29 Қыркүйек, 2020 18:56

Мәмілегер мемлекет

Көпвекторлық, тату көршілік пен достық – Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының берік қағидаттары. Қазақстан өзінің Сыртқы саясат тұжырымдамасына сәйкес, қарым-қатынаста елдердің өзара теңдігін, сыртқы күштердің ішкі істерге араласпауын, халықаралық деңгейде қорғалуын, орын алған проблемалардың бейбіт түрде және ашық диалог форматында шешілуін қолдайды. Бұл ұстаным Қазақстанның халықаралық даулы мәселелерді ашық талқылауға өз алаңын ұсынуынан көрінеді. Таулы Қарабақ та Кеңес Үкіметі кезеңінен Қазақстан тарапы бейбіт шешуге күш салып келе жатқан күрделі мәселе. Халықаралық ұйымдар мен көршілес мемлекеттердің көп жылғы талпынысына қарамастан биылғы жылы Кавказдағы қақтығыс ошағы қайта бұрқ ете түсті.

Мәмілегер мемлекет

Таулы Қарабах қақтығысы – посткеңестік әлемдегі ең қауіпті конфликтілердің бірі және 1988 жылдан бастап шешімін таппай келе жатқан ұзақ мемлекетаралық жанжал. Армения мен Әзірбайжан тарапы 1991-1994 жылдары соғысқан даулы аумаққа қайта кіру үшін тұрақты әскери дайындық жүргізіп келеді. Сол қақтығыстардың нәтижесінде бір есеп бойынша 20 000-ға жуық адам қайтыс болып, бір миллион адам екі жаққа қарай көшірілген. 2016 жылғы соғыс қимылдарынан 200-ге жуық адам қаза тапқан. 2020 жылғы қыркүйек айының соңындағы қақтығыс төрт жылдан кейінгі шығыны көп шиеленіс болып отыр.

Таулы Қарабаққа байланысты Армения мен Әзірбайжан арасындағы қақтығыс Оңтүстік Кавказдағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа айтарлықтай қауіп төндіріп отыр. Қақтығысты тоқтату туралы келісім жасалғаннан кейін он бір жыл өткенімен, тараптар оларды реттеуге мүмкіндік беретін бірде-бір құжатқа қол қоймаған. Халықаралық бітімгерлік шаралары мен келіссөздерге қарамастан, аталған аймақтардағы соғыс қимылдары тоқтамай тұр. Қазір әзірбайжан мен армян халықтары арасында сенім мен диалог атмосферасын құру үшін өзара кінәлау мен қаралау насихатына тосқауыл қоюдың өзектілігі күннен-күнге артып келеді. Өйткені, көршілес елдер арасында болып жатқан қақтығыс екі қоғамда терең тамыр жайып барады. Қарабақ үшін күрес тіпті сол аумақта тұрмайтын қос халық өкілдерінің бір-біріне деген сеніміне селкем түсіргенін жасыруға болмайды. Ал негізі тарихи, демографиялық, географиялық және экономикалық тұрғыда қақтығыс аймағында және сол аумақта тұратын әзірбайжандар мен армяндар бір-бірімен тығыз байланысқан халық. Алайда, өзара демонизация, көбейіп жатқан әскери шығындар және қақтығысты тоқтату туралы келісімді бұзу - бейбіт келісімнің басты кедергілері. 

Жалпы, Таулы Қарабақ айналасындағы армян-әзірбайжан конфликтісінің этноұлттық, геосаяси, мемлекеттік-құқықтық ерекшеліктері бар. КСРО-ның ыдырауы, АҚШ пен Түркияның Кавказ аймағындағы ықпалы, екі тараптың агрессиялық қимылдары, әлеуметтік-экономикалық диспропорция және қос халықтың сенімсіздіктері қақтығыстың эскалациясын күшейтіп отыр.


                                                                Армения, Әзірбайжан және Таулы Қарабақ картасы 

Қазақстан БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ және АӨСШК, ТМД, ИКҰ, ЕуразЭО, ҰҚШҰ сияқты халықаралық ұйымдардың белді мүшесі әрі инициаторы ретінде өзара ынтымақтастыққа көңіл бөліп, Еуропа Одағы, АҚШ, Ресей, Қытай және ОА елдерімен тығыз қатынас орнатып келе жатыр. Олардың бірімен стратегиялық, екіншісімен экономикалық, үшіншісімен бауырластық байланыстар тамыр жайған. Осындай жан-жақты стратегиялық салмақты көзқараспен қарай отырып, еліміз жас та болса жақын аймақтардағы күрделі мәселелердің оң шешім табуына өз үлесін қосып келеді. Өйткені, дәл сол кезеңде мемлекеттің мүдделеріне тікелей немесе жанама әсері бар халықаралық процестердегі ұстанымдарын мүлтіксіз белгілеу қажет еді. Елбасы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында еске алатындай «ТМД ішіндегі тұрақты шиеленістер мен жанжалдар, саяси қарсылықтар Қазақстанның алаңдаушылығын туындатты. Өткір проблемалардан қашқақтау, оларды қаперге алмау ауруды асқындыруға, осындай қауіпті әрекеттердің қорқынышты зардаптарының ықтималдылығын арттыратын қантөгіске, бейбіт халықтың қасіретіне әкеліп соғатын». 

1992 жылы Тәжікстандағы жағдайға орай Қазақстан құрамында шекара, ішкі және жаяу әскер түрлерінен құралған роталары бар 700 адамдық жеке құрама батальонды Тәжікстанға ауған шекарасының ең қатерлі учаскелерінің бірін күзетуге жіберді. Ал, «1992 жылы аймақтық қауіпсіздік мүддесіне орай, Қазақстан Әзірбайжан – Армян жанжалын басудың жолын іздеуге атсалысты. Сол жылдың тамыз айында Алматыда Таулы Қарабах мәселесі бойынша үшжақты келіссөздер жүргізілді. Оған Әзірбайжанның, Арменияның, Қазақстанның Сыртқы істер министрлері қатысты және ол әскери қақтығыстарды тоқтатудағы шешуші қадам болды» - деп еске алады Н.Назарбаев. Қазақстанның ядролық қарусыздану инициативасы, посткеңестік аумақтағы жаңа тәуелсіз мемлекеттердің одағы бейбіт қатынасты сақтап тұруға және насихаттауға әсер етті. 1992 жылдың 15 мамырындағы Ұжымдық қауіпсіздік шартына Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Армения, кейін Әзірбайжан, Белоруссия, Грузия қосылды. Аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылық, тұтастық және оны ұжымдық негізде қорғау мақсаты қойылды. Бірақ, шарт мерзімі аяқталған соң Әзербайжан, Грузия мен Өзбекстан келісімді ұзартқан жоқ. 1995 жылы Алматыда Қазақстан ұсынған ТМД-дағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау туралы меморандум да маңызды құжат еді. Ол шекаралардың беріктігі мен аймақтардың тұтастығын сыйлау, сепаратизмді, ұлтшылдықты, шовинизм мен фашизмді тоқтатуды білдіретін.

2016 жылғы сәуір айындағы қақтығыс кезеңінде де Н.Назарбаев қос мемлекеттің басшылары И.Алиев және С.Саргсянмен телефон арқылы сөйлесіп, жағдайды тұрақтандыруға шақырған. Елбасы өз сөзінде ЕҚЫҰ-ның Минск тобының жұмысына ерекше назар аударған еді. ЕҚЫҰ Минск тобы осы Қарабақ жанжалын бейбіт шешу үшін құрылған, тең төрағалары Ресей, Франция мен АҚШ-тан тұратын ұйым.

Биыл Қазақстан Үкіметі 6 мамырдағы № 322-VІ «Ардагерлер туралы» заңының 5-бабында «Басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері» бөлімінде ҰОС ардагерлерімен қатар төмендегі әскерилер де осы заң аясында қарастырылған:

-   Ауғанстанға жіберілген әскери қызметшiлер;

-   Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде ТМД шекарасын қорғауға қатысқан әскерилер;

-   Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан ҚР әскери қызметшілері;

-   Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер;

Бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары. Яғни, Қазақстан Үкіметі Таулы Қарабақтағы қақтығыстарды реттеуге қатысқан отандастарды қорғауға және қолдауға көңіл бөліп отыр. Бұл Қазақстанның осы конфликтіні шешуге деген ықыласы мен мүдделілігін көрсетеді.


                                                             ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев пен ӘР Президенті И.Алиев

2020 жылы 27 қыркүйекте таңертең Таулы Қарабақта Армения мен Әзірбайжан қарулы күштері арасында қақтығыстар басталды. Армян тарапы Әзірбайжан жақтан жаппай артиллериялық және дрондармен оқ атқылау болғанын мәлімдеді. Ал Баку бұл Қарабақ күштерінің қарулы шабуылына Әзірбайжанның қайтарған жауабы деді. Екі жақ та әскерилер мен әскери техниканың шығыны, сондай-ақ бейбіт тұрғындардың да зардап шеккені жайлы хабарлады. Осыған қатысты халықаралық қауымдастық терең алаңдаушылық танытты:

- 2020 жылы 28 қыркүйекте ҚР СІМ әзірбайжан-армян қақтығысының ушығуына байланысты мәлімдеме жасап, қазақстандық тараптың алаңдаушылығын білдірді. Мәлімдемеде «Бізге достас Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасын жағдайды тұрақтандыру үшін барлық шараларды қабылдауға, күш құралдарын пайдаланудан бас тартуға және мәселені келіссөздер арқылы шешуге шақырамыз» делінген. Қазақстан халықаралық ұйым алаңында, соның ішінде АӨСШК аясында жанжалды шешудің жолын қарауды ұсынып отыр. Еліміз биылғы жылы Тәжікстаннан кейін АӨСШК төрағалығын өзіне алған еді.

- Дәл осы күні Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Б.Әміреев те мәлімдеме жасады. Ол Әзірбайжанның оккупацияланған территорияларындағы әскери қақтығысқа байланыс алаңдаушылығын жеткізген. Түркі Кеңесі осы жанжалды Әзірбайжан Республикасының егемендігі, аумақтық тұтастығы, халықаралық мойындалған шекарасының мызғымастығы негізінде шешуді мәлімдеді. Сонымен қоса, Кеңес 1993 жылғы БҰҰ ҚК шешімдеріне сәйкес Армения қарулы күштерінің оккупацияланған жерлерді жедел, сөзсіз және толықтай босатуын талап етіп отыр.

- Қақтығыстың жедел шешілуіне БҰҰ да күш салып жатыр. 28 қыркүйекте БҰҰ Бас хатшысы Әзірбайжан Республикасының Президенті И.Әлиевпен және Армения премьер-министрі Н.Пашинянмен келіссөздер жүргізді. Ол өз сөзінде Таулы Қарабах қақтығыс аймағымен жалғасып жатқан аймақтарға қатысты үлкен алаңдаушылық білдірді. Ол екі мемлекет басшыларын аймақтағы тұрақсыздықты ушықтырмау үшін қарулы қақтығысты тоқтатып, келіссөздерді қайта бастауға шақырды. БҰҰ Бас хатшысы ЕҚЫҰ-ның Минск тобының рөлін толық қолдайтынын білдіріп, тараптардың келіссөздерге алдын-ала кедергілер және шарттарсыз оралу қажеттілігін атап өтті.

- ЕҚЫҰ Минск тобының тең төрағалары да тараптарды соғыс қимылдарын дереу тоқтатуға және келіссөздерді қайта бастауға шақырды. "Тең төрағалар тараптарды аймақтағы жағдайды тұрақтандыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға шақырады және келіссөздер арқылы жанжалды бейбіт жолмен шешудің басқа баламасы жоқ екенін мәлімдейді" — делінген хабарламада.


                                    ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев пен Армения Премьер-министрі Н.Пашинян

Саясаттанушы Д.Сәтпаев бір сұхбатында "Қазақстан үшін Каспий өңірінің тұрақты болғаны тиімді. Бұл Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі тұрғысынан да маңызды» деді. Өйткені, Каспий өңірі экстремистік ұйымдардың тұрақсыз ошақтарымен көршілес жатыр, сондай-ақ Қазақстанның батысында, Ресейде, оның Кавказдық бөлігінде де сондай аймақтар бар екенін айтқан еді. 

Қазақстан Армения және Әзірбайжанмен де екіжақты тұрақты байланыс орнатқан. Тәуелсіздік алған уақыттан бері қарым-қатынас өзара серіктестік және тиімді сауда-экономикалық, гуманитарлық сипатта дамып келеді. Қазақстан мен Армения арасында ҰҚШҰ аясында сенімді диалогқа негізделген одақтық байланыс орнаған. Қос ел арасында ешқандай келіспеушіліктер жоқ. Ал Қазақстан-Әзірбайжан арасында конструктивті саяси диалог орнаған. Қос мемлекеттің аймақтық және халықаралық өзекті мәселелерге қатысты ұстанымдары бір. Қазақстан Ақтау мен Құрық порттары, Баку-Тбилиси-Карс бағыты арқылы транзиттік мүмкіндігін нығайтуды көздейді.

Өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан келе жатқан Халықаралық құқық принциптері туралы Декларацияда: күш қолданбау немесе қолданамын деп қорқытпау, дауларды бейбіт жолмен шешу, халықтардың тең құқығы және өзін-өзі билеуі, мемлекеттердің егеменді теңдігі, міндеттерді адал орындау принциптері айқын көрсетілген. Қазақстан осы принциптерді ұстана отырып, халықаралық алаңда тәуелсіз модератор, бейбіт келісімнің дәнекері, мәмілегер мемлекет ретінде танылды. Қазақстан тарапы және Тұңғыш Президент ядролық қарусыздану бойынша АҚШ-Ресей арасындағы «байланыс көпірі», 2014 жылғы Минсктегі Ресей-Украина басшылығының кездесуі, кейінгі Ресей-Түркия конфликтісі, Қырғызстандағы тұрақсыздық, «Астана процесін» реттеуге қатысуы да соның дәлелі. Қазақстан мен Армения ҰҚШҰ және ЕЭО мүшелері, ал Қазақстан мен Әзірбайжан Республикалары Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесі және Ислам конференциясы ұйымының қатысушылары. Ортақ алаң ретінде Қазақстан тарапы АӨСШК алаңын ұсынып отыр. Халықаралық қауымдастықтың шақыруы аймақтағы тұрақтылыққа септігін тигізгенімен, Таулы Қарабақтың тұрақтылығы ең алдымен армян-әзірбайжан халықтарының ерік-жігеріне байланысты болмақ. 

Барлық жаңалықтар