арнайы жазба жазып, атқарылған жұмыстар жөнінде мәлімдеді, деп хабарлады баспасөз қызметі.

М.Әшімбаев: Парламент өткен сессияда 98 заң қабылдады

Сенат Төрағасының айтуынша, бұл сессияда депутаттар ауқымды жұмыс атқарып, 98 заң қабылдаған.

«Олардың әрқайсысы мұқият қаралып, жан-жақты талқыланып, пысықталды. Пандемия кезінде депутаттық корпус Мемлекет басшысының халықты әлеуметтік қолдауға және дағдарыстың салдарын жоюға арналған бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етті. Парламент Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар аясында бірқатар заңға енгізілген толықтыруларды қабылдады. Олар еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан және әлеуметтік төлемдерден босатуға, сондай-ақ, мүлікке, көлікке және жерге салынатын салықтар бойынша азаматтардың айыппұлдары мен өсімпұлдарын кешіруге арналған. Одан бөлек, халық пен бизнесті қолдау мақсатымен қолға алынған басқа да шаралар бар», – дейді Сенат Төрағасы.


Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының саяси реформалары да заңмен бекітілгеніне назар аударған.

«Соның аясында саяси партияларды тіркеу үшін қажетті мүшелер саны екі есеге қысқарды. Парламенттік оппозиция институты қалыптасуда. Партиялық сайлау тізімдеріне әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық міндетті квота енгізілді. Бейбіт жиналыстар мен митингтер өткізу үшін ескерту тәртібі бекітілді және жала жабу туралы бап қылмыстық кодекстен алынды. Қоғамға қауіп төндіретін ауыр қылмыстар – педофилдер, есірткі сату, адам саудасы, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық және браконьерлік үшін жаза күшейтілді», – дейді Мәулен Әшімбаев.


Сондай-ақ, Сенат Төрағасы ұстаздардың жүктемесін азайтуға және оларды әлеуметтік қорғалуына мүмкіндік беретін «Педагог туралы» жаңа заң қабылданғанын айтып, бұл құжат мұғалімдер үшін, соның ішінде ауылдық жерлердегі мамандарға арналған жаңа әлеуметтік кепілдіктер мен ынталандыру тетіктерін қарастыратынын жеткізген.

Одан бөлек, жазбада: «Сарапшылардың қатысуымен болған жан-жақты қоғамдық талқылаулардан кейін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау туралы кодекске» түзетулер мен толықтырулар енгізіліп, қол қою үшін Мемлекет басшысына жолданды. Құжатта медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру мақсатымен арнайы жаңа кепілдіктер, жеңілдіктер және ынталандыратын төлемдер қарастырылған. Аталған заң халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, медицина технологиясын дамыту және осы саладағы бақылауды жетілдіру мәселелерін де қамтиды. Темекі өнімдерін қолдануға қатысты шектеулер қабылданды.

Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында «Ардагерлер туралы» Заң қабылданды. Онда ардагерлердің санаты нақты сараланып, жеңілдіктер мен әлеуметтік кепілдіктер үшін құқықтық негіздер белгіленген болатын.

Қабылданған Әкімшілік процестік кодекс билік органдары мен азаматтардың арасында туындаған дауларды қарау кезінде азаматтардың құқығын қорғау механизмін бекітеді. Кодекс мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттырып, азаматтар мен мемлекеттің арасындағы конструктивті диалогтың нығая түсуіне мүмкіндік береді. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасымен үндеседі.

Парламент өткен сессияда осындай және өзге де заңдарды қабылдау арқылы Мемлекет басшысының сайлау алдындағы бағдарламасында және Жолдауында айтылған тапсырмалардың сапалы әрі уақтылы іске асырылуына жол ашты. Сонымен қатар еліміздің дағдарыстан кейінгі даму стратегиясын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге жағдай жасады.

Алдағы айларда депутаттар өңірлерге барып, халықпен кездеседі. Кездесулердің форматы мен кестесі еліміздегі және жекелеген елдімекендердегі эпидемиялық жағдайларға байланысты болады.

Парламент депутаттары алдағы уақытта Елбасы саясатының сабақтастығын сақтауға және Мемлекет басшысының елді жаңғырту бағдарын іске асыруға бағытталған заңдарды уақтылы және жедел қабылдау жолындағы белсенді жұмысын жалғастыра береді», – делінген.

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды