• Басты
  • Коронавирусқа қарсы вакцина әлемдік стандарттарға сай - сарапшы

Коронавирусқа қарсы вакцина әлемдік стандарттарға сай - сарапшы

29 Қаңтар, 2021 18:03

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен сараптамалық брифингке ҚР ДСМ «ҚДСҰО» Ғылыми кеңесшісі Әлім Әкімбаев, «Астана медицина университеті» КеАҚ - жұқпалы аурулар және клиникалық эпидемиология кафедрасының доценті, мғк, қалалық жұқпалы аурулар орталығының бөлім меңгерушісі Зауреш Смағұлова қатысып, коронавирус инфекциясының алдын алу үшін профилактикалық шаралар мен вакцинацияланудың маңыздылығы туралы айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.



ҚР ДСМ ҚДСҰО «СЭЭжМГПО» филиалы директорының орынбасары Манар Смағұл айтуынша, қазіргі таңда шығарылып жатқан вакциналар медицинадағы ірі жетістіктердің бірі.

«Вакцина жұқпалы ауруларға қарсы тиімді қорғаныс шараларының бірі болып табылады. Вакцинацияның арқасында табиғи шешек сияқты ауру жойылып, қызылша мен қызамық ауруларынан адамзат құтқарылды. Қазақстан полиомиелит жоқ елге айналды», - деді ол.

Спикердің айтуынша, пандемия кезінде дамыған барлық ел вакцинаны жасауға бар күштерін салды.

«Біз 8-10 ай бойы карантиндеміз, үнемі шектеулер қойылады. Оны вакцина арқылы еңсере аламыз, бұл қозғалуға, қарым-қатынас құруға еркіндік береді. Оның арқасында SARS-CoV-2 вирусының таралуы мен айналымын тоқтатамыз деп үміттенемін», - деді М.Смағұл.

Вакцина туралы айтқанда, коронавируспен ауырып тұрған адамдардың екпе алу мәселесі сөз болады. Мамандардың айтуы бойынша жұқпалы аурудан айыққан адамдар 6 айдан кейін ғана вакцина салуларына болады. Десе де, алты айдан соң жағдайы бақылауға алынып, медициналық тексеруден кейін ғана рұқсат етіледі.

Екпе алу үшін алдын ала жазылу керек. Өйткені вакцинаның 1 флаконы 5 адамға арналған. Яғни 5 адамнан бір уақытта бірінен кейін бірі вакцина алады. Вакцина салып болғаннан кейін 30 минутқа дейін медициналық орталықта болып, бақылауда болу керек.

Екпе жасалғаннан соң ағзада кері реакциялар болуы мүмкін. Мұндай жағдайда не істеу керектігі белгілі. Яғни әрекет етудің нақты алгоритмі бекітілген. Вакцина енгізетін медицина мамандары мұны біледі және алғашқы көмек кезінде не істеу керектігін біледі. «Астана медицина университеті» КеАҚ жұқпалы аурулар және клиникалық эпидемиология кафедрасының доценті, мғк, Қалалық жұқпалы аурулар орталығы бөлім меңгерушісі Зәуреш Смағұлованың айтуынша, вакцинациядан кейін болатын әсерлер екі топқа бөлінеді.

«Бірінші топ жалпы реакциялар, температураның көтерілуі, тұмауға ұқсас белгілердің пайда болуы жатады. Екіншісі, жергілікті өзгерістер. Яғни, вакцина енгізілген жерде қызару, қышыну реакциялары болуы мүмкін. Көмек осы реакцияның түріне байланысты көрсетіледі. Бірінші жағдайда дене қызуын төмендететін дәрілер, стероидті емес, қабынуға қарсы препараттар беріледі. Ал жергілікті реакция кезінде ешқандай дәрі тағайындалмайды. Ол болатын реакция деп саналады. Бұдан басқа кері әсері болмайды», - деді маман.

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы филиалы директорының орынбасары Манар Смағұл ковидке қарсы вакцинаның бәрі қауіпсіздік стандарттарына сай екенін жеткізді.

«Қазақстандық болсын, ресейлік болсын вакциналар тез әзірленгеніне қарамастан, олардың шығарылуына қатысты талаптар жоғары болды. Кез келген уақытта вакцинаның сапасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қатаң бақылауында. Олар өндіру кезінде сенімділіктің барлық деңгейлеріне сәйкес болуы керек», - деді сарапшы.

Демек, егер вакцина жаппай өндіріске және жаппай қолдануға шығарылса, бұл оның барлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетіндігінің белгісі. Кез келген вакцина тестілеудің бірнеше кезеңінен өтеді және әлемдік стандарттарға сай болуы қадағаланады.

Қазіргі уақытта вакцина өнімінің алғашқы партиясы Ресейден жеткізілді. Сарапшылар Ресейде өндірілген вакцинаның сапасы жоғары екенін айтты ҚР ДСМ «ҚДСҰО» Ғылыми кеңесшісі Әлім Акимбаев қазақстандық вакцинаның тиімді жақтары көп екенін айтты.

«Қазақстандық вакцинаны ұзақ тасымалдаудың қажеті жоқ. Оның үстіне, оны қарапайым тұрмыстық тоңазытқышта да сақтауға болады. Ал ресейлік вакцинаны минус 20 градуста сақтау керек. Әйтпесе оның сапасы мен ағзаға әсер ету жағы күрт төмендеп кетеді. Бұдан бөлек, кейбір елдердің вакцинасын минус 70 градустық арнайы мұздатқыштарда сақтау керек. Сондықтан қазақстандық вакцинаны таңдауға кеңес беремін», – деді ол.

Мамандар брифинг барысында коронавирустың екінші толқыны жайлы айта кетті. «Астана медицина университеті» КеАҚ жұқпалы аурулар және клиникалық эпидемиология кафедрасының доценті, мғк, Қалалық жұқпалы аурулар орталығы бөлім меңгерушісі Зәуреш Смағұлованың айтуынша, коронавирустың екінші толқынына Қазақстанның медициналық мекемелері дайын.

«Коронавирус инфекциясында жаз айларындағы кезеңмен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріс жоқ. Күз бен қыста өзге де респираторлық аурулар қозады. Әр ауруға тән нақты симптомдар бар. Бұл тұрғыда талдау нәтижелеріне сәйкес, тәжірибелі дәрігерге аурулардың нақты түрін анықтау қиын емес. Зертханалық диагностиканың көмегімен науқастың тұмау немесе коронавирус және басқа да қандай вирус жұқтырғанын нақты анықтауға мүмкіндік бар. Дәрігер ретінде айтатын болсам, біз қазіргі уақытта коронавирустың екінші толқынына дайынбыз. Екінші толқын болмайды деп те үміттенеміз. Бірақ оны уақыт көрсетеді», – деді ол.

29 қаңтардағы мәлімет бойынша, Қазақстанда 27 520 адам короновирус инфекциясынан (15 877 КВИ+ және 11 643 КВИ-) емделуде, олардың ішінде 6 571 пациент стационарда, 20 949 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.

КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:

-268 адамның жағдайы ауыр;

-54 пациенттің жағдайы өте ауыр;

-42 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.

 

Барлық жаңалықтар