• Басты
  • Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасы 10,1 пайызға артты

Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасы 10,1 пайызға артты

29 Қараша, 2019 17:48

2019 жылдың он айындағы қорытынды бойынша, әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасы 10,1 пайызға өскен. Бұл туралы "Азық-түлік тауарлары бағасын тежеу бойынша монополияға қарсы ден қою шаралары" туралы өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің төрағасы Рустам Ахметов мәлім етті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

"Бүгінгі күні жергілікті әкімдіктер ҚР сауда және интеграция министрлігімен бірге келісіммен азық-түлікке шекті бағаны қояды. Егер де олардың бағасы шекті бағадан 30 пайызға асып кетсе, әкімдік азық-түлікке шекті бағаны қоюға құқы бар. Шекті бағадан асқан жағдайда, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ағымдағы жылдың басынан бастап 28 қарашаға дейінгі жағдай бойынша, әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының (ӘМАТ ) бағасы 10,1 пайызға өсті. Бағаны төмендету үшін тауар нарығын толтыру, нарық субъектілері мен өндіріс көлемін ұлғайтып, мемлекеттік қолдау шараларын жүргізу үшін саланы дамытуға жауапты мемлекеттік органдардың жұмыстануы керек", - деді Рустам Ахметов өз сөзінде. 

Ал Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті төрағасының орынбасары Асқар Жаппарқұловтың айтуынша, әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының (ӘМАТ ) бағасысының өсуіне сыртқы және ішкі факторлар себеп болған.

"Қарақұмық, ұн, нан және сиыр етінің бағасы өсті. Олардың бағасының өсуіне екі фактор себеп болып отыр. Бірінішісі - сыртқы факторлар. Мәселен, қарақұмық туралы айтсақ, Ресей, Украина және Беларуссия елдерінде аталған өнімге жетіспеушілік болды. Ол жақта жағдай солай болғаннан кейін, бізге импортталған бұл өнімнің бағасы артты. Ал ұн мен нан бағасының артуына тоқталсақ, биыл астық жинаудың көлемі азайды, сол себепті ұн мен нанның бағасы қымбаттады", - деді Асқар Жаппарқұлов. 

Сонымен қатар комитет төрағасы саладағы осыған дейін орын алған құқық құқық бұзушылық фактілеріне тоқталып өтті. 

"21 қараша күні монополияға қарсы орган ірі азық-түлік бағасын өсірген сауда желілеріне 80 хабарлама жіберген болатын. Олардың 78-і хабарлама жіберілгеннен кейін нәтиже шығарды. Сонымен қатар ұн мен нан өндірушілердің басшыларына да 7 ескерту жіберілді. Бұл ескертулер 10 күн ішінде орындалмаған жағдайда, нарық субъектілеріне қатысты тергеу жұиыстары басталады. Егер құқық бұзушылық фактілері анықталса, олар құқық бұзған тауарларынан түскен қаржының 1-ден 5 пайызына дейін айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады", - деп қорытындылады Рустам Ахметов.

Назерке Сүйіндік

Барлық жаңалықтар