• Басты
  • Латын графикасы прогреске, озық технологияға, өркениетке жол ашады – Зейнеп Базарбаева

Латын графикасы прогреске, озық технологияға, өркениетке жол ашады – Зейнеп Базарбаева

20 Қаңтар, 2021 14:01

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Зейнеп Мүсілімқызы Базарбаева Strategy2050.kz тілшісіне берген сұхбатында латын әліпбиінің қолданысқа енуі туралы жаңа деректер айтты.

Зейнеп Мүсілімқызы, қазақ жазуында түбейгелі реформалар қашан болады деп күтілуде? Латын әліпбиіне көшеміз бе?

Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық кеңестің отырысында қазақ тілін реформалау жөнінде айтқан болатын. Тілдік реформа дегенді кең мағынада түсіну керек. Бұл тек кирил негізді әріптерді латын негізді әріптерімен ауыстыру ғана емес, бұл жалпы қазақ тілінің жазуын жаңаша жаңғырту деген сөз.

Қазақ тілін латын графикасына көшіруді асықпай кезең-кезеңімен орындау керек. Осы реформаны дұрыс атқару үшін тілдің тарихын, оның диалектикалық дамуын, жазудың теориялық негіздерін білу керек. Фонетика-фонология, орфография мәселелерінен хабардар болу керек. Бізден ертерек латын графикасына көшкен елдердің тәжірибесін де ескеру қажет. Осы проблемалармен шұғылданатын әрине ғалымдар. Сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл ұлкен көкейтесті мәселені тілші-ғалымдарға тапсырып отыр.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылға қарай латын әліпбиі қолданысқа енетіндігін, ісқағаздары, оқу құралдары, мерзімді баспасөз де латын қарыптерімен шығарыла бастайтындығын жеткізді. Латын графикасы арқылы біз әлемдік ақпараттық кеңістікке кіреміз. Бұл үлкен жетістік және бұның тарихи мәні өте жоғары. Сонымен тілдік реформаны рухани жаңғырудың бір негізгі бөлігі ретінде қарастыруға болады.

Сіз көп жылдан бері осы мәселені зерттеп келе жатқан лингвист мамансыз. Қазақ тілінің алфавиті ауысса бізге одан қандай пайда?

Латын графикасы прогреске, озық технологияға, өркениетке тікелей жол ашады, және жаһандық процеспен тығыс байланысты. Елдердің 70-80 пайызы латын графикасын пайдаланатыны белгілі. Сондықтан ақпараттық жүйелер арқылы басқа елдер біздің мәдениетімізбен, тарихымызбен, дәстүрімізбен еркін танысады.

Қазіргі модернизация, инновация, цифровизация заманында латын графикасы арқылы глобальды коммуникацияға кіруге болады және латын жазуына көшкенде еліміздің бәсекелестігі артады, соның нәтижесінде халықаралық дәрежеге шығуына мүмкін тудырады, кеңістігіміз ұлғайып, көкжиегіміздің кеңеюіне жол ашылады.

Қазір бәріміз интернетті, әртүрлі гаджеттерді пайдаланамыз. Бізге күнде-күнде латын графикасында ақпарат келеді, біз оған жауап береміз. Біздің жастарымыз латын жазуын білуге ынталы. Себебі өз карьерін жасау үшін олар дамыған елдердің жазуын білу керек және латын жазуын олар жоғары сапамен және жетістіктірмен байланыстырады. Сонымен жаңа әліпби табысты өзгерістер алып келеді, оның артықшылығы күмән тудырмайды.

Қазақтың «ә» әрпі латын әліпбиінде жоқ. Оны қалай жазатын боламыз? Тағы осындай әріптер қалай болмақ?

 Дұрыс айтасыз, латын әліпбиі 26 әріптен тұрады. Ал дыбыстардың саны одан көп. Бұл тек «ә» - ға қатысты емес. Қазақ тілінде тағы жіңішке дыбыстар, мұрынжолды, жуысыңқы дыбыстар бар. Соларды белгілеу үшін диакритикалық таңбалар пайдаланады. Диакритикалық таңбалар әріпүсті және әріпасты болады. Әр таңбаның өзінің фонетикалық мазмұны бар. Жіңішке дауыстылар (ә, ө, ү) умлаут деген диакритикалық таңба арқылы беріледі. Бұл әріпүсті екі нүктелі таңба. Умлаут – түрік, әзірбайжан, өзбек, түркімен, және неміс, фин және т.б. тілдердің әліпбилерінде жіңішке дауыстылардың жеке таңбасын жасайтын диакритикалық белгі. Сондай-ақ халықаралық фонетикалық әліпбидегі стандарттық мазмұны да осындай. Умлаут диакритикасын ә – ä, ө – ö, ү - ü дыбыстарын таңбалауда қолданылады. Мысалы, әлем деген сөз былай жазылады – älem. Міне, сіздің сұрағыңызға жауап.

Соңғы жүз жылда қазақ тілі араб әліпбиін, кириллицаны, руна, төте жазуды пайдаланды. Неге таңдау латын әліпбиіне түсті? Неге, мысалы, араб әліпбиіне емес?

Иә, қазақ жазуында бірнеше графика пайдаланылды. Көне заманнан бері қазақтар әртүрлі жазу жүйесін пайдаланып келген. Олардың алғашқысы басқа да түркі халықтарына ортақ болған руна жазуы.

Бірнеше ғасыр бойы қазақ халқы араб графикасына негізделген әліпби жүйесін пайдаланып келген. А.Байтұрсынұлы араб графикасын қазақ тіліне икемдеп, төте жазуды ұсынған болатын. 1929 жылдан 1940 жылға дейін қазақ тілі латын графикасын пайдаланған. 1940 жылдан бері қарай кирил графикасы әліпбиін қолданып келеді.

Араб жазуын алатын болсақ, бұл ислам дінімен байланыстырушы үлкен құрал. Қазақстанда араб жазуы ислам діні арқылы 7-9 ғасырлар аралығында таралған. Ал қазіргі кезде дүниежүзілік ақпаратта латын әліпбиін орны үлкен, қазақ тілінің латын графикасына көшуі қазақ тілінің дамуына және жаңа технологияға бағытталған, сондықтан бұл реформа көкейтесті мәселе болып табылады және оның мазмұны өте зор.

Шетелде 5 миллион отандастарымыз бар, Еуропада, Азияда, Америкада. Олардың көбісі кирил графикасын білмейді, бір-бірімен халық-аралық жазуды пайдаланады. Халық-аралық жазу латын графикасына негізделген. Гуманитарлық, экономикалық, саяси байланыстар нығаяды, кеңиді, тереңдиді. Латын әрпіне көшу – түбі бір, тарихы ортақ түркі халықтарымен жақындастыра түсетіні де маңызды факторлардың бірі. Олармен бірлесе отырып, гуманитарлық ғылыми зерттеулерді жаңа сатыға көтеруге мүмкіндіктеріміз көбейеді.

ТМД елдерінің ішінде латын әліпбиіне көшу мәселесі тек Қазақстанда көтеріліп жатыр ма? Қырғызстан, Татарстанда да кирил графикасы қолданылады ғой?

Қазақ тілін латын графикасына көшу мәселесінін тарихына келетін болсақ, 1992 жылы Түркияда халықаралық конгресс өтеді. Оған ыдыраған Кеңес мемлекетінен түркі тілдес халықтар шақырылған болатын. Күн тәртібінде бірнеше мәселелер қарастырылып, соның ішіндегі ең бастысы және негізгісі түркі халықтарының жазуын латын графикасына көшіру болды. Бұл конгреске А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтынан академик Әбдуали Қайдар қатысып, елге оралғаннан кейін өзінің алғашқы қазақ жазуын латын қарпіне көшіру жобасын ұсынды.

Содан бері 30 жыл өтіпті. Қазақстандықтар ойланып жүргенде, біздің көрші-ағайындар: өзбек, әзірбайжан, түрікмендер латын жазуына көп ұзамай көшіп алды. Бірақ біз де уақытты бос өткізген жоқпыз. Қоғамдағы саяси-әлеуметтік, экономикалық жетістіктер халықтың санасын, намысын оятып, жаңа табыстарға жетелейді. Қазіргі кезде біздің жас мемлекетіміз өсіп, нығайып, әлеуметтік және нарықты реформалардың өркендеуі арқасында тұрақты және дамыған мемлекетке айналды. Енді латын жазуына көшу проблемасы қайтадан қолға алынып, күн тәртібіне енді. Түркі тілдес елдерінің ішінде латынға өтпеген тек Қырғызстан. Қазақстан латын графикасына ойдағыдай көшсе, Қырғызстан да бізге қарап латиницаға өтер. Татарстанның орны бөлек, ол Ресей федерацияның құрамында.

Жалпы түркі әлемін алатын болсақ, түркітілдес елдерінің көбісі латын графикасын пайдаланып жүр. Біздің көрші-ағайындарымыз латын қарпіне бұрыннан өткен. Біз ең соңғы болып өтіп жатырмыз. Біздің тіліміз бір, жазуымыз бірдей болса қарым-қатынасымыз одан әрі дамиді.

 Неге латын әліпбиіне өту процессі тым ұзаққа созылды?

Қазақ тілін латын әліпбиіне өту процессі бірнеше кезеңнен тұрады.

Бірінші кезең 2018-2020 жылдарды қамтиды. Бұл кезеңде дайындық жұмыстары және нормативтік құқықтық базаны жетілдіру бойынша іс-шаралар жүргізілді. Латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиінде дұрыс жазу ережелері дайындалды. Латын графикасына мәтіндік қайта кодтаушыға арналған конвертер бағдарламасы әзірленді.

Екінші кезең — 2021-2023 жылдар. Бұл кезеңде ұйымдастырушылық және әдістемелік шаралар өткізіледі. Оқытушылар мен ересек тұрғындарды үйрету үшін орталықтарға филологтар мен тілші лингвист ғалымдарды тарта отырып, семинарлар мен дәрістер, курстар ұйымдастырылады. Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаттары мен жеке куәліктерін және басқа да құжаттарды латын графикасы негізіндегі мемлекеттік тілде беруді қамтамасыз етіледі.

Үшінші кезең – 2024-2025 жылдар. Мемлекеттік және жергілікті мемлекеттік органдардың ісқағаздарын, сондай-ақ мемлекеттік БАҚ-ты және мемлекеттік баспа басылымдарды латын графикасына (кезең-кезеңмен) көшіру, сондай-ақ білім беру ұйымдарының ісқағаздарын латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру ұйымдастырылады.

Алғашқы екі әліпбидің жобасында (біріншісі – диграфты жоба, екіншісі апострофты жоба) олқылықтар мен қателер өте көп болатын. Сондықтан 2018 жылдың 18 ақпанында латыннегізді жаңа қазақ әліпбиі бекітілді. Қазақ тілінің ұлттық дыбыстары «акут» арқылы белгіленді. Акут дегеніміз әріпүсті диакритикалық таңба. Әліпби 32 әріптен тұрған, соның ішінде 6 әріп акутпен және ш мен ч әріптері диграфпен таңбаланған. Дегенмен бұл әліпбиде де кемшіліктер болатын. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиін жетілдіру бойынша галым-тілшілерге тапсырма берген. Ғылыми талдаудың нәтижесінде бекітілген әліпбидің негізгі кемшіліктері түзетілді.

Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, әліпбидің жетілдірілген жобасында ұлттық дыбыстар «акут» диакритикалық таңбаның орнына «умлаут», «бревис», «макрон», «седиль» деген диакритикалық таңбалар арқылы берілген. Енді Мемлекет басшысы жобаны апробациядан өткізу тапсырма берді.

Әңгімеңізге рақмет, Зейнеп Мүсілімқызы!

Барлық жаңалықтар