• Басты
  • Әлемдегі COVID-19: Қазақстан жұқтырғандар саны бойынша әлемдік рейтингте 110-орында

Әлемдегі COVID-19: Қазақстан жұқтырғандар саны бойынша әлемдік рейтингте 110-орында

16 Сәуір, 2021 12:16

Әлемдегі эпидемиологиялық жағдай әлі де күрделі болып отыр. АҚШ-та тәулігіне 76 мыңнан астам жаңадан жұқтырғандар тіркелуді, ал Еуропаның бірқатар елінде, мысалы, Түркия - 62 мың, Франция - 43 мың, Германия - 32 мың, Польша - 21 мың науқас анықталып жатыр. Сондай-ақ, басқа елдерде де коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны артқаны байқалып отыр. Сондықтан да көптеген мемлекеттің үкіметтері шектеу шараларын қатаңдату үшін түрлі шаралар қабылдап жатыр. Әлемдегі және Қазақстандағы эпидемиологялық жағдай туралы Strategy2050.kz тілшісінің материалында. 

Коронавирусқа қатысты цифрлар және Қазақстандағы эпидахуал

Бүгінде Түркия Республикасында коронавирус инфекциясының жиілеуіне байланысты Қазақстан мен Түркия арасындағы халықаралық рейстерді азайту мақсатында мемлекеттік шекарада санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді.

www.worldometers мәліметтері бойынша, қазіргі таңда әлемде 139 миллионнан астам COVID-19 инфекциясын жұқтырған науқас тіркелген, осылайша ауру сырқаттанушылығы 0,6-ға артқан. Ал, 2 984 721 адам қайтыс болды, өлім деңгейі 2,1% құрап отыр.

1 миллион адамға шаққанда ең қолайсыз жағдай Чехияда, онда көрсеткіш 148,269, АҚШ-та - 96,682, Францияда - 78,759, Түркияда - 47,331 және Германияда - 36483 болып отыр.

Пандемия басталғалы бері Қазақстан Республикасы осы рейтингте 1 миллион тұрғынға шаққанда 14,565 индикаторымен 110-орында. Ал, COVID-19-дан қайтыс болғандар саны бойынша Қазақстан әлемде 107 орынға шықты, коронавирустық инфекциядан сауығып кеткендер 98,4%-ды құрайды. Халықты КВИ-ге арналған тестілермен қамту бойынша еліміз әлемдік рейтингте 71-ші орынға ие болып отыр.

Эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін Қазақстан үкіметі бірқатар шектеу шаралар кешенін, сондай-ақ халықты COVID-19-ға қарсы жаппай вакциналауды жүзеге асыруда. Бүгінде 560 мыңнан астам азамат вакцина алды, халықты вациналау бойынша күнделікті 70 мыңнан астам адам қамтылуда.

Қазақстанда сәуірде 2 млн-нан астам адамға екпе егіледі

Министрліктің мәліметінше, 1 ақпаннан бастап Sputnik V вакцинасының 922 мың дозасы еліміздің аймақтарына жеткізілді. Қазіргі кезде өңірлерде вакцинаның 417 мың дозасы бар. Жалпы, сәуір айында 2 миллионнан астам адамға екпе егіледі деп жоспарланған. Бұл субъект контингентінің 23,4%-ын құрайды. Бірінші жартыжылдықта Қазақстандағы өндірушілермен жүргізіліп жатқан келіссөздерді ескере отырып, 6 миллионнан астам вакцина дозасын алу жоспарланып отыр, бұл субъек контингентінің 64% -ын қамтымақ.

Бүгінгі күні республикада КВИ-ге қарсы иммундау науқанына 1281 вакциналау бөлмелері қолданылуда. Оның 230 жылжымалы вакциналық пункті сауда орталықтарында, адамдар көп шоғырланған жерлерде және шалғай аудандарда топтармен ұйымдастырылған. Вакциналаудың жылжымалы учаскелері білікті медициналық қызметкерлермен және арнайы тоңазытқыш жабдықтарымен жабдықталған.

Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған шаралар кешені коронавирустық инфекция бойынша әлемдік рейтингте жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік бергенін атап өткен жөн.

Германияда коронавирустың үшінші толқыны

Германияда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны соңғы тәулікте 25831-ге өсіп, 247 адам қайтыс болды, деп хабарлады Германияның денсаулық сақтау министрлігінің құрамына кіретін және елде COVID-19 ауруының статистикасын жүргізетін Роберт Кох институты.

Бір күн бұрын 29 426 жаңа жағдай тіркелгені және 293 адамның қайтыс болғандығы туралы хабарланды.

Қазір Германияда коронавирустың үшінші толқыны туралы айтылып жатыр, карантиндік шаралар 18 сәуірге дейін ұзартылды.

Үндістен жұқтырғандар саны жағынан 2-орында

Үндістанда өткен тәулікте коронавирусты 217 353 адам жұқтырды, 1,1 мыңнан астам адам қайтыс болды, бұл елде пандемия басталғаннан бері бір тәулік ішінде жұқтырған және қайтыс болған адамдардың ең көп саны саны болып отыр. Бұл туралы елдің Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Үндістандағы жұқтырғандар санының өсуі 37-ші күні жалғасуда, COVID-19 дан емделіп шыққандар саны 1,56 миллион-ға жетті.

Үндістан коронавирус жұқтырғандар саны бойынша әлемде екінші орында тұр. Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы деректері бойынша, республикада COVID-19-дың 14,29 миллионнан астам жағдайы тіркелген.

Осы аптаның басында мемлекеттік органдар 1 мамырға дейін карантин енгізген болатын. Адамдарға далаға тек маңызды себппен ғана шығуға рұқсат етіледі. Түнгі коменданттық сағат осы мерзімге ұзартылады, тек ауруханалар, полиция мен өрт сөндірушілер, азық-түлік дүкендері, банктер мен сумен, электрмен және интернетпен қамтамасыз ететін ұйымдардың қызметкерлері сияқты негізгі қызмет көрсетушілерге ғана күндізгі уақытта жұмыс істеуге рұқсат етілді.

Сонымен бірге, Денсаулық сақтау министрлігі елдегі вакциналау қарқынының да жоғары екенін айтқан. Министрліктің мәліметтері бойынша, бүгінде 117 миллионнан астам адам екпе алып үлгерген. Тек соңғы күнде вакцина алған адамдардың саны 2,7 миллионға өсті. Қазіргі уақытта елде коронавирусқа қарсы үш вакцинаны қолдануға рұқсат етілген. Олар - «Оксфорд» вакцинасының үнділік нұсқасы Covieshield, отандық Коваксин және ресейлік «Спутник V» вакцинасы. 

Ресей Ұлыбританиямен рейстерді тоқтатуды 1 маусымға дейін ұзартты

Ресейде өткен тәулік ішінде коронавирустық инфекцияның 8944 жаңа жағдайы анықталды. Бұл туралы елдің жедел штабы хабар етті. Аурулардың жалпы саны 4,67 миллионнан асты, ал 4,3 миллионнан астамы емделіп шыққан. Сондай-ақ, 104,3 мыңнан астамы қайтыс болған.

Түркияға рейстерге қойылған шектеулер аясында Аэрофлот Каирге рейстер санын көбейтіп, билеттерді екі есеге арттырады, яғни ұшақтарды кеңірек ұшақтармен алмастырады. Осылайша, компания түрік бағытындағы шығындардың бір бөлігін өтеуді жоспарлап отыр.

Роспотребнадзор Түркия мен Танзаниядан ұшып келген ресейліктерді COVID-19 қарсы қосымша сынақтан өтуге міндеттеуді ұсынды. Сонымен қоса, ведомство осы елдерге ұшатын әуе кемелерінің экипаж мүшелеріне ерекше жағдай жасауды ұсынады.

Ресей Ұлыбританиямен рейстерді тоқтатуды 1 маусымға дейін ұзартты. 2020 жылдың 22 желтоқсанында Ұлыбританияда коронавирустың жаңа жұқпалы түрі анықталғаннан кейін әуе қозғалысы тоқтатылды. Содан бері ұшуға тыйым бірнеше рет ұзартылды. Соңғы рет наурыз айының ортасында 16 сәуірге дейін тоқтатылған еді.

Таиланд

Таиландта Сонгкран мерекесінде COVID-19-дың 1335 жаңа жағдайы анықталғаны туралы хабарланды. Бұл пандемия басталғаннан бергі ең үлкен күнделікті өсім және бір аптадағы үшінші рекорд. Коронавирусты болдырмау үшін сауда орталықтары бейсенбіде ертерек жабылады.

ДДҰ: Коронавирустан қайтыс болғандар саны артты

Соңғы жеті аптада әлемде коронавирустық инфекцияның жаңа жағдайлары көбейіп келеді, бір айдан бері коронавирустан қайтыс болғандар саны артқан. Бұл туралы ДДҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус брифингте мәлімдеді.

«Қаңтар мен ақпан айларында әлемде алты апта қатарынан ауру санының төмендеуі байқалды. Ал, біз қазір соңғы жеті аптада қатарынан ауру санының өскенін байқадық, сондай-ақ соңғы төрт аптада қайтыс болғандар саны көбейген. Азия мен Таяу Шығыстағы бірнеше елдерде әлемде 780 миллионнан астам доза вакцина егілгеніне қарамастан, сырқаттанушылық деңгейінің айтарлықтай өсуі байқалып отыр», - деді ДДҰ басшысы.

Ол вакцинация маңызды және қуатты құрал екенін еске салып өтті. Бірақ бетперде киіп, қол жуып, әлеуметтік дистанцияны  сақтауды жалғастыру қажеттігін баса айтты.

«ДДҰ толықтай локдаун енгізілгенін қаламайды. Біз де қоғам мен экономиканың қайтадан жұмыс істегенін, саяхат пен сауданың қайта басталғанын қалаймыз. Бірақ дәл қазір көптеген елдердегі реанимация бөлімшелері толып, адамдар өліп жатыр. Кейбір елдерде, вирустың таралуына қарамастан, мейрамханалар мен түнгі клубтарда адамдар өте көп, базарлар ашық және онда да адам саны көп, сақтық шараларын сақтайтындар аз», - деп атап өтті Тедрос Адханом Гебресиес.

Ол көптеген жастың Covid-19-дың жағымсыз салдары туралы білмейтіндігін тілге тиек етті.

«Бұл ауру тұмау емес. Жас, сау адамдар қайтыс болды. Біз вируспен ауырғандарда оның қаншалықты ұзақмерзімде әсер ететінін әлі күнге дейін толық түсінген жоқпыз. Ауруды жұқтырған көп адамдар, тіпті жеңіл түрі болса да, ұзақ уақыт сақталатын белгілері бар. Олардың ішінде шаршау, әлсіздік, бас айналу, діріл, ұйқысыздық, депрессия, мазасыздық, буын ауруы, кеуде қуысының қысылуы және тағы басқалары бар», - деді ұйымның бас директор.

Барлық жаңалықтар