• Басты
  • Коронавируспен күрес: Дәрі-дәрмекті қалай тегін алуға болады/ Провизорлық орталықтардың дайындығы қалай
10 Тамыз, 2020 16:01

Коронавируспен күрес: Дәрі-дәрмекті қалай тегін алуға болады/ Провизорлық орталықтардың дайындығы қалай

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов еліміздегі эпидемиологиялық ахуал жөнінде және халыққа көрсетіліп жатқан медициналық жәрдем туралы айтты. Сонымен қатар ол індетке қарсы қолға алынған күрес шараларына тоқталды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Коронавируспен күрес: Дәрі-дәрмекті қалай тегін алуға болады/ Провизорлық орталықтардың дайындығы қалай

ДСМ-нің медиа орталығы құрылды

ДСМ-ның ресми өкілі Денсаулық сақтау министрлігінің өзіндік медиа орталығы іске қосылғанын атап өтті. Оның негізгі міндеті - қоғамдық ортамен, ақпарат құралдарымен және мемлекеттік органдармен арадағы байланысты нығайту. Министрліктің атына келіп түсетін арыз-шағымдарға жедел жауап береді. Баспасөз мәжілісіндегі қойылатын сұрақтардан бөлек, өзінің жеке парақшасына жіберілген сұрақтарды, күнделікті әлеуметтік желіде айтылатын сауалдардың бәрін қамтуға тырысатынын айтып өтті.

«Біздің мақсатымыз министрліктің ішкі және сыртқы байланысын дамыту. Сондықтан, бізбен бірге ашық әрі нәтижелі жұмыс істейсіздер деген үміттемін. Біз Денсаулық министрлігі арқылы «халықтың үнін тыңдайтын мемлекет» қағидасының қарапайым үлгісін көрсеткіміз келеді», - деді Бағдат Қожахметов.

Қазақстанда коронавирусты жұқтыру өсімі тоқтады

«Ел бойынша жағдай айтарлықтай жақсарды. Атқарушы билік ахуалды қатаң бақылауда ұстап отыр. Медициналық қауымдастық, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өзіне жүктелген міндетті толық көлемде орындап жатыр. Осылайша, еліміз ең күрделі кезеңді артта қалдырды. Бірақ жеткен жетістікке қуанып, босаңсуға болмайды.

Оның сөзінше, ендігі міндет індетті жұқтыру мен өлім көрсеткішін одан әрі төмендету. Осы ретте барша қазақстандықтардан қауіпсіздік талаптарын тиісті деңгейде орындауға шақырды.

 

Ресми статистика не дейді

Министрліктің дерегінше, биыл 13-наурыздан бастап Қазақстанда коронавирустық инфекциямен (КВИ+) 99 442 адам ауырды. Жазылып шыққан науқастардың саны 72 523 немесе 72,9 %. Стационарларда 4713 адам ем қабылдауды жалғастыруда және 20 937 адам амбулаторлық жағдайда емделуде.

«Науқастардың арасында 246 адамның денсаулығы нашар және 69 науқастың денсаулығы өте нашар деп бағаланды. 70 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр. Соңғы бір тәулікте COVID-19 вирусын 741 адам жұқтырды. Өкінішке қарай, 23 адам қайтыс болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымы бойынша, 1 тамыздан бастап коронавирус инфекциясына ұқсас белгілері бар пеневмония деректерін статистика қатарына қостық», - деді ДСМ ресми өкілі.

Оның сөзінше, осыдан кейін еліміз індеттің таралу көрсеткіші бойынша әлемдік рейтингте бір сатыға көтерілді.

«Бұған дейін 27-орында болсақ, қазір 26-орынға тұрақтадық. Бірақ, бұл көрсеткішке қарап жігерді жасытуға болмайды. Біз үшін ең маңыздысы күресті күшейтіп, жағдайды одан әрі жақсарту. Қабылданған шаралардың нәтижесінде, қазір қолымызда жан-жақты сараланған мәліметтер бар. Бұл бізге болашаққа жоспар құрып, алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді. Яғни, індеттің күзде күтілген жана толқынына қарсы тұру үшін материалдық әрі адами ресурстарды толыгымен дайын қылуға жағдай жасалды», - деп толықтырды Бағдат Қожахметов.

Тамыз айының алғашқы 10 тәулігінде ПТР сынақтың теріс нәтижесі бар коронавирустық инфекция диагнозымен 13 280 тіркелді. Олардың арасында 164 адам қайтыс болды. Соңғы тәулікте 159 науқас тіркелді. Соның ішінде 12 науқас көз жұмған.

 

Провизорлық орталықтардың дайындығы қалай

Провизорлық орталықтарды, жедел әрекет ету жүйесін, медициналық қызметкерлерді дайындаудан бөлек, дәрі-дәрмек қорын толықтыру бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда.

«Коронавируспен және аталған вирусқа ұқас белгілері бар пневмониямен сырқаттанған науқастар үшін алдын ала бір айлық қорға есептелген препараттар сатып алынды. Қазіргі уақытта, осы жұмысқа жауапты біріңғай дистрибютер жалпы құны 8,7 млрд.теңге болатын 91 түрлі дәрі-дәрмекті жөнелтті. Бұл орташа есеппен 40 мың науқасты қамтуға жеткілікті. Бес күннен кейін, яғни 15 тамыздан бастап тағы да екі айға жетерлік қор әзірленеді. Нақтылап айтсам, стационардағы 200 мың науқасты емдеуге жететін дәрі-дәрмектің 50 түрі әзірленеді», - деді ресми өкіл.

Сонымен қатар амбулаторлық жағдайда ем алатын 1 миллион науқасты емдеуге межеленген дәрі-дәрмектің 5 түрін сатып алу үдерісі аяқталуға жақын. Оның айтуынша, бізде дәл осындай ауқымды шаралар алғаш рет қабылдануда.

 

Вирус жұқтырсаңыз, емханада дәрі-дәрмекті ақысыз береді

Бағдат Қожахметов сырқаттанып, вирус жұқтырдым деп күдіктенсеңіз, тіркелген поликлиникага барып қаралу керегін еске салды. Оның айтуынша, егер вирус жұқтырғаныңыз анықталса, бұрынғыдай дәріхана жағалап жүрмейсіз. Барған емханаңыз қолыңызға қажетті дәрі-дәрмектің барлығын акысыз береді.

«Атап айтқанда, ауруды асқындырмай, алдын алуға қажетті парацетамол, ибупрофен жане баска сынды препараттар аптаның соңына дейін еліміздегі барлық ауруханаларға жеткізіледі. Аймақтарға жөнелту қазір жүріп жатыр», - деді ол.

Қандай шаралар қабылданды

Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі эпидемиологиялық ахуалдың алдағы ауанын болжау мақсатында осы саладағы білікті сарапшыларды іске тартты.

Үкіметтің COVID-19 таралу процесін толық бақылау үшін қажетті ақпарат бар. Болжамдар мен қалыптасқан ахуал негізінде эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру, денсаулық сақтау жүйесін нығайту, сондай-ақ халыққа уақытылы және сапалы медициналық көмек көрсету жөнінде тиісті шаралар қабылданады.  

«Карантиннің 5 аптасында ауруханадағы жатын орындар 60 пайызға, оның ішінде жан сақтау бөліміндегі орындар 58 пайызға босады. Жедел жәрдемге хабарласу айтарлықтай азайды. Мәселен, коронавирус бойынша 62 пайызға төмендеді. Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде жазылып шыққан науқастар саны 73 пайызға дейін өсті», - деді Бағдат Қожахметов.

Жалпы оның айтуынша, ауру түрлері мен өлім-жітім көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Бала туу көрсеткішінің өсімі байқалуда. Ал нәрестелер өлімі 13,3 пайызға дейін төмендеген. Сонымен қатар ол туберкулезден болатын өлім 20 пайызға дейін азайғанын атап өтті.

Барлық жаңалықтар