МӘМС үшін төлемді қалай, қайдан жасауға болады

29 Қазан, 2021 13:04

Ел астанасында Медициналық сақтандыру қоры елордалық филиалы мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшыларының, БАҚ өкілдерінің қатысуымен «МӘМС: 2021 жылдың 9 айында жүзеге асырылу барысы және емханаға тіркелу науқаны туралы» тақырыбында онлайн баспасөз мәжілісі өтті. Жиында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров МӘМС үшін төлемді қайдан, қалай жасауға болатынын, сонымен бірге емханаға тіркелу жүріп жатқанын тілге тиек етіп, тіркелу тәртібі жөнінде айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Өз сөзінде филиал директоры Нұрлыбек Қабдықапаров 2021 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстардың қорытындысы, медициналық қызметті сатып алуға бөлінген қаражат, короновируспен ауырған науқастарға медициналық көмек үшін бөлінген қаражат жөнінде баян етті.

Оның дерегінше, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 2021 жылға арналған сатып алу жоспары бойынша тұрғын халыққа медициналық көмек көрсету үшін 26,55 млрд теңге, оның ішінде тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлемі (ТМККК) аясында – 24,15 млрд теңге, ал медициналық сақтандыру (МӘМС) пакетіндегі медициналық қызметтерге – 2,4 млрд теңге қарастырылған.

«Қазіргі уақытта Қор Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 113 медициналық қызмет жеткізушімен шарт жасады, оның 76-сы – жекеменшік клиникалар. Жыл өткен сайын тұрғын халыққа медициналық қызмет көрсететін жекеменшік қызмет жеткізушілер үлесі артуда. Бұл пациенттің үздік клиниканы таңдауына мүмкіндік береді», - деді филиал басшысы.
15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін емханаға тіркеу жүргізіліп жатыр

Сонымен бірге, ол тұрақты тіркеуі бар емханаға тіркелмеген тұрғындар мәселесі өзекті күйінде қалып отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, Денсаулық сақтау басқармасы мен медицина ұйымдары осы бағытқа назар аударуы тиіс. Себебі, тұрғындар МӘМС жүйесінен тыс қалуы мүмкін.

«Елімізде халықты емханаға тіркеу науқаны жүруде. Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі кампания екі ай бойы жүріп жатыр, яғни бұл 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін созылады. Тұрғындар Нұр-Сұлтан қаласы бойынша алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 36 медициналық ұйымға тіркеле алады. Олардың 18-і – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік клиникалар», - деді Нұрлыбек Қабдықапаров.
Оның айтуынша, тіркеу науқаны кезінде азаматтар өзі тұратын аумақ шеңберіндегі мемлекеттік қана емес, жеке меншік клиникаларға да тіркеле алады. Ол үшін емхана Медициналық сақтандыру қорының жеткізушілер тізімінде болуы тиіс.

Естеріңізге сала кетсек, биылғы науқан барысында емхана ауыстырған азаматтар өзі таңдаған емдеу мекемесінің қызметін 2022 жылдан бастап пайдалана алады.

«Жалпы, емхана ауыстыру міндетті емес. Бұрынғы емхана қызметіне көңілі толатын азаматтар әрі қарай да бұрынғы клиниканың қызметін пайдалана берсе болады. Емхана өзі қызмет көрсететін аймақтан тыс жерде тұратын азаматтарды, сондай-ақ, бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекеме жүктемесі шектен асып кеткен жағдайда тіркеуден бас тартуы мүмкін. Қолданыстағы нормативтерге сәйкес, учаскедегі жалпы практика дәрігеріне тіркелгендер саны 1700-ден аспауы тиіс», - деді филиал директоры.
Оның дерегінше, тіркелген тұрғындар регистрі деректеіне сәйкес, 2021 жылдың 30 қыркүйегіндегі жағдай бойынша елордада алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымдарына 1 266 190 адам тіркелген, тіркелмегендер саны – 23 456.
«Азаматтардың емханаға тіркелуі өте маңызды. Себебі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтер осы емханалар арқылы ұсынылады. Тіркеу науқанына Қордың мәліметтер базасына енген емдеу мекемелері ғана қатысады. Олардың толық тізімімен МСҚ www.fms.kz ресми сайты арқылы танысуға болады», - деді ол.
Еске сала кетейік, биыл тіркеу тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұдан былай Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден келген еңбек мигранттары емханаға тіркелу үшін ерікті медициналық сақтандыру полисін сатып алуы тиіс. Олар тіркелу үшін емхананың тіркеу бөліміне барып өтініш жазады.

Бұдан бөлек, филиал басшысы МӘМС үшін төлемді қалай, қайда жасауға болатынын түсіндіріп өтті.

МӘМС үшін төлемді қайдан жасауға болады:

- екінші деңгейлі банктер және олардың интернет-сервистері арқылы;

- Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы;

- «Казпочта» АҚ бөлімшелері арқылы;

- төлем қабылдау терминалдары (Qiwi, Kassa24 және т.б.) арқылы;

- медицина ұйымдарындағы төлем қабылдау терминалдары арқылы жарна төлеп, МӘМС жүйесінде сақтандырыла аласыз.

Егер сізде медициналық қызметтерді алуға байланысты сұрақтар туындаған жағдайда, Қордың ресми кері байланыс арналары - 1406 байланыс орталығы, "Qoldau 24/7" мобильді қосымшасы, Қордың www.fms.kz сайты, Telegram-дағы Saqtandyry-bot арқылы өтініш қалдыруға болады.

Барлық жаңалықтар