• Басты
  • Коронавирустың екінші толқыны: Қазақстан мектептері неге дәстүрлі оқу форматына көшкен жоқ
17 Қараша, 2020 14:34

Коронавирустың екінші толқыны: Қазақстан мектептері неге дәстүрлі оқу форматына көшкен жоқ

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте екінші тоқсанда оқу процессі қалай жүргізілетіні туралы айтылды. ҚР білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари мен ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетованың эпидемиологиялық жағдайға байланысты мектеп оқушыларының сабағы қалай өтетіні туралы Strategy2050.kz тілшісінің материалынан біліңіз.


Коронавирустың екінші толқыны: Қазақстан мектептері неге дәстүрлі оқу форматына көшкен жоқ

Кешеден бері Қазақстан мектептері жаңа оқу жылының екінші тоқсанын бастады. Қазақстан аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы мен Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы негізінде екінші тоқсаннан бастап, 1-4 сынып оқушыларының кезекші сыныптарына 5 сынып қосылды. Контингенті 5-300 оқушыны құрайтын мектептерге штаттық режимде оқытуға рұқсат етіледі. Халықаралық мектептерде 1-7 сыныптарды штаттық режимде оқыту енгізілді.

40 млн-ға жуық үй тапсырмасы мен бақылау жұмысы берілген. Рүстем Биғаридің айтуынша, екінші тоқсанға дайындық жұмыстары бірінші тоқсанның нәтижелерін ескере отырып жүргізілді.

Бірінші тоқсан нәтижесі бойынша 82 млн-нан астам баға онлайн режимде қойылды. Бірінші тоқсанда 2,3 млн бала қашықтан оқыды, миллионнан астам бала аралас форматта білім алды. Онлайн форматта білім беру үшін 8-ге жуық білім беру платформасы пайдаланылды, оларды жергілікті атқарушы органдар білім беру мекемелерінде енгізді. Білім беру жүйесінде 2 млн-нан астам ата-ана, 3 млн білім алушы және 362 мыңға жуық оқушы жұмыс істеді. Сонымен қатар, сабақты өткізудің қосымша тәсілдерінің бірі ретінде видео сабақтар қолданылды, - деді вице-министр.

Strategy2050.kz тілшісінің оқушылардың компьютерге қолжетімділігі туралы сұрағына білім және ғылым министрлігінің өкілдері қашықтан оқып жатқан балалардың барлығы компьютермен қамтамасыз етілгенін айтты. Басым бағыт көпбалалы отбасылардан шыққан балалар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға берілгенін жеткізді.

Қашықтан оқыту үшін мұғалімдер өз қаржысына қуатты трафикке ауысып, интернетті сатып алуы қажет. «Мемлекет бұл шығындарды неге өтемейді» - деген сұраққа білім және ғылым вице-министрі тегін қолжетімді интернетпен қамтамасы етілгенін айтты.

Жаңа оқу жылына дайындық кезінде біз цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, отандық білім беру платформаларына тегін тарифтелмеген қолжетімділік қамтамасыз етілді. Санитарлық нормаларды сақтай отырып, мектептерде жұмыс орны ұйымдастырылды. Мұғалім үйден жұмыс істей алмаса, мектепке келіп, сол жерден сабақ бере алады. Егер тариф тез бітіп қалса, онда онда бұл жағдайда отандық білім беру платформаларынан басқа платформалар қолданылатын шығар. Бірақ мемлекет тарапынан Қазақстанда білім беру үшін қажетті 600-ге жуық білім беру платформасына тарифтелмеген трафик енгізілді және бұл тіпті теңгерім нөлге тағ боғланда да сабақ жүргізуге жеткілікті, - деп жауап берді.

Журналист коронавирустық пневмониямен ауырып қалған балаларың санын сұрады. Айжан Есмағамбетоваың жауабына сүйенсек, Қазақстанда бір оқушы коронавирустық пневмониямен ауырып қалған. О қашықтан оқыту форматында білім алған.

Жаңа оқу жылы басталған күннен бастап бүгінге дейін кезекші сынып оқушыларының арасында 302 оқушы коронавирус жұқтырды. Алматыда оқудың жаңа форматына көшуге кезекші сынып оқушыларының арасында ауыршаңдықтың төмен болуы себеп болды. Ата-аналардың көбі жұмыс істейді. Жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша мектептердің офлайн режимде жұмыс істеуге дайын екендігі анықталды. Бірақ эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда, оқыту форматы бойынша шешімді өңірлік бас мемлекеттік санитарлық дәрігермен бірлесіп әкімдік жанындағы өңірлік штаб қабылдайтын болады, - деді санитар дәрігер.

Журналистердің бірі «жасыл аймақтағы» өңірлердегі мектептердің дәстүрлі оқу форматына өтуі туралы сұрақ жолдады. Айжан Есмағамбетованың түсіндіруінше, бүгін «жасыл» аймақта болған өңір ертең «сары» аймаққа өтуі мүмкін. Ал «сары» аймақтағы өңір «қызыл» аймаққа өтуі әбден мүмкін. Қазіргі жағдайға қарап, соңғы айларда 2-5 есеге артуы нәтижесінде эпидахуал күрделене түуі мүмкін.

Егер мектептер нормативтік-құқықтық актілерде жазылған және коронавирустың таралуының алдын алу шараларын орындамаса, бұл ешқандай нәтиже бермейді. Мектептегі балалар талаптарды толық орындамайтыны белгілі. Сонымен қатар, климаттық жағдайларды ескере отырып, желдету үшін барлық жағдайларды жасау өте қиын. Әрине, терезелер ашылмайды. Бұл жағдайда вентиляция жұмысы қауіпсіз ауа алмасуды қамтамасыз ете алады. Қазіргі ауа-райы жағдайында желдету – алдын алу шараларының бірі, оны жылыту маусымына байланысты сақтау өте қиын. Ылғалдылық аэрозольдің сақталу және тұнып қалу уақытына тікелей әсер етеді. Егер ауруды тасымалдаушы оқушы немесе мұғалім болса, қиын болады. Осы шаралардың барлығын және көрсеткіштерді ескере отырып, дәстүрлі оқуға ауысу немесе ауыспау туралы шешім қабылданады, - деді.

Нұр-Сұлтанда тағы бір мектеп карантинге жабылған. Екінші тоқсан басталған бір күнде елімізде 55 бала коронавирус жұқтырды. Ауру жұқтырған 55 баланың 14-і – мектепте «кезекші» сыныпта оқыды, 41-і – онлайн форматта оқыған.

Біздің мониторингтік топ күн сайын жұмыс істейді. Коронавируспен ауырған балалар күн сайын тіркеліп отыр. Эпидемиологиялық жағдайға қарсы шаралар эпидемиологиялық тергеу жүргізу арқылы іске асуда. Сондай-ақ, коронавируспен ауырған бала оқыған сыныпты немесе мектепті жабу туралы шешім қабылданып жатыр, - деді санитар дәрігер.

Айжан Есмағамбетованың айтуынша, баланың оқу режимінің онлайн немесе үйден болатынын әр ата-ана өзі шешеді. Дегенмен, мектептегі оқушылардың аз болуы маңызды.

 Өйткені, балалар коронавирусты жеңіл өткізгенімен, баланың бойындағы вирус мұғалім үшін де, отбасы мүшелері үшін де инфекция көзі болып қалады. Бала жеңіл өткізгенімен, үлкендер үшін қауіпті, - деді Айжан Есмағамбетова.

Айжан Есмағамбетова мысал келтірді. 

Қарағандылық мұғалім Ресейде коронавирус жұқтырып, елге оралып, мектепке барған. Оқушылар мұғалімнен ауру жұқтырып, олардан отбасы мүшелеріне жұққан. Бұл – балалар ауруды жеңіл өткізгенмен, инфекцияны басқаларға да жұқтыратынын білдіреді. Ал егде жастағы әрі созылмалы ауруы бар адамдар бұл індетті жұқтырған кезде емделуі қиын екенін, тіпті соңы өліммен аяқталған жағдайлар бар екенін білесіздер. Сондықтан қазіргі жағдайда аурудың тоқтауы бәрінен маңызды, - дейді ол.

Сонымен қатар журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып Айжан Есмағамбектов мектептерде жаңажылдық шаралардың болмайтынын ескертті. Ал қатаң шектеу шаралары соңғы екі аптада ауырғандар санының өсуіне байланысты қабылданды. Эпидемиологиялық жағдайдың өзгеруі әрбір тұрғынға байланысты екенін де ескертті.

Әлеуметтік желіде қашықтан сабақ беретін мұғалімдердің жалақысының қысқаратыны туралы әңгіменің жалған екенін Рүстем Биғари растады.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов уәде еткендей, мұғалімдердің жалақы қысқармайды. Нақты жағдай бойынша қарастыру керек. Егер нақты қай мұғалімнің жалақысы қысқарғаны туралы ақпарат болса – біз оны егжей-тегжейлі қарап, сіз айтқан мәселеге қатысты тиісті қорытынды шығарамыз, - деді вице-министр.

Журналистер ата-аналардың БЖБ және ТЖБ бойынша тапсырмалардың күрделілігіне шағымданатынын жеткізді. Оларды кім дайындайды? Екінші тоқсанда қашан өтеді? Бұл сұраққа ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова түсінік берді. Айтуынша, министрлік барлық мектептердің ұсыныстарын ескере отырып дайындайды.

Техникалық ерекшеліктер бойынша бағалау жүйесін тікелей пән мұғалімі дайындайды. Жалпы, біз әдістемелік ұсыныстарда көп тапсырма болмас үшін нақты уақыт пен күрделілікті белгіледік. Бастауыш сыныптарда бір-екі тапсырма беріледі. Егер бұл мектеп қашықтықтан оқитын болса, онда БЖБ мен ТЖБ Ақпараттық жүйелер немесе «Күнделік.кз», сондай-ақ «Дарын онлайн» немесе «Bilim Land» секілді басқа да платформалар арқылы өткізілуі мүмкін. Кері байланыс үшін қандай ақпараттық жүйені қолданса, соны БЖБ және ТЖБ үшін пайдалануға болады, ал тапсырмалардың нақты көлемі көрсетілген. Сондықтан мұғалімдер мұны ескеру керек, сұрақтар күрделі болмауы тиіс, - деді М. Мелдебекова.

Өткен тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 602 жағдай тіркелді. Елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 121 653 жетті. 438 адам коронавирус инфекциясынан жазылып шықты. Қазіргі уақытта коронавирустық инфекциядан 9 319 адам ем қабылдауды жалғастыруда. Олардың арасында 456 бала бар. Стационарларда 3 126 науқас жатыр. 6 193 адам амбулаториялық жағдайда емделуде.

Жалпы науқастардың арасында 220 адамның ахуалы нашар. Соның ішінде 21 науқастың ахуалы аса қатты ауыр деп бағалануда. 23 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.

Барлық жаңалықтар
95.82.113.86, 192.168.88.100