• Басты
  • Әлемде коронавирусқа байланысты 1,5 млрд адам жұмыссыз қалуы мүмкін
30 Сәуір, 2020 17:28

Әлемде коронавирусқа байланысты 1,5 млрд адам жұмыссыз қалуы мүмкін

Қазіргі таңда пандемия салдарынан еліміздегі жұмыс орындары уақытша жабылып, қала, аудан-ауылдарға карантин режимі енгізілді. Бұл індеттің зардабын біз ғана емес, дүниежүзі елдерінің түгелге жуығы тартып отыр. БҰҰ-ның халықаралық еңбек ұйымының болжамынша, әлемдегі барлық жұмысшының жартысына жуығы коронавирус пандемиясына байланысты жұмыссыз қалуы мүмкін. Яғни, 1,5 млрд-тан астам адам күнкөріс көзінсіз қалмақ.

Әлемде коронавирусқа байланысты 1,5 млрд адам жұмыссыз қалуы мүмкін

Халықаралық еңбек ұйымының мәліметінше, жұмысқа қатысты тұрақты келісім-шартқа отырмаған адамдардың жағдайы қиын болады. Олардың көпшілігі бөлшек сауда, өндіріс және тамақ өнеркәсібінде жұмыс істейді. Қазірдің өзінде бейресми жұмыс істейтін шамамен екі миллиард адам жалақысының бір бөлігін жоғалтып алды, орташа есеппен 60 пайызын. Бұл әрбір елде пандемия тараған  алғашқы айда орын алды. 

"Миллиондаған жұмысшының табыссыз қалуы - тамақ тапшылығын, болашақтың жоқтығын білдіреді. Дүние жүзіндегі миллиондаған кәсіпорын әрең күн көріп отыр. Олардың жинағы немесе несие алуға мүмкіндігі жоқ. Егер біз оларға қазір көмектеспесек, жағдай қазіргіден де қиындай түспек", - деді ХЕҰ бас директоры Гай Райдер.


Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер карантин шараларын қашан жеңілдетеді. Қазіргі таңда Еуропалық Одақ басшылығы одақ ішінде, сондай-ақ одан тыс аймақтарда азаматтардың қозғалысын қалай қалпына келтіруге болатынын қарастырып жатыр. Туризм еуропалық экономиканың шамамен 10 пайызын құрайды, сол себепті саланы қолдау үшін ЕО министрлері қатысушы елдер арасында дәліздер ұйымдастыруды ұсынуда.

Мамыр айында Франция мемлекеті туристерге саяхаттау үшін бірқатар шектеулерді жеңілдетуді жоспарлап отыр. Медициналық бетперде киіп жүру шартымен адамдарға 100 км-ге дейін саяхат жасауға мүмкіндік берілмек. Осыған орай, сәрсенбі күні Париж қаласы айналасындағы теміржол вокзалдарында жергілікті тұрғындарға жарты миллион маска таратылды.

Германияда да әрдайым медициналық бетперде киіп жүруге кеңес берілген. Алайда, Германияда 14 маусымға дейін басқа елдерге баруды уақытша шегеруді ұсынған. Еуропалық Одақтың басқа мүшелері сияқты Германия да кейбір құрлық шекараларын жауып, 240 мыңға жуық азаматын басқа елдерден қайтарды.

Сондай-ақ Германия жұмысына байланысты екі ел арасында жүруге мәжбүр болған поляк жұмысшыларына қатысты карантин шектеулерін жеңілдетті. Алайда, Польша өзінің шараларын алып тастаған жоқ. Сырттан келгендер әдеттегідей екі аптаға карантинге жатқызылады. Бұл елдің кейбір шекаралас қалаларында наразылық тудырып отыр.

Дегенмен, Польша 4 мамырда қонақүйлер мен сауда орталықтарын ашатынын мәлімдеді, бірақ шекараны қашан ашатыны әлі күнге белгісіз. 

Сонымен қоса көптеген еуропалықтың жазда алатын жыл сайынғы демалысының жай-күйі әлі белгісіз. Франция бұған дейін елдегі жағажайлар кем дегенде маусымға дейін жабық болатынын айтты. Ал, Испания премьер-министрі жағажайлардың тек маусымның соңында ғана ашылатынын атап өтті.


АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар саны миллионнан асты. Америка Құрама Штаттарында қазірдің өзінде миллионнан астам адам коронавирус жұқтырған, ал қайтыс болғандар саны Вьетнам соғысы кезінде қаза тапқан американдықтардың санына жетті.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, АҚШ-та 1 млн 13 мың адам індетке шалдыққан, ал 58 мыңнан астам адам қайтыс болды.

АҚШ Өкілдер палатасы келесі аптада өтетін жиынға жиналмайды. Конгрессмендердің сөзінше, жұмысқа оралуға әлі ерте. Дүйсенбі күні конгрессмендер қайта жиынға шақырылды, алайда Демократиялық партия жетекшісі Стени Хойер дәрігерлермен кеңескеннен кейін бұл жоспардан бас тартатынын айтты. Ал республикалықтар басқарып отырған американдық парламенттің жоғарғы палатасы Сенат 4 мамырда жұмысын қайта бастауды жоспарлап отыр. 

Әлемде көптеген қарт адамдар қашықтықты сақтауға байланысты немерелерімен кездесе алмайды. Ал Швейцария болса, 10 жасқа дейінгі балаларға ата-әжелерімен құшақтасуға рұқсат беру арқылы карантиндік шараларды жеңілдете бастады. Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі Даниэл Кохтың айтуынша, швейцариялық мамандар кішкентай балалар инфекцияның таралуына айтарлықтай ықпал ете алмайды деген тұжырымға келген.

Дегенмен, көптеген ғалым мұндай тұжырымдамамен келіспейді. Германияның бас вирусологы Кристиан Дростен австриялық ORF телеарнасына берген сұхбатында балалардың коронавирусқа шыдамайтынына дәлел бола алатын деректер жоқ екенін мәлімдеді. Ол осы тақырыптағы түрлі ғылыми зерттеулер әртүрлі нәтиже беретінін атап өтті. Қытай ғалымдарының наурыз айының соңында жүргізген зерттеуіне сәйкес, 10 жасқа дейінгі балалар мен ересектерде коронавирус жұқтыру мүмкіндігі бірдей. 

Ал Қытай COVID-19-дың 22 жаңа жағдайы тіркелгенін хабарлады, оның ішінде 21 науқас елден тыс жерде жұқтырған. Ал қайтыс болғандар жөнінде ақпарат жоқ. 

Сондай-ақ Вьетнам үкіметінің мәліметінше, соңғы 13 күнде де ел аумағында жаңадан коронавирус жұқтырғандар тіркелмеген.  Шамамен бір апта бұрын елдегі карантин талаптары жеңілдетіле бастады. 

Оңтүстік Кореяда да инфекция жұқтырғандар саны азайған. Ақпан айында жұқтырғандар саны күрт артқан, ал бірнеше айдан кейін тәулігіне тек тоғыз адамнан COVID-19  анықталған.

Сонымен қатар Ирландия экономиканы қолдау үшін шектеулерді жеңілдеткеніне қарамастан, карантинді ұзартуға ниетті. Елдің премьер-министрі Лео Варадкар 5 мамырдан бастап карантинді жеңілдетуге болмайтынын, себебі коронавирус инфекциясын жаңадан жұқтырғандар мен қайтыс болғандар көрсеткіші әлі де жоғары.  Сонымен қатар реанимация бөлімшелеріндегі жүктеме де азаймағанын айтқан. Премьер-министр үкіметпен бірге қайта бұрынғы өмірге оралу стратегиясын талқылауға сөз берді.

Қазақстанда да төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін ұзартылды. Алайда, басқа мемлекеттер секілді бізде де карантин шаралары жеңілдетілді. Мәселен, 1 мамырдан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан арасында әуе рейстері ұша бастайды. Сондай-ақ қазақстандықтарға аулада қыдырып, саяжайға баруға рұөсат етілді. Десек те, мемлекет басшысы өз мәлімдемесінде "егер жағдай тұрақталмаса, карантиннің одан әріге ұзаруы мүмкін" екенін атап өткен еді.

Айта кетейік, Сoronavirus2020.kz сайтының хабарлауынша, Қазақстанда 3 356 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Ал 868 науқас емделіп шықты.

Назерке Сүйіндік

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды