• Басты
  • Коронавирус: Науқастар медициналық оңалту қызметін алады. Ауру жұқтырған дәрігерлерге өтемақы төленеді.

Коронавирус: Науқастар медициналық оңалту қызметін алады. Ауру жұқтырған дәрігерлерге өтемақы төленеді.

17 Тамыз, 2020 16:32

Өткен аптада карантин шараларын біртіндеп алып тастау туралы қаулыға Мемлекеттік Бас санитар Есмағамбетова қол қойған болатын. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде журналистермен онлайн кездесіп, осы күнге еліміздегі эпидемиологиялық жағдайды, әлеуметтік жәрдемақы алған дәрігерлер туралы, күздегі карантин жайлы айтты. Қожахметов пен журналистер көтерген мәселелер Strategy2050.kz материалында баяндалды.

Бүгін – 17 тамыздан бастап шағын және орта бизнес субъектілерінің кейбір жұмысы қайта жанданды. Бірақ өткен аптада Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Цой, Орталық коммуникациялар қызметінде баяндама жасаған бас санитар дәрігер Есмағамбетова да карантиндік шектеу шаралары алынып тасталса да, міндетті түрде бетперде кию мен әлеуметтік ара қашықтық сақталу тиіс екенін айтқан болатын. Денсаулық ақтау министрлігінің ресми өкілі мұны бүгін де қайталады. Ал егер маска кимей, айналасындағы адамдардың денсаулығына бей-жай қараған әрекеттер анықталса, айыппұл салынады. Шілде айынан бері осындай ереже бұзған 2 778 адам айыппұл төледі. Санитарлық қызмет, полиция, әкімдік өкілдерінен құрылған мониторингтік топ мүшелерімен жабық орын жайларда қорғаныс маскаларынсыз жүрген 2 472 қазақстандық анықталды. 306 - қоғамдық орындарда және көшеде талаптарды сақтамаған.

Коронавирус инфекциясының таралуы төмендеп келеді. Еліміздегі медициналық мекемелерде жүктеме азайды. Медицина қызметкерлерінің көпшілігі бұрынғыдай штатты режимде жұмыс істеуге көшкен. 2020 жылғы 15 шілдеде инфекциялық, провизорлық және карантиндік стационарлардағы төсек-орындар саны 58 798 болса, онда 57% немесе 33 493 науқас жатқан, ал 17 тамызда 36 938 төсек-орын қалды, олардың тек 23% немесе 8 475-інде ғана науқас бар. Қожахметов кейбір өңірлерде ковидпен ауырған науқастың болмауына байланысты инфекциялық және провизорлық стационарлардың жабылып жатқанын да айтты. 2020 жылдың 15 шілдесіндегі жағдай бойынша, елімізде провизорлық емдеу орындары мен стационарларда 57 798 төсек-орын болды. Ол кездегі жүктеме 57%-ды құраған. Қазір ауруханаларда жатын орындардың саны 37 000, жүктеме 29%-ға дейін азайды. Кейбір өңірде науқастар түгел жазылып шығып, ауруханалар бос тұр. Мысалы, Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы инфекциялық бөлім қазір бос екен.

ПТР-тесті теріс нәтиже көрсеткен, бірақ ауру белгілері коронавирустық инфекцияға ұқсас жағдайлар бойынша 18 606 адам тіркелді. 218 адам қайтыс болды. Соңғы тәулікте 141 адамның ауырғаны анықталды.

Індет өршіген кезде Қазақстандағы ауруханалар халыққа жоспарлы көмек көрсетуді уақытша тоқтатқан еді. Енді елде эпидахуал жақсарып, 1 тамыздан бастап клиникалардың жұмысы біртіндеп қалпына келуде. Бірінші кезекте республикалық деңгейдегі мамандандырылған клиникалар, облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі көп бейінді ауруханалар, COVID-19 күрес шараларына қатыспаған өзге де стационарлар кезең-кезеңмен іске қосылады.

Қазір терапевтік, кардиология, гастроэнтерология, аллергология, хирургия, неврология, пульмонология, реанимация, акушерлік-гинекология, нейрохирургия, травматологиялық бейіндер, торакалдық хирургия, қалпына келтіру емі және медициналық оңалту қызметтерін көрсететін 626 медициналық ұйым жұмысын қайта бастады. Жоспарлы медициналық көмек қызметтерін алу шарттарын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайтында танысуға болады. Онда қызмет көрсетушілердің тізімі де бар. Тізім үнемі жаңартылып отырады, - деді Бағдат Қожахметов.

Көп журналистердің көкейіндегі сұрақ - індет кезінде алдыңғы шепте жұмыс істеген дәрігерлердің үстемақысы. Шілде айында инфекциямен күрес кезінде науқастармен тікелей жұмыс істеген 78 364 медицина қызметкері 212 мыңнан 850 мың теңгеге дейін үстемеақы алды. Тағы 598 адамға 2 млн теңгеден төленді.

Президенттің тапсырмасы бойынша медицина қызметкерлерінің үш санатына 212,5 мың теңгеден 850 мың теңгеге дейін қосымша ақы қарастырылды. Тек шілде айында ерекше жағдайлар үшін қосымша төлемдер сомасы шамамен 25 миллиард теңгені құрады. Оны 78 364 дәрігер алды, - ведомствоның ресми өкілі.

Ал науқастарды емдеймін деп жүріп, өзі ауру жұқтырған медицина қызметкерлеріне 2 млн.теңге көлемінде өтемақы қарастырылды. Өтінімді медицина қызметкерінің өздері өтінім беру керек. Өңірлердегі арнайы комиссиялар қарап, үстемақы тағайындайды. Қазірге дейін 1 148 өтінім мақұлданған, оның ішінде 598 өтемақы төленді. Сонда шамамен мемлекеттік бюджеттен ковидке шалдыққан дәрігерлерге 1,2 млрд.теңге өтемақы төленді. Айтпақшы, компьютерлік томография зертханашысына өтемақы төленеді екен, ал рентгенологқа төленбейді. Екеуі де өкпені зерттейтін болғандықтан, екеуіне бірдей төлену керек қой деген сұраққа Қожахметов:

Мұндай түсінік бар – контаминация, яғни коронавирустық инфекцияның нақты немесе айқын тасымалдаушысымен тікелей байланыс уақыты. Онда уақыттың мөлшері есепке алынады, сондай-ақ басқа параметрлерге қарайды. Яғни, дәрігер қорғаныс костюмінде қанша уақыт болды, оған жұмыс істеу қаншалықты қиын болды. Зертханалық жұмыс коронавирустық инфекция болуы мүмкін материалдармен байланысты болғандықтан, оларға өтемақы қарастырылған. Бірақ Қазақстандағы әрбір дәрігер қандай да бір дәрежеде COVID-19 тасымалдаушысымен байланыста болғандықтан, министрліктің бұл жағдайда ұстанымы: барлығына өтемақы төлеу мүмкін емес. Себебі бюджеттің белгілі бір параметрлері бар, сондықтан министрлік, ең алдымен, алдыңғы қатардағы медицина қызметкерлеріне сыйақы мен үстемеақыны өтейді немесе төлейді», - деп жауап берді.

Журналистер сұрақтарының ішінде алматылықтардың таудағы демалысы туралы сұрақ болды. Қауіпсіздік мақсатында тауға баруға тыйым салынды. Бағдат Қожахметовтың айтуынша, белгілі бір орындарды жабу немесе оған баруды шектеу туралы шешімді Бас санитарлық дәрігер қабылдайды.

Тауға бармау деген тыйым санитарлық қызметтің тәжірибесі мен практикасының нәтижесінде шықты. Өкінішке орай, егер Алматыдағы тауларға, не болмаса, мысалы, Қазақстанның кез келген елді мекеніндегі табиғатқа шығуға рұқсат берілсе, адамдар жаппай тәртіп бұзуы мүмкін. Табиғатта демалған соң алкогольді ішімдіктер ішіледі. Бұл коронавирус инфекциясының таралуына әкеп соғады. Сондықтан түрлі өңірлердегі санитарлық дәрігерлер қоғамдағы жағдай мен тәртіпке байланысты шектеу шараларын қабылдауға мәжбүр. Алматыда санитарлық дәрігер осындай шешім қабылдады, біз онымен келісуіміз керек және бұлжытпай орындауымыз керек. Себебі діл қазргі жағдайды қауіпсіздік – бәрінен маңызды, - деді Б. Қожахметов.

Күзде аурудың өршуі, қайтадан карантиндік шектеу шаралары енгізілетінін туралы ақпарат жиі шығады. Бұған Қожахметов жауап берді. Айтуынша, күзде қайта карантинге кетуіміз өзімізге байланысты. Егер карантин бітті екен деп, жинала беретін болсақ, қауіпсіздік шараларына сақтамасақ, күзде тағы да бәрін ысырып, үйден шықпауға тура келеді.

Ахуал тұрақтанды екен деп қауіпсіздік ережесін бұзуға болмайды. Мұны естеріңізге саламыз. Індетті толық жеңіп шыққанша, антисептик қолданып, маска тағып, әлеуметтік арақашықтықты мұқият сақтаңыздар, - деді ол.

Журналистердің бірі кинотеатрларға қатысты сұрақ қойды. Супермаркеттерге қарағанда, кинотеатрларда толымдылық реттеліп, ара қашықтық та оңай сақталатын жер болғандықтан неге ашыла бермейді? - деген сұрақ түсті. Бағдат Болатжанұлы бұған:

Бұл субъективті пікір. Дәрігерлердің, мамандардың, сарапшылардың кәсіби пікірі есепке алынып, карантиндік шектеу шаралары алынып тасталатын нысандар анықталды. Әзірге адамдардың қауіпсіздігі үшін ашылуға тыйым салынған мекемелер бар. Демек, кинотеатр әзірге жұмыс істеуге рұқсат етілмейтін нысанға кіреді. Бәріміз де кинотеатрды сағындық, бірақ әлі де күте тұрамыз. Бізге монша кешендері, кинотеатрлар, сауда орталықтары бар кәсіпкерлер жиі хабарласады. Денсаулық сақтау министрі де, бас санитарлық дәрігер де, вице-премьер мен Премьер-Министр де бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп, бизнестің табыс табуына, соңғы айлары келтірілген залалдың орын толтыруға мүмкіндік беретін шешім қабылдау үшін шаралар қолданып жатыр. Бірақ, қайталап айтамын, нақты ережелер бар. Оларды Қазақстан ойлап тапқан жоқ. Кинотеатрларды немесе SPA-орталықтарды, клиенттерге жаппай қызмет көрсететін басқа да орындарды ашуға болады деп сенімді түрде айта алатындай, белгілі бір көрсеткішке әлі жеткен жоқпыз - деп жауап берді ведомство өкілі.

Коронавирус инфекциясымен ауырғандар оңалтудан өтеді. Оңалтуға жолдама алу үшін не істеу керек, қандай құжаттар және оларды қайда тапсыру керек? Пациенттер үшін санаторлық-курорттық емдеу оңалту төсектері бар көп бейінді клиникалар жағдайында, емханаларда, сондай-ақ санаторлық-курорттық ұйымдар базасында жүргізілетін болады.

Медициналық оңалту бойынша қызметтерді ұйымдастыру үшін санаторлық-курорттық ұйымдардың рұқсат беретін құжаттары, лицензиясы болуы, конкурстан өтуі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасуы және медициналық оңалту бойынша қызметтер көрсетуге мемлекеттік тапсырыс алуы тиіс, - деді спикер. 

Медициналық оңалту қызметін алу үшін науқастар өздерінің учаскелік дәрігеріне хабарласады.

Фото: ашық дереккөз

Барлық жаңалықтар