• Басты
  • Жаңа әліпби: «Бұл әліпбиді орфографиялық жұмыс тобының 95%-ы қолдады»

Жаңа әліпби: «Бұл әліпбиді орфографиялық жұмыс тобының 95%-ы қолдады»

29 Қаңтар, 2021 15:59

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері, Ұлттық комиссия жанынан құрылған Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі Гүлфар Мамырбек латын әліпбиінің орфографиялық заңдылықтарына қатысты Strategy2050.kz тілшісіне сұхбат берді.

Гүлфар апай, латын әліпбиіне көшу процесінде қандай жаңалықтар бар?

Латын әліпбиіне көшу қажеттілігі туралы мәселе тәуелсіздік алғаннан бері айтылып келе жатыр. Бұл мәселені ең алғаш А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары көтерді. Академик Әбдуәли Қайдарұлының бастамасымен латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің нұсқасы жасалды, әріптердің фонетикалық, графикалық мазмұнына қатысты ғылыми ұстанымдар мен әліпби түзудің принциптері айқындалды. Жетілдірілген әліпби осы ғалымдар құрастырған жобаның негізінде жасалып отыр. Былайша айтқанда латын әліпбиін қабылдау мәселесі ғалымдар арасында отыз жылға жуық зерттеліп, жан-жақты талқыланды. 2017 жылы Тұңғыш Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырған болатын. Міне, сол кезден бастап 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшудің жоспары жарияланып, жаңа әліпби бекітілді. Алайда бекітілген әліпбидегі жазылым мен оқылымдағы кемшіліктер қоғам тарапынан сынға ұшырағаннан кейін Президент Қ.Тоқаев 2019 жылы қазан айында ғалымдарға әліпбиді жетілдіру туралы тапсырма берді. Орфографиялық жұмыс тобының мүшелері бір жыл бойы бекітілген әліпбиді жетілдірумен шұғылданды, ғалымдар талқысынан бөлек Республикалық деңгейде апробациядан өтті, өңірлердегі тіл мамандары, студенттер мен оқытушылар арасында сынамасауалнама жұмыстары жүргізілді. Нәтижесін Орфографиялық жұмыс тобына ұсынып, жұмыс тобы мүшелері сынама қорытындысы негізіндегі ескертпе мен ұсыныстарды мұқият талқылаудан өткізді. Ғалымдар мақұлдаған әліпбиді 2019 жылғы 9 қарашада Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Президентке таныстырды, Президент Ұлттық комиссияның қарауына жіберген болатын. Кеше Ұлттық комиссия ғалымдар ұсынған әліпби жобасын мақұлдады. Бұл әліпбиді Орфографиялық жұмыс тобының 95 пайызы қолдаған.

Әліпби құрамындағы таңбаларға қатысты қандай ерекшеліктер бар?

Әліпби «бір дыбыс-бір таңба» принципіне негізделіп отыр. Алдыңғы әліпбиде диграф (екі әріптің қосындысы) таңбалар болған, жетілдірілген әліпби құрамында ондай таңбалар жоқ. Төрт диакритикалық белгі бар, олар: умлаут, макрон, бревис, седиль. Умлаутпен жіңішке дауысты дыбыстар – Ää, Öö, Üü (Әә, Өө, Үү), макронмен жуан дауысты дыбыс Ūū (Ұұ), бревиспен ұяң дауыссыз Ğğ (Ғғ), седильмен ызың дауыссыз Şş (Шш) беріледі. Ч дыбысының таңбасы алынып тасталды. Халықаралық транскрипцияда Ы дыбысы Ү әрпімен жазылатындықтан, ы-ға осы таңба алынды. Ы дыбысына түрік әліпбиіндегі Iı таңбасын алу керек деген пікірлер айтылды. Алайда бізде жіңішке і дыбысы бар болғандықтан, Iı таңбасы мәтін ішінде жуан дыбыстан гөрі жіңішке дыбыстың мазмұнын береді. Мысалы Sydyq/Sıdıq, tуsу/tısı, ysydy/ısıdı, şyğys/şığıs т.б.

 Латын әліпбиіне негізделген емле ережелері туралы айтсаңыз.

 Әліпбимен бірге емле ережелері де даярланды. Емле ережесі тоғыз тараудан тұрады: әріптердің емлесі; түбір сөздердің емлесі; бөлек жазылатын сөздердің емлесі; бірге жазылатын сөздердің емлесі; дефиспен жазылатын сөздердің емлесі; бас әріппен жазылатын сөздердің емлесі; қысқарған сөздердің емлесі; кірме сөдердің емлесі; сөздердің тасымалдануы. Емле ережесіндегі ең басты ерекшелік кірме сөздердің жазылуында болып отыр. Латын әліпбиіне негізделген қазақ әліпбиінде 31 таңба ғана, ал қазір 42 таңбаны қолданып отырмыз. Әліпбиде ь, ч, ё тәрізді әріптер жоқ. Сондықтан енді älbom (әлбом), şempion (шемпион), aktör (актөр) деп жазатын боламыз. Яғни бөтен дыбыстардың таңбаларынан арылып, кірме сөздерді қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына сәйкестендіріп жазуға бет бұрамыз.

 Әліпбиді кімдер даярлады, қанша адам жұмылдырылды?

Мақұлданған әліпи жобасын Үкімет жанынан құрылған Ұлттық комиссияның Орфографиялық жұмыс тобы ғалымдары даярлады. Орфографиялық жұмыс тобының мүшелері Тіл білімі институтының, «Тіл-Қазына» орталығының, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ғалымдары. Бекітілген әліпбиді жетілдіру барысында Орфографиялық жұмыс тобының 11 ресми отырысы өтті. Кеңейтілген отырысқа техникалық топтың ІТ мамандары, сондай-ақ терминологиялық, әдістемелік жұмыс тобының мүшелері де шақырылып, әліпбидегі өзгерістер жан-жақты талқыланды. Нәтижесінде бұл әліпбиді Орфографиялық жұмыс тобының 95% қолдады.

Латын әліпбиін қабылдау кирил жазуына үйренген халық үшін қаншалықты қиын болмақ?

Халық кирил әліпбиімен сауатын ашып қалыптасқанмен, латын әліпбиін білмейтін адам кемде-кем. Себебі, сонау кеңестік кезеңнің өзінде кез келген мектепте не ағылшын, не неміс тілі пән ретінде оқытылды. Егемендік алғаннан кейін мектептер мен ЖОО-да ағылшын тілі міндетті оқытылатын пән ретінде тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Яғни біздің қоғам 100 пайыз латын әліпбиімен жақсы таныс. Сондықтан латын әліпбиіне негізделген жаңа қазақ әліпбиін меңгеріп кету көп қиындық тудыра қоймайды. Тек емле ережелеріндегі өзгерістерді меңгеріп алса болғаны. Оны үйрету үшін арнайы оқыту курстары ұйымдастырылатын болады. Оқыту курстарында ең алдымен тренерлер, яғни латын әліпбиі мен емле ережелерін үйрететін мамандар даярланатын болады.

Әңгімеңізге рақмет! Сәттілік тілеймін!

Барлық жаңалықтар