• Басты
  • Жаңалықтар
  • Ұлттық табиғи парктердегі құқық бұзушылық, маман тапшылығы және даму тұжырымдамасы

Ұлттық табиғи парктердегі құқық бұзушылық, маман тапшылығы және даму тұжырымдамасы

2 Қараша, 2021 15:00

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз қызметінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаев ҚР Қылмыстық процестік және әкімшілік кодексіндегі ұлттық табиғи парктердегі құқық бұзушылықтарға қатысты енгізілген өзгерістермен таныстырды. Оның мәлімдеуінше, ұлттық парктердің барлығы жыл соңына дейін даму тұжырымдамасын бекітеді. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыз.

Ұлттық табиғи парктердегі құқық бұзушылық

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаев ҚР Қылмыстық процестік және әкімшілік кодексіндегі ұлттық табиғи парктердегі құқық бұзушылықтарға қатысты енгізілген өзгерістер туралы айтып берді.

«Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес енді заңсыз ағаш кесу, ағаштарды жою, зиян келтіру, ерекше қорғалатын аймақтарды ластау, орман алқабын бүлдіру мәселелеріне қатысты  қылмыстық жазаны күшейту көзделіп отыр»,-  деді Данияр Тұрғамбаев.
Оның сөзінше, орман шаруашылығы туралы заңды ерекше қорғалатын аймақтарға қатысты заңды бұзғаны үшін лауазымды тұлғаларға, жеке және заңды тұлғаларға әкімшілік жазаны күшейту мәселесі қарастырылып жатыр.

Орманды ластау бұзушылығы

Сондай-ақ, ол мемлекеттік табиғи ұлттық парктердегі ең үлкен мәселе қоқыс қалдықтарымен күрес екендігін атап өтті. Оның мәліметінше, бүгінгі күнге дейін 1863 рейдтік шара өткізілген. Рейдтің қорытындысы бойынша 118 құқық бұзушылық анықталған.

«Осы кезге дейін ұлттық парктер аумағынан жалпы салмағы 977,85 тонна қоқыс шығарылды.Ұлттық парктердің қызметкерлері тазалық сақтау шараларына бағытталған түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді»,-  деді ол.

Оның пайымынша, осы мәселеге қатысты әкімшілік кодексте көзделген жаза түрінің қатаңдатылуы бұл мәселені шешуге көмектеседі деп күтілуде.

«Еліміздің ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының жалпы ауданы 26 ,2 млн га құрайды, оның ішінде заңды тұлға мәртебесі бар аумақтар 7,6 млн га алып жатыр»,-  деді Данияр Тұрғамбаев.

Ұлттық табиғи саябақтарда маман тапшылығы

Ол жиында ұлттық табиғи саябақтарда маман тапшылығы бар екенін атап өтті. Оның мәліметінше, елдегі ұлттық парктердің бәріндегі инспекторлардың саны 800-ге де жетпейді.

«Инспекторлардың ұлттық паркті қоқыстан тазартудан басқа да міндеттері көп. Сондықтан маман тапшылығы бар. Біз ұлттық саябақтарға кіргені үшін алатын төлемнің бір бөлігін қосымша жұмыс күшін жалдауға бағыттағалы отырмыз»,-  деді Данияр Тұрғамбаев.

Оның дерегінше, елдегі ұлттық табиғи парктерде барлығы 750-800 инспектор бар.Ұлттық парктердің ең кішісі 50 мың гектарға созылып жатса, ең үлкендері 700 мың гектарға дейін жайылып жатыр. Сондай-ақ, ол жыл соңына дейін елдегі ұлттық табиғи парктердің барлығы даму тұжырымдамасын бекітетінін айтып өтті.

«Қазіргі уақытта біз әр ұлттық парктің тұжырымдамасын әзірлеп, бекітіп жатырмыз. Бірінші кезекте дамыған елдердің ұлттық парктеріндегі тәжірибелер мен үлгілерді алып, бізге енгізу көзделіп отыр»,-  деді ол.

5 ұлттық парктің тұжырымдамасы

Оның мәләмдеуінше, Алматы облысының таулы кластеріндегі 5 ұлттық парктің тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілген. Нәтижесінде, бақылау, өткізу тоспаларын автоматтандыру, онлайн төлемдер жасау, сапар орталықтарын салу және соқпақтарды абаттандыру жұмыстары жолға қойылған.

«Қазір Алматы облысында Іле Алатау паркінде тұжырымдама 40-45 %-ға іске асырылды. Ал Көлсай мен Шарын ұлттық парктерінде жұмыстар биыл басталды. Қанша пайыз екенін есептеген жоқпыз, бірақ қазірдің өзінде саяхатшылар абаттандыру нәтижелерін көре алады»,-  деді Данияр Тұрғамбаев.
Бұдан бөлек, ол ұлттық парктер бойынша тұжырымдамалар түгел әзірленіп жатырғанын мәлімдеді. Қазіргі таңда Баянауыл, Көкшетау, Бұйратау ұлттық парктері бойынша бекітілген.

Жыл соңына дейін 12 ұлттық парк бойынша тұжырымдама әзірленеді

«Олар 2022 жылдан бастап іске асырыла бастайды. Жыл аяғына дейін елдегі 12 ұлттық парк бойынша тұжырымдама әзірлеп, бекіту жоспарланған», - деді Данияр Тұрғанбаев.
Ол сөз соңында еліміздің табиғи байлығы, орман алқабы ондағы жануарлар дүниесі,жойылып кету қаупі бар жануарлар бар екенін айтып өтіп, эко жүйе толығымен сақталып, бабадан балаға аманат ретінде жалғасып отыруы тиіс екендігін жеткізді.
«Сондықтан да біз ұлттық саябақтардағы құқық бұзушылықтарды азайту мақсатында осы өзгерістерді егізуді ұсынамыз. Заң жобасының толық нұсқасымен ҚР Экология , геология және табиғи ресустар министрлігінің сайтындағы Құжаттар бөлімінен таныса аласыздар», - деп түйіндеді Данияр Тұрғанбаев.

Барлық жаңалықтар