• Басты
  • Әлеуметтiк-экономикалық даму-2020: Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі, сауда айналымы және инвестиция

Әлеуметтiк-экономикалық даму-2020: Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі, сауда айналымы және инвестиция

12 Қаңтар, 2021 11:02

Бүгiн Ұлттық экономика министрi Руслан Дәленов Үкiмет отырысында Қазақстанның 2020 жылғы әлеуметтiк-экономикалық даму қорытындылары жөнiнде баян еттi. Ол баяндамасында елдегi экономикалық жағдайдың дамуына, сала бойынша көрсеткiштерге тоқталып, сауда айналымы, тұрғын үйдiң берiлуi жөнiнде айтып өттi, деп хабарлады Strategy2050.kz тiлшiсi.

Министрдiң мәлiметiнше, 2020 жылы экономика дамуының негiзгi факторлары экономиканы қолдаудың ауқымды шаралары, өндiрушi емес секторлардағы инвестициялық белсендiлiк, нақты сектордың өсуi және сауда балансының оң сальдосы, сондай-ақ экономиканы кредиттеудiң ұлғаюы болған. Өткен жылдың қорытындылары биылғы экономикалық өсудiң берiк негiзiн қаламақ.

«2020 жылы нақты сектор экономикалық драйверге айналып, 2%-ды құрады. Көрсетiлетiн қызметтер саласы үшiн жыл минус 5,6%-бен аяқталғанмен, соңғы айларда динамика орныға бастаған. Нәтижесiнде, ЖIӨ өсу қарқыны минус 2,6%-ды құрады. Бұл 11 айдағы динамикадан жоғары», - дедi Руслан Дәленов.

Министрдiң айтуынша, нақты сектор салаларының көбi дерлiк және жекелеген қызмет түрлерi оң өсу қарқынын көрсеттi. Мәселен, құрылыс (11,2%-ға өсiм), ақпарат және байланыс (8,6%-ға), ауыл шаруашылығы (5,6%-ға), өңдеу өнеркәсiбi (3,9%-ға) және бiлiм беру (2,3%-ға) салалары артқан.

Сонымен қоса, министр 2020 жылы өнеркәсiптiң жалпы көлемiндегi өңдеудiң үлесi 9,4 проценттiк тармаққа, яғни 2019 жылғы 39,4%-дан 2020 жылы 48,8%-ға дейiн өскенiн атап өттi. Жеңiл өнеркәсiптiң, автомобиль жасаудың және дайын металл бұйымдарының екi мәндi өсуi байқалған. Өңделген, дайын тауарлардың экспорты да ұлғайды. 

«Өндiрiстiң өсуiнiң арқасында жалпы тұтынудағы қазақстандық тауарлардың үлесi 4,7 проценттiк тармаққа өстi. Электрондық сауда үлесi 6 пайыздық тармаққа, қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемi 2 есеге, сондай-ақ, кен өндiрудi есепке алмағанда инвестициялардың 14,8%-ға өскенi байқалады», - дедi ол.

Экономиканы қолдау шаралары

Министрдің айтуынша, 2020 жылы экономиканы қолдау шаралары жұмыспен қамтуға және іскерлік белсенділікті сақтауға көмектескен. Мәселен, жұмыс орындарын сақтау және құру үшін Жұмыспен қамтудың жол картасы іске асырылып жатыр.

Сонымен қоса, Руслан Дәленов зардап шеккен салаларға салықтық жеңілдіктер қабылданғанын еске салды.

«ШОБ-қа жеңілдікпен несие беру құралдары едәуір кеңейтілді. Айналым капиталын қаржыландыру ұлғайды. Жеңілдікті шарттармен несиелерді қайта қаржыландыру, сондай-ақ несиелерді төлеуді кейінге қалдыру қамтамасыз етілді», - деді министр.

Сонымен бірге, оның сөзінше, бюджеттік ынталандыру да артқан. Нәтижесінде, 1,4 миллион адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылды, оның ішінде 238 мың адам Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша жқмысқа орналастырылған. Салықтық жеңілдіктерді 700 мың кәсіпкер алған. Зардап шеккен салалардың қарыз алушыларының 80% -ы несие бойынша кейінге қалдырылған. Кәсіпкерлердің 40 мыңға жуық жобасы арзан бағамен қаржыландырылды.

Сыртқы сауда: экпорт және импорт

Ұлттық экономика министрiнiң берген мәлiметiнше, 2020 жылғы 11 айда сыртқы сауда айналымы 77,7 млрд долларды, оның iшiнде экспорт 43,4 млрд долларды құраған. Әлемнiң 117 елiне Қазақстан тауарларының 3 183 дайын, өңделген түрлерi (СЭҚТН 6 түрi бойынша) экспортталды.

Ал импорт 34,4 млрд долларды құрады. Осылайша, 9 млрд доллар деңгейiнде оң сауда балансы қамтамасыз етiлген.

«Өнеркәсiп бойынша мынадай серпiн байқалады. 2020 жылы өңдеу өнеркәсiбi озық өсу көрсеттi. Өңдеудiң өсу қарқыны 3,9%-ға дейiн жеделдедi. Бұл ретте, ОПЕК+ келiсiмiнiң шеңберiнде мұнай өндiрiсiнiң қысқаруы салдарынан кен өндiру өнеркәсiбi 3,7%-ға төмендеген», - дедi министр.

Министрдiң сөзiнше, нәтижесiнде, жалпы өнеркәсiптiң нақты көлем индексi 99,3%-ды құрады.

Тұрғын үйдiң берiлу көлемi артты

«2020 жылы рекордты 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiлдi. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 16,8%-ға көп», - дедi Дәленов.

Оның мәлiметiнше, 15 өңiрде оң өсiм болған. Айтарлықтай өсiм елордада байқалған – 1,7 есе.

Өнеркәсiп

Министрдiң мәлiметiнше, 2020 жылы өңдеу өнеркәсiбiнде қарқынды өсiм байқалған. Өңдеудiң өсу қарқыны 3,9%-ға дейiн өскен. Сонымен бiрге, ОПЕК + келiсiмi бойынша мұнайдың төмендеуiне байланысты тау-кен өнеркәсiбi 3,7%-ға төмендеген. Нәтижесiнде, жалпы өнеркәсiп көлемiнiң индексi 99,3%-ды құраған.

Өңдеу өнеркәсiбi

Өңдеу өнеркәсiбiнде 12 аймақта өсiм байқалған. Ең үлкен өсiмдi Қостанай, Ақмола және Солтүстiк Қазақстан облыстары көрсеттi. Ал, төмендеу 4 аймақта, яғни Қызылорда, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары, сондай-ақ Шымкентте.

Ауыл шаруашылығы көлемi 5,6%-ға артты

Министрдiң сөзiнше, 2020 жылы ауыл шаруашылығы 5,6%-ға артқан. Бұл азық-түлiк қауiпсiздiгiн жақсартқан. Өсiмдiк шаруашылығы өнiмi 7,8% -ға және мал шаруашылығы - 3% -ға өскен. 13 аймақ, оның iшiнде Қостанай және Ақмола облыстары жоғары өсiм көрсеткен. Ал, Маңғыстау мен Батыс Қазақстан облыстарында төмендеу байқалып отыр.

Құрылыс

Құрылыс саласы да 11,2%-ға өскен. Құрылыс жұмыстарындағы ең үлкен өсiм Түркiстан облысында және Шымкентте байқалған.

Негiзгi капиталға құйылған инвестиция

Елiмiздiң өптеген аймағында инвестиция тарту жағынан жоғары белсендiлiк байқалуда. Атап айтсақ, 12 аймақта, оның iшiнде 5 аймақ 20% -дан 60% -ға дейiн өсiмдi көрсеткен. Үздiк көрсеткiштер Түркiстан облысы мен Шымкент қаласында.

Ал төмендеу 5 аймақта тiркелген, нақтырақ айтсақ, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды ​​және Павлодар облыстарында.

«Жалпы, негiзгi капиталға 12,3 трлн теңге инвестиция тартылған.  Инвестиция көлемi тау-кен өнеркәсiбiн қоспағанда 14,8%-ға  өстi», - дедi ол.


Бюджеттің атқарылуы
Ал Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2020 жылдың соңындағы мемлекеттік бюджеттің атқарылуының көрсеткіштерімен таныстырды.
Кірістер бойынша

Министрдің мәліметінше, мемлекеттік бюджетке 9 трлн көлемінде кіріс түсті. 751 млрд теңге немесе жоспар 102,7%-ға орындалды. Ал республикалық бюджетке 6 трлн кіріс түскен. 561 млрд теңге немесе жоспар 100,3%-ға орындалды.

Кіріс жоспары бойынша, 22 миллиард теңгеге асыра орындалды, оның ішінде салық -16 миллиард теңге.

Сонымен бірге ол қосылған құн салығы бойынша 256 млрд теңге сомасында жоспар орындалмағанын атап өтті. Оның сөзінше, орындалмаудың бірнеше себебі бар.

Орындалмау себептері:

-        2019 жылмен салыстырғанда ҚҚС (қосылған құн салығы) қайтарымының 1,5 есеге немесе 236 млрд теңгеге өсуі;

-        «Электронды шот-фактуралар» АЖ бойынша сату айналымының 14% -ға төмендеуі

-        Қазақстан Республикасының үшінші елдермен сауда айналымының 2019 жылмен салыстырғанда 14% -ға төмендеуі.

Оның пікірінше, соңғы жылдардағы динамика цифрландырудың фискалды басқаруға әсері артып келе жатқанын көрсетіп отыр.  Жалпы, 2020 жылғы пандемияға байланысты салық түсімдерінің төмендеуі 2,4 трлн теңгені құраған. Сонымен бірге, есепті кезеңде негізінен салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру және цифрландыру есебінен 710 млрд теңге қосымша кіріс қамтамасыз етілген.

Жергілікті бюджеттің кірісі 108% -ға орындалып, 3 трлн 191 млрд теңгені құраған. Жалпы, жоспар 236 миллиард теңгеге асыра орындалды, оның ішінде салық - 213 миллиард теңгеге.

Шығындар

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,1% -ға, республикалық - 98,3% -ға, жергілікті бюджеттер - 99,1% -ға орындалды. Республикалық бюджет шығыстарды 14 трлн 234 млрд таңгені құраса, орындалмағаны 241 миллиард теңгені құрады. Оның 224 миллиард теңгесі - Үкіметтің резерві мен басқа да үнемдеулер арқылы үнемделген.

Сонымен қоса, оның мәліметінше, 15 миллиард теңге игерілмеген.

Пайдаланылмаудың ең көп мөлшері бірқатар мемлекеттік органдарда қалыптасты: Ішкі істер министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі.

Оның дерегінше, игермеудің негізгі себептері:

-        жеткізушілердің шарт талаптарын орындамауы

-        төлем құжаттарын ұзақ мерзімді мақұлдау

-        аяқтау актілерін ұсынбау

-        қызметтердің, орындалған жұмыстардың, сот ісінің нақты көрсетілген көлемі үшін төлем

Бұдан бөлек, Ерұлан Жамаубаев мемлекет басшысының мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін бағалау жөніндегі тапсырмасына сәйкес Министрлік тиісті Әдістеме мен ақпараттық жүйені әзірлегенін атап өтті.

«Қазіргі уақытта 2015 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңде 67 мемлекеттік қолдау шаралары туралы алдын-ала мәліметтер бар. Осы жылдың өзінде тиімділікті бағалау қаржылық қолдаудың барлық шараларын қамтиды, оның нәтижелері болашақта республикалық бюджетті жоспарлау сапасын жақсарту үшін пайдаланылатын болады», - деді ол.

Сонымен қоса, оның дерегінше, жергілікті бюджеттің шығыстары 8,4 трлн теңгені құраған. 78 миллиард теңге игерілмеген. 

Барлық жаңалықтар