• Басты
  • Мәдениет және спорт саласындағы өзгерістер: Биыл қандай шаралар өтеді

Мәдениет және спорт саласындағы өзгерістер: Биыл қандай шаралар өтеді

18 Ақпан, 2021 19:40

Бүгін елордадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиынға қатысқан ведомство министрі Ақтоты Райымқұлова өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, биыл жүзеге асырылатын жобалар жөнінде айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Ақтоты Райымқұлова пандемияға байланысты министрлік көптеген жоспарларды қайта қарап, түзетіп, жұмыстың жаңа нысандарын енгізіп, карантин кезінде 120 млн-нан астам қаралым жинаған көптеген онлайн-жобаларды іске қосқанын айтып, бұл жұмысты жалғастыру керегін атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлеуметтік қолдау шаралары қабылданды, олардың қатарында жалақыны арттыру, арнайы ай сайынғы ақшалай төлемдер, қосымша жүктеме үшін қосымша ақы белгілеу, шығарма авторларына қаламақы төлеу, қызметкерлердің тұрғын үй жағдайларын жақсарту секілді мәселелер кіреді», - деді министр.

Сонымен қоса, ол мемлекет пандемия кезеңінде мәдениет, архив және спорт ұйымдарын, мәдениет, өнер және спорт саласындағы білім беру мекемелерін толық көлемде қаржыландыруды тоқтатпағанын ерекше атап өтті. Оның сөзінше, әл-ауқатты жақсарту, еңбекақыны жетілдіру, сала қызметкерлерін ынталандыру, сол арқылы біздің азаматтардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету - жұмыстың басты бағыты.

«Осы міндеттердің барлығы мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында,«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында, «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!» Nur Otan партиясының сайлау алды бағдарламасында,сондай-ақ елдің басқа да стратегиялық және бағдарламалық құжаттарында жарияланған», - деді министр.

 «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі

Сонымен бірге, Ақтоты Райымқұлова қоғамда сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру мақсатында министрліктің «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жұмыс істейтінін тілге тиек етті. Оның айтуынша, 2020 жылы ведомстволық бағынысты ұйымдарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы аудит жүргізіліп, вебинарлар, объектілерді тексерулер ұйымдастырылған, сондай-ақ ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдары базасында қабылдау емтихандарының жұмысына белсенді түрде қатысқан. 

Парасат жолы» жобасы

Сондай-ақ, парасаттылық, адалдық құндылықтарын ілгерілету мақсатында елордадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының базасында «Парасат жолы» жобасы іске қосылып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сипаттағы 4 бейнероликтер жасалып, «Адемокиді оқыту», «От» фильмдері көптеген халықаралық фестивальдердің лауреаты атанып, БАҚ пен әлеуметтік желілерде қызығушылық тудырған. 

Кинематография мәселелері бойынша заң жобасы

Сонымен қоса, министр заңнамалық базаны жетілдіру бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүргізіліп жатқанын, 2020 жылдың басынан бастап Қазақстан Республикасының 4 Заңы, 1 Келісім ратификацияланып, 40 заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер қабылданғанын атап өтті. Мәселен, 2021 жылдың басынан бастап кинематография мәселелері бойынша заң жобасын әзірлеу қолға алынып, оның шеңберінде мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ұсыныстарын әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрылған.

Шығармашылық үйірмелер мен спорт секциялар ашылды

Министрліктің басым міндетінің бірі - балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық және спорттық әлеуетін дамыту үшін барлық қажетті жағдайларды жасау.

«Жыл басынан бері балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын жан басына қаржыландыру тетігін іске асыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау мәселелері бойынша қоғамдық ұйымдар, мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобы белсенді жұмыс жасап келеді», - деді министр.

Сонымен қоса, ол мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс жергілікті бюджетті қайта бөлу есебінен жүзеге асырылатындығына ерекше атап өтті. Осыған байланысты тапсырманың іске асыруына тиімді мониторинг жүргізілуі қажет.

Жаңа ұлттық бірегейлікті құру мақсатындағы жобалар

Бүгінде, оның сөзінше, сын-тегеуріндеріне бейімделу кезеңінде ұлттың тұтастығы жаңа ұлттық бірегейлікті құрудағы табыстың негізгі кепілі. Халықаралық тәжірибе мен озық практикаларға сүйене отырып, Қазақстан Республикасында мәдениет ұлттық басымдықтар дәрежесіне көтеріліп, өмір сүру сапасы өсуінің аса маңызды факторы ретінде танылуға тиіс. Ұлттың ішкі, сондай-ақ сыртқы экономикалық және әлеуметтік күйзелістеріне «идеологиялық иммунитетін» қалыптастыруда мәдениет, өнер, спорт, туризм салаларының миссиясы да ерекше мәнге ие болуға тиіс екенін атап өтті.

«Жоғарыда айтылғанның негізінде Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, аталған міндеттерді шешуге бағытталған «Ел Рухы», бұқаралық спортты және туристтік саланы дамытуға бағытталған ұлттық жобаларды әзірлеуге кірісті», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Сонымен бірге, ол министрлік алдында идеологиялық саясатты қалыптастыру және оны сапалы іске асыру, салауатты өмір салтын насихаттау мен бұқаралық спортты дамыту, туризм инфрақұрылымын дамыту, инвестициялар тарту бойынша ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті. Оларға қол жеткізу мақсатында заңнамалық деңгейде кешенді ұйымдастыру шаралары қабылданады, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары және өзге де кешенді жоспарлар мен жол карталары шеңберінде практикалық шаралар жүзеге асырылады.

«2021 жыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен байланысты. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі жалпы республикалық іс-шаралар жоспары бекітілді. Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу кезінде қарбалас пен ысырапшылдыққа жол бермеу керектігін, әрбір іс-шара елге пайда әкелетін нақты қадамдармен байланысты болуы тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты, мерекелеуге идеологиялық тұрғыдан келуіміз керек, мерейтойлық іс-шараларды мәдениет, архив, спорт және туризм инфрақұрылымын дамытуға бағыттауымыз керек», - деді министр.

Биыл өткізілетін іс-шаралар

Жоспардың іс-шаралары, оның пайымынша, ұлттық мәдениетті ілгерілетуге, салт-дәстүрді жандандыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты, оның ішінде ұлттық спорт түрлерін дамытуға бағдарлануы тиіс.

Сонымен бірге, ол ақпан айының спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға арналып, «Қазақстан - спорттық ұлт» атауымен өтіп жатқанын, наурыз айы «Қазақстанның ұлттық дәстүрлері мен мәдениетіне» арналатынын атап өтті. Алғыс айту күніне орай «Медицина қызметкерлеріне, Ұстаздарға алғыс» ауқымды акциясымен бастап, табиғаттың жаңаруының және өмірдің жандануының, тектілік пен ізгіліктің салтанат құруының символы болып табылатын «Наурыз мейрамымен» жалғаспақ.

«Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, «Наурыз мейрамын» мерекелеудің жаңа тұжырымдамалық тәсілдерін әзірледі. Бүкіл түркі елінің орталығына айналған Түркістан қаласының халықаралық тұсаукесерімен тұспа-тұс келген мемлекеттер басшыларының қатысуымен Түркітілдес елдердің Саммитін өткізілу жоспарланып отыр. Мерейтойлық шаралардың қатарында дәстүрге айналған Ұлттық домбыра күні, Елорда күні, Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік күніне арналған жыл бойы салтанатты шаралармен аталып өтеді. 2021 жылы тарихи тұлғалардың мерейтойлық іс-шараларды өткізу игі дәстүрге айналды», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Мерейтойлық іс-шаралардың тұжырымдамалық күн тәртібі идеологиялық және ағартушылық мазмұнға толы, сондай-ақ идеологиялық-мазмұндық және сапалы іс-шараларды қамтылу керек екенін ерекше атап өтті. Халықаралық мәдени кеңістікке интеграциялану, халықаралық ұйымдармен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту және кеңейту министрліктің басым міндеттерінің бірі болып қала бермек.

«15 ақпанда Мемлекет басшысы Қазақстан Үкіметі мен Біріккен ұлттар ұйымының білім, ғылым және мәдениет (ЮНЕСКО) мәселелері жөніндегі ЮНЕСКО аясында Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық орталығын құру туралы келісімді ратификациялады. Біздің мақсаттарымыз бен міндеттеріміз мәдениет, білім және ғылым саласындағы халықтардың ынтымақтастығын кеңейту арқылы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға жәрдемдесудегі ЮНЕСКО-ның негізгі миссиясымен толық үндеседі», - деді ол.

«Рухани Жаңғыру» бағдарламасы

Жалпы, оның сөзінше, мәдениет және өнер саласындағы қызмет Мәдени-саясат тұжырымдамасының, сондай-ақ «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздің тарихи-мәдени мұрасын дамыту мен насихаттауға бағытталған. Алғаш рет «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» ҚР Заңын іске асыру шеңберінде тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі келесі күнтізбелік жылдарға арналған ғылыми-реставрациялау және археологиялық жұмыстар процесі жүйеленді. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы шеңберінде еліміздің тарихи-мәдени мұрасы объектілерінің инфрақұрылымын дамыту қарқынды жүргізілуде. «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы шеңберінде қазақстандық мәдениетті ілгерілету және отандық таланттарды халықаралық аренада қолдау жөніндегі жүйелі жұмыс өз жалғасын табады.

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ модернизациялау

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттілік пен отанға қызмет ету идеяларын дәріптейтін тарихи, деректі және көркем туындыларды, фильмдерді түсіруге ерекше назар аударылатын болады», - деді министр.

Осы орайда, оның мәліметінше, 2021 жылы кинематография саласында жыл сайынғы мемлекеттік қаржыландырудың жалпы көлемінің 70%-ын тарихи, патриоттық және имидждік картиналарға, ал қалған 30%-ы мөлшеріндегі қаражатты жеке киножобаларды және жас таланттардың дебюттік фильмдерін қаржыландыруға бағыттау арқылы киноөндіріс саласында жаңа бюджеттік саясатты іске асыру жөніндегі жұмысты жандандырылмақ.

Сонымен қатар, ол кино өндірісіне жыл сайын бөлінетін мемлекеттік қаржыландырудың 100%-ынан күрделі қойылымды тарихи фильмдер шығару үшін қаражаттың кемінде 50%-ын «Қазақфильм» киностудиясына жіберуге мүмкіндік беретін норманы заңнамалық деңгейде көздеу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, оның сөзінше, мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында жақын арада Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ модернизациясын сапалы жүзеге асыру керек.

Инклюзивті кедергісіз қоғам құру

Сонымен қоса, министр президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев инклюзивті кедергісіз қоғам құрудың, инфрақұрылымдық қолжетімділікті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өткенін еске салды. Бұл бірінші кезекте білім беру жүйесіне қатысты.

«Мәдениет, өнер және спорт саласындағы білім беру ұйымдары уәкілетті органмен бірлесіп, оқытудың инклюзивті нысандарын енгізу, білім беру сыныптарын ашу мәселелерін пысықтау қажет. Мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың тең қолжетімділігін арттыру және әлеуетін іске асыру мақсатында ағымдағы жылы зағип және көзі нашар көретін азаматтар үшін кітапхана қорын жыл сайын 2%-ға ұлғайту бойынша жұмысты бастау қажет», - деді ол.

 Балалар мен жасөспірімдер оқуын қолдау

Сонымен бірге, ол президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында оқырмандық сауаттылық деңгейін арттыруға баса назар аударғанын тілге тиек етті. Осы орайда, 2021 жылды Министрлік ресми түрде «Балалар мен жасөспірімдер оқуын қолдау жылы» деп жарияланды. Сонымен қатар, «Қазақстанның оқырман ұрпағы – 2021» балалар мен жасөспірімдер оқуын қолдау мақсатында жалпыұлттық акцияны іске қосылмақ.

Бұқаралық спортты дамыту

«Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Бұқаралық спортты дамыту жөніндегі кешенді жоспарды одан әрі іске асыруды жалғастыру және ағымдағы жылы спортпен айналысатын азаматтардың үлесін 33%-ға дейін арттыру жөніндегі стратегиялық мақсатқа қол жеткізу қажет», - деді ол.

Инфрақұрылымды дамытуға, оның ішінде спорт ғимараттары желісін кеңейтуге және халықтың барлық топтары үшін қолжетімділікті арттыруға ерекше назар аудару керек. 2021 жылы жоспарланған 55 дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің (ДШСК) құрылысын қамтамасыз ету арқылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н,Ә.Назарбаевтың 100 ДШСК құру туралы тапсырмасын сапалы орындауымымз қажет. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы орган аталған спорт нысандарының құрылыс барысын ерекше бақылауда ұстауы тиіс.

Сонымен қоса, ол мемлекеттің допингке қарсы саясатын жетілдіру мақсатында Дүниежүзілік допингке қарсы кодексін бұзушылықтарын алдын-алу жөніндегі жұмысты әрі жалғастыру және Қазақстанның допингке қарсы зертханасының аккредитациясын қалпына келтіру қажеттігін атап өтті.

«Ұлттық Олимпиада комитетімен бірлесіп Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарында ұлттық құрама командалардың спортшыларын даярлау бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді. Алдағы Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарында ұлттық құрама спорттың 30 түрі бойынша қатысады. Бүгінгі таңда спорттың 18 түрінен 43 лицензияны ұлттық құрама спортшылары жеңіп алды», - деді министр.

Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдау

Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар азаматтары спортта қолдау маңызды екенін атап өтті. Осы орайда, Бразилияда өтетін жазғы Сурдлимпиадалық ойындарға қатысу үшін еліміздің құрама командаларын қатысуы үшін барлық тиісті шаралар қабылдануы қажет. 

Азаматтық сектор мен жергілікті атқарушы органдардың күш-жігерін шоғырландыру

«Біздің келесі міндетіміз – мәдениет және спорт саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру үшін Министрліктің, азаматтық сектор мен жергілікті атқарушы органдардың күш-жігерін шоғырландыру», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Шығармашылық одақтар мемлекеттің стратегиялық серіктестері ретінде ұлттық мәдениет пен мемлекеттік идеологияның жолсерігі ретінде әрекет етуі тиіс екенін айтты. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бұйрығымен жергілікті атқарушы органдар нәтижелілігінің негізгі көрсеткіштерінің тізбесі бекітілді, оның қатарында «Халықтың мәдени және спорттық инфрақұрылымның сапасына және қолжетімділігіне қанағаттану деңгейі» сауалнамалық көрсеткіші қарастырылып, жыл қорытындысы бойынша жалпы республикалық деңгейде бұл көрсеткіш 55,7%-ды құраған.

«Халықаралық тәжірибеге сәйкес жалпы ішкі өнім кез-келген елдің өмір сүру деңгейін ненгізгі көрсеткіші. Бұл көрсеткішпен қатар әлеуметтік-маңызды индикаторлардың орны ерекше. Мәдениет пен спортты дамыту — мемлекеттік әлеуметтік саясатының маңызды құрамдас бөлігі және олардың даму индикаторлары азаматтардың өмір сүру сапасының негізгі көрсеткіштерінің бірі болып табылады», - деді министр.

Осыған байланысты, ол өңірлерде мәдениет, спорт және туризм саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бизнестің жол картасы», «Ауыл ел бесігі» және тағы басқа бағдарламалар шеңберінде, және инвестицияларды тарта отырып, жүзеге асыруды жалғастыру қажеттігін айтты. 2021 жылы мәдениет саласында 36 жобаны, спорт саласында 53 және туризм саласында 3 жобаны іске асыру жоспарланған. Жергілікті атқарушы органдар көрсетілген бағдарламаларды нақтылау, түзету шеңберінде жеке инвесторларды, меценаттарды тарта отырып, жобалар санын ұлғайтуы және бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауы қажет екенін атап өтті.

«Сондай-ақ, саланың алдына қойылған міндеттерді іске асыруды тежейтін факторлардың бірі қаржыландырудың жеткіліксіздігі болып табылады. Республикалық бюджеттен мәдениет және спорт саласына жұмсалатын шығыстардың үлесі 1%-дан кем. Мәселен, 2020 жылы республикалық бюджеттен мәдениет саласына жұмсалатын шығыстардың үлесі елдің ЖІӨ–ге шаққанда 0,24%-ды және спорт саласына 0,28%-ды құрады. Бұл көрсеткіштер білім беру саласына – 2,7%, денсаулық сақтау саласына - 1,9%-ды құрайды», - деді ол.

Министр, ел басшылығының министрлік құзіретіндегі сала алдына қойған міндеттерін тиімді іске асыру мақсатында жергілікті атқарушы органдар қаржыландыру көлемін ұлғайтуы, сондай-ақ инвестициялар тартып, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін белсенді пайдалануы қажеттігін атап өтті.

«Пандемия жағдайында ішкі туризмнің қаншалықты сұранысқа ие болатынын көзіміз жетті. Бұл жағдайда дағдарысты проблема ретінде ғана емес, оны біз жаңа мүмкіндіктер ретінде қарастыруымыз керек. Мемлекеттің міндеті – туризм нысандарына қажетті инфрақұрылым дамыту және бизнес үшін қолайлы инвестициялық жағдайды қамтамасыз ету. Бұл бағытта бірқатар шаралар қабылданды», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Жаңа ұлттық туристік өнімдерді әзірлеу

Сонымен бірге, туристік қоғам, жергілікті атқарушы органдар үшін өңірлердің географиялық және тарихи-мәдени ерекшеліктерін ескере отырып, жаңа ұлттық туристік өнімдерді әзірлеу маңызды міндеттердің біріне айналуы тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, бұл туристік өнімдер ішкі ғана емес, шетелдік туристердің қызығушылығын арттыруға бағытталуы тиіс.

Келесі маңызды міндеттердің бірі - туристік қызметтердің экспорты мен импорты арасындағы алшақтықты азайту. «Қазақтуризм» Ұлттық компаниясы осы турөнімдердің агрегаторына айналуға тиіс.

Алдағы уақытта бірқатар міндетке қол жеткізу жоспарланған:

1) жалпы инвестиция көлемі 1,1 трлн теңге және 22 мың жұмыс орнын құру;

2) жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, негізгі туристік дестинацияларда инженерлік инфрақұрылымды қаржыландыруды қамтамасыз ету;

3) ішкі туристердің 4,5 мың адамға дейін өсуін қамтамасыз ету (2020 жылға қарай+22% );

4) жаңа редакциядағы салалық заң қабылданғаннан кейін заңға тәуелді актілерді әзірлеу және бекіту;

5) Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, ұлттық парктерде туристік инфрақұрылымды дамыту мәселесін пысықтау;

6) E-Qonaq ақпараттық жүйесін енгізу;

7) Қазақстанның туристік әлеуетін ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да ілгерілету бойынша имидждік іс-шаралар өткізу;

Оның сөзінше, осы жүргізілген барлық жұмыстың нәтижесінде туризмнің ЖІӨ үлесін 5,2% - ға дейін ұлғаюы тиіс. 

«Өткен жылы «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп шағын және орта бизнесті, туроператорларды қолдау бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Бұл тәжірибені биылғы жылы да жалғастыру керек», - деді министр.

Цифрландыру

Келесі маңызды бағыт, оның айтуынша, цифровизацияны дамыту. Қазіргі заманғы технологияларды енгізу коммуникациялардың жаңа нысандарын дамытудың және бүкіл елдің цифрлық кеңістігін біріктірудің маңызды факторы. 

«Биыл «Е-Мәдениет» порталы, «Ұлағатты ұрпақ» білім беру платформасы, «Қазақстан Республикасы аумағындағы фильмдердің бірыңғай мониторингі» ақпараттық-коммуникациялық қызметі, сондай-ақ «Е-спорт»ұлттық спорт платформасы, «Е-Конақ» туристерді есепке алу ақпараттық жүйесі және «Е-архив»ақпараттық жүйесі бойынша жұмысты жандандыру маңызды. Барлық аталған жобалар бойынша жыл соңына дейін нақты нәтижелерге қол жеткізу қажет», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Барлық жаңалықтар