• Басты
  • Ұлттық парктерді дамыту жөніндегі кеңес құрылмақ
10 Маусым, 2020 16:47

Ұлттық парктерді дамыту жөніндегі кеңес құрылмақ

Ұлттық парктерді дамыту жөніндегі кеңес құрылмақ. Бұл туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзагалиев халық алдында есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Ұлттық парктерді дамыту жөніндегі кеңес құрылмақ

Министр соңғы күндері әлеуметтік желілерде ұлттық парктерді ұзақ мерзімді пайдалануға беру туралы мәселе қызу талқыланып жатқанынан хабардар екенін тілге тиек етті. Оның сөзінше, министрлік әрқашан ашық диалогқа дайын. 

"Менің бастамам бойынша барлық мәселелерді шешу үшін ұлттық парктерді дамыту жөніндегі кеңес құрылады, оған осы саладағы сарапшылар, Министрлік, қоғам өкілдері, экоактивистер кіреді. Кеңес инвестор тарапынан міндеттемелердің орындалуын бақылауды жүзеге асыра алады, ұлттық паркті дамыту жоспарын талқылауға қатыса алады және қажет болған жағдайда оның аспектілерін іске асыруға ықпал ете алады. Жұртшылықпен бірге біз ұлттық парктердегі экологиялық туризмді табиғатқа зиян келтірмей дамыту үшін консенсусқа келеміз деп сенемін", - деді Мағзум Мырзағалиев.

Мағзұм Мырзағалиев министрлік ұлттық және өңірлік сипаттағы сегменттер бойынша, сондай-ақ оларды шешу дәрежесі бойынша экологиялық проблемаларға тексеру жүргізгенін атап өтті. Оның сөзінше, өңірлік экологиялық проблемаларды талдау атмосфералық ауаның ластануы және қалдықтарды басқару мәселелері неғұрлым өткір проблемалардың бірі екендігін көрсеткен.

"2019 жылы экологиялық мониторингтің нәтижесінде  Ақтөбе, Атырау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Өскемен қалалары атмосфералық ауаның ластануының жоғары деңгейімен сипатталады. Зиянды заттар шығарындыларының жалпы деңгейі 2018 жылдың деңгейінде тұрақтанды, бұл шамамен 2,5 млн тонна. Төгінділер көлемі 2018 жылы 1,1 млн тоннадан 2019 жылы 0,98 млн тоннаға дейін, яғни 10%-ға төмендеді. Осы көрсеткішкерге табиғат қорғау шараларын іске асыру және кәсіпорындардың экологиялық таза технологияларды енгізу есебінен қол жеткіздік", - деді министр.

Оның сөзінше, 2019 жылы экологиялық жағдайды жақсартуға табиғат пайдаланушылармен 172 млрд теңге инвестиция құйылған. Бұл 2018 жылғы деңгейден 7 пайызға артық. 

"Мысалы, Павлодар облысының «Қазақстан алюминийі» Акционерлік қоғамында неміс технологиясының электрофильтрі іске қосылып, бір метрге 50 мг-ге дейін қалдық шаңды тазартудың жоғары деңгейін көрсете отырып жақсы нәтижелер беруде. Сондай-ақ, осы айдың соңында екінші сүзгіні орнату жоспарлануда. Жентектеу цехында шығарындыларды жалпы қысқарту жылына 2,4 мың тоннаны құрайды. Ал Қарағанды облысында «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС қарайтын Жезқазған мыс балқыту зауыты екі жақты байланыс жасаудың озық технологиясын қолдана отырып, жаңа күкірт қышқылы цехын салуды және пайдалануға беруді жоспарлауда. Бұл күкірт диоксидінің шығарындыларын 3 есеге, яғни 60-тан 20 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік бермек", - деді министр.

Сонымен бірге Мағзұм Мырзағалиев Өскемен және Теміртау қалаларында атмосфералық ауаның жоғары ластануы мен Маңғыстау облысында мұнай қалдықтарын кәдеге жарату мәселелерін шешу үшін Министрлік бірқатар компаниялармен шығарындыларды азайту туралы уағдаластықтарға қол жеткізгенін атап өтті. 

"Атап айтсам, АрселорМиттал Теміртау 2024 жылға қарай эмиссия көлемін 30%-ға қысқартуға, Қазмырыш өз өндірісінде ең озық қолжетімді технологияларды енгізу арқылы күкірт диоксидінің шығарындыларын 20%-ға қысқартуға міндеттенді. ҚазМұнайГаз бірнеше жыл ішінде көлемі шамамен 3,6 млн. шаршы метрді құрайтын тарихи мұнай қалдықтарын жоюда", - деді ол.

Сондай-ақ министр экологиялық мәдениет пен тәрбиелеуді қалыптастыру мәселесі министрлік үшін басым бағыт екенін айта келе, қолға алған жобаларға тоқталды. 

"Өткен жылы Министрлік «Бірге. Таза Қазақстан»,«Бірге.Жасыл Қазақстан» экологиялық акциялары бойынша бастаманы көтерген болатын, осы шараларға 560 мыңнан астам адам қатысып, 340 мың тонна қоқыс жиналып, 1 млн астам ағаш отырғызылды. Мемлекет басшысы жариялаған Еріктілер жылы аясында «Birgemiz: Taza Alem» жалпы ұлттық жобасы шеңберінде қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазалау, ағаштар отырғызу және қоқыстарды сұрыптауға үйрету бойынша іс-шаралары жүзеге асырылуда", - деп толықтырды министр.

Сонымен қоса ол ақпан айында эко-белсенділердің алғашқы республикалық слет өткенін айтып өтті. Оның сөзінше, бүкіл ел бойынша экологиялық бастамаларды үйлестіру және ілгерілету үшін әрбір өңірде эко-амбассадорлар анықталған.

"Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласынан 10-сынып оқушысы Аружан Сахариянова өз құрдастары мен ересектер арасында Zero waste ағымының идеяларын белсенді насихаттауда. Алматы қаласынан Салтанат Тәшимова Жасыл комиссия, ағашты заңсыз кесу тобын құру бастамашысы және тағы басқаларды айтуға болады. Егер халықтың 5 пайызы күнделікті өмірде экологияға саналы түрде қараса, онда бүкіл халыққа экологиялық мәдениет пен сананы сіңіруге болады деп сенемін. Мен еліміздің әрбір тұрғынын үй қоқыстарын сұрыптаудан бастап, электр энергиясы мен суды үнемдеуге, полиэтилен пакеттерін пайдалануды азайтуға және қоршаған ортаны қорғауға үлес қосуға шақырамын", - деді министр.

Бұдан бөлек, ол орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі мәселелері маңыздылығына тоқталып, ормандар көлемін арттыруы байқалатынын атап өтті.

"Мәселен, 2018 жылы 52,7 мың га болса, 2019 жылы 64 мың гектарға жуық егілді. 4,6 мың га алаңда елорданың жасыл аймағын құру бойынша жұмыстар жүргізілген болатын. Атырау, Көкшетау, Қарганда, Ақтөбе, Қызылорда, Туркестан облыс орталықтарының айналасында ұқсас аймақтар құру жоспарлаудамыз. Қазірдің өзінде жұмыс жобалары әзірленді. 2030 жылға қарай жасыл аймақтардың алаңын 68,0 мың га жеткізу жоспарлануда. Орман өрттерін алдын алу жұмыстары жалғасуда. Орман өрттерімен өткен алқаптың төмендеуі байқалады. Алайда, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жыл басынан бері 16 мың гектардан астам аумақта 191 орман өрті тіркелді. Өрттен келген шығын 1,8 млрдтеңгені құрады", - деді ол.


Сонымен қатар орман алқаптарының жағдайына қоғамдық бақылау жүргізуге ел тұрғындарын барынша тарту үшін арнайы веб-сайт іске қосылғанын тілге тиек етті.

"Сексеуіл екпелерін сақтау жеке мәселе болып табылады. Арал теңізінің құрғаған түбінде 2019 жылы Корей орман қызметімен өзара іс-қимыл жасау аясында 5 мың га егілді. 2020 жылы-2,5 мың га. Сондай-ақ 2019 жылы Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 165,6 мың сексеуіл екпелері отырғызылып және 23,5 мың га сексеуіл тұқымы отырғызылды. Тұтастай алғанда, 2020 жылы алдымызда «Өсімдік әлемі туралы» заң жобасын әзірлеу, Қазақстанның биологиялық әртүрлілігін сақтау және ұтымды пайдаланудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту мәселесін пысықтау бойынша жұмыстар тұр", - деді министр.

Сонымен бірге оның айтуы бойынша, министрлік экологиялық туризмді дамытуға басымдық береді.

"Қазіргі уақытта Қазақстанда 13 ұлттық саябақ бар. Оларға 2019 жылы 1,5 млн. адам келді. Ұлттық парктердегі экотуризмді дамытудың негізгі проблемалары орналастыру орындарының, қоғамдық тамақтану сапасының төмендігі, ақпараттық орталықтар, жалға беру пункттері, кәдесый дүкендері, қарау алаңдары, күркелер сияқты инфрақұрылымның жолға қойылмауы болып отыр. Осыған байланысты біз көптеген елдердің тәжірибесін зерделедік. Мысалы, Йосемити ұлттық паркінде (Калифорния штаты) 400 туристік-рекреациялық нысан бар, жыл сайын 5 млн. адам келеді, мұнда 7 мың адам жұмыспен қамтылған. Экономикаға әсері 625 млн. АҚШ долларын құрайды", - деді министр.


Бұдан басқа ол ұлттық парктерді дамытудың американдық моделін пайдалануға шешім қабылданғанын атап өтті. 

"Біз ұлттық парктерді дамытудың американдық моделін пайдалануға шешім қабылдадық, ол бойынша күрделі құрылысты жүзеге асырмай, кэмпингтерді, қарау алаңдарын, этно-ауылдарды, шатырлы лагерьлерді орналастыра отырып, туристік маршруттарды дамытуға артықшылық беретін боламыз. Осыған орай, Алматы тау-кен кластерінің 4 ұлттық парктерін (Іле-Алатау, Шарын, «Алтын емел», «Көлсай көлдері») дамыту бойынша тиісті мастер-жоспарлар әзірледік. Тек Алматы өңірінің ұлттық парктері бойынша 13 заманауи визит-орталық салу, 590 шақырымнан астам жаяу маршруттар салу көзделіп отыр", - деді ол.

Барлық жаңалықтар