• Басты
  • Әлемдегі эпиджағдай: Румыниядағы өрттен 10 адам қайтыс болды, ал Австрия екінші рет ұлттық локдаун енгізді
16 Қараша, 2020 17:37

Әлемдегі эпиджағдай: Румыниядағы өрттен 10 адам қайтыс болды, ал Австрия екінші рет ұлттық локдаун енгізді

Ресейде пандемия басталғаннан ауырғандар саны рекордтық көрсеткішке жетті, Румынияда, Covid-19 пациенттері емделген ауруханада өрт шығып, салдарынан кем дегенде 10 адам қайтыс болды. Сонымен бірге Австрия екінші жалпыұлттық локдаунды енгізіп жатыр, ал Америка Құрама Штаттары маңызды тауарларды өндірумен және сатумен айналыспайтын фирмалар мен компаниялардың жұмысын шектеп жатыр. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Әлемдегі эпиджағдай: Румыниядағы өрттен 10 адам қайтыс болды, ал Австрия екінші рет ұлттық локдаун енгізді

Джон Хопкинс Университетінің мәліметтері бойынша бүкіл әлемде Covid-19 ауруының саны 53,7 миллионды құрайды, алғашқы бестікке АҚШ, Үндістан, Бразилия, Франция және Ресей кіреді. Алайда, өлім-жітім деңгейі жоғары штаттардың бестігінде АҚШ, Бразилия, Үндістан, Мексика және Ұлыбритания бар.

Еуропадағы коронавирустың алдын алу шаралары мен эпидемиологиялық жағдай көңіл көншітпейді. Еуропаның бірнеше елдерінің үкіметтері жұма күні азаматтарға Рождество мерекелерін жоспарлауға әлі ерте екенін ескертті: желтоқсан айының соңында да карантин шектеулері әлі күшінде қалуы мүмкін. Бұл туралы Швеция, Ирландия және Франция билігі хабарлады. Сонымен қатар басқа да Еуропалық елдердің үкіметі карантин шараларын одан әрі күшейтуді қолға алып жатыр.

Румыниядағы өрт

Румыния билігі Covid-19 пациенттерін емдейтін ауруханадағы өрттен кем дегенде 10 адам қаза тапты және бірнеше адамның ауыр жарақат алғанын мәлім етті. Қайғылы оқиға Румынияның шығысында орналасқан Пиатра-Нямт қаласында болды.

Өрт коронавируспен ауыратын науқастар жатқан жан сақтау бөлімінде шыққан. Ондағы науқастар өкпені жасанды желдетуге қосқан. Қайтыс болғандардың барлығы дерлік коронавирусқа қарсы емделіп жатқандар. Жергілікті билік өрттің тез таралуына науқастардың желдеткіш аппараты арқылы түскен оттегі салдарынан болуы мүмкін екенін айтады. Румыния денсаулық сақтау министрінің айтуынша, өрт тоқтан шыққан ақаулардан болған. Дәрігерлердің бірі науқастардың біразын құтқаруға тырысқандықтан, денесінің бірақ жерін күйік шалған. Ол әскери ұшақпен Бухарестке жеткізілген, бірақ қазір ауруханада ауыр халде жатыр.

Румынияда пандемия басталғаннан бері коронавирустың 350 мыңға жуық жағдай тіркелді, шамамен 8,8 мың адам қайтыс болды. Жұма күні елде 9,4 мың жаңа жағдай тіркеліп, 174 адам қайтыс болды, ал 1449 науқас жан сақтау бөлімінде жатыр.

Ресейде коронавирустың жаңа жағдайларының күн сайынғы өсуі алғаш рет 22 мыңнан асып, пандемияның бүкіл уақытында максимумға жетті. Алдыңғы анти-рекорд бір күн бұрын орнатылған. Аурулардың ең көп саны Мәскеуде тіркелген: өткен тәулікте 6427 жаңа жағдай анықталды. Елордадағы жаңа инфекциялардың ең көп саны 6897, және ол 9 қарашада тіркелді.

Өткен аптаның соңғы күнінде Мәскеуде коронавирус жұқтырған 1480 науқас ауруханаға жатқызылған. Мәскеудегі ауруханаларда 385 адам жасанды желдету аппаратына қосылған. Сенбі күні кешке Мәскеу билігі қалада Covid-19-дан тағы 75 науқас қайтыс болды деп мәлімдеді. Осылайша, Мәскеуде қайтыс болғандардың жалпы саны 7 787-ге жетті.

Инфекцияның Мәскеуде көбеюіне байланысты осы аптада қосымша шектеу шаралары енгізілді: көрмелер мен вернисаждар жабылды, ойын-сауық іс-шаралары тоқтатылды, сонымен қатар театрларда, кинотеатрларда және концерт залдарында толу деңгейі 25 пайызбен шектелді. Бұл шаралар 15 қаңтарға дейін жалғаспақ. 

Украинада жұқтырғандар саны антирекордқа жетті

Украинаның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша, өткен тәулікте 12 524 жаңадан жұқтырғандар тіркелді. Бұл 11 787 жаңа жағдай анықталған алдыңғы күнмен салыстырғанда жаңа анти-рекорд болып отыр.

«Бұл соғыс. Күн сайын бұл вирус украиндықтардың өмірін жалмап отыр», - деді Денсаулық сақтау министрі Максим Степанов теледидардан сөйлеген сөзінде. Вирус қыркүйектің басынан бастап белсенді түрде тарала бастады, содан кейін билік демалыс күндеріне ішінара құлыптау енгізді, бірақ бірқатар жергілікті әкімшіліктер бизнестің құлдырауын болдырмау үшін бұл бұйрықты орындамайтындықтарын мәлімдеді.

Австрия екінші ұлттық локдаун енгізді

Австрия түнгі коменданттық сағаттан және ішінара локдауннан кем дегенде екі жарым аптаға екінші жалпы ұлттық локдаунға көшуге шешім қабылдады. Сейсенбіден бастап мектептер жабылып, оқушылар қашықтан оқытуға көшеді.

Жаңа инфекциялар санының тез артуы себебінен канцлер Себастьян Курц азаматтарды отбасы мүшелерінен тыс басқа адамдармен сөйлесуден аулақ болуға шақырды.

Жұма күні Австрия инфекциялар бойынша 9586 жағдай тіркеліп, күнделікті рекорд орнатты, бұл бірінші толқынға қарағанда тоғыз есе жоғары. Жалпы, эпидемия басталғаннан бері елде 191 мың адам инфекцияны жұқтырды және коронавирустың салдарынан 1661 науқас қайтыс болды. Жаңа локдаун ережелеріне сәйкес, негізінен маңызды емес барлық дүкендер мен қызметтер 6 желтоқсанға дейін жабық болады. Адамдарды мүмкіндігінше үйде жұмыс істеуге шақырады. Австрияның денсаулық сақтау министрі Рудольф Аншобердің айтуынша, бұғаттау - бұл коронавирустың жаңа жағдайларымен әрең күресіп жатқан бүкіл медициналық қызметтің толық күйреуінен сақтанудың соңғы мүмкіндігі.

Италиядағы карантин

Италия жексенбіден бастап Кампания мен Тоскананы «қызыл аймақтар» қатарына қосты, бұл аймақтарда да қатаң карантин шаралары енгізіледі. Құрамына Неаполь кіретін Кампания билігі денсаулық сақтау жүйесі құлдырау алдында тұрғанын бұған дейін де ескерткен.

Италияда жаңадан жұқтырғандар саны 40,9 мың адамнан асты - бұл ел үшін жаңа рекорд.

Өткен аптаның басында Италияда коронавирусты жұқтырғандардың жалпы саны 1 миллионнан асты, ал 44 мыңнан астам адам қайтыс болды.

АҚШ штаттары кәсіпкерлік қызметті шектейді

АҚШ-тың Орегон және Нью-Мексико штаттары коронавирус жұтырғандар санының көбеюіне байланысты карантин шараларын күшейтті.

Билік маңызды тауарларды өндірумен немесе сатумен айналыспайтын компаниялардың көпшілігін жауып тастайды, сонымен қатар тұрғындарды әлеуметтік байланысты шектеуге шақырады. Жұма күні Калифорния жұқтырған адамдардың саны миллионнан асқан екінші штат болды. Күн сайын АҚШ-та коронавирусты жұқтырған шамамен 900 адам қайтыс болады.

Соңғы 11 күнде жаңа жағдайлардың күнделікті өсуі 100 мыңнан асады, 67-ден астам адам ауруханада жатыр. Джон Хопкинс университетінің деректері бойынша АҚШ-та коронавирусты жұқтырғандардың жалпы саны 10,7 миллионнан асты, 244 мың адам қайтыс болды.

Ұлыбританияда жағдай тұрақталып келеді

Ұлыбританияның Ұлттық статистика бюросы жұмада жаңа инфекциялардың күнделікті санын 50 мыңға тұрақтанғанын жариялады.

Әрдайым араға біраз уақыт салып қабылданатын бюроның статистикалық мәліметтері бойынша, жағдай қарашаның бірінші аптасынан бері тқрақтанып келеді. «Инфекция деңгейі соңғы апталарда өсуде, бірақ өсу қарқыны алдыңғы апталармен салыстырғанда баяулады», - делінген хабарламада.

Ұлыбритания үкіметінің жеке есебіне сәйкес, жұма күні 27301 жаңадан инфекция жұқтырғандар, сонымен қоса 376 адамның қайтыс болғаны жөнінде хабарланды.

Сонымен қатар, бюроның хабарлауынша, вирустың таралу жылдамдығын көрсететін Британияның R көрсеткіші де төмендеді. Қазір бұл көрсеткіш 1 мен 1,2 арасында, демек, вирус жұқтырған әрбір он адам орта есеппен 12 адамға жұқтырады.

Швецияда COVID-19 –ды қайта жұқтырғандар анықталды

Швецияның қоғамдық денсаулық сақтау агенттігі COVID-19-дан жазылып шыққан 150-ге жуық науқасты тексеріп жатыр. Бұл туралы Fria Tider газеті хабарлады. Кафедраның микробиология бөлімінің бастығы Карин Тегмарк Уизелл қайталану жағдайларының себебі әр түрлі факторлар екенін айтты. Оның сөзінше, екінші жағынан, аурудың пайда болу ықтималдығы мен ағымына иммундық жүйенің белсенділігі мен төзімділігі және бірінші рет пациентте COVID-19 ағымы қаншалықты күшті болғандығы әсер етеді.

Алайда, Визлл COVID-19 рецидиві аурудың бірінші ағымындағыдай ауыр асқынуларды тудырмайтынын баса айтты. Өз кезегінде, Мальме университеті ауруханасының дәрігері Йохан Там аурудың қайталануы тек антиденелердің жетіспеуінен болуы мүмкін деп санайды.

«Франция пандемияның шарықтау шегінен өтті»

Францияда SARS-CoV-2 вирусымен байланысты күнделікті өлім-жітім санының төмендеуі байқалды. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрі Оливье Веран «Франция пандемияның шарықтау шегінен өтті» деп хабарлады.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, 15 қараша, жексенбіде Францияның санитарлық қызметі коронавирустың 27 228 жаңа жағдайы тіркелгенін хабарлаған. Сонымен қоса 302 адам қайтыс болды.

Осы мәліметтер жарияланғаннан кейін Францияның Денсаулық сақтау министрі бірнеше француз басылымына шұғыл түрде «Мұның бәрі Францияның пандемияның шарықтау шегінен өтіп жатқанын көрсетеді» деп айтты.

Естеріңізге сала кетейік, 12 қарашада жетекші француз эпидемиологы профессор Антуан Флао Еуропаның басқа елдерінен айырмашылығы Франция коронавирустық пандемияның екінші толқынын бақылауға қол жеткізгенін айтқан болатын.

Түркіменстанда бірде-бір жағдай тіркелген жоқ

Түрікменстанның лидері Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов елде коронавирус ауруының бірде-бір жағдайы анықталмағанын тағы да атап өтті. Ол бұл туралы Швецияда шығарылған жаңа желдеткіштермен жабдықталған жұқпалы аурулар ауруханасын ашу кезінде айтты. Бұл жөнінде Agence France-Presse жергілікті баспасөзге сілтеме жасай отырып хабарлады. «Біздің елде жүргізілген профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде коронавирустың бірде-бір жағдайы тіркелмеді», - деп жергілікті БАҚ президенттің сөзін келтіреді.

Бұл мәліметтің жалған не дұрыстығын тексеру қиын, өйткені қазіргі уақытта елде тәуелсіз сарапшылар жоқ. Әлемдегі барлық елдердің ішінде тек Түркіменстан, Солтүстік Корея және Тынық мұхитындағы кейбір аралдар коронавирустың мүлдем жоқтығын мәлімдеп отыр.

Шілде айында ДДҰ делегациясы Түркіменстанға барып, билікке шектеу шараларын енгізуді ұсынған еді.

Түрікменстан келесі жылға дейін өз шекараларын шетелдіктер үшін жауып тастады. Діни мекемелердің, сондай-ақ мейрамханалар, кафелер мен дүкендердің жұмысы 1 желтоқсанға дейін шектелген.

Барлық жаңалықтар
159.69.86.84, 192.168.88.100