• Басты
  • Мәдениет министрі әлеуметтік желіде дінді насихаттайтын «жұлдыздарға» қатысты пікір білдірді
19 Қазан, 2020 15:58

Мәдениет министрі әлеуметтік желіде дінді насихаттайтын «жұлдыздарға» қатысты пікір білдірді

Бүгін ҚР Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова журналистерің елдегі мәдениет пен спорт мәселелеріне қатысты сан алуан сұрақтарына жауап берді. Димаш Құдайбергеновтің шығармашылығы, әлеуметтік желіде дін туралы ашық насихат жүргізетін әртістер, бұқаралық спорттың дамуы, «Борат-2» фильмі, Абайдың 175 жылдығын тойлауға бөлінген, бірақ жұмсалмаған қаражат туралы министр жауаптарын Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыздар.


Мәдениет министрі әлеуметтік желіде дінді насихаттайтын «жұлдыздарға» қатысты пікір білдірді

Ақтоты Райымқұловаға журналистердің бірі келесі сұрақты қойды: Қазіргі таңда әлеуметтік желіде Қазақстанның әртістері дінді ашық насихаттауға көшкен. Мәселен, әнші, «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымының қызметкері Мөлдір Әуелбекова оқушы қыздардың мектепке орамал тағып баруына рұқсат дегенді қалың бұқараға айтып қалды. Бұл қаншалықты заңды?

Ақтоты Райымқұлова Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін еске салды.

Мөлдір Әуелбекова жақында ғана тұрмысқа шықты. Ол келін болып түскен жердің салтына, діни нанымына сәйкес образын өзгертті. Дін жолына түсті. Қазақстан демократиялы және зайырлы мемлекет. Әркімнің өз таңдауы бар. Әншінің де өз таңдауы мен өз құндылықтары бар, - деді министр.

Спорт клубтарына емес, бұқаралық спортты дамытуға көңіл бөлініп жатыр

Брифингтің басты тақырыбы Президенттің Жолдауындағы тапсырмалардың орындалуына арналған болғандықтан, министр осы орайда баяндама оқыды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби спорт клубтарын емес, бұқаралық спортты және халықтың шығармашылық әлеуетін дамыту туралы айтқан болатын. Балалардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды екеніне ерекше назар аударды. Ақтоты Райымқұлова Президенттің нақты тапсырмалары қалай жүзеге асып жатқаны туралы айтты.

Қазақстанның болашағы – бүгінгі балалар екенін ескерсек, балалардың уақыты мен күш-қуатын тиімді жұмсау үшін спорт үйірмелері мен секцияларын ашу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауда айтқан тапсырмасын іске асыру үшін Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына Мәдениет және спорт министрлігі халықты, оның ішінде ең алдымен балаларды дене шынықтырумен және бұқаралық спортпен айналысуға белсенді тарту шараларын енгізді. Біз жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп кәсіби спорт клубтарына жұмсалатын қаражатты қарапайым халықтың дене шынықтыру және бұқаралық спортпен айналысуына мүмкіндіктерге пайдалануы үшін жұмыс атқарып жатырмыз. Қазіргі таңда Қазақстанда 127 703 спорт секциясы тегін жұмыс істеп тұр. Мұнда 5 млн-нан астам адам жұмыс істейді. Бұл – барлық қала, аудан, ауылдардағы спорт секцияларының саны. Мектептер жанында 39 440 спорт секциясы бар. Оның 94 пайызы тегін өткізіледі. Мұнда 1 млн-нан астам оқушы спортпен айналысады, - деді министр.

Жолдауда мемлекеттік бюджеттен қаржы бөліп, кәсіби спорт клуб­тарын толықтай қамтамасыз ету өзектілігін жойғандығын Президент айтып кеткен болатын. Мәдениет және спорт министрлігінің айтуынша, қазіргі таңда республика бойынша 36 мыңнан астам адам жаттығатын жалпы саны 97 болатын кәсіби спорт клубы жұмыс істеп тұр.

Еліміздегі көптеген спорт клубы жергілікті бюджетке тәуелді. Оларға сонымен қатар ұлттық компаниялар немесе жеке меншік иелері демеушілік көрсетеді. 2019-2020 жылдары еліміздің 17 өңірінде жергілікті бюджеттерден 252,6 млрд теңге бөлінген. Елеулі нәтижелер көрсетілмесе де, қаражаттың көп бөлігі футбол және хоккей клубтарын ұстауға жұмсалады. Біз барлық республикалық ойын федерацияларымен кеңес өткіздік. Кеңес барысында осындай клубтардың қаражатын қайта бөлудің жолдарын қарастырдық. Клубтар спортшыларды жалақымен қамтамасыз ету үшін өз бюджетінің 50%-на дейін қаражат жұмсайды. Сондықтан Федерациядан спортшылардың жалақысын реттеу бойынша ұсыныстар болды. Спорт клубтарының қаржысын қайта қарау мәселесі бойынша жергілікті атқарушы органдардың дене шынықтыру және спорт, қаржы, экономика басқармаларының басшыларын тыңдауды жүргізуде, - деді министр.

Президент Жолдауынан кейін Министрлік бюджет қаражатынан төлемдердің рұқсат етілген нормасын анықтау үшін ойыншыларға, жаттықтырушыларға және клуб басшылығына жалақы төлемдерін Заңға сәйкес реттеу туралы ұсыныстар әзірлеп жатыр. Осы ұсыныстар негізінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі заң жобасына түзетулер енгізіледі. Бұл мәселе ҚР Мәжілісінің жұмыс тобының отырысында қаралып, депутаттар тарапынан қолдау тапты, - деді А.Райымқұлова.

Коронавирустың таралуын болдырмау бойынша ведомствоаралық комиссияның отырысында 13 қазаннан бастап Президенттік «Астана» спорт клубына шетелге шығуға немесе шетелден келуге шектеу қойылады. Бұл шешім ВТБ лигасында санитарлық эпидемиологиялық шаралар енгізілгендіктен қабылданды. Егер осы талаптарды орындаулан бас тартқан спортшылар болса, оларға айыппұл салынады. Тіпті спортшылар ойыннан шеттетілуі де мүмкін, - деді министр Райымқұлова.

Музейлерде фотоға түсу ақылы болмауы керек

Журналист мәдениет министріне кейбір музей қызметкерлерінің экспонаттармен фотоға түсу үшін ақы талап етуі қаншалықты заңды екенін сұрады. Музей кассасында тек квитанци беріледі. Арнайы құжаттар, шот-фактура, түбіртек берілмейді. Министрдің айтуынша, мәдениет орталықтарында фото түсірілімдер тегін болуы тиіс.

ҚР Мәдениет туралы Заңына сәйкес барлық мәдениет ұйымы Қазақстанның кез келген азаматына мәдени құндылықтарын көрсету керек. Қазақстан музейлерінің постулаты – әрбір келушілер үшін мәдени құныдылықтарымыз бен жәдігерлерімізді қолжетімді ету. Осындай мәдени құнды дүниелер сақталған орындарда видеотүсірілімдер екі жақтың келісімі бойынша жүргізіледі. Ал фото түсірілім барлық музейде тегін. Біз қазір мәдени орындардың коммерциялық бағытта жұмыс істеуі туралы мәселені қарастыратын боламыз. Егер ақылы қызметтердің бағалары бектілген арнайы прейскурант болса, ол міндетті түрде ұсынылуы керек. Алайда кез келген жағдайда екіжақты мәміле болуы керектігін ескертеміз, - деді министр.

Қазақстан кинотеатрлары 20 млрд теңгеден қағылды

Пандемия салдарынан еліміздегі кинотеатрларға келген шығынды мәдениет министрлігі есептеп шығарды. Ведомствоның ресми ақпаратына сәйкес бұл шығын 20 млрд теңгені құраған.

Өкінішке орай кинотеатр иелері осындай табысты көру мүмкіндігінен айырылды. Сондықтан біз салықтық жеңілдіктер мен басқа да міндетті төлемдер жағынан жеңілдіктер беруді қарастырып жатырмыз, - деді Ақтоты Рахметуллақызы.

Қазіргі вирус таралу қаупі бар кезде кинотеатр жұмысының алгоритмі әзірленген болатын. Зал әкімшіліктері барлық сақтық шараларын орындай отырып, жұмысты бастауға дайындалды. Алайда мемлекеттік бас санитар дәрігер рұқсат бермеді.

Кинотератрларды ашу туралы шешімді ведомствоаралық комиссия қабылдайды. Олар пандемияға байланысты жағдайдың болжамына сәйкес халық үшін тиімді шешімді шығарады. Біз өз тарапымыздан осы комиссияға өз ұсыныстарымызды жолдап отырмыз. Әзірге санитар дәрігер кинотеатрлардың ашылуына ерте деп санайды, - деді Ақтоты Райымқұлова.

Министрлік "Борат-2" фильміне қатысты ресми мәлімдеме бермеді

Мәдениет министрі Саша Барон Коэннің комедиясы «Борат-2» фильміне қатысты пікірін білдірді.

Бұл фильмнің екінші рет жарыққа шыққан фактін жоққа шығара алмаймыз. Біз – қазақстандықтар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы екінші фильмнің түсірілгенін біліп отырмыз. Шығармашылық адамдары өздері қалай түскілері келсе де ерік өздерінде деп ойлаймын. Алайда адамдардың абыройы мен ар-намысына нұқсан келтіретін фильм болса, онда үнлдемей отыруға болады. Мәдениет министрі бұл фильм елімізде көрсету үшін прокаттық куәлік алған кезде ресми түрде қарсы әрекет ете алады. Ал әзірге біз ештеңе істей алмаймыз, - деді ол.

Министрліктің бұл фильмге қатысты ресми мәлімдеме жасамағанын да Райымқұлова айтты.

Қазақстан азаматы ретінде бұл фильм менің намысыма тиеді. Біздің шығармашылық тұлғалар әлеуметтік желідегі парақшаларында және БАҚ-та нағыз Қазақстанды көрсетіп жүр. Демек, Қазақстанды қандай етіп көрсетуіміз әрқайсымыздың қолымызда. Сондай-ақ өнер мен спорт адамдарының да жетістіктерін солай көрсете аламыз. Меніңше, бұл фильмді көретін дүние жүзіндегі ақпаратты дұрыс қабылдай алатын есті адамдары фильмдегі сюжеттің адамдардың қиялынан шыққанын түсінетін шығар деп ойлаймын. Сондықтан ҚР мәдениет және спорт министрлігі ешқандай ресми мәлімдеме жасамады, өйткені бізге осы фильмге қатысты ресми хабарламалар келіп түскен жоқ, - деді министр.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 23 қазанында қазақстандық журналист туралы комедия Prime Video сервисінде жарыққа шығады. Алдын-ала ақпарат бойынша комедияның атауы «Borat: Gift Of Pornographic Monkey To Vice Premiere Mikhael Pence To Make Benefit Recently Diminished Nation Of Kazakhstan», қазақша баламасы «Борат: Вице-премьер Михаил Пенске саны азайып кеткен Қазақстан халқының игілігі үшін порнография маймылын сыйлау».

Кітапханалар мәдениет ошақтары болып сақталуы тиіс

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, кітапханалар мәдениет ошақтары ретінде сақталу қажет.

Қазіргі кезде заман талабына сай барлық мәдени мекемелер қоры, оның ішінде кітапханалар, архивтер цифрландырылуда. Кітапхана – рухани байытатын орын, бұл жерде адамзаттың мыңжылдық ойлары жинақталған. Еліміздің саясаты мен Мәдениет туралы Заңға сәйкес адамзаттың мәдени құндылықтары адамдар үшін қолжетімді болуы тиіс. Жаһандық ақпараттандыруға сәйкес кітапхана қорлары цифрландырылады және бұл жұмыстар қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Архивтерді, музейлерді, кітапханаларды, жалпы мәдени ошақтар цифрландыру үстінде, - деді министр.

Абайдың 175 жылдығына бөлінген қаражат бюжетке қайтарылды

Абайдың 175 жылдығын тойлауға бөлінген, алайда пандемияға байланысты үнемделген 1,7 млрд теңге республикалық бюджетке қайтарылды. Себебі карантинге байланысты шаралардың көбі қысқартылды. Министрдің айтуынша, бұл қаражат Абайдың туып-өскен өлкесі Семейдің инфрақұрылымын дамытуға жұмсалды.

Үнемделген қаражат Шығыс Қазақстанның инфрақұрылымын дамытуға, Семейдегі Абай мұражайын өркендетуге, Абай білім алған Ахмет-Риза мешітін реставрациялауға, сондай-ақ Жидебай-Бөрілі мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін дамытуға жұмсалған. Абай өміріне қатысты барлық тарихи орындарды реставрациялау жұмысы да осы қаржыдан жасалынып жатыр. Президенттің тапсырмасына сәйкес бұл қаражаттың көп бөлігі инфрақұрылымға бөлінген. Сондай-ақ кітаптарды, Абайдың шығармаларының 10 тілдегі 10 томдығын шығаруға да қаражат бөлінгенін  Ақтоты Райымқұлова айтты.

Министр Семей қаласында Абайдың ұлдарымен бірге тұрған ескеркішіне қанша қаражат жұмсағанын айтпады. Айтуынша, бұл ескерткіш Семей қаласының жергілікті басқару органына тиесілі болғандықтан, қаржы көлемін әкімдік өкілдері біледі.

Брифинг барысында қойылған сұрақтардың бірі әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеновтің шығармашылығына қатысты болды. Ақтоты Райымқұлова Димаштың концерттік, продюсерлік авторлық құқығы қытайлық жаққа тиесілі ма деген сұраққа жауап бермеді. Айтуынша, бұл сұраққа тек Димаш пен оның командасы ғана жауап бере алады.


Барлық жаңалықтар
3.94.21.209, 192.168.88.100