• Басты
  • Л.Әділова: Президент жастар кадрлық резервіне өту - үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік
20 Қаңтар, 2020 18:40

Л.Әділова: Президент жастар кадрлық резервіне өту - үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік

Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында Президенттік жастар кадрлық резервін құру туралы тапсырма берген еді. Сөйтіп өткен жылы байқау жарияланып, қатысуға 13 мың жас қазақстандық өтініш білдірді. Нәтижесінде еліміздегі талантты деген 300 жас таңдалып алынған болатын. Сондай жастың бірі Ақтөбе қаласының тумасы, мұнай-газ саласының білікті маманы - Ләззат Әділова. Мектеп қабырғасынан бастап қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, сабағын тек бестікке оқыған Ләззат іріктеуден өту өзі үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік екендігін айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі. 

Л.Әділова: Президент жастар кадрлық резервіне өту - үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік

Ләззат Әділова Ақтөбе қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Өзінің айтуынша, оқушы, студент кезінде қоғамдық шараларға белсенді түрде араласып, әртүрлі жобалар жасауға қатысқан. 

"Мен Ақтөбе қаласының тумасымын, қарапайым отбасында дүниеге келдім. Мектеп қабырғасынан бастап белсенді, үлгерімім өте жақсы, қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде қатысып тұратынмын. Кейін мектепті алтын белгімен аяқтап, елордадағы Гумилев атындағы Еуразиялық университеті Халықаралық қатынастар факультетінің студенті атандым. Студенттік жылдары да аталмыш жоғары орнындағы қоғамдық жұмыстарға қатысып, түрлі шараларды ұйымдастырдық. Қытай, ағылшын, түрік тілдерін де еркін меңгердім. АҚШ, Түркия елдерінде біліктілікті арттыру бойынша курстардан өттім. Бакалаврды аяқтаған соң, Қытай үкіметінің шетелдік студенттерге арналған стипендиясын жеңіп алып, екі жыл магистратурада оқыдым", - дейді Ләззәт. 

Өзінің айтуы бойынша, Қытайда оқыған жылдары да үздіктердің қатарынан табылған. Содан болар оқуын аяқтаған соң түрлі халықаралық компаниялар мен ұйымдардан жұмысқа шақырту алған. Алайда өзін қазақ елінің патриоты санайтын Ләззат Қазақстанның гүлденуіне, дамуына үлес қосып, теңізге тамған тамшыдай болсын өзінің септігін тигізу үшін елге оралған.

photo5271567805013142757.jpg

"Қытайда да үздік студенттердің бірі болдым. Онда студенттерге талап өте қатаң, біздің түскі ас пен кешкі асты есептемегенде таңғы 8-ден кешкі 10-ға дейін сабақ оқитынбыз. Таңғы екі сағат пен кешкі екі сағат студенттердің өздеріне жеке оқуы үшін бөлінеді. Сондай-ақ технологиялық жағынан дамыған. Десек те, тәртіп керемет. Сонымен бірге студенттерге түрлі жеңілдіктер жасалған. Оларға арнайы карта беріледі, сол картаға ақша салып, асхана, коммуналды қызмет секілді дүниелерді атамыш карта арқылы төлейміз. Сонда арзанға шығады. Кейін оқуымды тәмәмдаған кезде бірқатар халықаралық компания мен ұйымдар қызметке шақырды, алайда мен Қазақстанға оралып, Ақтөбедегі мұнай-газ саласына жұмысқа тұрдым. Себебі отанымның дамуына өз үлесімді қосқым келеді", - деді ол ағынан жарылып. 

Сөйтіп бүгінгі күні Ақтөбе қаласы "Сағыз Петролиум Компани" компаниясының бас менеджері болып қызмет атқарады. Сондай-ақ Президент жастар кадрлық резерві жобасының жеңімпазы Ләззат өзі жұмыс істейтін компаниядағы да қоғамдық шараларды ұйымдастырып қана қоймай, жастарға қолдау көрсететін Жас мамандар кеңесінің негізін қалаушылардың бірі. Өзінің айтуынша, бұл қызметтері үшін ешқандай қаражат алмайды.

"Мен жұмыс істейтін компаниядағы Жас мамандар кеңесінің негізін қалаушылардың бірімін және аталған кеңес төрағасының орынбасарымын. Кеңес жастарды қолдау, олардың қолға алған жобаларына бағыт беру, жобалары мен идеяларын талқыға салу, белгілі бір әлеуметтік мәселелерді шешумен айналысады. Біз ол үшін ешқандай жалақы алмаймыз. Былтыр жастар жылы аясында бірқатар шара атқарылды. Мәселен, Ақтөбе қаласында Қазақстандағы мұнай-газ саласының 120 жылдығына байланысты конференция ұйымдастырдық.  Ақтөбеде мұнай-газ саласында қызмет атқаратын жастар шақырылды. Шара барысында саладағы түрлі проблемалық мәселелер айтылып, талқыға салынып, нәтижесінде соларды шешу үшін ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар аталған кеңестің мүшелері жыл сайын жағдайы төмен отбасылардағы мектеп оқушыларын сөмке, киім-кешек, оқу құралдары секілді мектепке қажетті нәрселермен қамтамасыз етіп отырамыз", - деді ол.

Сондай-ақ ол еріктілер жылы аясында да бірқатар шара жоспарланғанын атап өтті. Сонымен қатар оның айтуынша, кеңес биыл да жастарды қоғамдық жұмыстарға тартып, әрі қолдау көрсетіп, жастарға қатысты шараларды өткізуді жалғастырады.  

photo5274107586678992866.jpg

Сонымен қатар кейіпкеріміз тек Президент жастар кадрлық резерві жобасының жеңімпазы ғана емес, мұнай-газ саласына қатысты халықаралық байқаулардың да жүлдегері.  

"2017 жылы Бейжің қаласында өткен мұнай-газ саласы бойынша өткізілген жарыста мен әлем бойынша екінші орынды иелендім. 2018 жылы Қытай төрағасының бастамасымен жүзеге асып жатқан "Бір жол - бір белдеу" бағдарламасы негізінде Қытайға оқуға шақырылдым. Бір ай бойына Шанхай қаласында білімімді жетілдірдім. Халықаралық ынтымақсаттықты дамыту, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытуға, жақсартуға өз үлесімді қосып жүрмін", - деді Ләззат.   

Сондай-ақ әңгіме барысында Ләззат Президент жастар кадрлық резервіне іріктеу туралы байқауға қалай келгендігі жөнінде, ондағы емтихандардың өту барысы турасында сөз қозғады. 

"Президент жастар кадрлық резерві туралы мен президенттің сайлауалды бағдарламасынан білдім. Онда еліміздегі 35 жасқа дейінгі білімді, білікті, өз ісінің маманы, патриот әрі көшбасшы жастарды іріктеу жайлы айтылады. Мен де бұл байқауға қатысуды жоспарладым. Сөйтіп өткен жылы қыркүйек айында құжаттарымды жинап, іріктеуге қатыстым. Аталған байқау жалпы жеті этаптан тұрады. Біріншіден, құжаттарды түгендеп, тіркелу керек болды. 13 мың жас қазақстандық жобаға өтініш берген. Екінші кезең тестілеу болды, онда қатысушылардың математикалық қабілеттері, сараптама жасау секілді қабілеттері сарапқа салынды. Үшінші кезең екіншісіне ұқсайды, тек біздің емтихан тапсыру сәтіміз бейнеге жазылды", - деді Ләззат.

Сонымен қатар ол қазір халық арасындағы байқауға қатысты айтылып жатқан сындарға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бөгде адамдардың көмектесіп, жәрдем беруіне ешқандай мүмкіндік болмаған. 

"Емтиханның барлығы әділ өтті. Онде ешқандай да көмектесу болған жоқ. Тіпті көмектесуге мүмкіндік те жоқ. Себебі эссе жазу, жобаны таныстырып, қорғау секілді дүниелер көмекті қажет етпейді. Қатысушының өзіне ғана байланысты. Қатысушылардың білімін, стратегиялық ойлау, сараптама жасау, көшбасшылық қабілеттері сарапқа салынды. Осы кезеңдерден өткен 400 жас қазақстандық ұлттық комиссия мүшелерімен сұхбатқа шақырылды. Бұл кезеңде әрбір қатысушы өзі туралы, кәсібі, тәжірибесі жөнінде айтып, білімін, біліктігін дәлелдеу керек. Сөйтің 330 адам Президент жастар кадрлық резервіне ұсынылды. Ең соңында сол 330-дың ішінен 300 қатысушы таңдалып алынды", - деді ол.

Оның айтуынша, байқауға нағыз Қазақстанның патриот, білікті, білімді, еліміздің болашағы болатын жастар қатысқан. Келешекте отанымыздың гүлденуіне, дамыған 30 елдің қатарына енуге септігімізді тигеміз деп сеніммен айта алам, деп әңгімесін аяқтады ол.

Назерке Сүйіндік

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды