• Басты
  • Коронавирусқа қарсы күрес шараларына қанша қаражат бөлінді
27 Шілде, 2020 13:05

Коронавирусқа қарсы күрес шараларына қанша қаражат бөлінді

Қазақстанда коронавирусқа қарсы күрес шараларына жалпы 56,7 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы елордада МӘМС жүйесінің коронавирус инфекциясымен күресудегі үлесі жөнінде өткен баспасөз мәжілісінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежанов мәлім етті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Коронавирусқа қарсы күрес шараларына қанша қаражат бөлінді

Басқарма төрағасы пандемия кезінде денсаулық сақтау жүйесінің барлық ресурсы коронавирус пен пневмонияға қарсы шараларына бағытталғанын атап өтті.

«Медициналық ұйымдар шұғыл қайта бейімделді. Мыңдаған медицина қызметкерлері еліміздің ауруханалары мен емханаларында тәулік бойына вахталық жұмысқа ауысты. Осы инфекцияны емдей және індетті алдын алу шараларын қаржыландыру ісіне медициналық сақтандыру қоры жауапты болды. Қор медициналық көмек пен инфрақұрылымды ұйымдастыратын денсаулық сақтау министрлігі және жергілікті атқару органдарымен тығыз байланыс орнатып, жеткізуші мекемелер алдындағы міндетін мүмкіндігінше уақытылы орындады», - деді Болат Төкежанов.

Сонымен қатар басқарма төрағасы вирусқа қарсы күрес шараларына бөлінген қаражат жөнінде айтып берді.

«Коронавирусқа қарсы күрес шараларына жалпы 56,7 млрд теңге бөлінді. Халыққа көмек көрсету үшін 630-дан астам мекемемен шарт жасалды. Медициналық көмек пен стацинарлардағы ем үшін 13,4 млр теңге, қауіпті аймақтарда жұмыс істеген медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуге - 38,1 млрд теңге, ПТР диагностикаға – 5,2 млрд теңге қарастырылған», - деді ол.

Оның сөзінше, бірінші кезекте тұрған маңызды міндеттемелерді жедел орындау үшін республикалық комиссия санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық саласындағы уәкілетті органмен келісе отырып, өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларының тізбесі бойынша медициналық қызмет көрсететін мекемелермен тікелей шарт жасау туралы шешім қабылдаған. Мекеме басшысының айтуынша, қор маусым айының соңында жеткізуші мекемелерге көрсетілген қызметтер мен қауіпті аймақта жұмыс істеген медицина қызметкерлеріне 44 млрд теңге төлеген. Бұл жалпы соманың 70 пайыздан астамын құрайды.


                               Коронавирус пен пневмонияға шалдыққан науқасты емдеуге қанша теңге жұмсалады

Коронавирус инфекциясы мен пневмониямен ауыратын науқасты емдеу 1,5 миллион теңге жұмсалады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежанов айтуынша, медициналық ұйымдарға диагноз қоюға, коронавирустық инфекцияны емдеуге және оның асқынуларына байланысты барлық шығындарды өтеу үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры науқастың жағдайының ауырлығын ескере отырып тарифтерді жасақтаған.

«Осылайша, бір науқаста КВИ-дің жеңіл емделуі - 292,6 мың теңге, орташа - 446,1 мың теңге, ауыр болған жағдайда 1,5 миллион теңгені құрайды. Қор өте ауыр дәрежелі емделу үшін бір науқасқа 1,7 миллион теңге төлейді», - деді Төкежанов.

Оның айтуынша, жедел жәрдем қызметін ұсынуға арналған тариф құрылымында жеке қолдану құралдарының шығыны орта есеппен 40 пайызға артқан.

«Стационарлық және амбулаторлық деңгейде емделушілер үшін емдеу және диагностика КВИ және пневмониямен ауыратын науқастарға ақысыз негізде ұсынылады. Жоспарланған қаржыландырудың ішінен Медициналық сақтандыру қоры жыл соңына дейін мобильді топтардың тұрғындардың үйіне барып қызмет көрсетуі үшін шамамен 7,7 миллиард теңге бөлмек», - деп толықтырды Болат Төкежанов.

Мекеме басшысының сөзіне сүйенсек, қазірдің өзінде аймақтарда 3 мыңнан астам мобильді бригада емханаларда және отбасылық дәрігерлік амбулаторияларда құрылған. Сонымен қатар, көптеген қазақстандықтар аурудың өсуі кезеңінде коронавирусты және пневмонияны диагностикалауға, емдеуге және дәрі-дәрмектерге шығындар жұмсайтындығын ескере отырып, Қор инфекциядан кейін оңалту қызметін қаржыландыруға шешім қабылдаған.

 

                                                                  МӘМС қорында болатын өзгерістер 

Бұған дейін ел басшылығы Қорға барлық процестердің ашықтығын, тиімділігін қамтамасыз ету бойынша, сонымен қатар халық үшін барынша пайдасын тигізетін міндеттер қойған болатын. Мекеме басшысы қордың құралдары арқылы медициналық көмектің сапасы мен қол жетімділігі мәселесін шешу керегін атап өтті.

« Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында көптеген өзгерістер жүргізіліп жатыр. Олар ішкі процестердегі өзгерістерге, мемлекет құрылымын қайта қарауға, шығындардың бір бөлігін оңтайландыруға, әкімшілік шығындарды қысқартуға қатысты болып отыр. Алғашқы бағалау бойынша, маңызды емес шығындарды қысқартқанда 1 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеу көзделіп отыр. Оның ішінде PR шығыны да бар», - деді комитет төрағасы.

Сонымен бірге оның сөзіне сенсек қаржы үнемдеу мақсатында штат саны да қысқартылмақ.

«Қазір бұл шара орталық аппарат деңгейінде қаралып жатыр. Кейіннен бұл жұмыс филиалдарда да жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар елеулі өзгерістер филиалдардың функционалдығына, өкілеттіктері мен жауапкершіліктеріне де әсер етеді. Функциялардың бір бөлігі елдімекендерге беріледі, бұл бізге проблемаларды шешуге неғұрлым егжей-тегжейлі және аумақтық ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік береді. Біз тарифтерді белгілеу, сатып алу және бюджетті жоспарлау, медициналық көмектің сапасын бақылау жөнінде айтып отырмыз», - деді Болат Төкежанов.

Барлық жаңалықтар