• Басты
  • Ұлттық мүдде ұстанымына берік ұстаз

Ұлттық мүдде ұстанымына берік ұстаз

18 Мамыр, 2021 15:50

Есенбекова Ұлбосын Мейірбекқызы 1994 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, 2000 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетін журналист мамандығы бойынша үздік дипломмен аяқтады. 2004 жылы «Қазақ телепублицистикасы: ұлттық сана, салт-дәстүр мәселелері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.

Ұлбосын Мейірбекқызы 1989 жылдан бері Қазақ теледидарының Жоғары категориялы дикторы, 2003 жылдан бастап ақпараттық-сараптамалық дирекцияда аналитик-редактор, корреспондент, 2008-2014 жылдары «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясы» АҚ Басқарма Төрағасының кеңесшісі, Ұлттық телеарна директорының орынбасары қызметтерін атқарды.

2008 жылдан бері Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде дәріс оқып, ғылыми зерттеулермен айналысады. Ғалым Білім және ғылым министрлігі бекіткен «Тележурналистика: телехабар жасау технологиясы» және РОӘК Оқу-әдістемелік бірлестігі бекіткен «Телевизиядағы журналистік шеберлік» атты 2 оқулық жазған. 2019 жылы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Ғылыми Кеңесі ұсынған «Цифрлық дәуірдегі адам және қоғамның трансформациясы (медиапсихологиялық аспект)» атты ғылыми монографияның авторы. Сонымен қатар, «Transformation of human and society in the digital age (media-psychological aspect)» атты ағылшын тілінде ғылыми монография шығарды. Әділет министрлігінде авторлық құқығы мемлекеттік тіркелген 15 электрондық оқулықтың авторы. Ғалымның оқулықтары мен монографиялары еліміздің университеттерінің білім бағдарламаларында қолданылуда.

Профессор Ұ.М.Есенбекова «8D032 – Журналистика және ақпарат» бағыты бойынша Диссертациялық Кеңестің мүшесі, Республикалық оқу-әдістемелік Кеңесінің «Журналистика және ақпарат» бағыты бойынша Оқу-әдістемелік бірлестігінің мүшесі (РУМС), 10-нан аса докторанттар мен магистранттарға ғылыми жетекшілік жасайды. Ғалымның жетекшілігімен 5 магистрлік диссертация мен 30-дан аса студенттік дипломдық жұмыс үздік бағамен қорғалған. Үнемі ізденісте жүретін ғалым шәкірттеріне де жоғары талаптар қояды. Олардың ел мүддесіне қызмет етуіне, цифрлық дәуірдің талабына сай кәсіби біліктілігі жоғары, талғамы биік журналист болып қалыптасуына көп еңбек сіңіріп жүрген ғалым.


Ұзақ жылдар бойы «Қазақстан» ұлттық телеарнасында қызмет етіп 350-ден астам ақпараттық-сараптамалық сюжеттер, 45-тен астам түрлі жанрдағы телевизиялық туындылар дайындап, республикалық эфирге шығарды. Олардың қатарында Фариза Оңғарсынованың ақындығы мен қайраткерлігіне арналған «Жұрт мені қатал дейді...», «Ұлттық мүдде: Қазақ ғарышы» циклы, «Жаңашылдық – білім саласындағы қозғаушы күш», «Қазақ ханымдары» фильмдері, «Әділ сайлау – әділетті қоғам», «Электрондық жүйедегі парламенттік сайлау» деректі фильмдер топтамаларын айтуға болады.

Ұлбосын Есенбекова «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында бірнеше телевизиялық маусым бойы көрермен көзайымына айналған «Ұлттық шоу» және «Әйел бақыты» жобаларының идеясы мен концепциясының авторы. Осы рейтингі жоғары жобаларды өзі эфирге дайындап, шығарған. Сонымен бірге, «Түнгі студия» жобасының идеясы мен форматын ұсынып, концепциясын жазған. «Ғажайып Астана» және «Біз бақытты баламыз» музыкалық телефильмдерінің идеясының авторы және жетекшісі болған. Бұл жобалардың идеясынан бастап көрерменге жеткізуге дейінгі атқарылатын жұмыстардың барлығын ұйымдастырған телевизия саласының талантты менеджері, белгілі тележурналист.

Қазақ телевизиясының ұстаханасында шығармашылық жағынан шыңдалған, телехабар әзірлеудің барлық сатысынан өтіп, мол тәжірибе жинаған Ұлбосын Есенбекова бүгінгі таңда журналистика ғылымына және қазақ журналистерін заман талабына сай әзірлеуге үлесін қосып жүрген белгілі ғалым. 100-ге жуық ғылыми еңбектері Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсынған басылымдарда жарияланған. Халықаралық Scopus мәліметтер базасына енгізілген журналдарда – 7 мақаласы, шетелдік халықаралық және республикалық ғылыми конференцияларда – 15 баяндамасы жарияланған.

Есенбекованың Ұ.М. тележурналистика мен ғылым саласына сіңірген еңбектері мемлекет және қоғам тарапынан бағаланып келеді. 2004 жылы Ұлбосын Есенбекова «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын (журналистика номинациясы бойынша), «Шабыт» халықаралық жастар фестивалінің Гран-при (журналистика номинациясы бойынша) жүлдесін жеңіп алды. Қазақстан халықтары Ассамблеясының Құрмет грамотасымен, Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

2020 жылы Білім және ғылым министрлігінің шешімімен Ұ.М.Есенбековаға «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағы берілді. Бұл байқау еліміздегі ғалымдардың ең үздіктерін анықтап, оларға жоғары құрмет көрсететін мемлекет саясатының жарқын көрінісі, «өзгенің бақытын аялауда, өз уақытын аямайтын» ұстаз еңбегіне лайықты көрсетілген құрмет.

Ұ.М.Есенбекованың авторлық идеясымен және ұсынысымен Еуразия ұлттық университеті былтыр «Біріккен Ұлт жеңеді!» атты халықаралық бейне материалдар байқауын ұйымдастырды. Биыл осы байқау 2-ші рет Тәуелсіздіктің 30 жылдығына және университетінің 25 жылдығына орай өткізілді. Қазақ Елінің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін халықаралық деңгейде насихаттауды, жастардың болашаққа сенімі мен отансүйгіштік сезімдерін күшейтуді мақсат еткен халықаралық байқаудың беделі мен танымалдығы өсті. Оған дәлел ретінде байқауға Қазақстан, АҚШ, Түркия, Қырғызстаның, Ресейдің университеттерінен 70-ке жуық жұмыстың жолдануын айтуға болады.

Профессор Есенбекова Ұлбосын Мейірбекқызы ғылыми коллаборацияны күшейту мақсатында АҚШ пен араб елдері университеттерінің жетекші профессорларымен алдын-ала келісімге қол жеткізді. Олардың қатарында QS World University рейтингінде 120-шы орындағы University of Southern California мен 290-шы орындағы Таяу Шығыс аймағында медиа мектебі жақсы танылған United Arab Emirates University бар.


Қазақ журналистика ғылымы саласында тұңғыш рет аты әлемге танымал ғалым, қазіргі медиа мен журналистика саласын зерттейтін ғылыми орталық Оңтүстік Калифорния университетінің Анненберг мектебінің провост профессоры Генри Дженкинспен конференция өткізуі де Ұ.М.Есенбекованың жаңа дәуірдегі үрдістерді дұрыс бағалай алатын ғалым екенін дәлелдейді.

Ұ.М.Есенбекова Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің халықаралық ғылыми ынтымақтастық шеңберін кеңейту мақсатында және қазақ журналистика ғылымын цифрлық дәуірде жаңа деңгейге шығару, ғалымдар мен білім алушыларға шетелдік университетпен қарым-қатынасын жетілдіру үшін осы екі оқу орнымен ынтымақтастықты арттырып, ғылыми байланысты нығайтуға зор үлесін қосуда.

Әріптестері мен барлық шәкірттері Ұлбосын Мейірбекқызының қарапайымдылығын, ашық мінезін, биік талап қоятын, әрбір іске әділетті және объективті қарайтын қасиетін, жауапкершілігін жоғары бағалайды. Әйел азаматы үшін отбасы ең басты бақыт деп санайтын Ұлбосын Есенбекова қазақтың өнегелі отбасының өкілі. Тұрмыста, көпбалалы ана.

«Жаңа ақпараттық ғасырдың беретін мүмкіндіктері зор. Бірақ, қауіптері де аз емес. Әсіресе, ұлттың бірегейлігін сақтауда, тіліміз бен мәдениетімізді, рухани мұрамызды дамытуда біз технологиялық ортаның потенциалын қолданып, қауіптеріне дайын болуға міндеттіміз» деген ұстанымын күнделікті істерімен дәлелдеп жүрген сыйлы тұлға, мықты маман.

Ұлбосын Мейірбекқызы Есенбекова Қазақ Елінің серпінді өсуіне, цифрлық дәуірде бәсекеге дайын болуы, ұлттық бірегейлік пен қазақы танымды ұрпақ санасына сіңіру жолындағы ағартушылық қызметі мен ғылыми зерттеулерін абыроймен жалғастыруда.

 

Құмарова Меруерт Құмарқызы,

шәкірті, журналистика магистрі,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің

Журналистика және саясаттану факультетінің аға оқытушысы

Барлық жаңалықтар