• Басты
  • Коронавируспен ауырғандар қанша уақыттан кейін вакцина алуы керек

Коронавируспен ауырғандар қанша уақыттан кейін вакцина алуы керек

30 Маусым, 2021 12:05

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында медицина мамандары Қазақстандағы COVID-19-ға қарсы вакциналау процесіне қатысты өзекті сұрақтарға жауап берді. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Науқастар саны артқан

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева елдегі эпидемиологиялық жағдайға тоқталып өтті. Оның дерегінше, елімізде соңғы тәулікте 2016 КВИ+ және 83КВИ– жағдайы тіркелген. Жалпы, індет жұқтырғандар саны 423 137, ал ықтималдылығы жоғары пневмониямен қатар жүретін жағдайлар саны 57 025-ті құраған.

Оның айтуынша, қазіргі кезде халық арасында вакцинаға деген сұраныс саны артып отыр.

«Соңғы тәулікте 88 мыңнан астам адам бірінші компонентпен, 46 мыңнан астамы екінші компонентпен егілді. Соңғы мәлімттерге сәйкес, Қазақстан бойынша 3 335 172 адам вакцинаның бірінші дозасын алса, 2 596 000 адам 2-ші дозасын салдырды. Халық арасында сырқаттанушылық жағдайының өзекті мәселелерінің тағы бірі – стационарларға жатқызылған адамдар саны», - деді Айнагүл Қуатбаева.

Қазіргі кезде 596 науқастың жағдайы ауыр, оның ішінде 103-і өте ауыр жағдайда, 67-сі өкпені жасанды желдетумен мен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, ол статистикалық мәліметтерге жүргізілген талдауға сәйкес, соңғы 7 күнде жұқпалы аурулар стационарларында жатын орындарды қамтамасыз ету 25%-дан 29%-ға дейін артқанын мәлімдеді. Ал, реанимациялық төсек-орындар қажеттілігі 20%-тен 24% дейін өскен.

«Індетті қайта жұқтыру қаупі науқас ауырғаннан кейін үш ай өткен соң жоғары болуына байланысты бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, ауырған науқастарға 3 айдан кейін екпе салдыру жұмыстары қолға алынды», - деді ол.

Айнагүл Қуатбаева өз сөзінде басқа мемлекеттермен вакцина паспортын тиімді пайдалану жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатқанын да айтып өтті. Қазіргі таңда Венгрия, Тайланд, Моңғолия азаматтарының егу паспорты елімізде қабылданып, ал қазақстандық вакцина паспорты аталған елдерде пайдалануға жарамды болып табылатынын жеткізді.

«Дельта» штамын балалар көп жұқтыруда

Денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі Алмаз Шарманның айтуынша, коронавирустың «дельта» нұсқасы «британдық» және басқа да түрлеріне қарағанда жұғу ықтималдығы 60% екенін екенін айтты. Сондай-ақ, оның айтуынша, «дельта» нұсқасын жұқтыру салдарынан ауруханаға жатқызу мен өлім қауіп едәуір артқан.

«Балалар коронавирустың дельта штамын 5 есе жиі жұқтыра бастады, бірақ оның қаншалықты агрессивті екендігі әзірге белгісіз. Ересектер арасында әлі егілмеген адамдар дельта нұсқасына өте сезімтал келеді», - деді Алмаз Шарман

Оның айтуынша, вакцина «дельта» мен коронавирустың басқа нұсқаларына қарсы жалғыз тиімді құрал. Вакцинаның бірінші дозасы 17% қорғаса, ал екінші дозасын алғаннан кейін «дельтаға» қарсы тиімділігі артып, қалпына келетінін атап өтті.

Сондай-ақ, «дельта» нұсқасынан туындаған індеттің қазіргі толқыны вакцина салдырғандар мен COVID-19 инфекциясы мен өлім қаупі тұрғысынан вакцина алмаған адамдар арасындағы алшақтықты арттыра түскен.

«Адамдардың бұл санаттары екі түрлі әлемде өмір сүреді. Егілгендер ағзаның иммундық жүйесі дельта нұсқасынан едәуір қорғайды деп сенетін болса, вакцина алмағандар пандемия дамуының ең қауіпті кезеңі өтіп жатқанын, инфекция жұқтыру және өлім қаупі жоғары екенін түсінуі керек», - деді ол.

Ол адамзат пандемиямен күресте ойлап табылған жалғыз құрал вакцина екенін баса айтты.

Сонымен қатар, ол Осло университетінің зерттеу мәліметтерімен таныстырды. Әлемде вакцинаның 3 млрд-тан астам дозасы пайдаланылған. Яғни, 100 адамға шамамен 39 дозадан қолданған. АҚШ, Еуропа елдерінде, Израильде халықтың көп бөлігі вакцинамен қамтылса, әлемнің көптеген басқа аймақтарында вакциналау қарқыны едәуір артта қалған. Соның ішінде Қазақстанда халықтың кемінде 17%-ы вакцинаның 1-дозасын алған болса, 10%-ы екеуін де алған.

«Халықтың 80%-дан астамы мүлде вакциналанбаған, бұл жағдайды мен айсбергке қарай жүзіп бара жатқан кемемен салыстырамын. Кеме - бұл біздің қалыпты өмірге оралуымыз, айсберг - егілмеген адамдар массасы, ал локдаун, карантин, маска тағу және әлеуметтік қашықтықты сақтау сияқты індетке қарсы шаралар - бұл тежеу механизмдері, кеменің қауіпті айсбергке жақындауын бәсеңдету», - деді Алмаз Шарман.

Барлық жаңалықтар