• Басты
  • Коронавирус пен тұмауды қалай ажыратуға болады
27 Тамыз, 2020 17:33

Коронавирус пен тұмауды қалай ажыратуға болады

Коронавирустың екінші толқынында ауыл тұрғындары қысылтаяң жағдайға тап болуы мүмкін. Соған сәйкес Нұр-Сұлтан қаласының дәрігерлері Zoom платформасы арқылы ауыл фельдшерлеріне «Вирустық инфекциядан қорғану мен алдын алу» тақырыбында дәріс өткізді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Коронавирус пен тұмауды қалай ажыратуға болады

Шараны ұйымдастырған - "Ауыл" халықтық демократиялық партиясы.  

Жалпы, эпидемиологиялық заңдылыққа сәйкес, қалаға қарағанда  індет ауылда көп тарамауы тиіс. Өйткені, ауылда халық тығыз қоныстанбаған, үлкен өндіріс орындары мен үлкен ғимараттар жоқ. Десе де, ауыл дәрігерлері, оның ішінде фельдшерлер кез келген жағдайға дайын болу керек. Осы орайда, жоғары санатты невролог-эпилептолог дәрігер, Астана медицина университетінің «Неврология, наркология, психиатрия» кафедрасының доценті Алтынай Елубаева жұқпалы респираторлы вирусты инфекциялар туралы кең мағлұмат берді.

Ең әуелі COVID‑19 және тұмаудың ұқсас белгілері барын кез келген фельдшер білуі тиіс. Екі вирус та симптомсыз түрден жеңіл көріністі аурудың ауру түріне дейін немесе өлім-жітім жағдайына дейін алып келетін респираторлық ауруларды туындатады. Екеуі де осынысымен қауіпті. Екіншіден, екі вирус физикалық байланыста болады. Ауа арқылы таралады, сондай-ақ ластанған заттар арқылы беріледі. Осылайша, екі жағдайда да денсаулық сақтаудың бірдей шаралары тиімді саналады. Мысалы, қол гигиенасы және тыныс алу этикеті (жөтелгенде немесе түшкіргенде шынтақты бүгу арқылы ауыз бен мұрынды жабу). Сондықтан медициналық бетперде кию өте маңызды, - деді дәрігер.
Дәрігер ЖРВИ ауруының алдын алуға кең тоқталды.
Жұқпалы респираторлы вирусты инфекциялар -барлық жұқпалы аурулардың 90% -ын құрайтын кең тараған  ауру. Бұл аурумен адамдардың бәрі ауырады, әсіресе күз мезгілінде. ЖРВИ-ді қоздыратын вирустар тыныс жолдарын: мұрын және көмекей, жұтқыншақ және бронхтардың, тіпті өкпенің эпителий жасушаларын зақымдайды. Қоршаған ортада вирустар тез жойылады, бірақ адамнан адамға ауа тамшылары арқылы жұға береді. Кез келген респираторлы вирус бүкіл тыныс алу жолдарын емес, тек белгілі бөлігін зақымдайды. Вирустар тыныс жолдарының әртүрлі бөлімдерін талғап орналасуымен сипатталады. ЖРВИ тек ауа арқылы жұғады, - деп түсіндірді дәрігер.
Оның айтуынша, коронавирус пен ЖРВИ-дің айырмашылықтарына қатысты инфекцияның берілу қарқынын айтуға болады. 
COVID‑19 кезінде генерацияның (бір адамның екіншісіне жұғу процесі) пайда болу уақыты 5-6 күнді құрайды. Ал тұмау жұқтырған кезде ол небәрі 3 күнде білінеді. Бұл тұмаудың COVID‑19-ға қарағанда тез таралуы мүмкін дегенді білдіреді. Бірақ, кейбір науқаста COVID‑19 симптомдары анықталғанға дейін 24-48 сағат бұрын вирустың пайда болуы мүмкін екендігі туралы мәліметтер де бар, - деді ол.
ЖРВИ-ді емдеу шаралары нақтыланды. ЖРВИ профилактикасы жалпы сауықтырудан, таза ауада шынығу, дене шынықтыру жаттығуларымен айналысу, шаңғы, коньки тебу, жүзу, толыққанды, дәрумендерге бай тағамдарды қолдану арқылы ағзаны нығайту және иммунитетті көтеруден тұрады, ал қыстың соңы мен көктемнің басында — табиғи текті дәруменді препараттарды орынды қолданған абзал. Инфекция ушығып тұрған кезде көпшілік қатысатын шараларға баруға шектеу қою керек, әсіресе жабық бөлмелерде, науқаспен тығыз қарым-қатынас жасамау және қолды жиі жуу керек. Дәл осы ережені науқастар да сақтауы тиіс: уақытша еңбекке жарамсыыздық қағазын алып, көпшілік орындарға бармай, дені сау адамдармен байланысқа түсуден аулақ болуы керек, дәке таңғыш тағып, қоғамдық көлікті аз пайдалануға тырысуы қажет.

ЖРВИ-ден емделу үшін дәрігердің айтуынша ең алдымен төсек режимі немесе жартылай төсек режимі қажет. Бұл ең алдымен ағзаның қуаттылығын сақтау үшін маңызды. Сонымен қатар, инфекцияның қозып кетпеуін қадағалайды. Екіншіден, көп мөлшерде су ішу керек. Бұл ағзадағы артық заттардың сумен шайылып шығуына әсер етеді.Сонымен қатар науқас тершең болып кетуіне байланысты ағзаның өзі суды көп мөлшерде қажет етеді. Иммунитетті көтеру үшін С витаминін қабылдау керек. Бұл витамин шиповник, апельсин, клюква, брусника шырындарында көп болады. Таңқурай тосабы қосылған немесе лимон, бал қосылған ыстық шәйдің да көмегі бар.

Мұрынды шайып, жылы ұстау керек. Тамақты тұзды сумен шайып, ингаляция істеу де маңызды екені айтылды.

Күз мезгілінде ЖРВИ көп тарайтын болғандықтан, дәрігерлер қазір індет болған COVID-19 жұқпалы дерті де өршуі мүмкін деп ескертеді. Коронавирус 2019 жылы желтоқсан айында Қытайдағы Ухань қаласында тіркелді. Ол ЖРВИ-мен салыстырғанда қатты екпінмен жылдам таралуымен және адам өлімімен қауіпті.

Ауылдық жерлерде вахталық әдіспен үлкен өндіріс орындарына барып жұмыс істейтін тұрғындар көп. Бұл ауылда инфекцияның таралуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан ауыл фельдшерлері бұл кезеңге дайын болуы керек.

Семинар соңында Қазақстанның әр аймағындағы фельдшерлер медицина ғылымының докторына сұрақтар қойып, тиісті жауап алды.

Фото: ашық дереккөз

Барлық жаңалықтар