• Басты
  • Коронавирус дағдарысына бір жыл: Цифрландыру саласында не өзгерді

Коронавирус дағдарысына бір жыл: Цифрландыру саласында не өзгерді

12 Наурыз, 2021 12:50

Осыдан бір жыл бұрын қытайлық коронавирустың таралуы – адамзат өміріне бірқатар өзгеріс әкелді. Әлем елдерінің көпшілігі қашықтан оқу, қашықтан жұмыс істеуге көшіп, өндіріс орындарының жұмысы тоқтады. Бұған дейінгі офлайн жұмыс, оқудың барлығы онлайнға көшті. Осы орайда, цифрландыру саласында Қазақстан үкіметі қандай шараларды қолға алғаны жөнінде Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыздар.

Пандемия кезіндегі интернет

Бүгінгі таңда Қазақстандағы телекоммуникация саласын дамытудың басым міндеттерінің бірі – халықты кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету. ҚР Цифрлы даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда кең жолақты интернет қызметі республикада 88 қала мен 30 қала маңындағы елді-мекендерде, сондай-ақ 5 214 ауылдық елді-мекендерде қолжетімді.

Елдегі төтенше жағдай кезеңінде аталған министрлік екі жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізді:

Оның алғашқысы - мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің (МЖС) көмегімен талшықты-оптикалық байланыс желілері (ТОБЖ) арқылы кең жолақты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету жобасы.

Ауылды елді-мекендердің кең жолақты интернетке қолжетімділігін максималды түрде арттыру үшін 2018-2020 жылдары талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жобасы жүзеге асырылды. Оның шеңберінде 1 257 ауылды елді-мекендерде орналасқан 3718 мемлекеттік орган мен бюджеттік мекеме талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы кең жолақты интернетке қол жеткізді.

Екіншісі – ауылды елді-мекендерді мобильді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету. Аталған министрлік пен ұялы байланыс операторлары арасында қол қойылған меморандум шеңберінде 2020 жылы ауылды елді-мекендерде 3G/4G және радиотехнология арқылы ұялы байланыс желілерінің құрылысын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының 250 және одан астам тұрғыны бар 928 ауылды елді-мекені кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген.

Жоғарыда аталған жобаларды іске асыру нәтижелері бойынша, 2020 жылы Қазақстанның барлық тұрғынының 99%-ы кең жолақты интернетпен қамтылған.

Ақпараттық қауіпсіздік

ҚР Цифрлы даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ДДСҰ жариялаған COVID-19 пандемиясына байланысты енгізілген төтенше жағдай кезеңінде алғаш рет мемлекеттік қызметкерлер үшін қашықтан жұмыс режимін ұйымдастырды.

Осыған байланысты, министрлік 20.03.2020 жылы № 110/НҚ «Мемлекеттік қызметшілерді қызметтік міндеттерін орындау үшін қажетті ресурстарға қашықтан қосу схемасы» бұйрығын қабылдады. Соның негізінде «қашықтағы жұмыс орны» пилоттық жобасы іске қосылды.

ХҚО-лар қалай жұмыс істеді

Елімізде коронавирус пандемиясына және төтенше жағдай режиміне байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы 2020 жылдың 26 ​​наурызынан бастап тоқтатылды, тек 4 мамырдан бастап ХҚО біртіндеп қайта қызмет көрсете бастады.

Қатаң карантин жағдайында халыққа қызмет көрсету орталықтарының 1800-ден астам тәжірибелі қызметкері, 1414 байланыс орталығының кеңесшілері азаматтарға мемлекеттік қызметтерді онлайн-форматта алу кезіндегі сұрақтарына байланысты жауап берді.

Сонымен қатар, 21 наурызға дейін ХҚО-ға құжаттарын тапсырып қойған азаматтар үшін әр қалада дайын құжаттарды беру үшін бір терезе болды. Онлайн режимінде автокөлікті қайта тіркеген немесе жүргізуші куәлігін ауыстырған автокөлік иелері дайын құжаттар мен нөмірлерді өз қалаларындағы арнайы ХҚО-ларда алды, онда дайын құжаттар беруге арналған терезе де жұмыс істеді. Айта кетейік, Қазақстанда мемлекеттік корпорацияның 800-ден астам қызметкері құжаттарды рәсімдеу бойынша жұмыс істеген.

Мемлекеттік корпорацияның тағы 914 қызметкері үйде отырып онлайн режимде жұмыс істеді және бейнебайланыс арқылы мобильді азаматтар базасында қазақстандықтарды тіркеп, ЭЦҚ берді.

Карантин кезеңінде Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері 6,2 миллионнан астам қоңырауларға жауап берді, жеке және заңды тұлғаларға 1,8 миллионнан астам ЭЦҚ берілді және 2 миллионнан астам қазақстандық мобильді азаматтар базасында тіркелді. Жалпы операторларға 7,1 миллионнан астам бейнеқоңырау түскен.

Карантин кезінде мемлекеттік корпорацияның әлеуметтік блогының үш мыңға жуық қызметкері төтенше жағдай кезінде күніне 14 сағат, кейде тіпті аптасына жеті күн жұмыс істеген. Олардың арқасында барлық 2,2 миллион зейнеткер уақытында зейнетақысын алды, 43 төлемнің барлық түрлері қызметті алушыларына жетті, ал 42 500 төлем карантин кезінде кірістерін жоғалтқандардың барлығына есептелді.

Пандемия кезіндегі мемлекеттік қызметтер қалай жүзеге асырылды

Мемлекеттік органдарда COVID-19 коронавирусының таралуын алдын алу мақсатында құжаттардың қағаз түрінен толық бас тарту үшін 22 орталық мемлекеттік органның, 40 комитеттің, Ұлттық статистика бюросының қызметкерлері, ҚР Президенті іс-басқармасының 2 бөлімі және 176 аумақтық азаматтық қорғаныс бөлімшесі шұғыл түрде құжат айналымын интернетке көшірді.

Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті мемлекеттік органдарына арналған 2300-ден астам бейнеконференциялар және онлайн-трансляциялар жүзеге асырылды.

Қашықтан ЭЦҚ алу мүмкіндігі іске асырылды.Сондай-ақ, қысқа мерзімде азаматтарға «әлеуметтік көмекке 42500» алуға мүмкіндік беретін, қызметін көрсету үшін техникалық шаралар қабылданды.

Egov порталында мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру 90% қол жеткізілді, 41,2 млн-нан астам электронды қызмет, Egov мобильді қосымшасы арқылы 8,4 млн-нан астам қызмет көрсетілген. Әлеуметтік маңызы бар қызметтер онлайн форматқа көшірілді, мәселен, жеке куәлік, жүргізуші куәлігі және тағы басқалары.

Азаматтардың 32 мемлекеттік қызметті алу кезінде мекен-жай анықтамаларын беруі жойылды, өйткені мемлекеттік органдар арасында интеграциялау арқылы ақпарат алмасу жүзеге асырылады.

Saqbol мобильді қосымшасы COVID-19 таралуын бақылау, сондай-ақ инфекция қаупі туралы хабарлау жүйесін қолданып, инфекция ошақтарын уақытында оқшаулау мақсатында жасалып, өз қызметін көрсетті.

Барлық жаңалықтар