25 Қыркүйек, 2020 14:24

Ұлттарды ұйыстырған ұйым

Биыл Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 75 жыл толды. Жаһан жұртын бейбітшілік пен қауіпсіздікке, диалог пен дамуға шақырған халықаралық платформа әрқилы кезеңнен өтіп, әлемнің екі жүзге жуық мемлекетін біріктірген алаңға айналып отыр. Қазақстанның 1993 жылы БҰҰ қатарына енуі халқымыздың тәуелсіздік пен бостандыққа деген көп ғасырлық ұмтылысын көрсетті. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан әлемдік қауымдастыққа интеграцияланып қана қоймай, Азиядағы қауіпсіздік, ядролық қарусыздану, Еуразиялық диалог сынды ұсыныстарды алға қойды. БҰҰ 75-жылдығына арналған жаңа форматтағы жиын жедел әрі нақты шешімдер қабылдау керектігін көрсетіп отыр.

Ұлттарды ұйыстырған ұйым

БҰҰ миссиясы

Біріккен Ұлттар Ұйымы 1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін халықаралық қатынастың бейбіт және қауіпсіз қалпын сақтау мақсатында құрылды. Ұйым бұл мақсатқа әскери-саяси жанжалдардың алдын алу, тараптардың татуласуына түрткі болу, бітімгершілік миссиясын орындау механизмдері арқылы қол жеткізеді. БҰҰ жанынан құрылған Қауіпсіздік Кеңесі халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға жауапты маңызды орган. Ұйымның Бас Ассамблеясы мен Бас хатшысы, БҰҰ-ның басқа органдары осы жұмыста бірін-бірі өзара толықтырып отырады.



                                                               1945 жылы Сан-Францискода Ұйым жарғысы қабылданды 

Ұйымның Жарғысында көрсетілгендей, оның негізгі мақсаттарының бірі - "экономикалық, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық сипаттағы халықаралық мәселелерді шешуде ынтымақтасу". БҰҰ бұл миссияны алғашқы рет Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Еуропада бастап, «кәрі құрлықты» қалпына келтіруге ұйытқы болды  . Қазіргі уақытта халықаралық қауымдастық БҰҰ-ға азық-түлік, тұрғын үй, медициналық құрал-жабдықтар мен материалдық-техникалық қолдауды қоса алғанда, төтенше және ұзақмерзімді көмек операцияларын өткізу бойынша жүгінеді. БҰҰ әлемнің әр түкпіріндегі ел үкіметтері мен халықаралық ұйымдардың, түрлі мекемелердің қолдау шараларын ұйымдастырушы әрі катализаторы болып отыр.

1945 жылы құрылғаннан бері БҰҰ "экономикалық, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық сипаттағы халықаралық мәселелерді шешуде өзара ынтымақтасуға, сондай-ақ нәсілдік, жыныстық, тілдік немесе діни көзқарастарына қарамастан барлық адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қолдауға" ерекше назар аударады. Адамдардың әл-ауқатын арттыру БҰҰ қызметініңбасты бағыттарының бірі болып қала береді. Осы уақыт аралығында әлемде даму туралы түсінік өзгерді. Қазіргі уақытта көптеген елдер тұрақты даму дегеніміз — өркендеу мен экономикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге, халықтың әл-ауқатын нығайту және қоршаған ортаны қорғауға, адамдардың өмірін жақсартуға жол ашу деген пікірді ұстанады. 

Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының кіріспесінде "халықаралық шарттар мен құқықтың басқа да құжаттарынан шығатын талаптарға әділдік пен құрметті сақтау" міндеті қойылған еді. Ұйым жұмысының алғашқы кезеңінен бастап халықаралық құқықты сақтау және нығайту мәселесі маңызды болып табылады. Бұл жұмыс көптеген бағыттар бойынша: соттар, трибуналдар, көпжақты шарттар арқылы жүзеге асырылады. Ал бейбіт миссияларды өткізу, санкциялар енгізу немесе халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда күш қолдануға рұқсат беретін орган – Қауіпсіздік кеңесі. Бұл өкілеттіктер Қауіпсіздік Кеңесіне БҰҰ Жарғысына сәйкес жүктелген. Осылайша, БҰҰ Жарғысы халықаралық құқықтың маңызды құжаты болып саналады және БҰҰ-ға мүше мемлекеттер оны сақтауға міндетті. Ұйым Жарғысы мемлекеттердің егемендігі, теңдігінен бастап, күш қолдануға тыйым салу сияқты халықаралық қатынастардың негізгі принциптерін қамтиды. "Адам құқықтары" термині БҰҰ Жарғысында жеті рет айтылған екен. Бұл адам құқықтарын қорғау мәселесі Ұйымның негізгі мақсаты мен басқару принципіне айналғанын көрсетеді.

 

Қазақстандағы БҰҰ қызметі

БҰҰ-ның Қазақстандағы қызметі 1993 жылы басталды. 1992 жылғы 5 қазанда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев пен сол кездегі БҰҰ Бас хатшысы Бутрос Бутрос Гали келісімге қол қойды. 2017 жылы БҰҰ-ның еліміздегі агенттіктері Елордаға көшіп, Өңірлік агенттіктер Алматы қаласында қалды. Қазіргі уақытта БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі болып Норимаса Шимомура қызмет етеді. 



                                                Елбасы Н.Назарбаев пен БҰҰ бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннан

БҰҰ-ның еліміздегі қызмет тобы халықпен және Үкіметпен, сондай-ақ басқа да серіктестермен бірлесіп, халықтың барлық топтарының, әсіресе әлеуметтік осал тұрғындардың қолайлы және қауіпсіз өмір сүру мәселесін қарастырады. БҰҰ командасы экономикалық және әлеуметтік даму мен денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, табиғи апат жағдайында көмек көрсету, тиімді басқару мен адам құқықтарын ілгерілету, гендерлік теңдік және әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту бойынша жұмыс істеуде. БҰҰ өз бағдарламасын әзірлеу мен іске асыру барысында Қазақстанның ұлттық мүддесі мен стратегиялық басымдықтарына сүйенеді.

Қазақстандағы БҰҰ командасы Үкімет, азаматтық қоғам және жеке сектормен келесі мәселелер бойынша ынтымақтастық жасайды:

- экономикалық, әлеуметтік және саяси модернизация арқылы дені сау халық, "жасыл экономика", дамыған бизнес және баршаның тең құқығы қамтылған болашаққа қол жеткізу;

- барлық азаматтардың, әсіресе әлеуметтік осал топтағы адамдардың құқықтары мен әл-ауқатын қорғау және нығайту арқылы инклюзивті қоғам құру;

- азаматтардың тең құқығын қамтамасыз ету мақсатында барлық деңгейдегі мүдделі тараптардың әлеуетін дамыту және жауапкершілігін нығайту;

- көпжақты және өңірлік ынтымақтастықты ілгерілету, әсіресе гуманитарлық көмек пен тұрақты даму мақсатындағы қолдау.

2015 жылғы қыркүйекте БҰҰ-ның 2015 жылдан кейінгі жаһандық дамуының жаңа күн тәртібін қабылдау мәселесі қаралды. Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде бас қосқан әлемнің 193 елінің басшылары қатарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев та болды. Күн тәртібіне сәйкес, 17 мақсат пен 169 индикатордан тұратын 2016-2030 жылдарға арналған тұрақты дамудың жаһандық мақсаттары (ТДМ) қабылданды. ТДМ кедейшілікті жоюға, барлығына тең мүмкіндіктер беру және әлемнің экономикалық, экологиялық, әлеуметтік т.б проблемаларын елдер арасындағы тығыз ынтымақтастық арқылы қорғауға бағытталған. Қазақстан Республикасындағы БҰҰ жүйесі еліміздің ЭЫДҰ стандарттарына қол жеткізе отырып, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру мақсатын табанды түрде қолдайды. 2030 жылға дейінгі Тұрақты дамудың жаһандық күн тәртібі мен Тұрақты дамудың 17 мақсаты (ТДМ) «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен тиісті реформаларға қол жеткізуде көмектесетін құрал болып табылады. 


                                               Елбасы Н.Назарбаев пен БҰҰ бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1992-2016 жылдар аралығында БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтеріне 11 рет іссапармен барып, БҰҰ Бас Ассамблеясының жұмысына бірнеше рет қатысты. Елбасы БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші мерейтойлық сессиясына, сондай-ақ 2015 жылғы қыркүйекте Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ саммитіне қатысты. 2011 жылғы наурызда Қазақстан мен БҰҰ тарихында тұңғыш рет еліміздің өкілі – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев БҰҰ Бас Хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің директоры лауазымына тағайындалды. Қ.Тоқаев осы лауазымда 2013 жылғы 16 қазанға дейін жұмыс істеді. БҰҰ бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мунның айтуы бойынша, Қ.Тоқаев соғыстан кейінгі аралықта БҰҰ Женева офисінің ең табысты басшысы болды. 2016 жылы 28 маусымда БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде дауыс беру нәтижесінде Қазақстан БҰҰ-ға мүше 193 мемлекеттен 138 дауыс жинап, алғаш рет 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды оқиғаның бірі. Қазақстан мен БҰҰ ықпалдастығының жалғасы ретінде 2021-2025 жылдарға арналған ынтымақтастықтың рамкалық бағдарламасын айтамыз. Онда адами капитал, тең мүмкіндік, тиімді институттар, адам құқығы мен гендерлік теңдік, тұрақты қоршаған орта және инклюзивті экономикалық даму сынды 5 бағыт қамтылған.

Қазақстанның БҰҰ-ға кіруі халқымыздың тәуелсіздік пен бостандыққа деген көп ғасырлық ұмтылысының жемісін білдіреді, оның әлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесін көрсетті. Көп салалы халықаралық форумның толық мүшесі бола отырып, Қазақстан әлемдік қоғамдастыққа толыққанды интеграциялану мүмкіндігіне ие болды. Қазақстан БҰҰ мүше болып келе жатқан 27 жылда халықаралық қауымдастыққа интеграцияланып қана қоймай, өз инициативаларын табысты іске асырып келеді:

- Қазақстан ұсынған Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес(АӨСШК) Азия құрлығындағы мемлекеттердің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне арналған платформа болып саналады. 2020 жылы 24 қыркүйекте өткен АӨСШК мүше-елдердің СІМ кездесуінде ұйымның төрағалығы Тәжікстаннан Қазақстанға ауысты. 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында АӨШСК шақыру туралы еліміздің ұсынысы өзінің өміршең екендігін көрсетіп келеді.

- 29 тамыздың Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні ретінде бекітілуінде Қазақстанның ықпалы зор болды. Себебі, 1996 жылы еліміз ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартына қол қойып, бейбіт және қарусыз әлем құрудың белді мемлекетіне айналды. Биыл тамызда өткен БҰҰ БА арнайы сессиясында Елбасы Н.Назарбаевтың ядролық қарусыз әлем құрудағы ерекше үлесі атап өтілді.

- Қазақстан БҰҰ Жарғысы мен халықаралық шарттарында бекітілген құндылықтарды берік сақтайтынын дәлелдеп келеді. Мәселен, 2020 жылы 23 қыркүйекте еліміз Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына қол қойып, өлім жазасына тыйым салатынын жариялады. Құжат ҚР Парламентінің ратификациясынан кейін күшіне енеді. Құжатқа қол қою – өлім жазасын қолдану аясын біртіндеп тарылту және қылмыстық заңнаманы ізгілендіру бағытының жалғасы. 


                                                            Елбасы Н.Назарбаевтың БҰҰ ҚК отырысындағы баяндамасы

Ұлттар ұйымына – 75 жыл

БҰҰ 75 жылдығы әлемдегі аумалы-төкпелі кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Денсаулық сақтау саласындағы бұрын-соңды болмаған дағдарыстың  экономикалық және әлеуметтік салдары күрделі болмақ. Осындай жағдайда халықаралық қауымдастықтың, әсіресе дамыған мемлекеттердің бірлесіп шешу жолдарын қарайтыны немесе өзара сауда-экономикалық текетірес, сенімсіздік пен тұрақсыздықтың күшейетіні белгісіз болып отыр. 2020 жыл біртұтас адамзат отбасының қилы кезеңнен шығу мүмкіндіктерін талқылайтын диалог жылы болуы керек еді. Биыл Біріккен Ұлттар Ұйымы "БҰҰ75" жалпыхалықтық пікірталасын ұйымдастырды. Климаттық дағдарыстан бастап, халықтың миграциясы мен технологиялық өзгерістерге дейінгі мәселелерді талқылауға БҰҰ ресми және бейресми диалогтар ашып, 193 мемлекет өкілдерін онлайн-офлайн түрде тартуда. БҰҰ адамдарды бірігуге және өзінің 100 жылдық мерейтойына, яғни 2045 жылға қарай дамыған әлем моделін құруға шақырып отыр. Осыған орай ұйым:

- Біздің болашағымыз қандай болады?

- Біз дұрыс жолмен келеміз бе?

- Арамыздағы алшақтықты жою үшін не істеу керек? – деген сұрақтарды ортаға салды. Өз болашағына бей-жай қарамайтын азаматтар осы сұрақтарға байланысты өз үміттері мен мүмкіндіктерін, келешек қауіп-қатерді еңсеруге қатысты өзіндік нұсқаларын әзірлейді. Сонымен қатар қоғамдық сауалнама жасалып, БАҚ материалдарына талдау жүргізіледі. Жиналған пікірлер мен идеялар әлемдік көшбасшыларға ұсынылып, кеңінен насихатталады. 


                                                                                БҰҰ 75-жылдығының эмблемасы

Осы жолғы БҰҰ БА 75-сессиясы виртуалды форматта өтті және қатысушылардың маңызды ұсыныстары, өткір мәлімдемелерімен ерекшеленді. АҚШ Президенті Д.Трамп COVID-19-ды «Қытай вирусы» деп атап, осы індетті дүниежүзіне таратқан Қытайды жауапқа тарту керектігін айтты. Қазір 188 елде 32,1 млн адам ауруға шалдығып, 982 мың адам қайтыс болған екен. Ал Қытай тарапы қырғи-қабақ соғыс жүргізбейтінін, гегемония мен экспансияға, протекционизмге, біржақты шешімге қарсы шығатынын мәлімдеді. ДДҰ өз кезегінде әлемдік қауымдастықтың назарына келесідей үш үндеуді ұсынды:

- Алғашқы үндеу COVID-19 вирусына қарсы күрес құралдарына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету қатысты. ДДҰ елдерді денсаулық сақтау жүйесін нығайта отырып, бүкіл әлемде COVID-19 диагностикасы мен емдеу құралдарын, індетке қарсы вакцинаны әзірлеуді, өндіруді және тең таратуға шақырады.

- Екінші үндеу тұрақты даму мақсаттарына жету қарқынын сақтаумен байланысты. Пандемия денсаулық сақтау және даму саласындағы ондаған жылда жеткен жетістіктерді жоққа шығарды. ДДҰ зерттеуіне сәйкес, пандемия салдарынан елдердің 90%-ы базалық медициналық көмек көрсетуде қиындықтарға тап болған.

- Үшінші үндеу келесі пандемияға бірлесіп дайындалуға байланысты. COVID-19 пандемиясы алаңдаушылық пен ескертулерге қарамастан, әлемдік қауымдастықтың оған медициналық, әлеуметтік, тіпті психологиялық тұрғыда өте нашар дайындалғанын көрсетті.

COVID-19 пандемиясы әлемдік қауымдастықты дезориентация, белгісіздік пен қауқарсыздық жағдайына душар етті. Сол үшін ДДҰ-мен көпжақты ынтымақтастық пен өзара іс-қимылға дайындық болуы тиіс. 

ҚР Президенті Қ.Тоқаев БҰҰ 75-жылдығына арналған Жоғары деңгейдегі іс-шарада және Жалпысаяси дебаттарында сөз сөйледі.  Жоғары деңгейдегі шарада Қ.Тоқаев БҰҰ өз тарихында қилы кезеңдерден өткенін, бірқатар мүмкіндіктерді жіберіп алғанын, дегенмен баламасыз әмбебап ұйымға айналғанын айтты. Ол БҰҰ жарғысында бекітілген мақсат-мұраттар іске аспайды деген пікірге сенбейтінін, анархияға жол бермей, күш біріктіру керектігіне тоқталды. 

                                                              Мемлекет Басшысы Қ.Тоқаевтың БҰҰ БА 75-сессиясындағы сөзі 

Жалпысаяси дебатта Мемлекет басшысы саяси ұлтшылдық пен сауда протекционизмі себебінен «жаһандық тоқырау» күшейгенін айтты. Қазақтың бас ақыны Абайдың сөзінен мысал келтіре отырып, Қ.Тоқаев «Жаңа әлем» парадигмасын құруда адамгершілік парызды ұмытпауға шақырды. Президент сауда соғысы, өзара түсініспеушілік пен сенімнің азаюы орнықты дамуға нұқсан келтіретінін айта келіп, сын-қатерді еңсерудің бірнеше нақты жолын ұсынды:

-        Трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану мақсатында Өңірлік су және энергетикалық консорциум құру;

-        халықаралық терроризмге қарсы тұру үшін үлкен альянс құрып, Терроризмнен ада әлемге қол жеткізу тәртібі Кодексіне қосылу;

-        «Ядролық бестікке» кіретін елдердің Семей шартын ратификациялауы;

-        БҰҰ-ның Даму мақсатында волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялау;

-        дамушы елдердің медициналық мекемелеріндегі ұлттық институттарды жаңғырту;

-        COVID-19-ға қарсы вакцина әзірлеуде инвестиция және сауда жөніндегі жан-жақты халықаралық келісім орнату;

-        Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру. БҰҰ аясында Аурулар мен биологиялық қауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құру;

-        халықаралық медициналық-санитарлық ережелерді қайта қарау. 

Президент өз сөзінде қалыптасқан және пандемия жағдайында күрделене түскен медициналық, әлеуметтік, экономикалық, сондай-ақ ядролық, экологиялық, құқықтық және қауіпсіздік проблемаларына жеке-жеке тоқталып, өз пікірі мен ортақ шешімдердің нұсқасын ортаға салды. Жалпы, БҰҰ халықаралық белсенді қызметіне қарамастан, әлемдегі аштық пен жоқшылықтың, қылмыс пен ауру түрлері, санкциялар мен сауда соғысы, шекаралық, ұлтаралық қақтығыс, сенімсіздік пен белгісіздік азаймай тұр. Осындай жағдайда Қазақстан тарапы қашанда бітімгерлік пен мәміле, диалог пен бірлесіп іс-қимыл жасаудың принциптерін берік сақтап келеді. Еліміздің заманауи үнқатуларға Ұлттар ұйымымен бірлесе берген жауаптары постпандемиялық кезеңде өз жемісін көрсетеді деген сенімдеміз.

Барлық жаңалықтар