• Басты
  • Ұлт ұстазы – Ыбырай Алтынсарин

Ұлт ұстазы – Ыбырай Алтынсарин

12 Наурыз, 2021 16:53

Қазақта қолына «Әліппе» ұстап, «Кел, балалар, оқылық» деп сауатын ашқан баланың барлығы Ыбырай(Ибраһим) Алтынсариннің есімін жақсы таниды. Ғұмырын халық ағарту ісіне, мектеп ашып, кітап бастырып, бала оқытуға арнаған ұлт педагогі Ыбырай Алтынсариннің туғанына биыл 180 жыл толады. Талантты ақын, терең ойшыл, қайраткер Ыбырай Алтынсаринді қазақ ұлттық педагогикасының іргесін қалаушы деп айтуға толық негіз бар.


Ы.Алтынсарин – қазақ ағарту ісінің көрнекті өкілі, педагог, мектептегі білім беру саласының белгілі қайраткері. 1956 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының баспасынан шыққан «И.Алтынсарин. Таңдамалы шығармалар» деген еңбекте ол «1841 жылы 20 октябрь күні қазіргі Қостанай облысы, Затобол ауданында туып, 1889 жылы 17 шілдеде Тобыл өзенінің жағасындағы үйінде дүниеден өткен» деп көрсетілген. Ыбырай мектепті орысша оқып, тәрбие алып, үздік бітіріп шықты. Орыс мәдениеінің озық жетістіктері, Пушкин, Лермонтов, Гоголь шығармалары, Орта Азия халықтарынан Фирдауси, Низами, Науаи сынды ақындардың туындыларымен танысты. Араб, татар, орыс тілдерін жетік меңгерді. Оның оқыту саласындағы нақты еңбектері ретінде алғашқы халық мектебін ашуы (1864), қазақ тіліндегі тұңғыш хрестоматияны шығаруы және ислам дінін ана тілінде оқыту пәні ретінде енгізуін айтамыз.

 Ы.Алтынсариннің қайраткерлігі

Ыбырай тек ағартушы-педагог қана емес, теоретик-этнограф, тарихшы, экономист және оған қоса өзінің бастамаларын түрлі қарсылықтарға қарамастан іске асырған қайраткер де болды. Ол оқу орындарының жұмысын ұйымдастыру, кадрларды іріктеу, мектепті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету, балаларға қамқорлық жасау, күнделікті тұрмыс-тіршілік, қаржылық есеп т.б. жұмыстарын қатар алып жүрді. Қазақтардың өркениеттің көшінен қалмауының жолы ретінде «табиғи даму» идеясын алып, ағартушылық-гуманистік идеяларды көбірек таратты және патшалықтың отарлық саясатын сынға алып отырды. Патшаның отаршылдық саясаты «отырықшылықтың пайдасы», «өркениеттің миссиясы» деген атпен бүркемеленіп, шын мәнінде қазақтарды өз жерлерінен ығыстыруды көздеді. Тарих дәлелдегендей, патшаның мүндай әдістері нәтижесіз болып қана қоймай, келімсектер мен жергілікті халықты бір-бірінен алыстатып жіберді.

 Музей-Алтынсари_.jpg

Ы.Алтынсарин музейі

 Ы.Алтынсарин патша билігінің дала халқының өмірін қолдан өзгерту туралы шешім қабылдамас бұрын, алдымен сол халықтың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, оның отырықшы халықпен қарым-қатынасын зерттеп алу керектігін, сондай-ақ бүкіл ұлттың өмірін мәжбүрлеп өзгерту оның қабырғалы қалпын бұзатынын айтады. Сол үшін жоғарыда айтқан «табиғи даму жолына» басымдық беру идеясы Ы.Алтынсариннің "Қырғыз даласындағы ашаршылық туралы" мақаласында айқын көрінеді. Ол халықты ағарту, білім беру ісін отырықшылықпен, қала мәдениетімен байланыстыра отырып, көшпелі тұрмыстан жедел отырықшылыққа көшуге үзілді-кесілді қарсы шығады. Ол мұндай жобаны отарланған халықтың жерін тонау деп санайды, өйткені орыс отаршылдары қазақтар алдында «айрықша артықшылыққа» ие, ал қазақтар отырықшыққа мәжбүрленген, егіншілік қолынан келмесе, қабілетсіз деп танылған. Ол жергілікті патша шенеуніктерінің сорақылықтарын бірден әшкерелеп, патша үкіметінің реакцияшыл әрекетіне қарсы шықты. Әсіресе 1880 жылы патша өкіметінің қазақ даласын отарлау, қазақ еңбекшілерінің шұрайлы жерлерін тартып алуын қатаң сынады. Ы.Алтынсарин өзінің деректерінде аймақтағы егіншілік пен мал шаруашылығының болашағына байланысты ойларын айтады. Ол кейбір дала уездерінде мал шаруашылығын дамыту тиімді, ал егіншіліктің ешқандай болашағы жоқ деген уәж айтады. Ыбырай дүниетанымының маңызды элементі – дін және ислам мәселесі. Ол ислам туралы оқулық құрастырған. Ыбырай либералды исламды қолдады. Оның шығармашылығында халықтың салт-дәстүріне инновацияны орнықтыру идеясы ұштасып жатыр. 

Оның қазақ балаларын егіншілікке, өнеркәсіптің қыр-сырына оқытуға деген ұмтылысы екі тараптан қарсылыққа тап болды. Бір жағынан патша үкіметі қазақ балаларының орыс тілінде іс қағаз жүргізіп, аудармашы болуын қалап, патшалықтың отарлық саясатын орындайтын жергілікті шенеуніктердің төменгі буынын дайындауға қызығушылық танытқандай көрінді. Патша үкіметі Ы.Алтынсариннің қазақ балаларына орыс тілін үйрету бастамасына сырттай қарсы шықпағанымен, олардың кешенді білім алуына ешқандай қолдау көрсеткен жоқ. Екінші жағынан, жергілікті молдалар, діндарлар Ыбырайдың енгізген жаңашылдығына қарсылық танытып, «қазақтарды шоқындырғысы келеді», «оларды орыс армиясына дайындап жатыр» дегенге сенді. Ы.Алтынсарин шынымен де қараңғылық пен надандыққа, ескішілдікке, исламды империялық мүдде үшін қолданған дін қызметшілеріне қарсы шықты.

 «Кітап – білім бұлағы»

Ы.Алтынсарин ағартушы ретінде білім культі, қоғамның дамуы мен әрбір адамның жетілуіндегі білімнің мүмкіндігіне сенді. Ыбырай Алтынсариннің әдеби шығармашылығына замандастары көзі тірісінде-ақ бағасын берді. Әдебиеттегі шығармашылықтан басқа, ол қазақ тілінде хрестоматия құрастыру, халық поэзиясының алғашқы жинақтарын және кітап туындыларын құрастыру ісімен айналысты. Ол 1879 жылы Торғайдағы жазбасында «Қазақ халқының сауатсыздығынан, қазақ тілінде басылған бір де кітаптың жоқтығынан, оқу орындарының мұғалімдері қазақ балаларын оқытқанда амалсыздан қазақ тілінің орнына татар тілін пайдаланып жүр...Осылармен қабат бір ескеретін нәрсе – қазақ халқы азбаған халық, оның талабы біреу салып берген тар шеңбердің қыспағына сыя алмайды, оның ой-пікірі еркін; оның келешегі үшін оған тек сана-сезім жағынан жалпы білім мен пайдалы өнерді үйрену керек болып отыр» деген.  Осы тұрғыда ол өз замандасы, шығыстанушы-ғалым Ш.Уәлихановтың халқым оқып, өнер-білімді игерсе деген арманын нақты іске асырушы болды. Хрестоматия туралы естелігінде Ыбырай «Бұл кітапты құрастырғанда мен, біріншіден осы біздің ана тілімізде тұңғыш рет шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс-қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын, сонымен қабат, жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап бола алу жағын көздедім» дейді. Хрестоматиядағы шығармалар тақырыптық-идеялық жағынан жас жеткіншектерді адал еңбекке тәрбиелеу, белгілі бір кәсіпке, өнерге баулу, адам бойындағы адалдық, достық, мейірімділік секілді асыл қасиеттерді ардақтау, үлкенді, ата-ананы қадірлеу, өнер-білімді байлық-дәулеттен жоғары қою мәселесіне арналған. «Хрестоматияға» енген шығармалардың тілі шұрайлы, балалар ұғымына сай, қиялын кеңейтетін, көлемі шағын, тәрбиелік-танымдың мәні жоғары шығармалар. Ол қазақ балалар әдебиетінің негізін қалады деуге толық негіз бар. Сонымен қоса, Ыбырай жазған «Қырғыз хрестоматиясы» қазақ  публицистикасының бастауы деуге болады. Себебі осы кітапта өткен ғасырдың соңындағы көшпенділік, отырықшылық, ағартушылыққа насихаттау, адамгершілік сынды өзекті мәселелер сөз болған.

 kostanay-altyns_.jpg

Ы.Алтынсариннің Қостанайдағы ескерткіші

Мектеп ашу және бала оқыту

Ы.Алтынсарин өзінің алғаш Қазақ даласындағы мектеп ашқан қуанышы туралы былай деп бөліседі: «Осы жылы(1864 жылы – О.Б) январьдың 8-і күні менің көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды, оған 14 қазақ баласы кірді, бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай, өте қызу кірістім.Бұл балалар да менің   айызымды қандырып, небәрі үш айдың ішінде оқи білетін және орысша, татарша жаза білетін болды»(Н.И.Ильминскийге жазған хатынан) Халық ағарту ісін өмірлік міндеті қылып алған Ы.Алтынсарин бір хатында қаншалықты қиын болса да өзінің түпкі мақсаттары мен ұлтқа қызмет қылу ұмтылысынан ауытқымайтынын жазады. Осы сөздер Ыбырайдың өмірінің соңына дейін алға жетелеп, ғұмырлық ұстанымына айналды. Оның өз жолына деген сенімі мен ізденісі ХХ ғасырдың басында-ақ жеміс берді. Ер балалармен қатар қыздарға мектеп ашу, оларға әртүрлі кәсіпті үйрету ісін алға қойды. Оларға арнайы мектеп, интернат ашу мәселесін көтеріп, айтысып-тартысып жүріп осы мақсатын орындады.

Ы.Алтынсариннің пікірінше, ең алдымен бастауыш мектептегі білім – баланың қалыптасуы мен дамуындағы ең маңызды кезең. Мұнда оқушылар алғаш рет қоғаммен араласады. Білім алу үшін мектепке келген баланың ақыл-ойы тереңдеп, зейіні ашылады. Әрине, білім ошағында басты орынды мұғалім атқарады. Оқушы мұғалімнің оқытуымен айналасындағы әлемді танып, жаңа білімнің есігін ашады. Мұғалім оқушының азаматтық, адамгершілік, зияткерлік көзқарастарының қалыптасуына тікелей ықпал етеді. Бірақ мұның бәрін мұғалімнің өзі жоғары білікті, ақылды, мейірімді әрі жанашыр болған жағдайда ғана дамыта алады. Оқу орындарының білім және тәрбие беру міндеттері, ондағы оқу-тәрбие процесін адамгершілік құндылықтарын насихаттай отырып ұйымдастыру, прогрессивті педагогикалық идеяларды ескере отырып, элективті оқу жоспары мен бағдарламасын құру, оқыту үрдісінде фольклорды қолдану, мұғалімнің мәртебесі – Ы.Алтынсариннің осындай және басқа да ағартушылық идеялары білім беру саласында әлі күнге дейін өзекті. Ы.Алтынсарин өз еңбектері мен қызметінде мектептегі білім беру жүйесін дамыта отырып, мұғалімнің тұлғасы мен адамгершілік бейнесіне маңызды орын берген. Ұлағатты ұстаз ойларының идеялық құндылығы білім беру саласы бүгінгідей инновациялық деңгейге көтерілген кезеңде де маңыздылығын жоғалтпай отыр.

 

Музей-Алтынсари_ (1).jpg

Ыбырай ашқан мектептер картасы

Ол өз заманындағы белгілі педагогтар В.Катаринский, А.Мазохин, Д. Соколов, Н. Ильинскийлермен дос болды. Инспектор бола жүріп Ы.Алтынсарин ол мұғалімдерге ақыл-кеңес берді, тіпті олардың жеке өміріне де көңіл аударды. Дегенмен оқыту мәселесіне келгенде ол талапшыл болды. Оның айналадағы адамдармен қарым-қатынасы мен достығының басты принциптерінің бірі – адамды біржақты бағаламау. Неліктен бұл мәселе қазіргі заманда да өзекті? Себебі қазіргі заманғы оқыту мен білім беру процесінде мұғалімнің балаларға адамгершілік, мейірімділік, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыруы үшін уақыты мен мүмкіндігі бола бермейді. Бүгінгі мектеп мұғалімдеріне сабақ үлгерімін қадағалау, ата-аналармен жұмыс, есеп тапсыру, қоғамдық іс-шараларға қатысу міндеттері жүктелген. Осындай қосымша жұмыстардың барлығы мұғалімнің балаларға қажетті сапалы білім беру, олардың бойындағы әлеуетін ашып, азаматтық ұстанымын қалыптастыру сияқты негізгі міндеттерден алыстатады. Сондықтан Ы.Алтынсарин өз сөзінде нағыз мұғалім болу туа бітті берілетін қасиет екенін айтады.

Бүгінде елімізде Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясы, Қазақстанның мемлекеттік маңызы бар қалалары, астанасы мен облыс орталықтары, аудандарында Ы.Алтынсарин атындағы оқушылар сарайы, мектептер, көшелер мен ескерткіштер, бұрыштар бар. 1970 жылы ұлы қазақ ағартушысына арналған ескерткіш ашылды. Ол Қостанай қаласының Алтынсарин көшесі 118А үйінде Ыбырай ашқан бұрынғы қазақ мектебінің орнына қойылды. 2010 жылы ескерткіш жаңа орынға көшіріліп, дарынды балалар интернатының алдына орнатылды. Ескерткіштің тұғырымен қосқандағы жалпы биіктігі 5,2 метр. Биыл педагогтың 180-жылдығына орай Назарбаев зияткерлік мектептерінде «Жаңа жағдайдағы білім беру» атты педагогикалық шеберліктің онлайн-платформасы ашылды. Бір ғана Назарбаев мектептерінде «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін алған 80 мұғалім қызмет етеді екен. «ҚР БҒМ Көтермелеу түрлерін бекіту туралы» заңында "Ы. Алтынсарин" омырауға тағатын белгісімен марапаттау шарттары" ретінде білім беру және тәрбие процестерін ұйымдастырудағы және жетілдірудегі, оқыту мен тәрбиенің біртұтастығын қамтамасыз етудегі, білім беру мен тәрбиелеу бағдарламаларын іске асырудағы айтарлықтай табыстары үшін білім беру органдары мен ұйымдарының педагогикалық қызметкерлері марапатталатыны айтылған.  Қазақстандық мектептер қазіргі уақытта да Ы.Алтынсариннің адамгершілік, патриоттық тәрбие, еңбекке баулу, ата-аналардың, мұғалімдердің оқыту мен тәрбиелеудегі рөлі туралы ағартушылық идеяларын жемісті қолданып келеді. Ұлы ұстаздың еңбегі өміршең екендігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

Даңқты жазушы М.Әуезов Ыбырай туралы: «Сол заманнан бері қарай, біздің кейінгі ұрпағымыздың бәріне де Абай қандай қадірлі болса, Ыбырай да өз орны, өз арналы мұрасымен аса ыстық, аса бағалы болды. Олар кейде баяғыдан бері өткен шөл ғасырлардың соңғы дәуіріндегі зор мұнарадай көрінсе, кейде еңбегі, бағыты бірлікпен айқасып аққан қос өрімдей, шөл өлкені суарып, дән бітіріп айқасып ағып келе жатқан қос өзендей танылды» деп жазған. ХІХ ғасырда Торғай топырағында дүниеге келіп, қазақ халқының тарихына жарқ етіп енген ағартушы-ұстаз, педагог-энтузиаст, ойшыл, жазушы-ғалым Ыбырай Алтынсариннің есімі әліппе ұстаған, оқу-ілім іздеген әрбір қазақ баласына таныс. Өз заманының озық ойлы, прогресшіл, интернационалдық көзқарастағы азаматы болды. Ибраһим Алтынсаринді Қазақстанның ұлттық педагогикасының негізін қалаушы деп айтуға толық негіз бар.


Барлық жаңалықтар