• Басты
  • Ұлы Отан соғысы ардагерлерiн әлеуметтiк қолдау шаралары

Ұлы Отан соғысы ардагерлерiн әлеуметтiк қолдау шаралары

6 Мамыр, 2021 13:15

Бүгiн Орталық қоммуникациялар қызметiнде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау вице-министрi Ерлан Әукенов Ұлы Отан соғысы ардагерлерiн әлеуметтiк қолдау шаралары туралы айтып бердi, деп хабарлады Strategy2050.kz тiлшiсi.

Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң мәлiметiнше, Қазақстанда ағымдағы жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша, Ұлы Отан соғысындағы жеңiске үлес қосқан 665 ҰОС қатысушысы мен мүгедектерi және басқа санаттағы 113 мың 555 азамат, атап айтқанда, Қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 74 адам, концлагерьлердiң бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары – 221 адам, ҰОС қайтыс болған мүгедектердiң әйелдерi (күйеулерi) – 2 296 адам, ҰОС кезiнде қаза тапқандардың жесiрлерi – 10 адам, тыл еңбеккерлерi – 89 385 адам, ҰОС қатысушылары мен мүгедектерiне теңестiрiлгендер– 21 569 адам тұрып жатыр.

Жиын барысында вице-министр барша қазақстандықтарды келе жатқан жарқын мереке – Ұлы Жеңiс күнiмен құттықтап, ұрпақтың жарқын болашағы жолында Жеңiске жету үшiн майданда соғысқан және тылда еңбек еткен ардагерлерiмiздiң ерлiктерiн ұмытпауға шақырды.

«Соғыс кезiнде майданға 1 млн 200 мыңнан астам қазақстандық шақырылды, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрамдар құрылды», - дедi ол өз сөзiнде.

Оның дерегiнше, жауынгерлiк еңбегi үшiн жүздеген мың қазақстандық медальдармен және ордендермен марапатталып, 500-ге жуық адам Кеңес Одағының Батыры атанды. Төрт қазақстандық екi мәрте Батыр атанды, 110 қазақстандық үшiншi дәрежелi Даңқ орденiмен марапатталды.

Сонымен қатар, вице-министр қолына қару алған әрбiр екiншi қазақстандық Жеңiске жету жолында қасық қаны қалғанша күресiп, ұрыстарда қаза тауып, түрлi аурулардан көз жұмды және хабар-ошарсыз кеттi. Ал, 630 мың адам тұтқыннан оралмаған.

«Елiмiздiң тәуелсiздiгiнiң барлық 30 жылы iшiнде ардагерлер мен тыл еңбеккерлерiне қамқорлық көрсету, олардың өмiр сүру сапасын арттыру – мемлекеттiң әлеуметтiк саясатының басты басымдықтарының бiрi болып табылады. Қарт адамдарды әлеуметтiк қорғау шаралары орталық және жергiлiктi деңгейлерде жүзеге асырылады. Жыл сайын зейнетақы және өзге де әлеуметтiк төлемдер көлемi ұлғайып жатыр», - дедi ол.

Министрлiктiң дерегiне сүйенсек, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы 5% - ға және ынтымақты зейнетақы 7% - ға, әлеуметтiк төлемдер 5% - ға арттырылды. Қабылданып жатқан шаралар халықаралық практикада қолданылып жүрген жоғалтылған табысты алмастыру стандартын (40%) арттыруға мүмкiндiк берген. Бұл Қазақстанда базалық және ортақ зейнетақы төлемдерi есебiнен 49,9%-ды құрайды.

Сондай-ақ, Ерлан Әукенов өзге әлеуметтiк төлемдерге қарамастан, азаматтардың 20 санаты (оның iшiнде соғысқа қатысушылар, тыл еңбеккерлерi, ақталған азаматтар және тағы басқалары) арнаулы мемлекеттiк жәрдемақы алатынын тiлге тиек еттi.

2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнетақыны ескергенде әлеуметтiк төлемдердiң орташа жиынтық мөлшерi:

- ҰОС қатысушылары үшiн – 182 851 теңгенi;

- ҰОС мүгедектерi үшiн – 188 051 теңге;

- басқа мемлекеттер аумағындағы соғыс ардагерлерiне (Ауғанстанда, Вьетнамда, Алжирде, Египетте, Иракта және т. б.) – 198 801 теңге;

- ҰОС қатысушыларына теңестiрiлген адамдар үшiн – 154 638 теңге;

– ҰОС мүгедектерiне теңестiрiлген адамдар үшiн-119 562 теңге;

- ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлерiне - 120 112 теңгенi құрайды.

Сонымен қоса, вице-министр жергiлiктi атқарушы органдар бюджет және демеушiлiк қаражат есебiнен ардагерлерге қиын өмiрлiк жағдайда немесе мереке күндерi материалдық көмек түрiнде қосымша әлеуметтiк қолдау шараларын көрсететiнiн еске салды. Оның сөзiнше, оған тұрғын үйдi жөндеу (16,2 млн теңгеге 182 ардагер), отынмен қамтамасыз ету (212,1 млн теңгеге 7 332 адам), қоғамдық көлiкте жол жүру жеңiлдiктерi (2 млн теңгеге 2 036 адам), дәрi-дәрмекпен қамтамасыз ету (10,7 млн теңгеге 920 адам), тiс протездеу (1,1 млн теңгеге 22 адам) және тағы басқалар кiредi.

«Сонымен қатар, жыл сайын бiржолғы материалдық көмек төлеу дәстүрге айналды. Сонымен, Тәуелсiздiктiң 30 жылдығы және Жеңiс күнi қарсаңында жергiлiктi атқарушы органдар ҰОС қатысушылары мен мүгедектерiне және ҰОС Жеңiске үлес қосқан азаматтардың басқа да санаттарына төлемдердi жүзеге асыру үшiн 6,4 млрд теңге бөлдi», - дедi Ерлан Әукенов.

Сонымен бiрге, ол Еңбек министрлiгi облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкiмдiктерiне ҰОС жеңiсiне үлес қосқан азаматтардың жоғарыда аталған барлық санаттары үшiн материалдық көмектiң ең төменгi кепiлдендiрiлген шегiн белгiлеудi ұсынғанын атап өттi. Нәтижесiнде барлық өңiрлерде ҰОС қатысушылары мен мүгедектерiне 1 млн теңге көлемiнде бiржолғы материалдық көмек көрсетiлдi (Қызылорда облысында – 116,7 мың теңге). Сонымен қоса, қоршаудағы Ленинград тұрғындары мен концлагерьлердiң бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындарына кемiнде 50 мың теңге, ҰОС-да қайтыс болған мүгедектердiң әйелдерiне, ҰОС кезiнде қаза тапқан жауынгерлердiң жесiрлерiне және ҰОС жылдары тыл еңбеккерлерiне – кемiнде 30 мың теңге берiлген.

«11 өңiрде, атап айтқанда, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, ШҚО, Жамбыл, БҚО, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Түркiстан облыстарында және Шымкент қаласында төлемдер жүзеге асырылды. Қалған өңiрлерде 9 мамырға дейiн аяқталады. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысындағы Жеңiстiң 76 жылдығын мерекелеу құрметiне ардагерлерге естелiк сыйлықтар табыс етiледi», - дедi Ерлан Әукенов.

Сонымен қатар, ол Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында биыл Nur Otan партиялық платформасы аясында Еңбек министрлiгiгi Аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту жөнiндегi 2025 жылға дейiнгi «Белсендi ұзақ өмiр сүру» iс-шаралар жоспарын бекiткенiн атап өттi. Оның айтуынша, аталған iс-шаралар жоспарын iске асыру үшiн барлық өңiрде белсендi ұзақ өмiр сүру орталықтарын ашу көзделген. Олар қазiрдiң өзiнде Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола, Жамбыл, Қарағанды және Қостанай облыстарында жұмыс iстеп жатыр.

«Орталықтар «Бiр терезе» қағидатымен белсендi ұзақ өмiр сүру, денсаулық мәдениетi және жұртшылықпен байланыс сияқты үш бағыт бойынша жұмыс iстейдi. Орталықтардың қызметi қарт адамдардың өмiр сүру сапасын жақсартуға (пассивтi өмiр сүру менталдылығын өнiмдi және белсендi ұзақ өмiр сүруге өзгерту), оның iшiнде бос уақытты жүйелi ұйымдастыруға (йога, скандинавиялық жүрiс, IТ-сауаттылықты арттыру, мотивациялық және кәсiпкерлiк курстар, ағылшын тiлi курстары және т.б.) бағытталған», - дедi вице-министр.

Бұдан бөлек, Ерлан Әукеновтың мәлiметiнше, Еңбек министрлiгi сондай-ақ ардагерлер мен қарттардың медициналық – әлеуметтiк мекемелерде (бұдан әрi – МӘМ) тұруына мониторинг жүргiзуге бастама жасады. Қарт азаматтарға арнаулы әлеуметтiк қызмет көрсететiн 50 МӘМ-дi (қарттарға арналған үйлер, оның iшiнде 45 мемлекеттiк және 5 ҮЕҰ) тексеру жоспарын бекiткен (мемлекеттiк МӘМ-де қызмет алушылардың саны – 5 080 адам, ҮЕҰ-да – 362 адам қызмет алады).

«Жергiлiктi атқарушы органдармен және басқа да мүдделi мемлекеттiк органдармен бiрлесiп мониторинг топтары құрылды», - дедi ол.

Тексерулер, оның сөзiнше, жоспарға сәйкес мониторингтiк топтардың жұмысы ағымдағы жылдың қыркүйегiне дейiн жалғасатын болады.

Барлық жаңалықтар