• Басты
  • Ли Иннань: Қытай бүгінгідей алып мемлекетке айналуы үшін біраз қиыншылықтан өтті
23 Қазан, 2019 16:28

Ли Иннань: Қытай бүгінгідей алып мемлекетке айналуы үшін біраз қиыншылықтан өтті

Елордада "Қазақстанның шығыс көршісі. Қытайдың қарқынды дамуы куәгерлер көзімен" деген атпен конференция өтті. Конференцияға Бейжің шет тілдер университетінің профессоры Ли Иннань мен оның ұлы, аталған ЖОО-ның профессоры Лю Чжэн қатысып, Қытай Халық Республикасының мемлекет болып қалыптасудағы алғышарттары, тарихи оқиғалар, жүйені өзгертуге бағытталған қозғалыстар және заманауи Қытайдағы қабылданып жатқан реформалар мен өзгерістер жөнінде айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі. 

Ли Иннань: Қытай бүгінгідей алып мемлекетке айналуы үшін біраз қиыншылықтан өтті

Ли Иннань Мао Цзэдуннің әріптесі және ҚХР-ның негізін қалаушылардың бірі Ли Лисанянің қызы. Ол бірнеше жылдан бері орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беріп келеді. Оның айтуынша, Қытай бүгінгідей алып мемлекетке айналуы үшін біраз қиыншылықтан өтті. Профессор Қытай Халық Республикасы құрылған күнді былай еске алады:

"Биыл ҚХР-дің 70 жылдығын атап өту қарсаңында бұған дейін қытайлық қоғамға белгісіз кеңес операторларының 1949 жылғы сәттерді түсіріп алған видеоматериалдарымен таныстық. Әлеуметтік желілерде тараған видеобейнелерден Мао Цзэдуннің жанында тұрған әкемді көріп қатты қуандым. Ол видеоларда Мао Цзэдуннің ҚХР-дің құрылғандығы туралы жалпақ жұртқа жариялап тұрған жері бар. Әлі есімде, өте маңызды, толқынысқа толы күн болды. Мен 6 жаста болсам да, әлі күнге көз алдымда. Әскери парадты Бейжіңнің басты көшесі көрінетін қонақүйдің терезесінен көрдім", - деді ол. 

Сондай-ақ, ол ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында туған жастардың Қытайды түпкілікті өзгертіп, елге жаңа жүйе енгізуге тырысып, жаңа жобалар ұсынылғаны туралы айтты.

"Менің әкем секілді ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында туған жастар Қытайды түпкілікті өзгертіп, елге жаңа жүйе енгізуге тырысты. Есейген шағымда әкемнің неліктен осындай революциялық жолға түскені туралы сұрадым. Себебі біздің отбасымыз белгілі бір деңгейде дәулетті отбасылардың қатарынан еді. Ол маған айналасынан қараңғылықты, кедейлікті көргенін, осылай жалғаса берсе жағдайдың одан әрі қиындайтынын түсінгендігін айтты. Жаңа жол іздеп табу керек болды. Осы ой оны Бейжіңге алып келді. Кейін әкем Францияда білім алды. Оның саясат саласында тұлға болып қалыптасуына жүрген ортасы, Францияда, Пекинде алған білімі септігін тигізді", - деді ол.

Бұдан бөлек, ол Қытай Халық Республикасының алғаш құрылған жылдардағы бастан өткерген қиындықтарына тоқталды. Оның айтуынша, жеміс-жидек, көкөніс секілді өнімдерге қол жеткізу қиын болған.

"Алғашқы жылдары көкөніс, жеміс-жидектерге қол  жеткізу өте қиын болатын. Бәріміздің өмір сүру деңгейіміз бірдей еді. Кейін елді дамыту үшін бірқатар реформалар жасалды. Ол өзгерістердің бәрі ауылдық жерден бастау алды. Таза көкөністерге қолымыз жетті. Сол кезде тек карточкамен ғана тамақ алуға болатын еді. Карточканы алып тастайтынын естігенде, халық қорқа бастады. Алайда, алып тастағаннан кейін де ештеңе өзгермеді, үкімет дүкендердің уақытын түнгі он екіге дейін ұзартты. Халық одан әрі саудасын жалғастырды", - деп еске алды.

Сонымен қатар, оның айтуынша, үкімет қолға алған реформалардың нәтижесінде бірнеше жылдан кейін елдегі жағдай түзелген.

"Реформалар ауылдан басталды, біріншіден, шаруалардың жағдайы жақсара бастады. Өндіріс орындары пайда болып, жұмыссыз халыққа жұмыс орындары ашылды. Дегенмен, жалақы аз болуы себепті осы күндері де жағдай нашар болды. Бұл 1990 жылдарға дейін жалғасты. Экономикалық реформалар жасау арқылы үкімет ақша жасай бастады. Сөйтіп, ол қаражатты мәдениет, білім саласын дамытуға салды. Мектептердегі ұстаздардың айлықтары өсті. Университеттер де өздерін дамыту үшін қосымша қаржы ала бастады. Осылайша, өздеріңіз білетіндей, Қытай бүгін алып мемлекетке айналды", - деді ол.

Ал, өз кезегінде қытайлық профессордың ұлы, Бейжің шет тілдер университетінің профессоры Лю Чжэн Қытайдың қазіргі кездегі жетістіктеріне тоқталды.

"Бүгін Қытайда сауатсыздық деңгейі 4,1 пайызды құрап отыр. Бірақ бұл тек алыс ауылдарда, коммуникация жоқ жерлерде ғана. 16 млн 720 мың адам білім саласында қызмет атқарады. 1949 жылы 940 мың ғана адам ағарту саласында еңбек еткен. Ал, 1949 жылы 26 млн оқушы, студент мектеп, ЖОО-да білім алса, бүгінгі бірнеше есеге өсіп, олардың   саны 267 млн-ға жетіп отыр", - деді профессор.

Сондай-ақ, оның айтуынша, қытайлықтардың өмір сүру ұзақтығы да айтарлықтай өскен.

"Бұрын өмір сүру ұзақтығы 45 жас болса, қазір орта есеппен өмір сүру ұзақтығы - 76, 4 жас. Сондай-ақ, бүгінгі таңда елде 32 мың аурухана жұмыс істеп тұр. Қытай өндіріс, онлайн сауда саласы бойынша алғашқы орында тұр", - деді ол.

Сонымен қатар, айта кету керек, конференция барысында Ли профессордың отбасы туралы жазылған кітабы таныстырылып, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының кітапханасына табысталды. 

Назерке Сүйіндік

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды