• Басты
  • Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қанша пайызға қымбаттады

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қанша пайызға қымбаттады

11 Тамыз, 2021 11:23

Бүгін үкімет отырысында ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов ішкі және сыртқы сауда саласының дамуына тоқталып өтті. Сонымен қоса, ол әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қымбаттау себептері, олардың қанша пайызға қымбаттағаны, сонымен бірге тұрақтандыру шаралары жөнінде айтып берді. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Ішкі сауда

Министрдің айтуынша, ішкі сауда саласы бойынша барлық көрсеткіштер оң динамиканы көрсетіп отыр. Мәселен, сауданың нақты көлем индексінің көрсеткіші 109,1%-ды құрап, пандемияға дейінгі жылдардың көрсеткіштерінен де жоғары болған.

«Осы үрдістерді растайтын электрондық коммерциядағы жағдайды айтуға болады. Жыл қорытындысы бойынша электрондық сауданы 10%-ға дейін жеткізу жоспарланғанымен, бүгінгі күні осы көрсеткіш 12,2%-ды құрады», - деді Бақыт Сұлтанов.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары

Министрдің мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы жыл басынан бері 10,3%-ға өскен. Маусымаралық кезеңде бағаның өсуі байқалатын көкөністер, импортқа тәуелді өнімдер, сондай-ақ жоғары экспорттық сұранысы бар тауарлар ең жоғары өсім көрсеткен.

Өңірлердегі қалыптасқан жағдай бойынша, ең жоғарғы өсім 12,0% – Түркістан облысында, 11,6% – Нұр-Сұлтан қаласында және 11,4% – Қарағанды облысында тіркелген.

«Дегенмен сәуір айынан байқалған бағалардың өсімі тұрақтанып, ал тренді төмендеуге бұрылғанын көріп отырмыз. Мәселен, картоп бағасының маусымдық өсуі сәуір-маусым аралығында белгіленді. Бұдан әрі, оңтүстік аймақтардағы ерте пісетін картоптың түсімі ұлғайған сайын, өнімнің бағасы төмендеді. Ең жоғары өсу сәтінен бастап, бағалар 26%-ға немесе 54 теңгеге түсті», - деді министр.
Оның айтуынша, тамыз және қыркүйек айларында солтүстік аймақтарда өнімнің жаппай жиналуы күтілуде, бұл ішкі нарықты картоппен қанықтырады және бағаның одан әрі төмендеуін ынталандырады. Ал, сәбіз үшін бағаның маусымдық өсуі бір айға кешірек созылады. Нарықты жаңа дақылмен қанықтыру орта есеппен шілде айының соңынан басталып, қыркүйекке дейін жалғасады.
«Егін жинау кезеңінде 577 мың тонна сәбіз түсімі күтілуде. Бұл сәбіздің бағасын едәуір түсіруге ықпалын тигізеді. Пияз бен қырыққабат бағаларының өсуі әлі де байқалады. Жыл басынан бері бір килограмм пияздың бағасы 29%-ға немесе 23 теңгеге қымбаттады. Ал, қырыққабаттың бағасы 22%-ға немесе 20 теңгеге қымбаттады. Тарихи мәліметтерге сәйкес, пияз бен қырыққабат бойынша жаппай егін жинау тамыз айының соңы мен қыркүйектің басынан басталады», - деп толықтырды Бақыт Сұлтанов.
Тиісінше, бағаның төмендеуі тек ағымдағы айдың соңында күтілетінін атап өтті.

Бағаны тұрақтандыру шаралары

«Біз баға тұрақтандырудың негізгі құралдарына талдау жүргіздік. Нәтижелері өңірлерде тұрақтандыру қорларына тауарларды сатып алуға қаражаттың дұрыс бөлінбегенін және механизмді тиімсіз пайдаланудың әлі де фактілері бар екенін көрсетті», - деді ол.
Оның айтуынша, кейбір өңірлерде тәуекелі жоғары өнімдерге мән берудің орнына, бағалары тұрақтары тауарлар сатып алынған. Мысалы, қаражаттың 37%-ы ұнды сатып алуға жұмсалды. Оның бағасы елде тұрақты. Сондай-ақ, тарихи түрде инфляция шегінде ғана қымбаттайтын тұз және сүт өнімдері сияқты тауарлар сатып алынған.
«Әкімдіктер қаражатты тәуекелі жоғары және бағалары құбылмалы әлеуметтік маңызы бар тауарларға шоғырландыру қажет. «Айналым схемасы» мен форвардтың нарықтық механизм екенін ескере отырып, бұл құралдарды барынша пайдалану қажет. Механизмдердің қаржыландырылуын 60 млрд теңгеге дейін ұлғайту жөніндегі бұрын берілген тапсырманы орындау шеңберінде әкімдіктер тағы 23,1 млрд теңге бөлуі тиіс», - деді ведомство басшысы.
Оның сөзінше, бұл қаражат әкімдіктерде бар. Жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігін орындау жөніндегі деректерге сәйкес, 1 тамызда әкімдіктерде 633 млрд теңге бос қаражат бар екенін еске салды. Яғни, талап етілетін қаржыландыру қолда бар қаражаттың 3%-ын ғана құрайды.
«Сондай-ақ, әлеуметтік–кәсіпкерлік корпорациялардың шоттарында 6,4 млрд. теңге көлемінде қосымша қаражат бар. Осы қаражат «айналым схемасы» мен форвардтарға бағытталуы керек», - деді министр.
Сауда бойынша аналитикалық платформаның жұмысы

Сонымен қоса, ол министрліктің сауда бойынша аналитикалық платформаны іске қосқанын да атап өтті. Оның мәліметінше, бірінші кезеңде электрондық шот-фактуралар мен фискалдық деректер операторларының чектерінің деректері негізінде ішкі сауда, әсіресе әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша кең аналитика қалыптасуда.

Ал, екінші кезеңінде еліміздегі институттармен және көршілес Ресейдің Экономика жоғары мектебімен бірлесіп, нейрондық желілер арқылы азық-түлік тауарлардың бағаларын болжау жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізілуде.

«Бұл жұмысты тиімді ұйымдастыру үшін Мемлекеттік кірістер комитетінің деректер базаларын ағымдағы жылдың соңына дейін Біздің талдау жүйемізбен тікелей интеграциялауды қамтамасыз ету қажет», - деп толықтырды Бақыт Сұлтанов.
Ол бағаның одан әрі өсуіне жол бермеу үшін шұғыл түрде келесі шараларды қабылдау қажеттігін атап өтті.

Бірінші. Әкімдіктер бизнес субъектілерінің үстеме ақылар мен шекті бағалардан асып кетуіне жол бермеуге мониторинг пен бақылауды күшейтуді, сондай-ақ өңір тұрғындарына белгіленген шекті бағалар туралы хабарды дер кезінде жеткізуді тапсырды.

Екінші. Әлеуметтік - кәсіпкерлік корпорациялар арасында тауар жеткізу жөнінде нақты өңіраралық кооперацияны қамтамасыз ету қажет.

«Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігіне тұрақтандыру қорларына тауарларды өзара жеткізуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін Ережелерге өзгерістер енгізуді тапсыруды сұраймын», - деді ол.
Үшінші. Қыркүйек пен желтоқсан аралығында шекаралас елдер тарапынан көкөніске деген сұраныстың артуы байқалады.
«Өнімнің бақылаусыз елден шығарылуы орын алған жағдайда, осы тауарлар экспортын квоталауды енгізу қажет», - деді Бақыт Сұлтанов.
Төртінші. Көкөніс пен жеміс-жидек қоймаларының физикалық және моральдық тұрғыдан ескіргенін ескере отырып, инвестициялық субсидиялау нормасын 25%-дан 50%-ға дейін ұлғайту қажет.
«Бұл Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырманы орындау яасында қажет және бизнесті ынталандыруға, егінді жеткілікті мөлшерде сақтауға және бағаның күрт көтерілуіне жол бермеуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті министр

Барлық жаңалықтар