• Басты
  • Әлемдегі және Қазақстандағы электронды сауданың даму перспективалары

Әлемдегі және Қазақстандағы электронды сауданың даму перспективалары

18 Мамыр, 2021 12:15

ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында әлемде интернет технологияның, коммуникация құралдарының қарқынды дамуы адамзат өркениетінің өміріне үлкен өзгерістер алып келді. Бұл экономика, мәдениет, логистика, әр түрлі технология түрлерінде, ғылымның барлық салаларынде дерлік қарқынды дүмпудің пайда болуына ықпал етті.

Осындай маңызды өзгерістің бірі сан ғасырлар бойы тек офлайн болған әлемдік сауда қатынастарының онлайн форматқа ауысуымен, яғни электрондық сауда жүйесінің қалыптасып, дамуымен тығыз байланысты.

Бұған соңғы жылдары орын алған әлемдік пандемия да зор әсер етті. Пандемия адамдардың емін-еркін далаға шығуына, сауда орындарын аралуына шектеу қойып, адамдар арасында әлеуметтік ара-қашықтық сақтау қажеттігі жөніндегі талаптар электрондық сауданың дамуына үлкен мүмкіндік ашты. Сонымен қатар, онлайн саудада бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі сауда жүйесіндегі сияқты тауардың ақысын белгілі бір мерзім аралығында бөліп төлеу немесе несиеге ұзақ мерзімге сатып алу сынды қолайлы ұсыныстар да бар.

Дүниежүзі бойынша электрондық сауда-саттықпен айналысатын әйгілі Amazon компаниясының иесі Джефф Безостың әлемнің ең бай миллиардеріне айналуын мысал ретінде атап өтуге болады. 2007 жылы байлығы 90,5 млрд. АҚШ доллары саналатын ол пандемия кезінде байлығын еселеп арттырып, 2020 жылы тамыз айында 204,6 млрд. АҚШ долларына дейін жеткізе алды.

Электрондық сауда өзінің адамдарға қолайлы болуымен де дамудың жаңа белестерін бағындырып келеді. Бүгінде әлемнің, өз еліңнің немесе өзің тұратын қаланың кез келген түкпіріндегі көптеген тауар түрлерін сол жерге тікелей бармай-ақ, интернет арқылы тапсырыс беріп, алдыруға болады. Интернет арқылы төлем жасап, тауар алудың тағы бір ыңғайлы тұсы – тәуліктің кез келген сәтінде, өзіңе ыңғайлы уақытта интернет-дүкенге кіріп, қажетті тауарды рәсімдеуге мүмкіндіктің болуында. Сонымен қатар, интернет-дүкен арқылы сауда жасаушы кәсіпкердің орынжайды жалға алу, оның ақысын төлеу сынды қосымша шығындарға бас қатырмайтынын да қоса атап өтуге болады. Ресми деректер интернет арқылы жасалатын сауданың жыл өткен сайын қарқын алып, танымал болып келе жатқанын көрсетеді.

Ресми деректерге сүйенсек 2020 жылы әлемдегі электрондық сауданың көлемі 4,3 триллион АҚШ долларын құраған. Бұл 2019 жылғы көрсеткішпен (3,4 триллион АҚШ доллары) салыстырғанда 27,6 пайызға көп. Сонымен қатар, бөлшек сауда айналымындағы электрондық сауданың көлемі де жыл өткен сайын артып келеді. Мәселен 2019 жылы бұл көрсеткіш 13,6 пайыз болса, 2020 жылы 18 пайызға жеткен.

eMarketer компаниясының болжамына сүйенсек алдағы бірнеше жылда электрондық сауданың даму динамикасы жалғаса бермек. Сарапшылар 2024 жылға қарай электрондық сауданың көлемі 6,4 триллион АҚШ долларына дейін жетеді деп болжам жасауда. Сондай-ақ, әлемдік бөлшек саудадағы электрондық сауданың үлесі 21,8 пайызға жетеді деп күтілуде. Әлемде электрондық сауда ең қарқынды өркендеп келе жатқан елдер арасында Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония және Оңтүстік Кореяның аттары аталады. 

Төменде берілген кестеде әлемдегі электрондық сауда айналымының 2019 жылдан бүгінге дейінгі көрсеткіштері мен бөлшек саудадағы электрондық сауданың даму қарқыны және 2024 жылға дейінгі күтілетін перспективалық болжамдар көрсетілген. Кестеден көргеніміздей сарапшылар қалыптасқан жағдайды саралай отырып, электрондық сауданың әлемдегі дамуына оптимистік болжам жасауда.


Соңғы бірнеше жыл ішінде Қазақстанда да электрондық сауданың қарқынды түрде дамып келе жатқанын атап өтуге болады. Мұны замана көшіне ілескен және адамдардың өмірін жеңілдеткен маңызды тенденция деп бағалауға болады.

Статистика деректеріне сүйенсек, Қазақстанда 2018-2019 жылдары электрондық сауданың үлесі сәйкесінше 2,9 және 3,8 пайызды құраған болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш пандемия әсерінен күрт өсіп, 9,7 пайызға жеткен. 

Бірақ мұны объективті көрсеткіш деп бағалауға болмайды. Өйткені электрондық сауданың көлемі төменде көрсетілген кестедегі көрсеткіштен әлдеқайда көп болуы мүмкін. Мұны шағын дүкендерге, базарларға барып, сауда жасау барысында ресми тіркелмейтін, чек басып шығарылмайтын сауда түріне кезіккен әрқайсымыз көз жеткізе аламыз. 


2017 жылғы 12 желтоқсанда Қазақстанда азаматтарға қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. 2022 жылға дейінгі кешенді іс-шаралар мен басым бағыттарды қамтыған бағдарламаның мақсаты – орта мерзімді перспективада республика экономикасының даму қарқынын жеделдету және цифрлық технологияларды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанның экономикасын болашақтың цифрлық экономикасын құруды қамтамасыз ететін түбегейлі жаңа даму траекториясына көшіруге жағдай жасау болып белгіленді.

Бағдарлама жалпы алғанда елдегі Интернет-сауданы дамыту үшін қолданыстағы кедергілерді жоюға, сондай-ақ жергілікті ойыншылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған ауқымды шаралар кешенін іске асыруды көздейді. Ұсынылатын шаралар электрондық сауданы реттеу, электрондық төлемдері қабылдауды көбейту, халықтың және кәсіпкерлердің цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыру, электрондық сауданы жылжыту, инфрақұрылымды және логистиканы дамыту және саланы қамтиды.

Қазақстан электрондық сауданың дамуына мүдделі. Мемлекет тарапынан электрондық саудамен заңды әрі ашық түрде айналысқан кәсіпкерлерге қолдау механизмдері де қарастырылған. Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 293-бабының 3-тармағына сәйкес тауарлармен электрондық сауданы жүзеге асыратын салық төлеуші 2023 жылға дейінгі мерзімде аталған Кодекстiң 302-бабына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығын 100 пайызға азайтады. Ол үшін кәсіпкер келесі талаптарға сәйкес қызмет етуі тиіс:

- тауарларды сату бойынша мәмілелерді тіркеу электронды түрде жүргізілуі керек;

- тауарларға төлем қолма-қол ақшасыз төлем арқылы жүзеге асырылуы керек;

- кәсіпкердің тауарды жеткізу қызметі болуы керек немесе жүк тасымалдаушылармен немесе курьермен немесе пошта қызметімен келісімшарты болуы керек. Салық заңнамасы тауарларды жеткізуге жеке тұлғалармен келісімшарт жасасудың тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ мұндай шарттарды жасасуға шектеулер белгілемейді.

Осы өзгерістерден байқағанымыздай мемлекет тарапынан электрондық саудамен айналысушы кәсіпкерге салықтық жеңілдік қарастырылып, заңмен бекітілген. Өйткені электрондық саудамен айналысушы тұлғалардың белгілі бір деңгейде банк секторына, мемлекеттің экономикасына кері әсерін де атап өткен жөн. Тауар алған кезде есеп айырысу рәсімін жеке тұлғалар арасындағы шоттарға аударым жасау (мысалы каспий банктің мобильдік қосымшалары арқылы) арқылы жүзеге асыру кең таралғаны белгілі. Бұл кәсіпкердің саудадан мемлекет қазынасына салық төлеуден қашуына мүмкіндік береді және бөлшек саудадағы электрондық сауданың нақты көлемін анықтауда қиындықтар туғызады. Осыған байланысты жеке тұлғалар арасындағы қаржы аударымдарын бақылау жөнінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің жасаған мәлімдемесі қоғам тарапынан сынға ұшыраған болатын.

Алайда, министрлік азаматтардың жеке мақсатта, яғни салық төлеуге жатпайтын түрлері саланатын – туысына, ата-анасына, жақынына, жеке мәселелер бойынша аударымдарын жеке қарастырып, кәсіпкерлік мақсаттағы аударымдарды бөлек қарастыру механизмдері әзірленіп жатқанын хабарлағанын айта кеткен жөн. 

Министрліктің жеке аударымдар санының күрт өсуімен мемлекет қазынасына түсетін салықты алудың қиындап кеткеніне байланысты бұл алаңдауы мемлекеттік ұстаным тұрғысынан орынды деуге болады. Өйткені шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жеке шоттарына қаржы аударылған жағдайда тұтынушыға фискальды чектің көп жағдайда берілмейтіні, сол арқылы тұтынушы құқықтарының бұзылуымен қатар кәсіпкердің тек өз пайдасына ғана жұмыс істейтіні ешкімге жасырын емес. Бұл жерде жеке аударым сатып алушы мен кәсіпкерге пайдалы болғанымен мемлекеттің жоғалтары көп болып отыр.

Сонымен қатар, шетелдік интернет дүкендердің мемлекетке жеке кәсіп иесі ретінде салық төлеу механизмдері жетілдіруді талап етеді. Егер отандық өндірушілер мен кәсіпкерлерді салық төлеуге міндеттеген жағдайда шетелдік кәсіпкерлермен арада бағада алшақтық пайда болып, бәсекелестік мәселесінде проблема туындауы ықтимал. Бұл ретте, электрондық сауданы дамыту мәселесінде осындай тәуекелдер мен түйіткілдерді ескеру қажет.

Әлемде электрондық сауданың дамуы көп мемлекеттің кәсіпкерлеріне жаңа талаптар мен жаңаша мүмкіндіктер ашқанын да айта кеткен жөн. Бұрын мемлекеттер, өндіруші мен тұтынушы арасында бірнеше алып-сатар жүретін болса, бүгінде интернет сауданың арқасында өнім өндірушінің өзі тұтынушымен өзара тікелей қарым-қатынасқа түсіп, адамдар өзі қалаған затты шетелдегі негізгі өндірушіден немесе дүкеннен таспырыс арқылы өзіне алдыра алады.

Мысалы Alibaba, AliExpress, Amazon, Wildberries, OLX сияқты платформалар қазақстандық тұтынушыларға әлемнің және еліміздің кез келген нүктесінен өзіне қажет тауарды сатып алуға мүмкіндік сыйлауда. Бұл Қазақстандық өндірушілерге, кәсіпкерлерге үлкен бәсекелестік туғызумен қатар шетелдік нарыққа шығуға мүмкіндік те беретінін ескерген жөн. Яғни, заман талабына сай туындаған сын-қатерлерді өз игілігіңе жаратудың да мүмкіндіктерін ойластырған жөн. Бұған мемлекеттің өзі де мүдделі болуы тиіс.

Электрондық сауда соңғы ширек ғасырда қарқынды дамып келе жатқан сала. Заман талабынан туындаған бұл жаңашылдыққа ілесу, оны өз пайдамызға жарата білу мемлекетіміздің де, кәсіпкерлердің де басты назарында болуы қажет.

Барлық жаңалықтар