• Басты
  • Мұқағали Мақатаевтың тағлымды мұрасы қаншалықты бағаланып жүр

Мұқағали Мақатаевтың тағлымды мұрасы қаншалықты бағаланып жүр

3 Қыркүйек, 2021 10:07

Әр дәуірде өзінің талантымен, соңында қалдырған мол мұрасымен халықтың құрмет-қошеметіне ие болатын тұлғалар болады. Осындай таутұлғаның бірі қазақ халқының маңдайына біткен талантты ақын – Мұқағали Мақатаев десек артық айтқандық емес. Биыл ақиық ақын, көзі тірісінде-ақ лирикалық жырларымен халықтың ыстық ықыласына ие болған және өлеңдерін көпшілік әлі күнге жатқа айтатын Мұқағали Мақатаевтың (азан шақырып қойған есімі – Мұхаммедқали) туғанына 90 жыл. Бүгінгі мақаламызда мұзбалақ ақынның өмір жолы және оның шығармашылық мол мұрасы жайлы аз-кем баяндайтын боламыз.

Мұқағали Мақатаев 1931 жылы ақпанның 9 жұлдызында Алматы облысы, Нарынқол ауданы (қазіргі Райымбек ауданы), Қарасаз елді мекенінде дүниеге келген. Сондай-ақ, кейбір деректер бойынша оның туған күні 8 наурыз деп те аталады. Осы тұста ақынды дүниеге әкелген асыл ана Нағиман апамыздың бір сұхбатта берген жауабындағы мына сөздері ойға оралады: «Мұқағалиым 1931 жылдың наурыз айының сегізінде дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі балам мынау фәнидің есігін ашқаннан екі апта кейін «Наурыз тойы болады» деп күтіп отырғанбыз. Ал құжатта қалайша ақпанның тоғызы деп жазылғанын білмеймін», – дейді. 

Мұқағалидің шын есімі ислам дініндегі ардақты Мұхаммед пайғамбар мен төрт халифтің бірі Әзіреті Әлидің құрметіне Мұқамедқали деп қойылған. Алайда жеңгелері және жақындары айтуға ыңғайлы болсын деген оймен оны «Мұқағали» деп атап кеткен. Ақынның жырлары көзі тірісінде-ақ қалың көпшіліктің көңіл төрінен орын алып, талай әнге арқау болды. Биыл Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің бұйрығына сәйкес мерейтойлары республика көлемінде аталып өтетін тұлғалардың арасында Мұқағали Мақатаев та бар.

Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев 1931-1976 жылдары өмір сүріп, небәрі 45 жылдық ғұмырында соңында өшпес із қалдырған айрықша талант иесі. Ақынның балалық шағы аштық пен саяси қуғын-сүргін, сондай-ақ Екінші дүние жүзілік соғыстың ауыр жылдарына тап келген. Әкесі Сүлеймен сұм соғыстың құрбанына айналып, Калининград майданында ажал құшады. Анасы Нағима жесір, өзі жастайынан жетім қалды. Әжесі Тиынның қамқорлығында жүріп, ерте жастан-ақ халық ауыз әдебиетімен сусындап, тарихи, әдеби еңбектерді оқып өседі. Оның алғашқы жырлары да бала кезіндегі әкесіне деген сағыныштан өмірге келеді.

Ол 12 жасынан бастап тек қазақ халқының емес әлем әдебиетінің классиктерін де қатар оқып, жан-жақты жетіле, толыға түседі. Ақын шығармашылық жолынан бөлек соғыстың ауыртпалықты жылдары еңбекке ерте араласып, сол кездегі барлық қиындықты басынан өткереді. Үйдің үлкені болғаны да оны артық жұмыс істеуге, жауапкершілік жүгін ерте сезінуге ықпал етті. Ауыл жастарымен бірге егін егу, мал бағу, ауыл шаруашылығына қажетті барлық іске араласады. Оның «Неңді сенің аңсаймын, бала шағым?» атты өлеңіндегі:

«Сенің қандай аңсаймын «тамашаңды?»

Соғыс келді: жүрекке жара салды,

Шапан еттім төсенген алақанды,

Қамқор тұтып, қауқарсыз қара шалды» деген өлең жолдары аталған қиындықтардың ақын жүрегіне қаншалықты сыз қалдырғанын білдірсе керек.

Жастық шағы ауыр болғанымен ол өзінің заманындағы барлық адамның қолы жете бермейтін бірнеше оқу орнына жеке ізденісінің арқасында қабылданады. Алғашында ҚазМУ-дің филология факультетіне, содан кейін шет тілдер институтына, артынша ҚазМУ-дің заң факультетіне оқуға түседі. Жазушылар одағының жолдамасымен 1973 жылы Мәскеудің М.Горкий атындағы Әдебиет институтының студенті атанады. 

Ақынның ең алғашқы өлеңдер жинағы оның 33 жасында шыққан және өзі қайтыс болмай тұрып 8 жыр жинағы мен 3 аударма кітабы жарық көрген. Ол Владимир Ленинге, Карл Марксқа арнап поэма жазған. Ағылшын драматургі Уильям Шекспирдің сонеттерін, америкалық ақын Уолт Уитменнің өлеңдерін, италиялық ақын Дантенің поэмасын қазақ тіліне аударған. 

Студенттік шақта, яғни 1949 жылы 18 жасында жары Лашынмен некелеседі. Лашынның жасы ақыннан 4 жас үлкен болды. Екеуі бірін-бірі алғаш көргенде Мұқағали 17 жаста болатын. Ауылға жас маман болып келген Лашынға ғашық болып, бір жылдан кейін отбасы құрады. Оның «Іздесең қателік көп менде, Сен бірақ түңілме, жек көрме» деген сияқты махаббат, сезім жайлы лирикалық өлең жырлары да осы кезде өмірге келе бастайды. Мұқағали мен Лашынның алты перзенті дүниеге келеді. Бірақ үлкен екі қызы ерте жаста қайтыс болады.

Мұқағали Мақатаевтың отты жырлары сол кезден бастап, өлеңсүйер қауымның айрықша назарына іліне бастайды. Ауылдан Алматыға келіп, қаламгерлердің арасына қосылған мұзбалақ ақын өзінің талантын осы жерде айқын көрсетеді. Мұқағали Мақатаевтың талантын алғаш болып танып, оның жырларын «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы жүйелі түрде жариялап отырған Әбділдә Тәжібаев екенін де дүйім жұрт жақсы біледі.

Ол Алматыда отыз жылға жуық тұрып, өмірінің соңына дейін осы шаһарда шығармашылықпен айналысты. Бірнеше жыл «Қазақ» радиосы, «Социалистік Қазақстан» газеті, «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс» журналдарында, Жазушылар одағында табысты еңбек етті. Оның Отанға, туған жерге, ана тіліне, анаға, әйелдерге, махаббат тақырыбына арналған өлеңдері дәл осы Алматы шаһарында өмірге келіп, қазақ әдебиетінің үздік жауһарларына айналды.

Мұқағали өзінің саналы ғұмырында 1000-ға жуық өлең-жыр жазып қалдырды. «Ақ қайың әні», «Ильич», «Досыма хат», «Арман», «Жер үстінен репортаж», «Моцарт. Жан азасы» «Ару-ана», «Алтай-Атырау», «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда», «Шолпан», «Қырандастар, қош болыңдар», «Большевиктер», «Қашқын», «Чили-шуағым менің», «Райымбек! Райымбек!», «Отаным, саған айтам», «Шекарада» және «Өмірдастан» сынды поэмалары оқырманның оң бағасына ие болды. Мұқағалидың өлең жолдарындағы қайталанбас сыршыл иірімдер, жүректі қозғайтын сезімтал ойлар ешкімді де бей-жай қалдырмайтын.

Мұқағали тек өзі өлең шығарып қоймай әлемнің үздік классиктерінің шығармаларын да қазақ тіліне аударумен айналысты. Мысалы ағылшын драматургы Уильям Шекспирдің сонеттерін, америкалық қаламгер Уолт Уитменнің «Шөп жапырақтарын», италиялық ақын Данте Алигьеридің «Құдыретті комедясын», орыс классиктерінен Александр Блок, Евгений Евтушенко, Александр Пушкин және Николай Некрасов сынды авторлардың шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті.

Мұзбалақ ақын 45 жасында, дәлірек айтқанда 1976 жылдың 26 наурызында бұл дүниемен қош айтысты. Ол қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырда соңынан өшпестей із қалдыра білді. Ғұмырының соңына таман дәрігерлер оған бауыр циррозы диагнозды қойып, қарсы келген дертпен күресіп өтеді. Ол өзінің тәніне кезіккен дерттен пайда болған жан күйзелісін өлең-жырларына да қосып отырғанын көруге болады. Мысалы «Сырқат сыры» атты өлеңінде:

«Қадалуда саныма сансыз ғажап әлі ине...

Жан жұбатар дос та жоқ, жауым да жоқ, әрине.

Айналайын дәрігер, аман-есен айықсам,

Бүкіл елімді аралап, сәлем берем әр үйге» деп жырлайды.

Көп қаламгерге, ой адамына тән өз өміріне көңілі толмаушылық, қасірет шегу, жан азабына берілу сияқты тағдыр тән. Ұлы Абайдың да:

«Мен көрдiм дүние деген иттiң көтiн,

Жеп жүр ғой бiреуiнiң бiреуi етiн.

Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда

Көбiнiң сырты - бүтiн, iшi – түтiн» дегені осы сөзімізге дәлел болса керек. Мұқағали да өмірінің соңында ауру-сырқаудан, жанына батқан өмір сынақтарына қиналады. Ол 1975 жылы 31 қаңтарда жазған күнделігінде:

«Санамда титімдей бір қуаныштың ізін қалдырған, ең құрыса, бір күнімді есіме түсіре алмаймын. Мен бұл жарық дүниеге келгелі, міне, қырық төртінші жылға аяқ басып барады екен, бар өмірімнің қор, жиіркенішті болып көрінетіні соншалық, кейде бәрін өз ырқыммен-ақ қиып кете салғым келеді», - деп жазған. 

Қазақта «Тау алыстаған сайын биіктей түседі деген» жақсы тәмсіл бар. Ақиық ақынның арамыздан кеткеніне отыз бес жыл өтсе де, халықтың оған деген құрметі, оның өлең-жырларына деген құштарлығы, бағасы еш кеміген жоқ. Қайта оның шығармалары жаңа қырынан зерттеліп, жоғары бағаға ие болуда. Кейінгі буын жастар арасында оның шығармашылығын жата жастана оқитын, өлеңдерін цитата ретінде қолданатын адамдар легі азаймады. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын соңында сөз қалдырған» деген сөз осындайда айтылса керек.

Бүгінде ақын мұрасы, оның өмір жолы қаншалықты насихатталып жүр деген сауал әркімді де мазалары анық. Бүгінде ел көлемінде Мұқағали Мақатаевтың атында әдеби-мемориалдық музей, ескерткіш, әдеби сыйлық, көшелер мен саябақтар, білім беру мекемелерінің атауы т.б. бар. Жыл сайын ақынның жырлары бойынша көркемсөз оқулары, көрмелер, әр түрлі форматтағы тағылымдық кездесулер, әдеби кештер, шығармашылық сайыстар т.б. өткізіліп тұрады. Ақынның өз даусы жазылған бейне және аудиотаспалар телеарна мен реадиолардың архивтерінде сақталған және ақынның құрметіне арналған шараларда көрсетіліп тұрады.

Биыл да ақиық ақынның 90 жылдық мерейтойы республика көлемінде аталып өтуі тиіс болатын. Алайда әлемді жаулаған коронавирус пандемиясының кесірінен насихаттау шаралары, ұйымдастыру жұмыстары әлсіз болып отырғанын жоққа шығаруға болмас.

Жалпы, ақын-жазушы, қаламгерлер үшін ең басты құндылық олар жазған шығармалардың өз оқырманын табуы, жүректен жүрекке жететін мазмұнды еңбектер жазып қалдыру болса керек. Осы тұрғыдан Мұқағали Мақатаевтың қазақ әдебиетінде алатын орны айрықша. Өлең-жырларын сүйіп оқитын және жатқа айтатын қалың көпшілік бар. Ақынның өлеңіне жазылған әндер де халық сүйіп тыңдайтын музыкалық бай мұрамыздың қатарына енді. Оның поэзиясы әлі талай буынды өзіне баурап, халқына қызмет ете бермек. Мұны ақын еңбегінің бағаланғаны, өз мұратына жетуі деп бағалауға болады.

Барлық жаңалықтар