• Басты
  • Ұлттық жоспар - 2025 және халықаралық тәжірибе

Ұлттық жоспар - 2025 және халықаралық тәжірибе

19 Наурыз, 2021 16:37

Биыл 26 ақпанда ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығына сәйкес мемлекеттің 2025 жылға дейінгі дамуының жаңа Ұлттық жоспары бекітілді. Ұлттық Жоспар елімізде осыған дейін қабылданған «Қазақстан-2050» Стратегиясын, «100 нақты қадамды» басшылыққа алатыны белгілі. Сонымен қоса пандемия әкелген халықаралық қаржы-экономикалық дағдарыс, тұрақсыздық пен белгісіздік жағдайында жаңа басымдықтарды айқындап, қысқа мерзімдегі іс-қимыл жоспарын қайта қараудың міндеті туындап отыр.   


Жаһанға жайылған проблемалар тек Қазақстанға ғана емес, Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттердің, Қытай мен Ресейдің сауда-экономикалық даму қарқынына, әлеуметтік мәселелердің ушығуына, мемлекеттік басқару мен цифрландыру, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесі, зейнетақы мен еңбек саласына тікелей ықпал етті. Сондықтан мемлекеттік стратегиялық жоспарлаудың халықаралық, аймақтық жүйесіне шолу жасап отыру қажет. Себебі, бұл мемлекеттердің экспорт-импорт саясаты, өндіріс, энергетикалық, технологиялық дамуы, ауылшаруашылығы мен жеке бизнес бағыттары Қазақстанмен де байланысты. Орталық Азия елдері, Ресей мен Қытай дағдарыстан шығу, әр саланы модернизациялау бойынша жекелеген бағдарламалар мен концепциялар қабылдап келеді. Біздің қарастырып отырғанымыз – соңғы жылдары қабылданған орта және ұзақ мерзімдегі ұлттық даму жоспарлары.

Қытайдың бесжылдық басымдықтары

2021 жылы наурыз айының басында ҚХР жоғарғы заң шығарушы органы – Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының(БХӨЖ) кезекті сессиясында мемлекеттің 14-бесжылдыққа (2021-2025 жж.) арналған даму жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес, алдағы бес жылда Бейжің екі стратегиялық мақсатқа: 2035 жылға қарай ЖІӨ-ні екі есе арттыру және жоғары табысты мемлекет мәртебесіне жетуді көздеп отыр. Бұл мақсатқа Қытай алдыңғы кезеңнен келе жатыр, өйткені 2021 жылы Қытай коммунистік партиясының құрылғанына 100 жыл толады. Қытайдағы ұзақмерзімді экономикалық жоспарлаудың негізі ЖІӨ өсімінің көрсеткіштерімен тікелей байланысты. 2020 жылы Қытай эпидемиологиялық ахуалдың, енгізілген қатаң карантин шараларынан кейін алғаш рет экономикалық өсім индикаторларын көрсеткен жоқ. Қытай сол үшін алдағы бесжылдықтағы ЖІӨ көрсеткіштерін ресми баяндамалар мен бағдарламаларда белгілемеді. Өйткені, халықаралық экономикада тұрақсыздық пен белгісіздік орнаған еді. Алайда, 2020 жылдың соңына қарай сауда-экономикалық, инвестициялық оң жетістіктерін жариялаған Қытай үкіметі 2021 жылғы жалпы ішкі өнімінің өсімін 6 пайыздан асырамыз деген мақсат қойып отыр. Биылғы Бүкілқытайлық жиналыстың маңызды сессиясында даму көрсеткіштерінің санынан сапаға көшудің маңыздылығы туралы көп айтылды. Ол 2021-2025 жылдары адам капиталына салынатын инвестицияның көлемінен көрініп отырады. Алдағы он төртінші бес жылда қытай билігі жұмыссыздық деңгейін 5,5%-дан төмендетіп, 2021 жылы 9 млн-ға дейін жұмыс орнын ашуға уәде берді. Жоспардың тағы бір мақсаты - 2025 жылға қарай Қытайдағы урбанизацияның ресми деңгейі (қалада тіркелгендердің үлесі) қазіргі кездегі 60,6%-дан 65%-ға дейін өсуі тиіс. Алдағы бес жылда ресми урбанизацияның 65% көрсеткішіне қол жеткізу үшін жыл сайын провинциялардағы 10 млн-нан астам қытай азаматы қалаға көшуі керек. Қазіргі уақытта жүздеген миллион еңбек мигранттары «екі қолға бір күрек» іздеп Қытай қалаларына көшіп жатыр, бірақ ол әдетте заңсыз миграция болып саналады. Себебі, Қытайдың көші-қон заңы бойынша аймақтардан орталыққа келгендерге тіркелу, медициналық кепілдендіру т.б әлеуметтік қамту қиынға соғады. Жоспар бойынша халықты жұмыспен қамту, кедейшілікті азайту, қай аймақта болса да медициналық тіркеуден өткізуді жоспарлап отыр. Бұл мәселе былтырғы COVID-19 таралуынан кейін өзекті болды.   

Қытай үкіметі сондай-ақ зейнетақы жүйесін жетілдіріп, халықты зейнетақымен қамтуға жіті көңіл бөлмек. 14-бесжылдықтың соңына қарай базалық зейнетақы берілетін қытайлықтардың жалпы үлесі 95%-ға дейін жетуі тиіс. Қазіргі кезде ол 91%-ды көрсетеді. Қытайдың зейнетақы жүйесі мінсіз деп айтуға келмейді, өйткені шалғай ауыл-аймақтардағы тұрғындарға мемлекеттің төлемі бөлінбейді немесе жетпейді, сондықтан ауыл халқы тапқан ақшасын үнемдеп, депозиттерде сақтауға мәжбүр. Қытай қабылдаған 14-бесжылдықтың тағы бір басым бағыты – инновацияны дамыту. Пекин ғылыми-зерттеу қызметіне жұмсалатын мемлекеттік инвестицияны жылына 7%-дан асыруды жоспарлап отыр. Бұл соңғы жылдарға қарағанда аз, бірақ қытай экономикасының өсуін ескере отырып, 13-ші бесжылдықтың (2,2%) көрсеткішінен асуы тиіс.  Қытай 14-ші бесжылдықта пандемия мен АҚШ-ҚХР сауда текетіресінен кейін технологиялық дамуға басымдық беріп, микрочиптер және т.б өнімдерді өндіруге ерекше көңіл бөледі. Сондай-ақ, алдағы бесжылдықта Қытай ауадағы СО2 қалдықтарын 18%-ға төмендету, қайта жаңартылатын энергия үлесін 20%-ға дейін өсіру, «жасыл экономиканы», ақылды технологияны дамытуға күш жұмсайды.

Ресей және ОА елдерінің жоспары

2020 жылдың қаңтарында Ресей Федерациясының Үкіметі кеңістіктік дамуының 2025 жылға дейінгі стратегиясын іске асыру жоспарын бекітті. Оның мақсаты – кеңістіктегі тұрақты және теңгерімді даму, аймақтардағы халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасындағы айырмашылықты жою, экономикалық өсім, технологиялық даму және ұлттық қауіпсіздікке жағдай жасау. Бұл стратегия негізінен экономиканы, инфрақұрылымды, ғылыми-технологиялық әлеуетті кеңейтуге арналған. Ал 2020 жылы 21 шілдеде Ресей Президенті В.Путин «РФ 2030 жылға дейін дамытудың ұлттық мақсаттары туралы» Жарлыққа қол қойды. Жарлықта РФ серпінді дамуын жүзеге асыру, халықтың санын көбейту, азаматтардың өмір сапасын нығайту, сондай-ақ әр адамның бойындағы талантын ашу мақсатында 2030 жылға дейінгі мынадай ұлттық мақсаттар көрсетілген:

а) халықтың өмірін сақтау, олардың денсаулығы мен әл-ауқаты;

б) өзін-өзі тану мен таланттарға жол ашу;

в) өмір сүру үшін қолайлы және қауіпсіз орта жасау;

г) табысты, тиімді жұмыс және жемісті кәсіп;

д) цифрлық трансформация.

Көршілес Қырғыз Республикасының мысалын қарастыратын болсақ, 2013-2017 жылдары Қырғызстанда тұрақты дамудың ұлттық стратегиясы іске асырылды. Бірақ осы жылдардың қорытындысында ел азаматтарының 95%-дан астамы жұмыспен қамтудың төмен деңгейі мен халықтың әл-ауқаты проблемаларын, азық-түлік пен көрсетілетін қызметтердің қымбатшылығы, созылмалы әлеуметтік проблемаларды шешу жөніндегі мемлекеттік саясаттың тиімсіздігі туралы айтқан екен. Сондықтан, 2018 жылы қарашада ҚР Президенті С.Жээнбековтің жарлығымен «Қырғыз Республикасының 2023 жылға дейінгі дамуының басым бағыттарын» қоса алғанда, ҚР-ның орнықты даму жөніндегі ұлттық кеңесінің VII отырысында айтылған ұсыныстарға сәйкес, Қырғыз Республикасының 2018-2040 жылдарға арналған ұлттық даму стратегиясы бекітілді. 2040 жылға дейінгі ұзақмерзімді стратегияны іске асыру үшін «ҚР дамытудың 2018-2022 жылдарға арналған "Бірлік. Сенім. Жасампаздық» атты іс-шара жоспары қабылданды.

Стратегияның кіріспесінде: «Әлемдегі және өңірдегі күрделі және тез өзгеретін экономикалық, геосаяси жағдай, қоғам өмірінің негізгі салалары мен жаһандық экономика секторларындағы цифрлық трансформация, жаһандық климат пен демографияның өзгеруінен көрініс тапқан адамзаттың жердің экожүйесіне қысымы дамудың жаңа моделін талап етеді. Қырғызстан басқа үлгіге ыңғайланған біреудің даму моделін көшіріп ала алмайды. Біздің бір-бірімізге, отбасымызға, табиғатқа деген қатынасымыз материалдық игілікке қарағанда жоғары рухани құндылықтар мен мәдениетке сүйеніп, жаңа мыңжылдықтағы қырғызстан азаматының өзіндік идеологиясын жасауымыз керек» делінген

VII бөлім, 22 тарау, 150 беттен тұратын Қырғыз елінің 2040 жылға дейінгі стратегиясында ең алғашқы басымдық – Адам-Отбасы-Қоғам үштігі. Оның ішінде азаматтардың әлеуметтік дамуы(денсаулық сақтау, білім мен ғылым, жастар потенциалы, тең мүмкіндіктер, еңбек әділдігі), Отбасы институты, азаматтық интеграция, ұлттық тіл мен дін, қырғыз мәдениетінің мәселесі қаралған. Соның ішінде 5-бөлімде «2023 жылға дейінгі Қырғыз Республикасының басым бағыттары» ретінде: адам құқығын мемлекет деңгейінде қорғау, қауіпсіз және өнімді еңбек, білім мен денсаулыққа негізделген әлеуметтік саясат, тең мүмкіндіктер, сөз бостандығы мен қоғаммен ашық байланыс, әділетті сот жүйесі көрсетілген. Яғни, ұзақ және орта мерзімде де адами капитал мен әлеуметтік сұрақтарға ерекше назар аударылған.

Өзбекстан Президентінің 2017 жылғы 7 ақпандағы Жарлығымен 2017-2021 жылдардағы мемлекет дамуының бес бағыты бойынша іс-қимыл стратегиясы бекітілді. Іс-қимыл стратегиясы бес кезеңге бөлінеді, әр жылға арнайы атау беріліп, соған сәйкес жыл сайын мемлекеттік бағдарлама бекітіліп отырады. Мәселен, 2017 жыл – «Халықпен диалог және адам мүддесінің жылы», 2021 жыл – «Жастарды қолдау жылы» деп бекітілген. Бес бағыт бойынша іс-қимыл стратегиясын іске асыратын Ұлттық комиссия және соған қарасты бес салалық комиссия құрылған. Ұлттық комиссияны Өзбекстан Республикасының Президенті басқарады. 2017-2021 жылдардың басым бағыттары төмендегідей:

- демократиялық реформаларды тереңдету, мемлекетті модернизациялауда Парламент пен саяси партиялардың рөлін күшейту;

- заңның үстемдігін, сот билігінің тәуелсіздігін орнату, сот-құқықтық жүйені реформалау;

- макроэкономикалық тұрақтылықты нығайту, экономиканың өсімін сақтау, ауыл шаруашылығын дамыту;

- халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау және азаматтардың денсаулығын сақтау жүйесін жетілдіру, әйелдердің әлеуметтік-саяси белсенділігін арттыру;

- қауіпсіздік, ұлтаралық келісім мен діни төзімділікті қамтамасыз ету

Қазақстанның қадамы

Елімізде Ұлттық даму жоспарын дайындайтын орган – былтыр құрылған Стратегиялық жоспарлау және реформа жөніндегі агенттік. Оның Төрағасы Қ.Келімбетовтің пікірінше, Қазақстан Республикасының мемлекеттік стратегиялық жоспарлау жүйесінің негізі Тұңғыш Президент - Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясында көрсетілген. 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімді және ауқымды стартегияны іске асыру үшін аралық, орта мерзімге арналған жоспарлар қабылданатыны белгілі. Соның бірі – ҚР Президенті Қ.Тоқаев қабылдаған «2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары». Ұлттық даму жоспарының басымдықтары айқын және нақты болуы үшін Президенттің арнайы жарлығы қабылданып, дәл осы құжатта бес жылда Үкімет пен халық күш салатын жалпыұлттық басымдықтар белгіленді. Жалпыұлттық басымдықтарда – дәл қазіргі жағдайда қандай мақсаттар қойылып, қалай қол жеткізетініміз және оның атқарылуына жауапты мекемелер «тайға таңба басқандай» көрсетіледі. Осы ұлттық даму жоспары мен оның басымдықтары ұлттық жобалар аясында орындалады. 

Ұлттық жоспарда жаһандық үрдістерді талдау нәтижесінде ішкі және сыртқы ортаға ықпал ететін сауда-экономикалық, әлеуметтік, технологиялық және саяси трендтердің бар екені анықталған. Еліміз дамудың жаңа жағдайға ыңғайластырылған тың даму моделін орнату үшін 7 қағидат пен 10 жалпыұлттық басымдықты нақты бекітті. Жалпыұлттық басымдықтардың негізінде әзірленетін бірінші деңгейдегі құжаттар: стратегиялық даму жоспарынан түрлендірілген 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары; аумақтарды дамытудың болжамды схемасынан түрлендірілген Аумақтарды дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспары; ұлттық қауіпсіздік стратегиясы болмақ. Яғни, осы жоспардың өзі тағы бірнеше салалық маңызды құжаттардың дайындалуына түрткі болады. Аталған жалпыұлттық басымдықтар үш бағытқа бөлінген: азаматтардың әл-ауқаты; институттардың сапасы; қуатты экономика.  «Азаматтардың әл-ауқаты» бағытының өзі үш басымдықты қамтиды: әділетті әлеуметтік саясат; қолжетімді және тиімді денсаулық сақтау жүйесі; сапалы білім. Осыдан байқайтынымыз, алдағы бесжылдықта макроэкономикалық көрсеткіштер мен еліміздің халықаралық беделіне қарағанда алдымен азаматтардың әл-ауқатына, әлеуметтік саясатқа көңіл бөлінеді.

 

4.JPG

Ұлттық даму жоспарының 7 қағидаты мен 10 басымдығы 

 

«Сапалы білім» жалпыұлттық басымдығы жаңа экономикалық саясатты іске асыру үшін бәсекеге қабілетті адами капитал қажет екенін білдіреді. Білім беру жүйесінің модернизациясы оның сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталады. Ұлттық жоспар бойынша 2023 жылға қарай еліміздегі педагогтардың жалақысы 2 есе өседі. 2025 жылға қарай мектепке дейінгі мекемелер балаларға 100% қолжетімді болады. 2025 жылға дейін оқушылардың алаңсыз білім алуы үшін 800 жаңа мектеп салынады. Осы бесжылдықта үш ауысымдағы мектептердің мәселесі түбегейлі шешіліп, барлық елді-мекендер жылдам және сапалы интернет желісіне қосылады.

Ал, «қолжетімді және тиімді денсаулық сақтау жүйесі» жалпыұлттық басымдығы халықтың денсаулығын жақсартуға, қолдауға және қалпына келтіруге, сондай-ақ қазіргі және болашақ ұрпақтың әл-ауқатына ықпал ететін денсаулық сақтау жүйесінің концепциясын дамытады. Жоспарға сәйкес, дәрігерлердің жалақысы 2023 жылға қарай 2,5 есе өседі. Сондай-ақ, 2025 жылға қарай азаматтардың денсаулық көрсеткіштерін жақсарту мақсатында пациентті басты құндылық санайтын медицинаға көшу, ауылдар мен қалаларда кепілді сапалы медициналық қызмет көрсету жүзеге асады. Үшіншіден, Президенттің тапсырмасы бойынша Әлеуметтік кодекс дайындалады. ҚР ҰЭМ Ә.Ерғалиев мәлімдегендей: «Әділ әлеуметтік саясат» жалпыұлттық басымдығы нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге және әлеуметтік саламаттылықты қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі шараларды іске асыруды көздейді. Еңбек нарығын қалпына келтіру және жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін жұмыс істеп тұрған жұмыс орындарын жаңғырту және жаңа жұмыс орындарын құру жөнінде шаралар қабылданатын болады. Еңбек қатынастарының жаңа прогрессивтік нысандарын енгізу жұмыспен қамтудың икемді нысандарын дамытуды қамтамасыз етеді».

 

3 (1).JPG

ҰДЖ мемлекеттік басқару қағидаттары 

 

Ұлттық даму жоспарын зерделеу арқылы оның басты құндылығы адами капитал екенін түсінеміз. Бұл дегеніміз барлық құжаттардың, оның ішінде ұлттық жобалардың азаматтардың қажеттіліктері мен сұраныстарының төңірегінде құрылуын білдіреді. Стратегиялық жоспарлау және реформа жөніндегі агенттік бұл жоспарды дайындағанда Үкімет және сарапшылармен ақылдасқанын, әлемдік тәжірибенің озық үлгілерін де ескергенін айтқан еді. Жоғарыда аталған Қытай, Ресей, Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттерінің мысалында қазіргі кезеңде мемлекеттік жоспарлау жүйесінде ең алдымен әлеуметтік мәселе, медицина, білім мен денсаулық, адамдардың құқықтары мен бостандықтары, еңбек қауіпсіздігі мен лайықты зейнетақы, әділетті сот жүйесі, тең мүмкіндіктер құндылығы өзекті болып келеді. Яғни, ұзақ және орта мерзімде де адами капитал мен әлеуметтік сұрақтарға ерекше назар аударылған.


Барлық жаңалықтар