• Басты
  • Жаңалықтар
  • Ұлттық кеңес: Медицина кадрының жетіспеушілігі, ана мен баланың қауіпсіздігі және білім саласындағы мәселелер

Ұлттық кеңес: Медицина кадрының жетіспеушілігі, ана мен баланың қауіпсіздігі және білім саласындағы мәселелер

16 Қараша, 2021 18:41

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысына қатысты. Кеңестің өңірлердегі мүшелерінің қатысуымен онлайн форматта өткен жиын барысында Президенттің Ұлттық кеңес аясында бұған дейін берген тапсырмаларының орындалу барысы, сондай-ақ қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму мәселелері жөніндегі ұсыныстар талқыланды, деп хабарлайды Strategy2050.kz тілшісі.

Жиын барысында Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – бүкіл халқымыз үшін айрықша мәні бар мерейлі белес, мемлекетіміздің даму жолындағы маңызды меже екенін атап өтті. Сонымен қатар, қоғамдық маңызы бар нақты жұмыстар атқарылып жатқанын және бұған айрықша мән беретінін жеткізді. Оның мәліметінше, Ұлттық кеңестің бастамаларын жүзеге асыру үшін 90-нан астам нормативтік-құқықтық акт қабылданған.

Ұлттық кеңес бастамалары

«Біз осы тарихи белеске мықты мемлекет және біртұтас ұлт ретінде жетіп отырмыз. Саяси жаңғыру, экономика құрылымын өзгерту, әлеуметтік саланы дамыту жұмыстары тың қарқынмен жалғасуда. Бұған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі зор үлес қосуда», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, кез-келген өзгеріс халқымыздың тұрмысын жақсарту үшін жасалуы қажет. Осы тұста, мемлекеттілігімізді нығайтып, әлеуетімізді арттыруды көздейтін ұсыныстарды ғана жүзеге асырған жөн екендігін атап өтті. Сондай-ақ, кеңес екі жылдың ішінде еліміздегі көптеген оң өзгеріске жол ашқан.
«Болашақ ұстаздар мен дәрігерлердің, докторанттардың стипендиясы көбейді. Жоғары оқу орындарында сабақ беретін оқытушылардың жалақысы өсті. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті құрылды. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға білім берудің жаңа ережелері бекітілді», – деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, ол оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған азаматтарға берілетін субсидия екі есе ұлғайғанын жеткізді. Игерілмей жатқан жер теліміне салынатын базалық салық ставкасы артқан. Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдік азаматтар мен заңды тұлғаларға сатуға және жалға беруге тыйым салынғанын атап өтті.

Ұлттық кеңестің жұмысы жайлы есеп

Жиында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің хатшысы Ерлан Карин президентке Ұлттық кеңестің жұмысы жайлы есеп берді. Оның айтуынша, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бес отырысынан бері кеңес мүшелері хатшылықпен бірге бірнеше бағытта жұмыс атқарған. Біріншіден, Ұлттық кеңес мүшелері тығыз қарым-қатынасты дамыта отырып, жаңа ұсыныстарды бірлесе пысықтаған. Атап айтқанда, биыл онлайн форматта Ұлттық кеңес мүшелерінің және министрлердің қатысуымен 7 кездесу өткен. Онда көптеген ұсыныс талқыланып, соның нәтижесінде бірқатар мәселелер оң шешімін тапқан.

«Жуық арада тағы бірнеше министрмен онлайн кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз. Екіншіден, мамыр айынан бастап Ұлттық кеңес мүшелері өңірлерге сапарға шыға бастады. Олар Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарында болды. Дәл осындай кездесулер басқа да облыстарда өткізу көзделуде», - деді Ерлан Қарин.
Оның айтуынша, сапар барысында аймақтағы белсенді азаматтармен, жергілікті қоғам өкілдерімен тиімді байланыс орнатылған. Нәтижесінде, өңірлердегі өзекті мәселелерді республикалық деңгейде көтеруге мүмкіндік туған. Кеңес хатшысы үшіншіден, Ұлттық кеңес мүшелері мен хатшылық жаңа ұсыныстар топтамаларын әзірлеумен қатар Президенттің реформаларының іске асырылу барысын үнемі бақылауда ұстап отырғандығын баса айтты. Сондай-ақ, ол Ұлттық кеңестің әрбір отырысынан кейін Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін арнаулы жоспар бекітілетінін жеткізді.
«Хатшылық осы жоспардың негізінде барлық бастаманы уақытылы және сапалы орындалуын қадағалайды. Содан кейін тиісті анықтамалық ақпарат тұрақты түрде Президент Әкімшілігі басшылығы мен кеңес мүшелеріне жіберіліп, ресми сайтта жарияланады. Осылайша, әріптестеріміз Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыру барысынан үнемі хабардар болып, іске асырылған реформалар бойынша толық талдау жасай алады», - деді ол.
Оның дерегінше, Ұлттық кеңес құрылғаннан бергі 2,5 жылдың ішінде кеңеске 19 адам жаңадан мүше болған. Сол арқылы кеңестің құрамы ғана емес, онда қаралатын мәселелердің мазмұны да толыққан.
«Мұның барлығы Ұлттық кеңес қызметі тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғаспақ», - деді Ерлан Қарин.

Мемлекет басшысының сөйлеген сөзі құрылымдық жағынан алты негізгі бөлімнен тұрды:

1. Ауыл әкімдерін сайлау институтын жетілдіру;

2. Білім беру жүйесінің өзекті мәселелерін шешу;

3. Цифрлық технологияларды жан-жақты енгізу;

4. Банктердің кепілдік саясатын және бағалау қызметін реттеуді жетілдіру;

5. Бюджет саясатының тиімділігін арттыру;

6. Адам құқықтарын қорғау жүйесін одан әрі нығайту.

Жалпы алғанда, президент миллиондаған қазақстандықтарға тікелей қатысты отыздан астам егжей-тегжейлі пысықталған бастамаларды ұсынды.

Медицина кадрының жетіспеушілігі

Президент елімізде 4 мыңға жуық медицина кадры жетіспейтінін жеткізді. Соның ішінде, облыс орталықтарында, әсіресе аудандар мен ауылдарда білікті дәрігерлер аз екенін атап өтті.

«Өйткені, аймақтарда оларға қажетті жағдай жасалмаған. Өңір әкімдері осы мәселемен белсенді түрде айналысуға тиіс. Медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән беру қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Ол өз сөзінде кадр тапшылығының тағы бір себебі мамандардың шетелге кетуі екендігін баса атап өтті. Оның айтуынша, жыл сайын жоғары медициналық білімі бар мыңнан астам азамат өзге елге қоныс аударуда. Ал шетелде оқыған өз маманымыз оқуын Қазақстанда жалғастырамын десе алдынан түрлі кедергі шығады.

«Олар клиникалық тәжірибеден өткісі келсе де қиындыққа тап болады. Ұлыбритания мен АҚШ-тың әйгілі жоғары оқу орындарында білім алған жастарымыз аз емес. Солардың бірқатары елге оралған соң мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмағаны туралы мәліметтер де бар. Бұл - дұрыс емес», - деді президент.

Осы орайда, ол экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің белді оқу орындарында медициналық білім алған азаматтарымызға еш кедергі болмау қажеттігін айтып өтті. Олардың дәрігер болып жұмыс істеуіне рұқсат беру үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізу қажет.

Жалғызбасты ата-аналардың қашықтан жұмыс істеу құқығын енгізу

Отырыста мемлекет басшысы жалғызбасты ата-аналардың қашықтан жұмыс істеу құқығын енгізу керектігін жеткізді. Оның айтуынша, мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі ана мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып есептеледі.

«Көп жағдайда әйелдер ерлерге қарағанда жұмыс пен бала тәрбиелеуді бірге алып жүреді. Егер ана декретке шықса, өздерінің қабілеті мен тәжірибесін жоғалтып алады. Әйелдер осыдан еңбек нарығында бәсекеге қабілеттігін жоғалтады. Ал жалғызбасты ата-аналарға бұл істі ұйымдастыруда ерекше қиындық туындайды», - деді Тоқаев.
Оның айтуынша, ерекше еңбек жағдайын қарастыру керек. Нақтырақ айтқанда, заңнамалық деңгейде жалғызбасты ата-аналардың қашықтан жұмыс істеуі мен қысқартылған жұмыс істеу құқығын енгізу қажеттігін атап өтті.
«Көп шетелдік елде жұмыс мекемелерінде балаларға арналған бөлмелер бар. Осы тәжірибені бізде де енгізу керек. Осы орайда, еңбектің өнімділігіне әсер етпеуді де қамтамасыз ету керек», - деді Мемлекет басшысы.
Білім гранты иесіне тікелей қаржы ретінде берілуі тиіс

Мемлекет басшысы мемлекет жастарға білім беру үшін жоғары оқу орындарына өте көп грант бөлетінін айтып өтіп, бүгінде бір студентті оқыту құны шамамен 4 млн теңгені құрайтынын атап өтті.

«Грант саны жыл сайын артып келеді. Енді қаржыландыру тәсілін өзгерткен жөн. Қаржы тікелей грант иесіне берілуге тиіс. Яғни, студент оқу ақысын өзі төлеуі керек», - деді президент.
Оның сөзінше, бұл қаражат студенттің арнаулы есепшотына түседі деген сөз. Оны тек оқу ақысын төлеуге жұмсау керек. Бұл тәсіл жоғары және жоғары оқуынан кейінгі білім алу саласында бәсекелестікті арттырады. Сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыстың ашық болуын қамтамасыз етеді. Білім сапасын жақсартып, студенттердің жауапкершілігін арттыратынын атап өтті.

Сондай-ақ, ол мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында қауіпсіздікті сақтау өзекті екені атап өтіп, мектептердегі орын тапшылығы мәселесін де еске салды.

«Қазір оқу орындары күзет агенттігімен бір жылға келісім-шартқа отырады. Әдетте, оны жылдың басында жасайды. Бұл – оқу жылының ортасы деген сөз. Мұндай келісім-шарттарды ұзағырақ уақытқа, мысалы үш жылға жасаған тиімді болар еді. Оған рұқсат беру үшін заңнамаға өзгеріс енгізу қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Банктердің кепіл саясатын жетілдіру және бағалау

Сондай-ақ, ол банктердің кепіл саясатын жетілдіру және бағалау қызметін реттеу мәселесіне арнайы тоқталып өтті. Мәселен, қыркүйек айында Алматыда үйден мәжбүрлеп шығару кезінде қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы оқиға болғанын еске салды.Президенттің айтуынша, бұл ақтауға болмайтын қылмыс. Сондай-ақ, ол бұл қайғылы оқиға қарыз алушылардың өз міндеттемелерін орындамауы, банктердің кепілге қойылған жылжымайтын мүліктерді алып қою, сату және тиісті бағалау тетіктерінің шикілігі мәселені жүйелі шешу қажет екенін көрсететінін жеткізді.


Барлық жаңалықтар