• Басты
  • М.Бекетаев: Заң жобалары бойынша ғылыми-құқықтық сараптаманы тізімдегі сарапшылар жүргізеді
19 Маусым, 2020 11:28

М.Бекетаев: Заң жобалары бойынша ғылыми-құқықтық сараптаманы тізімдегі сарапшылар жүргізеді

Бүгін елордада ҚР Әділет министрі  Марат Бекетаевтың халық алдында есеп беру кездесуі өтті. Баспасөз мәжілісінде ол заң жобалары бойынша ғылыми-құқықтық сараптаманы ғылыми ұйымдар емес, тізімдегі сарапшылар жүргізетінін айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

М.Бекетаев: Заң жобалары бойынша ғылыми-құқықтық сараптаманы тізімдегі сарапшылар жүргізеді
"Шығармашылық қызметті жетілдіру мақсатында заң шығару процесінің жаңа сатыларын енгізуді көздейтін заң жобасы әзірленді. Атап айтқанда, кез келген проблема бірінші кезекте, жұртшылықпен талқыланатын болады және қоғамдық талқылау нәтижелерін алғаннан кейін ғана әзірлеуші заң жобасының болу немесе болмауы мәселесін шешеді. Бар проблема бойынша барлық талдау және қоғамдық талқылау нәтижелері жеке құжатта көрініс табуы тиіс. Бұл құжат жұртшылықтан кері байланыс алу және бекіту үшін жасалады", - деді министр.

Сондай-ақ министрдің сөзінше, мемлекеттік сатып алу негізінде ғылыми құқықтық сараптама жүргізуге ұйымдарды тартудан бас тарту және Заңнама және құқықтық ақпарат институты жүргізетін тиісті тізілімнен нақты сарапшыларды тағайындауға көшу ұсынылады. Бұл өз кезегінде, әзірленіп жатқан НҚА жобаларының сапасын арттыруға ықпал етеді дейді ол. 

Бұдан бөлек Марат Бекетаев ведомство сот актілерін орындауды жақсартуға бағытталған шаралар қабылдап жатқанын атап өтті. 

"Мәселен, ағымдағы жылы азаматтарға қолайлы болу үшін мобильді браузерлер үшін қолданыстағы портал интерфейсіне оңтайландыру жүргізу жоспарлануда.  Ал 2021 жылы атқарушылық іс жүргізудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің (АІЖ ААЖ) мобильдік қосымшасын әзірлеу жоспарлануда. Ол атқарушылық әрекеттерді кабинеттен тыс жасауға, іс жүргізу тараптарының іс жүргізу құжаттарымен танысуға, қолданылған шаралар мәртебесінің өзгеруіне, санкция алуға жедел ден қоюға, атқарушылық іс жүргізу бойынша берешекті шаралардың (шоттарға, жылжымайтын мүлікке тыйым салу, шығуды, заңды тұлғаларды тіркеу әрекеттерін шектеу) автоматты алынуымен төлеуге мүмкіндік береді", - деді министр.

Бұдан басқа министрдің айтуы бойынша, атқарушылық іс жүргізу тараптарының кабинеті арқылы өндіріп алушының атқарушылық құжатты ұсынуы бойынша функционал кеңейтілуде.

"Бүгінде атқарушылық іс жүргізудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесін (АІЖ ААЖ) одан әрі дамыту мақсатында екінші деңгейлі он төрт банктің мәліметтер базасымен шоғырландырылды. Енді сот орындаушылары онлайн режимде қаржы институттарында ауыртпалықтарды жедел жүктеп, алып тастай алады. Сонымен қатар нотариустардың атқарушылық жазбаларын электронды форматта алуға мүмкіндік беретін «Е-нотариат» ақпараттық жүйесімен өзара іс-қимыл іске қосылды. Сондай-ақ, өнеркәсіптік пайдалануға «СМС-хабарлама» сервисі іске қосылды", - деді Марат Бекетаев.

Енді нөмірлер тіркелген жағдайда борышкерлердің телефондарына іс қозғау және ол бойынша қабылданған іс жүргізу әрекеттері туралы ақпарат бар СМС келіп түсетін болады. Министрдің сөзінше, атқарушылық іс жүргізуді цифрландыру нәтижесінде азаматтар сот орындаушылармен онлайн іс-қимыл құралдарына ие болады.

Бұдан бөлек ол Қазақстанда сот сарапталарын жүргізудің бір бөлігі аутсорсинг түрінде жүргізілетінін атап өтті.

"Сот-сараптама саласындағы бәсекелестік ортаны одан әрі дамытуға бағытталған қадамдардың бірі - сот сараптамаларының кейбір түрлерін жеке ортаға беру. Аутсорсинг арқылы қылмыстық істер бойынша ішкі істер органдары тағайындаған сот сараптамаларының кейбір түрлерін бәсекелестік ортаға беру туралы Әділет министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің және Бас прокуратураның бірлескен бұйрығына қол қойылды. Сонымен, аталған бұйрық бойынша, Алматы, Шымкент қалаларында және Павлодар облысында пилоттық жұмыс іске қосылды, сондай-ақ ағымдағы жылдың маусым айының соңына дейін Нұр-Сұлтан қаласында іске қосылады", - деді министр.

Сондай-ақ министр  аутсорсинг арқылы берілетін сараптаманың түрлеріне тоқталды. 

"Сот-сараптамалық автотауартану зерттеуі, сот құрылыс сараптамасы, сот трасологиялық сараптамасы, психологиялық және сот-медициналық сараптамасы, сот психологиялық-филологиялық сараптамасы, жол-көлік оқиғасы жағдайлары мен көлік құралдарының сот сараптамасы, компьютерлік технология құралдарын сот-сараптамалық зерттеу және тірі адамдарға сот-медициналық сараптама жүргізу", - деді Марат Бекетаев.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Шымкент және Павлодар облысында пилоттық жұмыс аясында жеке сот сарапшыларымен қылмыстық істер бойынша 164 түрлі сот-сараптамалық зерттеулер жүргізілген. 

"Жалпы аталған жоба бірқатар жағдайға ықпал етеді. Сараптама тағайындау уақытын қысқарту, әсіресе қамауда отырған адамдардың  қылмыстық істері бойынша, мемлекеттік сарапшылардың жүктемесін азайту, жеке сот сараптамасы институтын дамыту және мемлекеттік бюджет шығындарын қысқартуға мүмкіндік бермек", - деді ол.

Бұдан бөлек министр 2018 жылдың қараша айынан бастап Әділет министрлігі Жоғарғы Сотпен бірлесіп, соттардың Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары бойынша сот-сараптама институттарына жеке сот сарапшыларына алғашқы сот құрылыс сараптамасы, сот тауартану сараптамасы және сот экономикалық сараптамасы бойынша сараптамалар тағайындау пилоттық жобасы жүзеге асырылып, оң нәтиже көрсеткенін атап өтті.

"Мәселен, 2019 жылы соттардың ұйғарымы бойынша жеке сот сарапшылары азаматтық істер бойынша 706 сот сараптамаларын өткізді, бұл мемлекеттік бюджеттің шығындарын 42 миллион теңгеден астам азайтуға мүмкіндік берді", - деді министр.


Сондай-ақ министр шілде айынан бастап республика бойынша кепілді электронды тіркеу іске қосылатынын айтты.

"Жылжымайтын мүлік иелерінің тарапынан қаржылық және жеке уақыт шығындарын қысқарту мақсатында кепілді тіркеу екінші деңгейлі банктермен ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы электрондық форматқа көшірілген. Осы өзара іс-қимыл шеңберінде жылжымайтын мүлік иесінің құжаттарды тапсыру үшін ХҚКО-ға жүгінуінің қажеті жоқ, өйткені тіркеу үшін кепіл туралы мәліметтерді банктер тіркеуші органға электрондық форматта дербес жібереді. Жылжымайтын мүлікке кепілді электрондық тіркеуді жүзеге асыру процесі келесі айда іске қосылады. Тіркеу бір жұмыс күні ішінде жүргізіледі", - деді министр. 


Бұдан бөлек Марат Бекетаев жеке сот орындаушылары әлеуметтік маңызы бар санаттағы істерді бірінші кезекте қарастыратынын атап өтті.

"Атқарушылық іс жүргізу туралы заңда атқарушылық іс жүргізуді жетілдіруге, істердің әлеуметтік-маңызды санаттарын орындаудың басымдылығын қамтамасыз ету бойынша  ЖСО және палаталардың қызметін ұйымдастыруға бағытталған өзгерістер қарастырылған. Енді егер жеке сот орындаушысы бір ай ішінде атқарушылық құжаттар істерінің әлеуметтік мәні бар санаттары бойынша мәжбүрлеп орындату шараларын қабылдамаса, онда қызметпен айналысу құқығына берілген лицензиясынан айырылады", - деді ол. 


Сонымен қатар оның сөзінше, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу және қылмыстық заңнаманы жетілдіру туралы» Заңы бойынша уәкілетті органның (ҚР ӘМ) бақылауы және прокуратура тарапынан қадағалауы күшейтілді, бұл жеке сот орындаушыларының жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.

"Жаңа Заңда шектеу шараларын алып тастау тәртібін, оның ішінде өндіріп алушының өтініші бойынша қайтарылған атқарушылық құжаттар бойынша регламенттеу, сондай-ақ олқылықтар мен коллизияларды жою көзделген. Атқарушылық іс жүргізу туралы заңды Парламент қабылдады, қазіргі таңда Президенттің қарауына жолдануға әзірленуде", - деді министр.

Барлық жаңалықтар