• Басты
  • Коронавирустың екінші толқыны: Үкімет дайындықты күшейтті
20 Қазан, 2020 13:51

Коронавирустың екінші толқыны: Үкімет дайындықты күшейтті

Бүгін ҚР Үкіметінің кезекті отырысының басты тақырыбы алдағы айларда келу ықтималы бар коронавирустың екінші толқынына арналды. Дәл қазір Үкімет дайындық шараларын күшейтті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Коронавирустың екінші толқыны: Үкімет дайындықты күшейтті

Пандемия кезінде дәрі-дәрмек тапшылығы өзекті мәселеге айналды. Соған орай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәрі-дәрмек пен медициналық құралдардың тапшылығын болдырмау мақсатында, тұрақтандыру қоры әр өңірде құрылсын деген тапсырма берген болатын. Үкімет басшысы Асқар Маминнің мәлімдеуінше, осы жылы пандемия әсерінен міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде тегін дәрілік заттардың тізбесі 3 есе немесе 45-тен 137 дәрі-дәрмек түрлеріне дейін өскен.

Дәріханаларда дәрі тапшылыққа жол бермеу үшін «СҚ-Фармация» жекелеген сауданы көбейту мақсатында ең қажетті 33 препаратты сатып алып жатыр. Қазақстанның барлық облысында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сомасы 13 млрд теңгені құрайтын сақтандыру қоры құрылды. Тамыз айынан бастап азаматтарға жұқпалы дерттен үйде емделу үшін дәрінің 5 түрі тегін беріліп жатыр. Республика бойынша 91 дәрілік препараттан тұратын және қорғаныс кімдері мен құралдары сақталатын екі айлық қор дайындау жұмыстары жасалды. Қазір дәрі-дәрек жеткілікті, оның тапшылығын халық сезбейді деп айтуға болады, - деді Асқар Мамин.

ҚР Индустрия және инновациялық даму министрлігінің отырыста оқыған баяндамасына сәйкес, осы жылдың қаңтар - қыркүйек айларында фармацевтика өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 39,8%-ға өскен. Фармацевтика өнеркәсібінде 96 кәсіпорын дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар шығарып жатыр. Отандық кәсіпорындар тәулік сайын 900 мың медициналық маска, 330 мың жұп медициналық қолғап шығарып жатыр. Қоймаларда 18 млн. маска бар. Сондай-ақ 6 отандық компания ай сайын 504 мың медициналық қорғаныс костюмін шығарады екен.

Осындай медициналық бұйымдар шығаратын «ЭКО-ФАРМ» кәсіпорнында үш компаниялар тобы бар. Кәсіпорын жетекшісі Дінмұхаммед Бубештің айтуынша, осы жылы пандемия әсерінен кәсіпорынның жұмысы бірнеше есеге ұлғайған.

Біздің кәсіпорын көктамырдан қан алуға арналған ваакумдық түтікшелер, екпе салуға арналған стерильді инелер мен ине ұстағыштар, полиуретанды ортопедиялық бинттер, гипстер, бір реттік немесе көп реттік қорғаныс киімдерін өндіреді. Онымен қатар дәкіден жасалатын стерильді 4-8-16 қабатты медициналық маскаларды да жасап жатырмыз. Кәсіпорынның филиалдары Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Өскемен, Түркістан облыстарында бар. Басты қойма Шымкент қаласында орналасқан. Кәсіпорында барлығы 400-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Біз Бірыңғай дистрибьютер «СҚ-Фармациямен» екіжақты келісім жасап, олардың тапсырысына сәйкес өнімдерді шығарамыз. Коронавирус эпидемиясы әсерінен «СҚ-Фармациядан» түсетін тапсырыс көлемі ұлғайды. Арнайы қоймаға екі айға жеткілікті мөлшерде медициналық құралдар мен бұйымдардың қорын сақтаған, - деді «ЭКО-ФАРМА» жетекшісі Дінмұхаммед Бубеш.

Өкпені жасанды желдетудің стационарларға арналған аппараттары республика бойынша 1500 қажетті бірлікті құрайды. Қазақстанның 17 өңіріндегі 297 ауруханаларына барлық 1500 бірлік өкпені жасанды желдетудің стационарлық аппараттары өндірілді және жеткізілді. Қазақстан зауыттарында 376 жедел жәрдем автомобильдері шығарылды, оның 220-сы ел өңірлеріне жеткізілді. Жергілікті атқарушы органдар «Ақтөберентген» акционерлік қоғамымен 49 бірлік рентген аппараттарын өндіруге келісімшарттарын жасады.

Алғашқы 12 аппарат 9 қазанда Ақтөбе қаласына жеткізілді. Қалған 37 бірлік аппаратты жөнелту ағымдағы жылдың 30 қазанына дейін аяқталатын болады.

Үкімет отырысында сөз алған Алексей Цой да дәрі-дәрмектің стационарлар мен емханаларда жеткілікті болуын қамтамасыз ететін шаралар туралы айтты. Оның айтуынша, қоймаларға азаймайтын екі айға жететін дәрі-дәрмек қоры әкелінген.

Коронавирус ауруын емдейтін тапшы және сұранысқа ие 44 дәрі-дәрмектің түрі сатып алынды. Олар бірыңғай дистрибьютордың қорында сақтаулы тұр. Бұған бюджеттен 8,2 млрд теңге ақша жұмсалды. Бұл дәрілік препараттар ай сайын 60 000 науқастың емделуіне беріледі. 15 қазанындағы есепке сүйеніп айтсам, ковидке шалдыққандарды емдейтін, ауру деңгейін анықтайтын шараларды жасауға 37 түрлі дәрі-дәмек 5,92 млрд теңгеге сатып алынды, - деді Цой.

Қазіргі уақытта коронавирустық инфекциядан 2 679 адам ем қабылдауды жалғастыруда. Олардың арасында 125 жеткіншек бала бар. Стационарларда 2 199 науқас жатыр. 480 адам амбулаториялық жағдайда емделуде. Жалпы науқастардың арасында 83 адамның ахуалы нашар. Соның ішінде 12 науқастың ахуалы аса қатты ауыр деп бағалануда. 8 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр. Қазақстанда коронавирус инфекциясынан қайтыс болған 28 жағдай тіркелді.

Премьер-министр Асқар Мамин Денсаулық сақтау министрлігіне дәрі тапшылығының болмауын қатаң бақылауда ұстау керектігін айтты.

Денсаулық сақтау министрлігіне «СҚ-Фармациямен» бірге стационарларда, жұқпалы аурулар ауруханаларында дәрі-дәрмектің әркез болуына мониторинг жүргізуді тапсырамын. Дәрі-дәрмек тапшылығы болмауы тиіс, - деді ол.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ҚР аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша ВАК-тың кезекті отырысында Қазақстандағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөнінде бірқатар тапсырма берген болатын. Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, 26 қазанынан бастап шетелдік әуе рейстерінің саны азаяды. Қазақстанға шетелден келген азаматтар міндетті түрде ПТР тестін тапсырады. 19 қазаннан бастап ҚР өңірлерінде ПТР-тестілеу құны 9 мың теңгеге арзандайды. 24 қазаннан бастап сенбі күні сағат 17.00-ге дейін сауда орталықтарының, сауда үйлерінің, жабық базарлардың жұмысы қайта басталады. 26 қазаннан бастап кинотеатрлар толымдылығы 30%-дан аспайтын және барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, жұмысын қайта бастайды.

Барлық жаңалықтар
173.252.127.116, 192.168.88.100