• Басты
  • Ұлағатты ұстаз, білікті ғалым және ерекше тұлға

Ұлағатты ұстаз, білікті ғалым және ерекше тұлға

22 Мамыр, 2021 12:50

Филолог-журналист Серік Шешенбайұлы Тахан 1955 жылы 18 мамырда Қарағанды облысы Ақтоғай ауылында қызметкер отбасында дүниеге келді. Ақтоғай ауылының орыс орта мектебін аяқтаған соң, 1971 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне түсіп, оны 1976 жылы «Филолог. Орыс тілі мен әдебиеті оқытушысы» мамандығын аяқтады. Еңбек жолын 1976 жылдың тамызында Қарағанды облысы Ақтоғай ауылының орыс орта мектебінде орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып бастады. 

1978-1999 жылдар аралығында Жезқазған педагогикалық институты филология факультетінің оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, сырттай оқу бөлімінің деканы, филология факультетінің деканы, ал 1997 жылдан Жезқазған қаласындағы педагогикалық және тау-кен-технологиялық институттарының біріктірілуі негізінде құрылған Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті филология факультетінің деканы. 1999 жылдан бері Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті Филология факультетінің Журналистика кафедрасының меңгерушісі және декан қызметін атқарды. Е.Бөкетовтің әлем классиктерінен аудармаларын (У.Шекспир, Д.Флетчер, В.Маяковский, С.Есенин) баспаға дайындау барысында негізгі ғылыми-мәтінтану жүмыстарын орындады. Білім беру саласындағы еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталды (1995 ж.). 2011 жылдың Жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы мемлекеттік гранттың иегері болып табылады. 2010 жылдың сәуір айларында ҚР Президентінің «Болашақ» бағдарламасы бойынша Варшава университетінің Русистика институтында ғылыми тәжірибесін ұштады.

Бүгінгі таңда Серік Шешенбайұлы Тахан Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасында профессор қызметін атқаруда. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰҰ-ның жанындағы докторлық диссертацияларды қорғау бойынша мамандандырылған Кеңестің мүшесі болды. С.Ш. Таханның жетекшілігімен 1 кандидаттық диссертация қорғалды.

Филология ғылымдарының докторы (1999 ж.), профессор (2010 ж.) Серік Шешенбайұлы Тахан 3 монография, 5 оқулық және оқу құралының, 60-тан аса ғылыми мақалалардың авторы. Докторлық диссертациясының тақырыбы: «Қазақ прозасындағы әдеби характерлерді ашу ұстанымдары». Докторлық диссертациясының негізінде жазылған «Қазақ прозасындағы әдеби характерлерді ашу ұстанымдары» атты монографиясында С.Ш.Тахан қазіргі қазақ әдебиетіндегі әдеби характер теориясының көптеген қырларын зерделейді. Жұмыста әдеби характер генезисі мен этногенездің өзара қатынасы, ұлттық дүниетанымның мәдени идентификациясы тұрғысынан қазақ прозасындағы адам бейнесін қалыптастырудың тәжірибесі алғаш рет талданады. Адам мен оның рухани құндылықтарын ашудағы Абай қара сөздеріндегі дәстүр одан әрі ұлттық сананың қалыптасуының дамуына әкелді. Сонымен қатар М.Дулатов, Ш.Құдайбердиев, С.Көбеев, Б.Майлин, М.Жұмабаевтардың көркем бейне жасаудағы әрбір адамның жақсылыққа, мейірімділікке, әділеттілікке қол жеткізуінде Абай пафосы анық байқалады. С.Ш. Тахан көркем әдебиеттегі көркемдік-эстетикалық пафос қазақ прозасында алпысыншы-сексенінші жылдары туды деген қорытынды жасайды.

Монографияда қазіргі қазақ прозасындағы адам бейнесі нақты рухани тұлға ретінде бейнеленеді деп тұжырымдайды. Бұл рухани тұлғаны ұлттық-халықтық, қоғамдық тұрмыстан тыс бөліп қарай алмаймыз. М.Әуезовтің «Абай жолы», Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінен» бастап қазақ прозасындағы ата-баба тарихына деген құрмет, тарихи таным, рухани өмір мен табиғаттың бірігуі, көптеген рухани-адамгершілік қағидалар генетикасы көркем бейненің мағыналық элементі. Монографияда ұлттық характердің қазіргі таңдағы тұжырымдары жан-жақты талданады және көркем антропология мен тілдік түрдегі виртуалды адамның ұлттық дүниетанымының көрініс беруі туралы материалдардың молдығы басты назар аудартады.

«Әдебиет және руханият» (2007 ж.) кітабы С.Ш. Таханның қазіргі әдебиеттанудың әдіснамасына, қазақ және орыс әдебиетінің тарихы мен теориясына, қазақ публицистикасына арналған әр жылдары жазылған ғылыми-зерттеушілік мақалаларынан тұрады.

С.Ш.Таханның ғылыми ізденістерінде орыс және қазақ прозасындағы көркем антропологияның құбылыстары мен фактілерін теориялық тұрғыдан зерделеу ерекше орын табады. Еңбектерінде ҚР-да журналист мамандарды даярлаудағы бағдарламалармен қамтамасыз етуге байланысты маңызды мәселелері де көтеріледі. Ғалымның «ХХ ғасырдағы орыс әдебиетінің тарихы» атты оқу құралы ХХ ғасырдағы орыс әдебиетінің дамуындағы негізгі бағыт-бағдарларға арналады. Көркем шығарманың жанрлық-стилистикалық ерекшеліктерін талдай отырып, әдеби өмірдің басты қырларына панорамалық шолулар жасайды. Автор Буниннің, Шолоховтың, Шукшиннің шығармашылықтарына арнайы зерттеген ғалым.

Соңғы жылдары С.Ш. Тахан қазіргі әдебиеттанудың өзекті мәселелеріне, ғылыми ізденістерінде орыс және қазақ прозасындағы көркем антропологияның компаративистік құбылыстары мен фактілерін теориялық тұрғыдан зерделеуге, Ә.Бөкейхановтың публицистикалық шеберлігіне арналған көптеген мақалаларын еліміздің және алыс-жақын шетелдің жетекші ғылыми басылымдарында жариялауда.

С.Ш. Тахан – 200 ғылыми мақаланың, 3 монография мен 4 кітаптың авторы. Соңғы жылдары «Литература и духовность», «Современники и контекст (Исследования, статьи и выступления)», «Тексты в социокультурном измерении» кітаптар мен монографиялар жазды және шығарды. «Концепции, дискурс-анализ, компаративистские подходы» (Германия, «Palmarium Academic Publishing», баспасы 2015), «Text in the Socio-cultural Dimension». С.Ш. Таханның 10 ғылыми мақаласы ағылшын тілінде жарық көрді, Scopus-басылымдары бар.

Республиканың жоғары оқу орындарында жұмыс істеген жылдары оның басшылығымен жүзден астам дипломдық жұмыстар, 20 магистрлік диссертациялар қорғалды, 1 филология ғылымдарының кандидаты және 1 PhD докторы дайындалды. Қазіргі уақытта оның ғылыми жетекшілігімен 3 PhD докторлық диссертация аяқталуда. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰҰ-ның жанындағы докторлық диссертацияларды қорғау бойынша мамандандырылған Кеңестің мүшесі болды.

Серік Шешенбайұлы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысының Журналистика сериясы бойынша бас редакторының орынбасары және шетелдік авторларды журналмен ынтымақтастыққа тарту жөнінде елеулі ғылыми-ұйымдастырушылық жұмыс жүргізеді. Сондай-ақ, Журналистика және саясаттану факультетінің Ғылыми кеңесінің мүшесі. С.Ш. Таханның Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының ресейлік жоғары оқу орындарының бейінді кафедраларымен ынтымақтастығын ұйымдастыру ісіне қосқан үлесі табысты.

«Шәкіртсіз ұстаз-тұл» демекші шәкірттері ұстазымен мақтан етсе, Серік Шешенбайұлы шәкірттерімен мақтанады. Қазақтың ақыны Абай: «Қоғамның басты байлығы – адам болса, сол адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан», - деп асқан көрегендікпен айтқан екен. Дәл осы теңеу сөз ғалым-ұстаз Серік Шешенбайұлына арналып айтылған. Серік ағадай ұстаздан тәлім алған шәкірттері ұстаз ізін жалғап, қазақтың келешегі үшін қызмет етіп, қазақтың келешегі өз үлестерін қосатыны шүбәсіз!

 

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының аға оқытушысы, шәкірті

Д.Ө. Байгожина

Барлық жаңалықтар