• Басты
  • Мұнай және газ жер қойнауларын аукционда қалай сатып алуға болады

Мұнай және газ жер қойнауларын аукционда қалай сатып алуға болады

28 Қазан, 2020 14:20

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Энергетика вице-министрі Жанат Жахметова елдің мұнай және газ жер қойнауларын сату және көмірсутек шикізатына жер қойнауын пайдалану құқығына электрондық аукциондар енгізу айтты. Энергетика вице-министрінің мәлімдемелері мен БАҚ өкілдері сауалдарына жауабын Strtategy2050.kz тілшісі дайындаған материалдан біле аласыздар.

Жанат Жахметованың мәлімдеуінше, биыл Қазақстандағы 10 мұнай және газ жер қойнауы учаскелері онлайн-аукционға қойылып, сатылатын болды.

1 қыркүйектен бері жер қойнауын пайдалану құқығын алғысы келетін тұлғалар онлайн-өтініш беру арқылы аукционға қатыса алады. Аукцион дәл қазір жалғасып жатыр. Осы жылдың соңына дейін осындай аукцион арқылы 10 мұнай-газ жер қойнауын сатуды жоспарладық. Қазіргі уақытта онда жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін 82 учаске көрсетілген. Онлайн режимде өтініш келіп түскеннен кейін 20 күннің ішінде Энергетика министрлігі өтінішті қарап, жан-жақты талдап, ресми сайтқа хабарлама жариялайды. Хабарламада біз электрондық аукцион қандай учаске бойынша өткізілуі мүмкін екенін, учаскелердің атауын, олардың координаттарын, электрондық аукцион өткізілетін күн мен уақытын, әрбір учаске бойынша аукцион өткізілетін бастапқы қол қою бонусы және әлеуетті жер қойнауын пайдаланушы үшін қойылатын шарттарын толық көрсетеміз. Хабарлама сайтқа шыққаннан кейін әлеуетті өтінім беруші сауда-саттыққа қатысуға электрондық түрде өтінім береді. Аукционға қатысуға өтініш берушілер арнайы жарна төлейді. Жарнаның құны 277 000 теңге, яғни 100 АЕК, - деп түсіндірді ол.

Қазіргі жағдай бойынша аукционға қатысуға 30-дан аса өтініш келіп түсті. Сатылымның бастапқы мөлшері 400 млн теңгені құрайды. Жеңімпаздар анықтау арнайы реестр бойынша автоматты түрде анықталады. Бір сөзбен айтқанда, мұнай және газ жер қойнауларын сату толық электронды түрде жүреді. Айтпақшы, бұл аукцион энергетика министрлігінің цифрландыру форматына көшкенін білдіреді. Соңғы рет мұндай аукцион 2018 жылы ұйымдастырылған болатын. Жалпы құны 1,5 млрд теңгені құраған.

Көмірсутектерді игеру және өндіру үшін бекітілген учаскелердің жалпы ауданы шамамен 29 мың шаршы шақырымды құрайды. Бұл учаскелерді мемлекет береді.

Қатысуға өтінімдер 29 қарашаға дейін қабылданады. Онлайн сауда-саттық осы жылдың 23 желтоқсанына дейін өткізіледі. Мұндай учаскелер тұңғыш рет онлайн форматта сатылып жатыр. Қазір карантиндік шектеу шараларына байланысты аукциондарды өткізу онлайн режимге ауыстырылды. Бұған дейін оффлайн форматта, көзбе-көз режимде өткізілген болатын. Қатысушылардың бәрі, тіпті шетелден келген қатысушылар аукцион залында отырып, тікелей қатысатын. Бұл игеру құқығы электрондық тәсілмен іске асырылатын алғашқы учаскелер болып саналады. Онлайн аукцион қатысуышлар үшін де, мемлекеттік органдар үшін де тиімді болып отыр. Өйткені, артық операциялық шығындар болмайды, - деді вице-министр.

ҚР Энергетика министрлігі көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторының интернет-ресурсы арқылы электрондық нысанда аукцион өткізу қағидаларын бекітті. Бұл бюджет қаражатын артық шығындардан үнемдеуге септігін тигізеді. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексті іске асыру үшін Энергетика министрлігі 4 заңға тәуелді актіні қабылдады. Оның ішінде операторды анықтау критерийлері бойынша, операторды анықтау туралы, аукцион өткізу ережелері бойынша және жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі комиссия туралы ереже. Осы критерийлерге бойынша электрондық аукцион операторы – жарғылық капиталына мемлекет 100% қатысатын «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ айқындалды.

Жанат Жахметованың айтуынша, инвестор, қатысушы, өтінім беруші тұға электрондық аукционға қатысу үшін аукционды өткізуге өтініш беруі тиіс. Онлайн өтініш беру үшін электронды цифрлық қолтаңба болу керек. Өтініш жер қойнауын пайдаланудың мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына енгізілген учаскелер бойынша беріледі. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, бұл учаскелерді мемлекет ұсынады. Аталған бағдарлама Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бұйрығымен бекітіледі. Міндетті шарттарға қазақстандық кадрларды оқыту, ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын шығындар, олармен жүргізілетін жұмыстар және жергілікті қамту жатады.

Барлық жаңалықтар