• Басты
  • Коронавирусқа қарсы вакцина: 823 498 қазақстандық екпе алды

Коронавирусқа қарсы вакцина: 823 498 қазақстандық екпе алды

23 Сәуір, 2021 14:48

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте коронавирус инфекциясына қатысты өзекті сұрақтарға эксперттер, пульмонолог-вирусолог дәрігерлер профессорлар жауап берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Вакцина салдырғандар есебі

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда 1 ақпаннан бастап 823 498 азамат өз еркімен вакцинаның 1-ші компонентін алса, 132 803 азамат 2-ші компонентімен егілді.

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаеваның айтуынша, «Спутник-V» вакцинасының 1-ші және 2-ші компоненттерін алудағы инвтервал 60 күнге дейін созылған.

«Бүгінгі таңда әлем елдері коронавирус дертімен күресуді жалғастыруда. COVID-19 алдын алудың басты шарасы вакцинация болып табылады. Халықтың вакцинаға деген қолжетімділігін одан ары арттыру үшін Үкімет тарапынан үлкен талаптар қойылып, қадағалануда», - деді спикер.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тарапынан вакцина жеткізу, оны сақтау және тарату кезінде суық тізбек режимін сақтау жұмыстары қатаң жүргізіліп жатыр. Барлық егу пункттеріне мамандар арнайы дайындалды. Қазір де дайындалып жатыр.

«Бұл дайындық жұмыстары күнделікті қатаң тәртіппен бақыланып отырады және қажетті жағдайда қосымша оқыту ағарту жұмыстары қолға алынады. Сондай-ақ, халық арасында үгіт насихат жұмыстары көп жүргізілуде», - деді А.Қуатбаева.

Вакцинациядан кейінгі жүктілік

Қуатбаева жүктілікті жоспарлау мен вакцина туралы түсініктеме берді. Айтуынша, вакцина салғаннан кейін екі айдан соң жүктілікті жоспарлауға болады.

«Осы мәселе көпті толғандырып жүр. Қазіргі кезде вакцинаны алуды немесе жүктілікті жоспарлап отырған әйелдердің сауалына тоқталсақ, жүктілікті вакцинациядан кейін 2 ай өткен соң жоспарлауға болады. Себебі ағзада толық иммунитет қалыптасады. Еріктілердің арасында жүкті әйелдер жоқ. Оларға вакцина салынбайды. Сондықтар вакцинаның жүкті әйелдердің ағзасында қалай жүретіні туралы ғылыми дәлел жоқ.», - деді А. Қуатбаева.

Созылмалы ауруы бар науқастардың және егде жастағылардың вакцина алуы

«Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми- практикалық орталығы» филиалы директорының орынбасары Манар Смағұлдың айтуынша, вакцинаның бірінші компонентін салдырған созылмалы ауруы бар адамдар саны 32 314-ке жетті. Вакциналаудың толық курсын (екінші компонентін) алған осы санаттағы созылмалы ауруы бар адамдардың саны 8 397-ні құрады. Демек, толық курстан өткен созылмалы ауруы бар адамдар саны 8397.

«60 жастан асқан адамдардың арасында иммундау курсын 121 мыңнан астам адам бастады және оның толық компонентін 8 мыңы аяқтады. Қазіргі кезде иммундаудан кейін күрделі қолайсыз белгілер тіркелмеді», - деді Манар Смағұл.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда 2021 жылғы 13 наурыздан бастап, індет жұқтырудың зертханалық дәлелденген 300 733 жағдайы тіркелді, оның ішінде соңғы күні 2894 жағдай анықталды. 257 278 науқас COVID-19 жазылып шықты. Сонымен қатар, КВИ зертханалық түрде дәлелденбеген, бірақ клиникалық көріністері бар пневмониямен ауырғандар саны 52 255, соңғы күні 107 жағдай тіркелді. Індетті жұқтырғандардың басым бөлігі Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында тіркелді. Соңғы күні Алматыда - 698 жағдай, Нұр-Сұлтанда - 511 жағдай, Қарағанды облысында 228 жағдай анықталды.

Аллергиялық реакция қандай адамдарда болды?

«Астана медициналық университеті» КеАҚ неврология, гематология, аллергология және иммунология курсы бар ішкі арулар кафедрасының аға оқытушысы Елена Ковзель хабарлағандай, аллергологтар вакциналардан аллергиялық реакцияларды болдырмау үшін жұмыс істеуде. Дәрігер вакцина компоненттерінде аллергендер жоқ деп сендірді. Алюминий гидроксиді компонентінің реактогенділігі бұған дейін басқа вакциналарға анафилаксиясы болған пациенттер үшін ғана аздап болады.

«Халықаралық мәліметтер мен вакцина әзірлеушілердің айтуынша, вакцинаның құрамы бойынша да біз бұл вакцинада арнайы аллергенді заттар жоқ екенін білеміз. Бұл аллергенді және реактогенді емес. Көптеген компоненттер, мысалы, неомицин, альбумин, альфа глобулин басқа вакциналарда аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін. Бұл жағдайда біз жалғыз реактогендік компоненті бар вакцина туралы айтып отырмыз - бұл алюминий гидроксиді. Бұл элемент бұған дейін вакцинация кезінде асқынулар болған науқастарға реакция беруі мүмкін», - деді ол.

Егер бұрын ауыр реакциялар болса, әсіресе бірінші дозаға – анафилаксия болса, онда, әрине, бұл пациенттерге вакцинация ұсынылмайды. Бұл абсолютті қарсы көрсетілім. Көптеген созылмалы аурулар үшін абсолютті және салыстырмалы қарсы көрсеткіштер бар. Бірақ бұл жағдайда вакцинация туралы шешімді дәрігермен бірге қабылдау керек, өйткені КВИ асқынуының бірінші тәуекел тобына созылмалы аурулары бар науқастар жатады.

Екі түрлі вакцина салу қауіпті

ҚР ДСМ Ұлттық Фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ләззат Ералиева вакциналарды араластырып салуға болмайтынын айтты. Оның мәліметінше, вакцинаның бір түрінен және толық компонентін салдыру керек.

«Өйткені, «QazVac» пен «Спутник V» вакциналары әр түрлә технологиямен дайындалған. Сондықтан бір вакцинаның толық курсын аяқтамай, басқа препаратты салдырсақ, одан ешқандай пайда болмайды», - деп түсіндірді сарапшы.

Маман түсіндіргендей, олар – әртүрлі вакциналар. Екпелер белсенді емес, поливирионды вакцина және вирустың жеке ақуыздары бар субуниттік вакцинаға жатады.

«Оларды бірге қолдануға болмайды. Бұл қарастырылмаған. Қазақстандық вакцинаны ресейлік вакцинамен араластыру гипотетикалық тұрғыда да талқыланбайды. Бұл мүлдем әртүрлі екпелер және вакцинация кезінде оларды ауыстыруға болмайды», - деп қайталады ол.

 


Барлық жаңалықтар