- Басты
- Жаңалықтар
- Коронавирустан жоғалған иіс пен дәм сезуі қалпына келмеген адам көп – терапевт
Коронавирустан жоғалған иіс пен дәм сезуі қалпына келмеген адам көп – терапевт
Дәл қазір елімізде коронавирус жұқтырған саны күрт өсті. Өткен тәулікте 174 жағдай тіркелді, 1 жағдай өліммен аяқталды. Қазіргі уақытта коронавирустық инфекциядан 3 201 адам ем қабылдауды жалғастыруда. Олардың арасында 287 өскіншек бала бар. Шығыс Қазақстанда бір тәулікте 139 жағдайы тіркелді. 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш жалпы республикалық деңгейден асып, 683,6 құрап отыр.
Коронавирустан сақтану жолдары туралы дәрігерлермен сұқбаттарды одан әрі жалғастырамыз. Бүгін жалпы тәжірибелік дәрігер, терапевт, «Теле-дәрігер» телевизиялық жобасының сарапшысы Пернебекова Рысгүл Жақсылыққызы Strategy2050.kz тілшісінің сұрақтарына жауап берді.

Рысгүл Жақсылыққызы, болжам айта аласыз ба, масканы қашан шешеміз?
Бұл сұраққа ешбір дәрігер нақты жауап бере алмайтын шығар. Оның нақты күні жоқ. Масканы шешуіміз бәріміздің жауапкершілігімізге байланысты. Егер сақтық шараларын орындап, аурудың таралуына жол бермесек, тәжтажалдан құтылып, маскамызды шешіп, еркін тыныстайтын кез келеді.
Коронавирустың симптомды және симптомсыз түрлері туралы айтып беріңізші.
Коронавирустың симптомды түрінің бірнеше дәрежелері бар: жеңіл, орташа, ауыр және өте ауыр. Клиникалық көрініске байланысты науқас белгілі бір дәрежеде коронавирусты өткізеді. Ауыр және өте ауыр түрлерінде өкпенің қабынуы болып, науқас өкпені жасанды желдету аппараты арқылы тыныстайды. Ал симптомсыз түрінде науқас ешқандай шағым айтпайды. Бірақ ол жұқпа көзі болып саналады. Сондықтан коронавирустың кез келген түрінде де көпшілік ортаға бармай, өзін-өзі оқшаулау керек.
Симптомсыз коронавирус шынымен қауіпсіз бе?
Жоқ, мұны қауіпсіз деп айтуға келмейді. Жұқпалы аурудың қауіпсіз түрі болушы ма еді? Науқастың өзіне аса қауіпті болмауы мүмкін, егер оның иммунитеті өзі күресіп жатса. Ал егер 14 күннің ішінде сақтық шараларын пайдаланбай, көпшілік ортаға шыға беретін болса, онда оның ауруы асқынып, симптомды түріне өтіп кетуі мүмкін. Коронавирустың симптомсыз түрімен ауырған науқас бәрібір жұқтырушы болып табылады, ол өзімен бірге тұратын иммунитеті әлсіз адамға жұқтырып, оның ковидтің ауыр деңгейімен ауырып қалуына себепші болуы мүмкін. Сол үшін оқшаулану маңызды. Оқшауланудан көбі қорқады немесе қашады. 14 күн басқа жерге барып оқшаулану қиын емес. Алайда, соның арқасында бірнеше адамның денсаулығын сақтап қалуыңыз мүмкін.
Коронавирустық пневмония қандай ағзаға құмар келеді?
Коронавирус тыныс алу жүйесінің ең негізгі органы өкпені зақымдайды. Коронавирустық пневмония асқорыту жүйесіне де кері әсерін тигізеді. Сезім мүшелерін блоктайды. Коронавируспен ауырған адамдардың дәм сезу мен иіс езуден айырылатыны осыдан. Пневмония көбінесе қарт кісілердің ағзасына, созылмалы қосалқы аурулары бар, қант диабеті, жүрек-қантамырлары аурулары, инсульт алған, семіздігі бар адамдардың ағзасына құмар келеді. Себебі, оларда иммунитет әлсіз болады. Өкпе қабынған кезде, яғни пневмония болғанда өкпе ұлпасы өзгеріске ұшырайды. Қалыпты жағдайда ол үлпілдек болып тұрып, ауаны еркін қабылдап, бүкіл ағзаға оттегіні жіберіп тұрса, пневмонияда өкпе ұлпасы солып қалғандай болады. Ол өздігінен ауаны терең қабылдай алмайды, соның әсерінен ағзаны оттегімен нәрлендірмейді. Аурудың асқынуы осы кезде болады. Мұндайда дәрігерлер өкпені жасанды желдету аппаратына қосып, өкпеге жасанды жолмен ауа жібереді. Аппарат болмаса, науқасқа ауа жетпей өліп кету жағдайы болады.
Коронавирустың екінші толқынында ауру қандай болуы мүмкін? Вирус мутацияға ұшырайды ма?
Иә, ғалымдар о баста вирустың мутациға ұшырайтынын дәлелдеді. Коронавирус адамдардың ағзасына еніп, әр ағзада әр түрлі клиникалық көріністерді көрсетіп жатыр. Адамның қай жері әлсіз, сол жердегі ауруын қоздырады. Мысалы, біреуде артериялды қан қысымы, қант диабеті, онкология болса, осы ауруларға қосылып, вирус өзін басқаша көрсетіп, яғни мутацияға ұшырап, денсаулықтың тым нашарлауына, тіпті өлімге себеп болуы мүмкін.
Екінші толқын кезінде реанимацилар тағы адамға толады ма?
Мен тағы да айтамын, бұл әрқайсымызға байланысты. Бірінші толқынды еске түсірейікші, ковид елге келмей тұрып, сақтық шаралары туралы билік дабыл қақты. Біздің халық наурыздың 16-нан бастап карантинде отырды. 11 мамырда карантин шаралары жеңілдегеннен бастап, ата-әжелер той-томалақ, құда жол сияқты көпшілік жиналатын жерлерге емін-еркін барып жүрді. Осының салдарынан, маусым мен шілде айында аурудың таралуы өршіп, қарттарымыздың көп бөлігі көз жұмды. Реанимацияларда бос орын болмай, өкпеге арналған аппараттар жетпей қалды. Меніңше, біз сол кезден тәжірибе алдық. Сақтық шараларын бұлжытпай орындап, әсіресе егде кісілерді үйден шығармасақ, жаздағы жағдай қайталанбайды. Сол кезде реанимациялар науқастарға толмайды. Толмай-ақ қойсын деп тілеймін.
Қазақстандықтардың сақтақ шараларын сақтауына көңіліңіз тола ма?
Шынымды айтсам, қазіргі кездегі сақтық шараларының орындалуына көңілім толады деп айта аламын. Ірі сауда орындарында маскасыз жүрген бірде бір адамды көрмейсің. Антисептиктер қадам сайын орналасқан. Бірақ кейбір тұрғындар бар, сауда орталығының кіреберісіндегі тексерушілердің алдында ғана масканы киіп, басқа жерде қолына ұстап немесе иегіне түсіріп қояды. Олар мұның тексерушіге емес, ең алдымен өзінің денсаулығы үшін қажет екенін түсінбейді. Бұл бір жағынан менталитетке де байланысты. Кешкілікте қоғамдық көлікті сыртынан бақыласаң да, жолаушылардың бәрі маскамен отырады. Көпшілік орындарда әлеуметтік ара қашықтықты сақтау туралы белгі көп. Бұл менің жеке бақылауым. Бұған жауапты санитарлық дәрігерлердің пікірі қандай екенін білмедім. Меніңше, халық вирустың қауіпті екенін, вакцина әлі жоқ, тек осы шаралармен ғана қорғанатынымызды түсінді.
Коронавируспен бір рет ауырған адамның ағзасында қанлдай өзгерістер болады?
Әр адамның ағзасы әр түрлі. Өкпе патологиясына ұшырағандар бар, жастар арасында бет-аузының қисаюы кездесіп жатыр. Әйелдердің еттеккір циклы тоқтап қалып жатыр. Ковид салдарынан жоғалған иіс сезу мен дәм сезуі әлі оралмаған адамдар да көп. Коронавирус әлі белгісіз вирус болып тұр. Атауы бір болғанымен, әр адамға әр түрлі залалын тигізіп жатыр. Бұл вирусты әлі зерттеу керек.
Коронавирустан жаппай вакцинациялау қашан басталады? Қазақстандық вакцина туралы хабарыңыз бар ма? Қазір қандай сатыда?
Дәл қазір әлем елдері ковидқа қарсы вакцинаны дайындап жатыр. Бірақ әлі ешбір вакцина өзінің тиімділігін көрсеткен жоқ. Кеше ғана Ресейдегі «Спутник V» деп аталатын вакцинаның тестілеуіне қатысқан адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Бұл аурудан толықтай сақтайтын вакцина әлі әлемде жоқ. Қашан болары белгісіз. Білуімше, қазақстандықтар шығарған вакцина да қазір клиникалық зерттеуден өтіп жатыр. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының клиникалық зерттеуінен сәтті өтсе де, қазақстандық вакцина әлі толық тиімділігін дәлелдеген жоқ. Коронавирусқа қатысты вакцина туралы құзіретті орган өкілдері, зерттеу инсттитуттарының мамандары мен иммунологтар толық ақпарат бере алады.
Қазақстандықтарға коронавирустан сақтану үшін қандай кеңес бересіз?
Соңғы бірнеше күнде аурудың таралуы қайта ұлғайып жатыр. Сондықтан дәл қазір той-томалақ, қыдыру, саяхаттау бәрін кейін шегеруге кеңес беремін. Қайтадан локдаун енгізілмеу үшін дәл қазіргі уақытта әр адам жеке басының гигиенасын сақтап, мейлінше көпшілік жерге барудан бас тартса екен деймін. Маскалы режим қатаң сақталуы тиіс. Сіз ештеңе сезбесеңіз де, аурудың таралуына себепші болуыңыз мүмкін. Симптомсыз коронавируспен ауырып жүргеніңізді білмеуіңіз мүмкін, ал егер қарапайым санитарлы ережелер сақталмаса, бірден симптомды ауыр коронавируске өтіп кетуі мүмкін. Дұрыс тамақтану, толыққанды ұйқы, стресске жол бермеу сияқты кеңестерді де айтқым келеді.
Рысгүл Жақсылыққызы, пайдалы сұқбат үшін алғыс білдіремін!

-
ІІМ: Учаскелік инспектордың рөлі, құзыреті және халықпен кері байланыс
-
95 мыңға жуық адам жұмысынан айырылуына байланысты МӘСҚ-тан төлем алды
-
Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау бойынша қандай шаралар қолға алынды
-
Билік пен қоғам диалогы: X Азаматтық форум басталды
-
А.Цой: Коронавируспен ауырған адамдардың 96 %-ы вакцина алмаған
-
Италияда пандемияның төртінші толқыны басталды, ЕО Украинаны «жасыл тізімнен» шығарды
-
Ревакцинация: Қандай екпені салдырған дұрыс
-
Д.Абаев: Алтын Орда қалалары қайта қалпына келтіріліп, тарихи-материалдық кешен құрылады
-
III Нобель фестивалі: Екінші күнінің қорытындылары
-
17 миллионнан аса адам санақ сауалдарына жауап берді
-
Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар қандай әлеуметтік көмек алады
-
Мүгедектігі бар адамдар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 300 мыңнан астам қызмет алды
-
Адам саудасымен байланысты қылмыстардың алдын алу шаралары
-
Коронавирустан кейін денсаулықты қалай қалпына келтіру қажет
-
«Astana Media Week»: Ковидтан кейінгі әлем және салдары

