• Басты
  • М.Әбенов: Жер тек жұмыс істеймін деген азаматқа ғана жалға берілу керек

М.Әбенов: Жер тек жұмыс істеймін деген азаматқа ғана жалға берілу керек

1 Шілде, 2021 14:50

Президент Қасым-Жомарт «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойған еді. Осы орайда, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мен Жер комиссиясының мүшесі Мұрат Әбенов Жер туралы заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістер мен түзетулерге қатысты пікір білдірді. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Бұл заң жобасында бірнеше нормалар көзделді. Соның ішінде, жер пайдаланушылар арасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге жалдау құқығын мемлекеттен сатып алмай иеліктен шығару. Оларды пайдалану мерзімі – кемінде бес жыл. Сонымен қатар, жер қатынастары органдарын міндетті түрде хабарлау шарт.

Мұрат Әбеновтың айтуынша, мамыр айында Мемлекет басшысының бастамасымен жерді шетелдіктердің сатуға тыйым салатын құжат қабылданған болатын. Қазіргі таңда сол қол қойылған екінші құжатқа қоғам өкілдері мен сарапшылар қатысқан Жер комиссиясы ұсынған өзгерістер енгізіліп отырғанын жеткізді.

«Президент жер мәселесіне бейжай қарамайтын халықтың пайымын ескеріп, жерге шетелдіктердің иелік етуіне толық тыйым салу туралы саяси жауапкершілікті өз мойнына алды. Сондай-ақ, реформадағы өзге мәселелерді халықтың талқысына қалдырды», - деді ол.

Оның дерегінше, 80 адамнан құралған комиссия құрамы 5 отырыс өткізген. Нәтижесінде, 120 ұсыныс білдірілген.

«Мен де осы комиссияның құрамында болдым. Менің тарапымнан айтылған ұсыныс ауыл шаруашылығы жерлерін тек ҚР азаматтарына жалға беру болды. Себебі қандай сату түрі болса да жерді қаржы-өнеркәсіптік топтардың иемденуіне жол ашады», - деді Мұрат Әбенов.

Сондай-ақ, жер комиссия мүшесінің айтуынша, жерді монторинг арқылы бақылау жүйесі енгізіліп жатыр. Ең басты мақсат- бұрын жерді сатып алғандарды анықтау.

«Оған қарсыластар да болды. Соның ішінде, ірі жер иеленушілер тарапынан қарсылық болды. Бұл түзету үшін Үкіметтегі латифундистер мен лоббистер жерді цифрландыру мен космомониторингке қойылатын талаптарды жоюға тырысты. Біраз уақыт бір шешімге тоқтай алмадық, соңында ымырға келдік. Бірақ кейбір сұрақтар кейінге қалды», - деді ол.

Мұрат Әбенов жер комиссиясының ұсыныстары негізінде қабылданған заңнамалық өзгерістерге тоқталып өтті. Жер қатынасытары маңайындағы сыбайлас жемқорлықтарды болдырмау мақсатындағы барлық мәселелерді жер комиссиясына құзыреттілігіне өткен. Оның айтуынша, әкімдерден жер қатынастарын бақылау функциясы алынған, сәйкесінше жерге мемлекеттік бақылауды күшейту туралы шешім қабылданған. Сонымен қатар, жерді пайдалану мақсатын өзгертуге тыйым салынған. Соның ішінде, бау-бақша немесе қандай да бір құрылысы үшін алынған жерлер үнемі бақылауда болады.

«Ауыл шаруашылығы жерлерін әртүрлі себептермен сатып алады да, кейін оны басқа бизнеске сатып жіберетіндер көбейген. Бұл заң жобасы соған тосқауыл болады. Бұрын әкімдердің қолында болған бұл құзырет Жер ресурстарын басқару комитетіне берілді. Алайда, ауыл маңындағы жайылым жергілікті халықтың ортақ игілігіне қайтарылатын болады. Себебі халықтың мұқтаждықтарын ескеріп, жайылымдық жерлердің шекараларын анықтау жолға қойылады», - деді Мұрат Әбенов.

Ол космониторинг құралы арқылы елдегі латифундистердің аты-жөні көпшілікке мәлім болатынын атап өтті. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға мүлдем тыйым салынған. Алайда, бұл тыйымның мерзімі әзірге 5 жыл. Яғни, мораторий мерзімі 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылған.

«2016 жылы мыңдаған адамдар көшеге шықты. Олардың басты мақсаты- шетелдіктерut жерді мүлде бермеу. Жалға да бермеу және сатпау. Екіншісі бұрын жерді иеленіп алған латифундистердің жерін халыққа қайтару және қолжетімді ету. Бірақ латифундистер ашықтыққа қарсы әркет етіп бағады. Жердің космомониторингін жоюға, иелердің аттарын ашқызбауға тырысады. Бірақ мен қоғам бұған жол бермейді деп сенемін», - деді ол.

Жер комиссиясының мүшесі Мұрат Әбеновтің пікірінше, егер жерді сатуға рұқсат берісе жердің 90%-ы жекенің құзеретіне өтіп кетеді. Ал келесі ұрпақ өз отанында тұрып өз жеріне иелене алмайтын күнге жетеді.

«Қазіргі жерді иеленгендердің ұрпақтары ғана иемденіп жалға беретін болады. Мен оған қарсымын. Жер тек жұмыс істеймін деген азаматқа ғана жалға берілу керек. Ал, жұмыс істемей құр алып қойса мемлекетке кері қайтару керек», - деді Әбенов.

Оның айтуынша, қандай да бір қажеттілігін толтыру үшін жерді иеленгендер, соның ішінде несиеге қойып немесе жалға беріп отыр. Ол ел экономикасына пайда әкелмейді. Сонымен қатар, азаматтардың патриоттық сезімін төмендететінін баса айтты.

«Ашық ақпарат болса бәріміз көріп, қай жер қалай пайданалып жатырғанын көруге мүмкіндіміз болады. Мысалы егін егілді ме, егілмеді ме немесе мал жайылды ма, жайылмады ма біліп өтырамыз. Сонықтан жерді пайдаланатын адамдарға ғана беру керек. Олар дұрыс пайдаланса, бізге өнім де арзан болады, экономикаға да пайдасы болар еді», - деді ол.

Мұрат Әбенов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың негізгі мәселелерін түсініп заңды өзі ұсынып, парламент арқылы өткізгенін жеткізді. Мұндай жағдайларда азаматтар мен Президенттің ойы бір жерден шыққаны маңызды.

«Бірақ арқаны кеңге салуға болмайды. Ірі жер иелері жаңа нормаларға шабуылды бастап кетті. БАҚ арқылы сыни мақалалар жариялап, сарапшылар арқылы өздеріне қолайлы пікір қалыптастыруға күш салып жатыр. Алайда, қоғам келер ұрпақтың мүддесін қорғай алатынына сенемін. Себебі әрқайсысымыз ол үшін жауаптымыз», - деп қорытындылады Мұрат Әбенов.

Барлық жаңалықтар