• Басты
  • Жаңалықтар
  • Мүмкіндігі шектеулі жандар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 150 мыңнан астам қызмет алды

Мүмкіндігі шектеулі жандар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 150 мыңнан астам қызмет алды

2 Маусым, 2021 11:56

Ағымдағы жылдың басынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі – Портал) арқылы 86 мыңнан астам мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын (бұдан әрі – ОТҚ), 6 мыңнан астам – ымдау тілі қызметін, 30 мыңнан астамы – жеке көмекшінің қызметін, 28 мыңға жуығы – санаторлық-курорттық емдеуді алды және 36 мыңнан астам адам кепілдік берілген әлеуметтік топтамаларға (бұдан әрі – әлеуметтік топтама) тапсырыстарды ресімдеді, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше алып кету арқылы алуға болады.

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдарды, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.

"2021 жылғы 1 маусымдағы деректер бойынша 86 мыңнан астам мүгедектігі бар адам ОТҚ, 6 мыңнан астам – ымдау тілі қызметін, 30 мыңнан астамы – жеке көмекші қызметін, 28 мыңға жуығы – саноторлық-курорттық ем алды. Сондай-ақ, портал арқылы 36 мың табысы аз отбасы әлеуметтік топтама алуды ресімдеді", делінген хабарламада.

Бұдан басқа, жыл басынан бері МАБ арқылы телефон нөміріне sms-хабарлама жіберу арқылы оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етуге 8,8 мың құжат проактивті түрде ресімделді.

Бүгінгі күні порталда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 856 медициналық-әлеуметтік мекеме (бөлімшелер), ОТҚ 118 жеткізушісі, 13 мыңнан астам жеке көмекші қызметін, 248 ымдау тілін, 66 санаторлық-курорттық емдеуді, 133 кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы жеткізуші тіркелген.

«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде көзделген.

Call-орталықтан 1411 нөмірі арқылы Порталды пайдалану бойынша кеңес алуға болады.

Барлық жаңалықтар