• Басты
  • Әлеуметтік медианың әлеуеті
30 Сәуір, 2020 12:07

Әлеуметтік медианың әлеуеті

Белгісіздік пен тұрақсыздығы үдеп келе жатқан әлемде 2020 жылы бірнеше дағдарыс ушықты. АҚШ-Қытай сауда текетіресі, COVID-19 пандемиясы, мұнай дағдарысы әлемге күрделі экономикалық шығын әкелуі ықтимал. Осындай жағдайда әлеуметтік медиа қоғамның саяси-экономикалық тұрақтылығы, әлеуметтік-мәдени, коммуникациялық дамуында маңызды орын алады. Өйткені, әлеуметтік медиа арқылы халыққа ақпарат тарап, мемлекеттік саясат пен қоғамдық қатынастардың орнығуына тікелей ықпал етеді.

Әлеуметтік медианың әлеуеті

Интернет жаһандық байланыс құралы ретінде қоғам өмірінің саяси саласындағы ең басты позициялардың бірін алады. Қазіргі уақытта көптеген елдер цифрлық трансформацияның өзектілігі мен маңыздылығын түсініп, цифрландыруды ұлттық даму стратегиясының бағыты ретінде қарастырады. Қазіргі уақытта көптеген елдер цифрлық трансформацияның өзектілігі мен маңыздылығын түсініп, цифрландыруды ұлттық даму стратегиясының бағыты ретінде қарастырады. Қырғызстандағы «Таза қоғам» (Таза коом), Беларус Республикасындағы цифрлық экономика және ақпараттық қоғамды дамыту мемлекеттік бағдарламасы, Түркияның «Стратегия-2023» бағдарламасын атап өтуге болады  Бірақ олардың барлығы цифровизацияның жоғары деңгейіне жетті деп айта алмаймыз. Орталық Азиядағы АКТ (ақпараттық-коммуникациялық технологиялары) даму индексі әлемдік орташа деңгейден төмен. Орталық Азия елдерінің ішінде АКТ даму жағынан дисбаланс орнаған.

2017 жылы елімізде қабылданған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы энергетикалық, қаржылық, көліктік және логистикалық салаларды цифрлық трансформациялаудан өткізіп, ақпарат ағымын ұлғайтуға бағытталған. Қазақстан 2050 жылы әлемнің ең озық 30 цифрлық экономикасының қатарына енгелі отыр. Бағдарлама көптеген салаларда елеулі өзгерістерді көздейді. Мемлекеттік бағдарламаның іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2022 жылы интернет желісін пайдаланушылардың үлесін 82%-ға, халықтың цифрлық сауаттылығын 83%-ға, мемлекеттік органдардағы «бұлтты құжат» айналымына көшу межесі қойылған. Елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты цифрландыру бағдарламасына талаптар күшейтілгені белгілі.

Қазақстанда желілік саясатты саналы түрде жүргізудің қажеттілігі Қ.Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті боп сайланғаннан кейін өзекті бола түсті. Мемлекет басшысы әкімдерге әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, атқарылып жатқан жұмыстарды халыққа түсінікті тілмен жеткізуді тапсырды. Яғни, цифрландырумен бірге қоғамда коммуникацияға сұраныс күшейіп, әлеуметтік медианың мемлекеттік саясаттың іске асыру құралы ретінде рөлі нығаюда. Мемлекет Басшысы 2021 жылды «Цифрландыру жылы» ретінде белгілеуі де соның айғағы. Қазақстандық қоғамда да ашықтық пен әділеттілікке бетбұрыс артқан сайын, мемлекеттік саясаттағы әлеуметтік медианың орны өзекті болады. Мемлекеттік басқаруы барынша орталықтандырылған Қытай Халық Республикасында әлеуметтік медиа мемлекеттік саясат, Коммунистік партияның идеологиясын насихаттау, мемлекеттің ішкі-сыртқы позитивті имиджін қалыптастырудың тиімді құралына айналып отыр. Бірақ әлеуметтік медианың таралуы Таяу және Орта Шығыста, Латын Америкасында және әлемнің басқа мемлекеттерінде тұрақсыздық тудырғанын да назарға алу қажет. Экстремистік ұйымдардың да қанша жылдан бері желілерде жастарды жат ағымға жетектегенін білеміз.

  1 кестек.jpg

Жалпы, әлеуметтік медиа – жеке адамдар мен мекемелерге ақпараттық және коммуникациялық қажеттіліктерін жеделдетуде көмек ұсынатын құралдар мен онлайн-кеңістіктердің жиынтығы. Әлеуметтік медиа коммуникция саласын өзгертіп қана қойған жоқ, сонымен қатар әңгімелесу және өзін-өзі таныту әдістерін өзгертуде. Әлеуметтік медиа қолданушылары санының ұлғаюын бақылай отырып, бұл адам өмірінің бір ажырамас бөлігіне айналды деуге болады. Әлеуметтік медиа әлемнің барлық территориясын, өндіріс және басқа көптеген салаларын қамтуда. Жеке адамдар ғана емес, кәсіпорындар, үкімет те бұқара халықпен тұрақты өзара әрекеттесу үшін әлеуметтік медиа платформаларын пайдаланады. Ғаламтор қоғамның барынша ауқымды бөлігіне көлемді ақпаратты ұсынып, оны қолжетімді қылуға тікелей ықпал етіп отыр. Ғаламтордың бір орталыққа бағынбайтын және жаһандық сипаты кез-келген үлкенді-кішілі оқиғалар мен проблемаларға қатысты пікірдің плюрализмін қалыптастырды.  

Әлеуметтік медианың ішінде халық ең көп қолданатыны – Facebook, Youtube, Whatsapp желілері. Мысалы, әлемдегі ең ірі әлеуметтік медиа-платформа Facebook-тің 2,4 миллиард пайдаланушысы бар. Басқа әлеуметтік медиа платформалар, оның ішінде Youtube және Whatsapp-тың әрқайсысын миллиардтан астам адам күнделікті өмірде қолданады. Әлемде халқының саны 7,7 миллиард адам екенін ескерсек, оның ең кемінде 3,5 миллиарды әлеуметтік желіні қолданады. Бұл дегеніміз, әлеуметтік медиа-платформаны әлемдегі әрбір үшінші адам, ал жалпы интернет қолданушыларының үштен екісі өз пайдасына жаратады.Жалпы жастар қарттарға қарағанда әлеуметтік желілерді жиі пайдаланады. Кейбір платформалар жастар арасында әлдеқайда танымал. Мысалы, 25 жасқа дейінгі адамдардың көпшілігі Snapchat (73%) пайдаланады, ал тек 3%-ын 65 жастан асқан адамдар қолданады екен. Бірақ уақыт өткен сайын бір платформа қолданушылар саны азайып, келесі ортадағы «отырушылар» көбеюі әбден мүмкін. Оған қазіргі карантин жағдайындағы Zoom желісіне қосылушылардың бірден көбеюін айтуға да болады. Кейбір платформадағы әйелдер мен еркектердің, жастар мен егде адамдардың үлесі әрқилы. Кейбір платформалардағы гендерлік айырмашылықтар өте үлкен. Мысалы, Pinterest-ті пайдаланатын әйелдердің үлесі ер адамдардың үлесінен екі есе артық. Ал Reddit-те керісінше, ерлердің үлесі екі есе артық. 

  2 кестек.jpg

Әлеуметтік медианың саяси салаға қатысты бірнеше сипаттарын айтуға болады. Мәселен, 2008 жылы АҚШ-та өткен сайлауда кандидат Б.Обама сайлауалды кампаниясында әлеуметтік желіні пайдаланып электораттың сеніміне ие болды. Кейінгі Президент Д.Трамп та саяси салмағы болмаса да бизнесмен ретінде әлеуметтік медиада имиджін орнатып, сайлауда жеңіске жетті. Ал Тунис пен Египеттің президенттері революциялар уақытында әлеуметтік медианы бұғаттап(«Facebook» пен «Twitter»), оның орны қаншалықты маңызды екенін көрсетіп берді. С.Таутэнің зерттеуі бойынша, әлеуметтік медианың саяси контекстте бірқатар ықпал етуші сипаттары бар: бір ғана көшбасшының орнын көптеген «пікір көшбасшыларымен» алмастырады; әлеуметтік медианы толығымен бақылау немесе тоқтату мүмкін емес; «саяси агностик» эффектісі.  Сонымен, әлеуметтік медиа – азаматтардың саяси мобилизациясы мен дискуссиясына жағдай жасайтын әмбебап алаң.

COVID-19 пандемиясы таралу жағдайында қабылданған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының кемшіліктері мен артықшылықтары анықталуда. Елімізде енгізілген Төтенше жағдай мен қалалардағы карантинде «Азаматтарға арналған үкімет» жұмысы мен ЖОО толығымен онлайн және қашықтан оқытуға көшті. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік медиа арқылы жедел шешімдер мен расталған ақпарат беруді қолға алды. Бұл карантиндегі азаматтармен кері байланыс орнату және қоғамда түсініспеушіліктер тудырмау жағынан маңызды. Сол мақсатта www.coronavirus2020.kz сайты ашылғаны да белгілі. Мемлекет Басшысы да өз шешімдері мен тапсырмаларын твиттердегі парақшасында күнделікті жариялап отырды. Сондықтан осындай электрондық ресурстардың мемлекеттің саяси өміріндегі рөлін жоққа шығара алмаймыз, өйткені ол саяси ақпарат таратудың негізгі қайнар көзі болып отыр.

   Олжас БЕЙСЕНБАЙ

   

Барлық жаңалықтар
100.24.125.162, 192.168.88.100