• Басты
  • Коронавирустың екінші толқыны: Жағдай күрделі, бірақ бақылауда

Коронавирустың екінші толқыны: Жағдай күрделі, бірақ бақылауда

27 Қараша, 2020 18:19

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанның эпидахуалы туралы айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Өткен тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 813 жағдай тіркелді.

Елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 129 213 жетті. Қазіргі уақытта коронавирустық инфекциядан 11 816 адам ем қабылдауды жалғастыруда. Олардың арасында 781 бала бар. Стационарларда 3 276 науқас жатыр.  8 540 адам амбулаториялық жағдайда емделуде.

Жалпы науқастардың арасында 208 адамның ахуалы нашар. Соның ішінде 31 науқастың ахуалы аса қатты ауыр деп бағалануда. 30 науқас өкпені  жасанды желдету аппаратында жатыр. 563 адам коронавирус инфекциясынан жазылып шықты. 

Бас дәрігердің айтуынша, 27 қарашадағы жағдай бойынша республикамыз «сары аймақта» немесе коронавирус инфекциясының таралуына қатысты орташа қауіпті аймақта тұр. Дегенмен қазан айымен салыстырғанда қараша айында дертке шалдыққандар 3,7 есе өскен, еліміздегі барлық жағдайдың 70% «қызыл аймақта» тұрған 5 өңірге тиесілі. Сондықтан эпидемиологиялық ахуалды қиын деп бағалау керек.

Соңғы мәліметтер бойынша 129 213 науқас COVID-19 жұқтырған және 41 756 адамнан КВИ- анықталды. Қауіпті 5 өңірге қатаң шектеу шаралары енгізілген, олар «қызыл аймақта» тұр: Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай, Ақмола облыстары. Өткен аптамен салыстырғанда 3 өңір «сары аймақтан» «қызыл аймаққа» көшті, олар - Павлодар, Қостанай, Ақмола облысы. Алматы қаласы «сары аймақта». Қалған өңірлер «жасыл аймақта», - деді ол.

Облыстардағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, өңір басшылары қоғамдық тамақтану орнындағы адамдар санын шектеу, кәсіпкерлік және өзге де қызмет объектілерінің жұмыс кестесін қысқартуға, демалыс күндері қоғамдық көлік қозғалысын тоқтату сынды қатаң шаралар қабылдады.

Желтоқсан немесе қаңтар айларында елімізде карантиндік шектеу шараларын енгізу мәселесі Денсаулық сақтау министрлігінің жағдайды қаншалықты бақылауда ұстай алатынына байланысты.

Коронавирустың таралуы көбейген кейбір облыста жұқтыру деңгейі төмендеп келе жатқаны байқалады. Шығыс Қазақстанда жағдай реттеліп, жұқтыру деңгейі төмендеп келе жатыр. Апта сайын мәліметтерді зерттеп, алдағы кезеңдерге де болжам жасап жатырмыз. Ең бастысы – жағдайды бақылауда ұстау. Қазір инфекциялық ауруханалар 22 %, жансақтау төсектері 17 %-ға жүктелген. Яғни, резерв бар. Сондықтан қазір уайымдаудың қажеті жоқ. Бәрі бақылауда, - деді ол.

Қазір резервте 15 мыңға жуық инфекциялық төсек-орын дайын, реанимациялық төсек-орынның 16%-да ғана науқас жатыр. Карантиндік стационарларда 6 886 төсек-орын бар, республика бойынша олардың тек 3,8% пациент жатыр. Қажет болған жағдайда, 51 мыңға дейін инфекциялық төсек-орын әзірленеді.

Алексей Цой коронавирусқа қарсы отандық вакцина желтоқсан айында клиникалық сынақтың екінші сатысынан өтетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл жұмыс қазіргі уақытта қарқынды ріп жатыр.

Нарыққа қолжетімді вакцина әкелу үшін барлық ресурсты қолдануға тырысып жатырмыз. Әзірге тіркелген алғашқы вакцина – ресейлік вакцина. Олар жуық арада сынақ нәтижесін жариялайды. Мемлекет басшысы Қазақстанда осындай зауытты салып, өндірістік қуаттылықты жолға қою тапсырмасын жүктеген болатын. Бұл өте маңызды шаруа. Себебі халықтың вакцинаға қолжетімділігін жолға қоюуымыз керек. Зауыт салынатын алаң айқындалуда. Зауыт қазіргі фармацевтикалық зауыттардың жанындағы алаңдарда салынуы мүмкін. Қазір бұл мәселені ресейлік әріптестермен талқылау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, - деді Цой.

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина 65 жастан асқан, жүрек-қан тамыры ауруы, қант диабеті және созылмалы өкпе аурулары бар тәуекел тобына кіретін адамдарға және медицина қызметкерлеріне салынатын болады. Алдын ала болжам бойынша, вакцина алатындардың саны 2 347 000 адамды құрайды.

Тестілеудің қуаты тәулігіне 90 мыңға жетті. Қазақстанда барлығы 4 млн астам ПТР-зерттеу жүргізілді. Күн сайын зертханаларда күн сайын 40 мыңға дейін тест жасалады. Осылайша, зертханалардың резервтік қуаты 50 мың зерттеуге жетті, яғни қазақстандықтарған ПТР-тест қолжетімді

Журналистердің сұрақтарына жауап беру кезінде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коронавируспен ауырған бір науқастың еміне қанша қаражат жұмсалатыны туралы айтты. Оның дерегінше, бір адамға, егер ол ковидтің ауыр түрімен сырқаттанса 900 000 теңге жұмсалады, ал орташа ауырлық деңгейдегі коронавирусты емдеу үшін 400 000 теңгеге жуық қаржы жұмсалады.

ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Есмағамбетова Айжан дүкендердегі жеңілдіктер науқаны кезінде, мерекелік демалыстарда әлеуметтік қашықтықты сақтап, маска режимін бұзбауға шақырды.

Барлық жаңалықтар