• Басты
  • Ұлттық қордың қаражаты: Кіріс пен шығын өлшемі

Ұлттық қордың қаражаты: Кіріс пен шығын өлшемі

24 Тамыз, 2021 10:07

Бүгін үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Республикалық бюджеттің кірістері 2022 жылы 9,2 трлн теңгені құрайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ, 2022 жылы ол өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен қанша теңге бөлінетін айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы

ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «2022 - 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасы бюджет заңнамасының соңғы өзгерістерін ескере отырып, еліміздің 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленгенін атап өтті.Оның айтуынша, аталған заң жобасы әрбір азаматтың әл-ауқатын жақсартуға және экономиканы біртіндеп қалпына келтіруге бағытталған.

Оның мәліметінше, 2022 жылы түсімдер ағымдағы жылдың жоспарымен салыстырғанда 431 млрд. теңгеге ұлғайып, 13 трлн теңге деңгейінде болжанған. Оның ішінде, мұнайлы емес түсімдер 1,8 трлн. теңгеге немесе 25,1%-ке ұлғаюмен қарастырылған.

Ұлттық қордың қаражатын жинақтау

Сондай-ақ, ол мұнайдан түсетін түсімдерді біртіндеп Ұлттық қордың қаражатын жинақтау режиміне оралуға байланысты 1,3 трлн. теңгеге төмендету қарастырылғанын атап өтті.

«Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт келесі жылға 2,4 трлн. теңге мөлшерінде анықталды, ол біртіндеп 2024 жылы 2,0 трлн. теңгеге дейін төмендейді», - деді министр.

Министрдің мәлімдеуінше, нәтижесінде мұнайлы емес түсімдердің үлесі ағымдағы жылы 56,4%-дан 2024 жылы 71,4%-ға дейін өседі.Сонымен қатар, Республикалық бюджеттің кірістері 2022 жылы 9,2 трлн теңгені, 2023 жылы 9,7 трлн теңгені, ал 2024 жылы – 10,4 трлн. теңгені құрайды екен.

Бюджет тапшылығын болдырмау

Министр бюджет тапшылығы 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің 3,3%-дан кезең-кезеңмен 2024 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,5%-ға дейін төмендеуімен жоспарланғанын атап өтті.

«Бұл ретте мұнайлы емес тапшылық көрсетілген кезеңде жалпы ішкі өнімнің 8,1%-інен 6,3%-ке дейін төмендейді», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Оның мәлімдеуінше, шығыстар орта мерзімді кезеңге Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жалпыұлттық басымдықтарын ескере отырып қалыптасады. Оның дерегінше, 2022 жылы шығыстар ағымдағы жылдың жоспарынан 577 млрд теңгеге ұлғая отырып, 15,9 трлн. теңгені құрайды. Сондай-ақ ол бюджеттің ағымдағы шығыстары келесі жылға 14,9 трлн теңге деңгейінде анықталғанын атап өтті.

Даму бюджетінің көлемі

Ерұлан Жамаубаев даму бюджетінің көлемі 2022 жылы 1 трлн теңге сомасында жоспарланып отырғанын атап атап өтті. Оның сөзінше, бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталған.

«Шығыстар құрылымындағы әлеуметтік саланың үлесі 50%-ті құрайды.Осылайша, 2022 жылы әлеуметтік салаға 2021 жылдың бюджетіне қарағанда 515 млрд. теңгеге өсе отырып, 8,0 трлн. теңге көлемінде жоспарланды», - деді министр.

Министрдің пайымынша, шығыстардың өсуі жыл сайынғы индекстеу және зейнетақы мен жәрдемақы алушылар контингентінің ұлғаюына, сондай-ақ мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақыларының көтерілуіне байланысты болған.

Экономиканың нақты секторын дамыту

Оның мәліметінше, экономиканың нақты секторын дамытуды қолдауға 2022 жылға 2,0 трлн теңге көзделген. Осы қаражат шеңберінде «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, «Бизнестің жол картасы – 2025», индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламалары мен басқа да бағдарламаларды іске асыру жалғасын табады.

Сондай-ақ, ол мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі өзгерістерді және жалпыұлттық басымдықтарды ескере отырып, қазіргі уақытта мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау бойынша жұмыстар жүргізіліп отырғанын айтып өтті.

«2022 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен 4,5 трлн. теңге бөлінетін болады, бұл жалпы бюджет шығыстарының 28,3%-ін құрайды», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Оның дерегінше, ағымдағы нысаналы трансферттері түрінде 1,8 трлн теңге, даму трансферттері түрінде 630 млрд теңге көзделген.

Барлық жаңалықтар