• Басты
  • Коронавирус: Соңғы аптада ауырғандар саны 15 пайызға артты
20 Мамыр, 2020 15:32

Коронавирус: Соңғы аптада ауырғандар саны 15 пайызға артты

Елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 15 пайызға артты. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы және коронавирустық инфекцияның ағымдағы жағдайы жөнінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР мемлекеттік бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Коронавирус: Соңғы аптада ауырғандар саны 15 пайызға артты

Бас санитар дәрігер әлемде коронавирустық инфекция бойынша сырқаттану жағдайы әлі де тұрақсыз екенін атап өтті.

"Бүгінде әлем бойынша ауырғандардың саны өсіп отыр. Қазір олардың саны 5 млн-ға жуықтады, оның ішінен 324 мың адам қайтыс болды. Қазақстанда 6 969 жағдай тіркелді. Күнделікті емделіп шыққан адамдардың саны артып жатыр. Барлығы 3649  адам жазылып шықты. Бұл ауырғандардың 50 пайызын құрайды. Соңғы тәулікте елде 218 жаңа жағдай тіркелді. Өсу қарқыны 3 пайызды құрады. Оның ішінде 25-і науқас адаммен байланыста болған, 28 -і скринингтен анықталды, 21-і ауруханаға жүгінген кезде және 17-сі жедел жәрдем арқылы әкелінген. Соңғы апта бойынша, коронавирустық инфекция таралуының өсу көрсеткіші 2-5 пайыз аралығында болды, ал соңғы тәулікте 3,2 пайызды құрап отыр. Жалпы соңғы аптада ауырғандар саны 15 пайызға артты", - деді бас санитар дәрігер.

Оның сөзінше, жұқтырғандар санының өсуінің бірнеше себебі бар. Мәселен, Айжан Есмағамбетова оны коронавирусқа тестілеу көлемінің өсуімен байланыстырды.

"Бұл бірінші кезекте коронавирусқа тестілеу көлемінің ұлғаюымен байланысты, осы уақытқа дейін 559 мың сынақ өткізілді және наурызбен салыстырғанда біз күнделікті сынақтар санын 6 мыңнан 23 мыңға дейін арттырдық, бұл скрининг арқылы пациенттерді белсенді түрде анықтауға бағытталған жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік берді.  Нәтижесінде, сәуір-мамыр айларында анықталған коронавирус жағдайының 66,1 пайызы скрининг кезінде анықталған және бұл науқастарда коронавирус инфекциясының белгілері болмаған. Соңғы аптада скрининг кезінде анықталған балалардың үлесі шамамен 80 пайызды құрайды", - деді ол.


Сондай-ақ оның сөзінше, жұқтыру деңгейінің артуының екінші себебі - жабық топтардағы оқиғалар. 

"Мәселен, Теңіз кен орнында аурудың өсуі байқалады, онда жалпы 935 оқиға тіркелді, оның 348 жағдайы соңғы аптада тіркелді. Сонымен қатар Шымкенттегі "Петро Казахстан Ойл Продактс" ЖШС жұмысшылары арасында 101 жағдай, Қарағанды ​​облысында "Қазақмыс" корпорациясының шахталарының бірінде 34 оқиға тіркеләп отыр", - деді бас анитар дәрігер.


Оның айтуынша, үшіншіден, бүгінгі таңда коронавирустық инфекция белгілері байқалса, медициналық көмекке жүгінетіндерің саны артқан.

"Белгілері байқалған жағдайда, адамдар хабарласып жатады. Жалпы медициналық көмекке жүгінетіндердің саны өсті. Мұндай адамдардың саны бір апта ішінде алдыңғы аптамен салыстырғанда 15-17,5 пайыздан 40 пайызға өсті. Негізінен Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Ақтөбе, Қостанай облыстарының тұрғындары қатарында көбірек байқалды", - деді Айжан Есмағамбетова.


Сонымен қатар ол әлі де адамдардың карантин талаптарын сақтамай жүргенін атап өтті.

"Мұндай өтініштер санының көбеюі - азаматтардың карантин талаптарын сақтамауынан болып отыр. Бәрі карантиннің аяқталды, енді бұрынғыдай ешқандай шектеулерсіз өмір сүреміз дегендей ойлап, негізгі профилактикалық шараларды сақтауды доғарды. Өкінішке орай, көптеген адамдар коронавирустық инфекцияның қаупін ескермейді. Мен бұл өте жұқпалы ауру екенін тағы да ескерткім келеді, оның салдары елеусіз қалмайды",  - деді бас санитар дәрігер.


Бұдан бөлек Айжан Есмағамбетова корнонавирус инфекциясын жұқтырғандар санының артуына екі негізгі берілу жолы бар екенін айтты.

"Бұл біріншіден, санитарлық режимді сақтамай, маска кимей, қашықтықты сақтауға салғырт қарап, байланыстарды азайтуға қойылатын талаптарды сақтамаған еңбек ұжымдарында инфекцияның көптеп таралуы таралуы. Екіншісі - әлеуметтік байланыстардың ұлғаюы. Мәселен, біз үйге қонақ шақырамыз, мамандардың ескертулеріне  қарамастан, біз қарапайым гигиена ережелерін сақтамаймыз, маска киіп, антисептиктерді қолданбаймыз, топ болып жиналамыз және әлеуметтік қашықтықты сақтамаймыз. Міне, осындай салғырттықтың кесірінен жұқтырғандар саны өсіп отыр", - деді бас санитар дәрігер.


Еңбек ұжымында жұқтырудың мысалы ретінде Айжан Есмағамбетова Қарағанды мен Түркістан облысында болған оқиғаларға тоқталды.

"Мәселен, Қарағанды облысында 1 жағдай 18 ошақтың пайда болуына әкелді, онда еңбек ұжымында – 29, үй ошақтарында – 11 адам, оның ішінде 3 бала бар. Сондай-ақ бұл орындар әлі жабылмаған, себебі соңғы ауру анықталған күннен бастап инкубация кезеңі бітпеген. Ал Түркістан облысында 1 Науқастан 8 түрлі ошақтар пайда болды және 20 адам жұқтырды. Оның ішінде 2- еуі - 60 жастан асқандар және 7 бала бар. Жүк машинасын айдаушы әйеліне жұқтырған. Ал оның зайыбы жұмысындағы 6 адамға жұқтырған.  Ал олар өз кезегінде өз отбасыларына инфекция алып келіп, 4 үй ошағында 14 байланыста болған адам шалдыққан", - деді ол.


Сонымен қатар оның сөзінше, ауызашарға барған азамат ауру жұқтырған, бұл онымен  байланысқа түскен адамдардың арасында инфекцияның таралуына әкелді.

"Бұл мысалдар халықтың карантиндік шараларды сақтамауы үлкен қауіп тудыратынын,  отбасыларына жұқтыруына әкелетінін көрсетіп отыр. Бұл ауру ауыр, әрі өлімге әкеп соқтыруы мүмкін екенін тағы бір атап өткім келеді", - деді бас санитар дәрігер. 


Сондай-ақ ол карантиндік шараларды сақтамау бұдан да қатаң карантиндік режимге қайтаруы мүмкін екенін еске салды.

"Төтенше жағдайдың аяқталуы - карантиндік шаралардың орынмау керек дегенді білдірмейді. Барлығымыз вирустың ешқайда кетпегенін және арамызда тарала бастағанын түсінуіміз керек және біздің ортақ міндетіміз - оның одан әрі таралуына және аурудың өсуіне жол бермеу, сонымен бірге зиян келтірместен карантиндік шараларды біртіндеп азайтуды жалғастыру. Мұның бәрі әрқайсымыздың, жақындарымыздың денсаулығы үшін және ел экономикасы үшін маңызды", - деді Айжан Есмағамбетова.


Сонымен қатар ол барлық объектілердің жұмысын қалпына келтіру және карантиндік шараларды орындау қатар жүруі керектігін айтты.

"Карантиндік шараларды жеңілдету және көптеген объектілердің жұмысын қалпына келтіру жағдайында, өз қызметкерлері мен клиенттерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс кәсіпкерлік субъектілеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Сонымен қатар, өңірлердегі жедел штабтарда құрылған бақылау топтары белгіленген режимнің бұзылуын анықтады", - деді ол.


Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласында 358 объекті тексерілген, оның 85 пайызы белгіленген талаптарға сай емес. 

"Мәселен, 116 азық-түлік және 94 азық-түлік емес дүкендегі сатушылар маска, қолғап пен арнайы киімдерсіз жұмыс істеген. Антисептиктері жоқ. Онда орамасыз сатылатын нан өнімдері болды. 11 қоғамдық тамақтандыру объектісінде қызметкерлер маскасыз және қолғапсыз жұмыс істейді. 29 стоматологиялық ұйымдардың қызметкерлеріне коронавирус жоқтығы туралы анықтамасыз жұмыс істеуге рұқсат етілген, 61 шаштараз мен сұлулық салонында қызметкерлер маскасыз жұмыс істейді", - деді ол. 


Оның сөзінше, халық өзін-өзі ұстаудың жаңа ережелеріне көшуі керек, мәселе, қол гигиенасы, тыныс алу этикеті және қашықтықты сақтауы тиіс.

"Көп адамдар баратын орындарға барудан бас тарту, тек отбасы ммүшелерімен ғана кездесеу, жаяу жүрмеу және қонақ шақырмау, жеке гигиена және тыныс алу гигиенасы ережелерін сақтау, қоғамдық орындарда қашықтықты сақтау, адамдармен байланыс кезінде медициналық маскаларды қолдануды жалғастыру, антисептиктерді қолдану, ақпаратты қадағалап, медициналық мамандардың ұсыныстарын орындауға кеңес беремін", - деді Айжан Есмағамбетова.


Сонымен бірге ол тек өз жұмыс орнында, командада, отбасында, карантиндік шараларды сақтай отырып, коронавирустық инфекцияның таралуын азайтып, бұрынғы өмірге орала алатынымызды баса айтты.

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды