• Басты
  • Коронавирус: Елордада дертке шалдыққандардың басым көпшілігі 18 бен 49 жас аралығындағы азаматтар
19 Мамыр, 2020 12:36

Коронавирус: Елордада дертке шалдыққандардың басым көпшілігі 18 бен 49 жас аралығындағы азаматтар

Елордада дертке шалдыққандардың басым көпшілігі 18 бен 49 жас аралығындағы азаматтар. Бұл туралы елордадағы коронавирустық инфекцияның ағымдағы жағдайы, сондай-ақ карантин режимін сақтау шаралары жөнінде өткен баспасөз мәжілісінде Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Сәуле Кисикова айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Коронавирус: Елордада дертке шалдыққандардың басым көпшілігі 18 бен 49 жас аралығындағы азаматтар

Қалалық денсаулық сақтау бөлімі басшысының айтуынша, қазіргі таңда қалалалық ауруханаларда 1022 науқас ем қабылдауда. 

"Оның 67 пайызы коронавирус инфекциясын жұқтырып, ем алып жатқандар. Соңғы ақпаратқа сәйкес, елордада 1287 адам аталмыш індетті жұқтырғаны белгілі болды. Оның 84-і - 18 жасқа дейінгі балалар. Оның 62 пайызы - ер, 38 пайызы - әйел адамдар. Жастарына сәйкес қарастырсақ, ең көп ауырғандар 18 бен 49 жас аралығындағы азаматтар, олар 76 пайызды құрайды. 50-69 жастағылар - 16 пайыз болса, 70-тен асқандар -2 пайыз, балалар - 6 пайызды құраған", - деді ол. 


Сәуле Кисикованың сөзіне сүйенсек, індет жұқтырған 10 науқастың жағдайы ауыр. 

"Бүгінгі таңда ауырғандардың 47 пайызы жазылып, 14 күндік үй карантиніне жіберілді. Ал ауруханалардағы 10 науқастың жағдайы ауыр. Оның 2-еуі жасанды өкпе желдеткішіне қосылған. Емдеу бекітілген хаттамаға сәйкес жүргізіліп жатыр. Қалған науқастардың жағдайы қанағаттанарлық, емдеу жалғасуда", - деді бөлім басшысы.


Сонымен қатар қалалық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы қандай қоғамдық орындар вирус жұқтыру қаупі жоғары екенін атап өтті. 

"Қоғамдық орындарда мінде түрде бетперде кию керектігін баса айтқым келеді. қазір біз басқаша өмір жатырмыз. Коронавируспен өмір сүру дегеніміз - әрдайым сақтық шараларын орындау. Әлі де адамдар топ болып жиналмауға тиіс. Жәй ғана далада серуендеуден дертке шалдықпайды, көп жағдайда адам көп жиналған орындарда, мәселен, сұлулық салондарында, дүкендерде, дәріханаларда жұқтыруы мүмкін", - деді Сәуле Кисикова.  

       
Ал баспасөз мәжілісіне қатысқан  Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Жанна Правлиева рұқсат етілген объектілерде санитарлық  талаптарын тек субъектілердің өздері ғана емес, сондай-ақ келушілер де қатаң сақтау керектігін айтып өтті.

"Өткен аптада елордада коронавирустық инфекциямен ауыру деңгейі тұрақтанудың оң динамикасын көрсетті. Алайда аурудың өсу көрсеткіші 5 пайыздан аспаған кезде де санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау қажеттілігін атап өткім келеді. Себебі карантин шараларын босаңсыту кез-келген уақытта аурудың өсуіне әкелуі мүмкін. Осыған байланысты, рұқсат етілген объектілерде санитарлық нормалардың талаптарын тек субъектілердің өздері ғана емес, сонымен бірге келушілер де қатаң сақтау керек", - деді қалалық бас санитар дәрігер.


Бұдан бөлек Жанна Правлиева ойын-сауық орталықтарының, қоғамдық монша секілді орындарлың 20 мамырдан бастап ашылу мәселесі қаратырылып жатқанын айтты.

"Қолайлы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, ведомствоаралық комиссиямен 2020 жылдың 20 мамырынан бастап біздің қалада сауда-ойын-сауық орталықтарын ойын-сауық және ойын орталықтарынсыз, фудкорттарсыз, кинотеатрларсыз және қоғамдық моншалардың, сауналардың бассейнсіз, азық-түлік емес жабық базарлардың, сауда орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысын қайта башу сұрақтары қарастырылып жатыр. Қазіргі таңда бұл сұрақ біздің тарапымыздан пысықталуда және қаланың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің Қаулысы дайындалып жатыр", - деді ол.


Оның сөзінше, көрсетілген санаттағы объектілердің жұмыс алгоритмдері әзірленген, онда жалпы санитариялық-шектеуталаптарынан басқа ерекше талаптар көрсетілген.

"Күнделікті жұмыс кестесімен сауда үйлері, сауда орындары мен сауда ойын-сауық үйлері, сауда бутиктерінде сатып алушылардың ең көп саны 5 адамнан аспайтын, сатып алушылар арасында 2 метрден кем емес әлеуметтік қашықтықты қатаң сақтау, кезекте, кассалық, сауда және киім өлшеу аймағында арнайы таңбалардың болуы ескерілу қажет. А монша және сауна үшін (бассейнсіз) жұмыс кестесі сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін (алдын ала жазылу бойынша) жобалық сыйымдылықтың 30 пайызынан көп болмауы керек, күту залында адамдардың жиналуын болдырмау, персоналдың келушілермен тікелей байланысын азайтуды қадағалау керек", - деді Жанна Правлиева.


Сонымен қатар елордалық бас санитар дәрігер бас қала тұрғындарын бетперде киіп, көпшілік жиналған орындарға барудан бас тартуға шақырды. Оның айтуынша, бұл ауруды тек сақтық шараларын қатаң сақтағанда ғана жеңіп шығуға болады.

"Астаналықтарды сақ болуға және маскаларды киюден бастап, жаппай толып жатқан жерлерге барудан бас тартуға қатысты барлық алдын-алу шараларын қатаң сақтауға шақырамын, өйткені инфекция біздің айналамыздан жоғалып кетпеді және біз оны барлық сақтық шараларын сақтаған кезде ғана жеңе аламыз. Сіздердің әрқайсыңыздың жағдайдың ауырлығын түсінгеніңіз өте маңызды. Әрқайсыңыз алдын-ала білместен вирустың тасымалдаушысы бола аласыз. Инфекцияның салдары ауыр болуы мүмкін", - деді ол.


Бұдан басқа жиынға қатысқан Нұр-Сұлтан қаласының Жергілікті полиция қызметінің басшысы Госман Жакин елордадағы санитарлық блокпосттар жұмысының жаңа алгоритмі  күшіне енгенін атап өтіп, жаңа алгоритммен таныстырды. 
 

"Жаңа алгоритмге сәйкес, қала аумағына шығуға және кіруге тыйым салуды қамтамасыз ете отырып,  алты блокпостарда полиция қызметкерлері, әкімдік, денсаулық сақтау органдары қызметкерлерімен санитарлық-карантиндік бақылау жалғасуда. Блок бекеттерден кедергісіз өте алатындар қатарына халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарының қызметкерлері, төтенше жағдай  режимі алынып тасталғаннан кейін өз жұмысын қайта бастаған ұйым қызметкерлері, карантин аймағына, одан тыс жерлердегі саяжай учаскелеріне  бара жатқан тұлғалар, медициналық көрсеткіштер бойынша шығатын және келетін адамдар, көктемгі егіс жұмыстарына жіберілген тұлғалар және Ақмола облысының Целиноград, Аршалы, Шортанды және Қорғалжын аудандарының тұрғындары жатады", - деді полиция қызметінің басшысы. 


Сондай-ақ Госман Жакин ҚР басқа өңірлерінде тіркелген карантин аймақтарынан шығатын адамдар санитарлық блокпосттарда қажетті құжаттарды толтырғаннан кейін кімдердің және қандай жағдайда блокпостта өте алатынына тоқталды.
 

"Жерлеу мақсатында карантин аймағын кесіп өтетін азаматтар, шет мемлекеттердің азаматтары, карантин аймағына немесе карантин аймағынан өздерінің кәмелетке толмаған балаларына бара жатқан тұлғалар, карантин аймағына немесе карантин аймағынан сырқат туыстарына күтім жасау мақсатында бара жатқан тұлғалар, әуе рейсімен бара жатқан тұлғалар, қалпына келтіру жұмыстары және су тасқынына қарсы іс-шараларға көмек көрсету үшін Түркістан облысына жіберілетін тұлғалар, азық-түлік және азық-түліктік емес тауарлардың жүк көліктері және транзит", - деді ол.


Бұдан бөлек полиция қызметінің басшысы бекітілген құжатта карантин аймағын кесіп өту бойынша барлық түпкілікті шешімдерді жауапты қызметкерлер блокпостарда қабылдайтынын атап өтті. Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласының карантин аймағын кесіп өтетін әрбір тұлға "СЕРГЕК -БЛОКПОСТ ақпараттық деректер базасында міндетті түрде есепке алынуы тиіс.